Молдеке сіз не дейсіз немесе имамдарға деген құрметіміз қандай?
Молдеке сіз не дейсіз немесе имамдарға деген құрметіміз қандай?
2 жыл бұрын 1916 muftyat.kz

Молда – бұл араб сөзі, синонимі имам. "المُلَّا‎" – мырза, әмірші, ғалым, діни рәсімдерді атқарушы, ұстаз. Имам – мұсылмандардың дінге де, дүниеге де қатысты істерін бірдей басқарушы. Бұл турасында қасиетті Құранда:

"Және оларды әмірімізбен туралыққа бастайтын имамдар еттік. Әрі оларға жақсылықтарды істеулерін, намазды оқуларын, зекетті берулерін, біздің ғана құлдарымыз болуын бұйырдық"[1]. Имам Қуртуби осы аяттағы "имамдар" сөзіне былай түсінік береді: "Имамдар - жақсылық істерде және бағынуда артынан ерілетін басшылар"[2].

Әбу Хурайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте, Алланың елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): "Мұсылман адам Алланың алдында күнәға жататын бұйрықтан өзгесінде имамға бағынуға міндетті. Егер имам күнәға бұйырса, онда оған бағыну жоқ"[3] - делінген.

Кеңес үкіметінен бұрын имам-молдалар халықтың алдында шынында да, осындай абыройға ие болатын. Қандайда бір түйткілді мәселенің соңғы шешімін молда шығаратын. Халық діни немесе басқа да сұрақтар мен кез-келген істің шешімінде "Молдеке сіз не дейсіз!", – деп молдаға жүгінетін. Ол болса, кез-келген мәселені даналықпен зерделеп, әр нәрсені өз орнына қойып беретін-ді. Бұл дегеніңіз, имамның асқақ абыройының көрінісі еді. Қазақтың атын әлемге әйгілі еткен Абай атамыз білімді кімнен алып еді? Әрине, молладан алды. Әкесі алғашында Семейдегі Ғабдұлжаппар деген татар молдаға береді. Артынан бұдан шығарып, Ахмет Риза деген молдаға тапсырған. Екеуі де мешітте имамдық қылатын. Абай атамыз болсын, басқа да зиялыларымыздың көпшілігі мешіттің жанындағы шағын ғана медреселерде білім алған.

Имам – кемеңгер кеңесші, қиналғанға қамқор, жұртқа жанашыр, үлкенге іні, кішіге аға, шәкіртке ұлағатты ұстаз еді. Кейін кеңестік кезең келіп, көзі ашық кемеңгерлер жаппай жазаға ұшырап, аман қалғандарының міндеттері мемлекеттік қаулылармен белгіленіп, шенеуніктердің бақылауында болды. Олардың бар қызметі ислам дінінің жөн-жоралғыларын атқарушы ретінде ғана көрініп, діни еркіндікке шектеу қойылды. Шектеу тек молдаларға ғана қойылған жоқ, сонымен бірге жалпы жұрттың діни рәсімдерді атқару мен құлшылық қылуына тыйым салынды. Ол аздай барлық құрметке лайық имам-молдалардың артынан қыңыр-қисық мақалдар мен әнгімелер шығарылды. "Дүмше молда дін бұзар", "Аңқау елге арамза молда", "Надан молда намазқой", "Сауатсыз молданың сәлдесі үлкен", "Сопы сұмнан шығады" сынды, сөздер арқылы молдаларға қарсы үгіт пен олардың абыройына нұқсан келтіруді көздеді. Бұлақтың көзі бітсе, су тартылатыны секілді, халыққа рухани азық пен жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйып жүрген жанашыр жандарға деген көз-қарасты өзгертудегі мақсат, халықты діннен алшақтатып сол арқылы рухты әлсірету еді.

