Мұсылмандар үшін стресспен күресудің он тәсілі
Мұсылмандар үшін стресспен күресудің он тәсілі
8 жыл бұрын 18031 islam.com.ua

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Жүрек-Алла Тағаланың адамға берген аяулы сыйы, өйткені, сол жүректе Алла Тағала еске алынады. Тірліктегі түрліше қиыншылықтар  біздің тазаланып, Аллаға жақындауымызға  жол ашады. Себебі, жүрегімізді мұңның бұлты торлағанда ғана дәрменсіздігіміз бен қауқарсыздығымызды сезініп, барлығы Алланың құзырында екендігін тереңірек түсінетіндігіміз айқын. Біз осы орайда сізге стресске душар болғанда төтеп беретін және қайғылы жүректі тыныштандыратын тиімді он тәсілді ұсынамыз.

1. Ғибадат ету

Ғибадат, дұға, Алланы еске алу-рухани тыныштық пен үйлесімнің үздік қайнар көзі.Дұға ету нәтижесінде біз шын мәнінде, тым әлсіздігіміз бен осалдығымызды сезініп, өз бетімен мәселелерді шешуге қабілетті емес екендігімізді мойындаймыз. Сондықтан құдіреті күшті Ұлы Рахманның мейірімділігі мен шексіз қуатына сүйене отырып, жан дүниеміздегі шешілмес ауыр ойлар мен өмірлік қым-қуыт күрделі мәселелерден иығымызды босатамыз. Өйткені, Алла Тағала барлық дүниені қалпына келтіре алатын қуатты күш пен теңдессіз ұлылыққа ие, Жарылқаушы, аяушы Ие. Келесі бір сыры-сәждені көбірек жасау. Қашан біз басымызды жерге иіп, сәжде еткен сәтте күллі жаратылыстың иесіне бас иіп, ішкі дүниемізді әлдеқандай жеңілдікті сезінеміз. Бұл бойұсынушылық сезімі адамның жүрегін қайғылы ойлардың тұманынан арылтып, ертеңгі күнге деген сенімділік пен үміттің ұшқынын үрлей түседі. Яғни, Жаратқанға сәжде ету арқылы  жан-жүрегі емделеді.

2. Құран оқу

Құран оқу немесе жай ғана Құранды тыңдау адамның жан әлемін жарқыратып, қанағат сезімдерін қалыптастырып,  Аллаға жақындата түседі. Құранның маңызды тақырыбының бірі-адам-инсан (сөзбе-сөз "ұмытшақ" дегенді білдіреді). Сондықтан Құран біздің ұмытшақ жанымызға ескерту ретінде жіберілді. Алла Құранда былай дейді:"Расында, Біз оларға иман келтірген қауым үшін тура жол және мархамет түрінде бір кітап  түсіріп, оны білім жолымен айырып түсірдік" (Құран, 7:52) . Алла тағы да:"Әй, адамдар! Сендерге Раббыларың тарапынан бір үгіт, жүректегілерге бір шипа, сенушілер үшін тура жол және рахмет түрінде Құран келді" (Құран,10:57).

3. Ой жүгірту

Өмірлік жолда көрген сынақтар мен қиындықтардың өзіндік мағынасы бар. Осы әлемдегі қиындық көрген біз ғана емес екендігін түйсіне білуіміз маңызды.  Бізге дейінгі адамдар да түрлі сынақтарда өмір сүрген. Олар тіпті қиын заманда да  Алланың  ақ жолынан ауытқымаған әрі олар осы ізгіліктеріне сай мәңгілік жұмақта болатындығы жайлы игі  хабарды алды. "Мұсылмандар! Сендерге бұрынғы өткендердің басына келген сияқты жағдай келмей жәннатқа кірулеріңді ойладыңдар ма? Оларға ашаршылық, ауру, науқас келді. Сондай-ақ Пайғамбар мен онымен бірге иман келтіргендер: "Бізге Алланың жәрдемі қашан болар екен?",-дегенге дейін қиыншылықта тербетілді. Естеріңде болсын! Негізінен Алланың жәрдемі жақын" (Құран,2:214).