Ал бүгін ше? Қазіргі қоғамда имамның алатын орны қандай? Әрине, кеңестік кезеңмен салыстыра алмаймыз. Имамға деген азда болсын құрмет бар. Алайда, сол бір кездің сарқындары қалғаннан ба, әлде имамдарымыз осыншалықты құрметке лайықтау болмағаннан ба, әйтеуір, кейде көңілге көлеңке түсіретін көріністер кездесіп жатады. Ал, одан бұрынғы дәуірде ше? Одан әлі де болса алыстау сияқты. Біз молданы қашан іздейміз? Ақын Мұхамеджан Тазабеков айтқандай:

Бұл қазаққа имам мен иман керек,
Кісі өлгенде немесе түс көргенде.

Немесе жаңа туған шарананың құлағына азан айтып, ат қою, некелесу кезінде молда керек. Тіпті кейбір бауырларымыз жақыны дүниеден озғанда жаназасын шығаруға имамды шақырғанымен өз білгенін жасағысы келеді. Шариғатқа қарсы екенін айтқысы келгенімен «Молдеке, ақы иесі біз – өзіміз білеміз. Сіз жаназасын шығарсаңыз болды» дегендей сыңай танытып жатады. «Біздің де аталарымыз қажы болған, біз де бір нәрсені білеміз», деп шариғат турасында имамға ақыл айтқысы келетіндерде кездесіп қалып жатады. Осындайда Алаштың аяулы перзентінің бірі Міржақып Дулатұлының:

Әйтеуір ата-бабам мұсылман деп,
Дүрмекті қоятұғын келді кезің, – деген асыл сөзі еріксіз еске оралады. «Кеңесіп пішілген тон келте болмас». Аталарымыздан қағида. Өйткені олар дінге қатысты болсын, мейлі басқа да түйінді мәселеде ақсақалды абыздан, ел сыйлаған молдамен кеңесіп шешетін еді. Шариғатқа келгенде молданың сөзіне құлақ асатын. Ал бүгінде, кеңесті қалталы жаннан сұрауға, соның дегеніне «ләпбай» деп бас шұлғып тұру әдетке айналып бара жатқандай. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Имам-молдаларымыздан да кеңес алып, көңілдері толып жүрген жандар да жетерлік. Дейтұрғанмен имамды ас бергенде құран оқыту мен жаназа шығару үшін ғана керек қылатындар аз емес мына қоғамда. Сонымен бірге молдаға садақа беру де салтымызға айналып барады. Кез келген адам садақа берген кезде оқыған құран, жасаған дұғасы қабыл болсын деген ниетте болатыны рас. Дегенмен кейде садақаны беріп тұрып, артынша соны өзіміз сөз қылып жататынымыз қызық. Пайғамбарымыздың мүбәрәк хадисінде «Әрбір амал ниетке байланысты» деген. Сонда садақаны беріп тұрып, артынан сөз қылған адамның ниеті берген тиынын бұлдау болса, ниеті қайтіп қабыл болсын. Ризық, несібені беруші Алла Тағала әр адамның іліміне, амалына, әрекетіне қарай орайластырып ойламаған жерден ризық береді. Ал бергенін сөз қылып, оны міндетсіну өзіне зиян әкелмесе ешқандай да сауап бермесі анық. Қасиетті Құранда бұл турасында:«Әй, иман келтіргендер! Мал-мүлкін көрер көз үшін жұмсайтындар, Аллаға және қиямет күніне сенбейтіндер сияқты, (сендерде) бергендеріңді міндет қылып, ренжіп, садақаларыңның сауабын жойып алмаңдар. Ондайлардың мысалы, үстіндегі шаң-тозаңын нөсер жуып кеткен жалаңаш жартас тәрізді болмақ. Олардың еңбектері еш кетеді»[4]. Ендеше берілген қандайда садақа мен істелген ізгілікті іс, шама келсе жасырын болғаны оңды екен. Әйтпесе, "Біреудің мініп шыққан жорғасы көрінбейді, молданың ұстап шыққан дорбасы көрінеді", – демекші, екі ортада таяқты жейтін молда болып қалады. Алмаса тағы ренжіген сыңай танытып, «Басың алтыннан болсада, садақадан бас тартпа" – деген қарғам, ала ғой, шын ықыласпен беріп тұрмыз», – деп ақ пейілімізді де ақтарып салатын жәйіміз бар. Кейде «молдеке осы мешітке түсіп жатқан ақша қайда кетіп жатыр? соған жауап беріңізші», деп сұрап жатамыз. Сол сәтте сәл ойлансақ, өзіміздің соңғы рет қашан мешітке садақа бергеніміз еміс-еміс қана есімізде тұрады. Оны айтасыз, кейбіріміз әлі мешіттің табалдырығынан да аттаған емеспіз. Әй, пендешілік-ай, имандыдан өзгесін құрығына түсірмей қоймайды-ау мына жалған дүние!