4. Аллаға ғана арқа сүйеңіз

Иманы берік мұсылман әрқашан осы дүниеде мәңгілік қалмайтынын есте ұстауы керек. Сол сияқты  ғұмыр белесіндегі барша  жақсы және жаман кезеңдер де өтпелі болып табылады. Бәрінің аяқталатын уақыты, шегі  бар. Әлемде барлық нәрсенің өз  мерзімі бар. Ерте ме, кеш пе, сол ауыртпалық пен сынақтар аяқталатындықтан, бұл адамға үміт сыйлайды. Қиындықтардан кейін жеңілдіктер күтеді. Олай болса, тек Ұлы Жаратушыға ғана арқа сүйеп, оның еске алсақ, ақиқатында, жүректер  жайлылық табады. Алла: "Шындығында, қиыншылықтан кейін жеңілдік бар",-деген (Құран, 94: 6).

Әбу Жақия Сухайб ибн Синанның жеткізуінше, Алла Елшісі (с.ғ.с.) айтады: "Мүмін үшін бәрі ғажап. Ол үшін барлығында қайыр бар. Мүміннің басына жақсылық келсе, ол шүкір етеді. Ол үшін де қайыр бар. Ал басына қиындық жетсе, сабырлық танытады, осы үшін де оған қайыр бар" (Мүсілім). Шынайы мұсылман сабырдан шүкірге қарай бірден ойысып, ол әрқашан Алланың ерік, құзырына арқа сүйейді. Адамның нәпсісі бізді Алланы еске алудан тосады,  дүниауи нәрселерге алаңдатады. Шын мәнінде, нәпсіге қарағанда, Алла Тағала барлық нәрседен бізге жақын. Айтылмыш мәселені түсінген кезде жүрегіңізге жұбаныш таба аласыз. 

5. Дұға оқыңыз

Қандай қиындыққа кез болсаңыз да дұғадан қол үзбеңіз. Мәселен, «Алла біз үшін жеткілікті және одан артық қорғаушы жоқ" (Бұхари, 5/172). 

6. Садақа беру

Садақа тек ақшамен ғана емес әр түрлі қайырымдылық жолдарымен болатындығы баршаға белгілі. Мәселен, өз еркімен қан беру, мұқтаждарға киім тарату сияқты тағы басқа көптеген игі істер. Садақа (қайырымдылық көмек) бақытсыздық кезінде жеңілденген сезім ұшқынын ұялатады. Бұл тек сізге ғана жеңілдік әкелмейді, бірақ жақынға жәрдемдесу арқылы сіз өзіңізден эмоциялық стресстің төмендегендігін сезінетін боласыз.

7. Рухани орталарға бару, қатысу

Әлеуметтік өмірдің адам өмірінде мәні зор. Белсенді, хақ мұсылманға иманы әлсіреген кезде рухани пайдалы ортаның қажеттілігі туындайды. Мұсылмандардың білімін арттыратын нәтижелі кездесу, орталар олардың  дүниетаным көкжиегін кеңейтіп, оған жағдайды басқа қырынан көруіне мүмкіндік береді.

8. Құранның аудармасы мен тәпсірін оқу

Құранды оқу сенушінің жүрегіне нұрлы із қалдырып, сенімін сәулелендіріп, иманын қуаттаса, аудармасы мен тәпсірі-жаралы жанды емдейді.

9. Құлшылықта, дұғада өз мәселеңізді айтыңыз

Күрделі кезеңде біз барлығы да Алланың қалауымен болып жатқанын жадымыздан шығармауымыз абзал. Егер Ол бізге сынақ жіберсе, оның шешімін  табу да Алланың еркінде. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Аллаға шынайы ықыласпен жалбарыныңыз. Біліңіздер, Алла ықылассыз, қамсыз жүректен шыққан дұғаны қабыл етпейді",-деген (Тирмизи).

10. Оптимизмді сақтаңыз

"Раббыңа ғана бел байла" (Құран, 94:8). Өмірдің қиын сәттерінде дүниедегі кез-келген қиындық мәңгілік өмірдегі біз үшін жасалған жәннатпен салыстыруға болмайтынына ой жүгіртіңіз. Мәңгілік өмірді мына пәни дүниемен салыстыруға келмейді. Шынында да, қиындықтардың баршасы аяқталады және Алла Тағала өзіне шүкір етуші, сабырлыларды жақсы көреді.

Аударған: М. Бақдәулетқызы

0 пікір