Біздің ата-апаларымыз не үшін имамдарды соншалықты қадірлеп, өздеріне үлгі тұтты екен? Оның сыры мынада тәрізді. Жалпы халықтың санасында имамды басқа қызметкерлерден ерекшелейтін бірнеше сипат бар.

Бәлкім соны танып, сол себепті де имамның алдына шықпаған болар.

Имам қоғамдағы адамдардың жүректерінде қасиетті саналатын діни мекемені басқарады. Ол Алланың үйі – мешіт! Адамдар мешітке келген кезде сауапқа ие болармыз деген ниетпен  имамға бағынышты сыңай байқатады. Имам адамдардың жүректерінен үлкен рухани орын алады, олар имамға үлкен құрметпен қарайды. Айтатыны Алланың сөзі, пайғамбардың хадисі болғандықтан,  имамның сөздері қашанда қасиетті көрінеді. Оның айтқанын орындау мен істерін қайталау арқылы Аллаға жақындаймыз деп сенеді. Адамдардың көбісі бастарына бір қиыншылық түссе, жәрдем іздеп мешіттегі имамға барады. Көптеген адамдар имам жүрген жерде берекет болады деп сенеді, сондықтан оның өздерінің үйлеріне келуін, онымен қол алысуларын, оның дұғасына ие болғандарын мақтан тұтады. Көпшілік имам қатысқан әр жиын оңды болады деп сенеді, сол себептен дүниеге нәресте келсе, жас жұбайлар некелессе, хатым жасаса, біреу дүниеден қайтса міндетті түрде оның қатысуын күтеді. Имам кешігіп жатса, оның келуін күткен түрде  рәсімнің атқарылуын да кешіктіреді.

Имам осындай қасиеттерімен де адамдардың арасында ардақты саналатын шығар бәлкім! Әлбетте, имам да адамдардың өзіне шынайы көрсетіп жатқан құрметін жеке басының дүниелік пайдасына айналдырмай керісінше, адамзаттың дүние-ақыреттік бақыты үшін бар күш-жігерін салуы керек. Имамның адамдардан қалайтыны садақа емес, олардың тура жолға келуін тілеуі. Адамдардың дүниеге келу себебі мен өмір сүру мақсатын жеткізуі үшін, оларға шынайы жанашырлықпен қарауы, осы арқылы исламды танытуы имамның басты міндеті. Егер имам бұл істерді атқармаса, адамдардың құқына зұлымдық қылған болады. Сол себепті де, имамдарға түсінікпен қарап, оларға қолдан келгенінше құрмет көрсету әр адамның өз еншісінде.

Имам – пайғамбарлардың мұрагерлері. Ал пайғамбарлар артына мал-мүлік емес, адамдарды ізгілікке бастайтын шариғат пен жәннәтқа апаратын сара жол тастап кетті. Сол жолды жалғастыру, жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю имам-молдаларымыздың басты ұстанымы. Оларға бойұсыну мен жақсылықта жәрдем көрсету біздің міндетіміз. Алла Елшісінің ардақты сахабаларының бірі, Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) жеткізген мына хадисте Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Кім маған бойұсынса, Аллаға бойұсынғаны. Кім маған бойұсынбаса, Аллаға бойұсұнбағаны. Кім басшыға бағынса, маған бағынғаны. Кім басшыға бағынбаса, маған бағынбағаны»[5], – дейді. Бұл халықтың өз басшысына бойұсынуы қажеттігін дәлелдейтін хадис. Имам Аллаға иман еткендердің барлығы үшін басшы. Алайда басшының салиқалы, әділ болуы оның артынан ергендерге де байланысты. Адамдар иманды, салиқалы бола бастаса, Алла оларға да адал басшы нәсіп етеді. Ал Адам баласы иманы әлсіз, алдап күн көруші болса, оларды алдап өмір сүретін басшы басқарады. Яғни, басшылар бағынушылардың амалдарының айнасы іспеттес. Ол туралы атамыз қазақ: «Халқы соқыр болғанның басшысы қыли болады» дейді. Ендеше имамдарымыздың иманды болу мен адамдардың ізгі жолға түсуі бір біріне тығыз байланысты.

Алла Тағала ақиқаттың жаршысы болып жүрген басшыларымызды туралықтан тайдырмай, олардың қашанда жәрдемшісі болсын! Алланың алдына апарар ақиқат жолға шақырушы имамдарға қуатты иман, пайдалы ілім нәсіп етсін! 

Ардақ Нүсіпханұлы,
Талдықорған өңіріндегі орталық «Иман» мешітінің наиб имамы

 

 

1. Әнбия сүресі 73-ші аят.
2. Тафсирул-Қуртуби. Барамижул-Исламия. Мактабатул-Ъулумул-Қуран уат-Тафасир. Компьютерге арналған табақша. Риад, 2001.
3. әл-Байһақи келтірді. Хадис Али Абдул-Халим Махмудтің "Тоғат" кітабынан алынды 27-ші бет.
4. Бақара сүресі, 264-аят
5. Бұхари және Мүслім риуаят еткен

4 пікір
  • Бәрекелді Ардеке
    2 жыл бұрын
  • МашаАлла! Тамаша жеткизгенсиз! Ия. бергендеримен имамды оздеринше карк кылдым деп маз болады. Ал имамнын олардан коп билетинин. конилин кимай. тилеги кабыл болсыншы деген ниетпен коп сойлемей. карсы келмейтинин тусинбейди. Биле билсе. олардын бергенинен онын осы енбеги ушин Алла Тагаланын оган беретининин олардикинен еки еседен он есеге дейин коп екенин билсе гой солар. Имам осыны билип турып солар ушин Алланын сыйынан куралакан кала жаздайды. Кешириниздер. казакшам \ариптерим\ бузылып тур.
    2 жыл бұрын
    • Имам өз еңбегі үшін Алланың беретінінің он есе көп екенін біліп тұрып несіне құралақан қалып жүр? Бізді алдап отырсыздар ма, жоқ өздеріңізді ме?
      2 жыл бұрын
  • Мақаладан ұққаным:
    1) имамды ас бергенде құран оқыту мен жаназа шығару үшін ғана керек қылмай үйлеріңе жиі шақырыңдар. Шақырғаның бар үніңді шығармай имамның айтқанын жасаңдар, қанша жерден оған беретін ақының иесі болсаңда.
    Шақырғанда оның қолына садақа беріңдер. Бұл қазір біздің салтымыз. Молдаға садақа берсеңдер оқыған құраны, жасаған дұғасы қабыл болатыны рас.
    Одан соң садақаны беріп тұрып артынша оны өздерің еш сөз қылмаңдар. Сонда садақаны беріп тұрып, артынан сөз қылған адамның ниеті берген тиынын бұлдау болса, ниеті қайтіп қабыл болсын. Бергенін сөз қылып, оны міндетсіну өзіне зиян әкелмесе ешқандай да сауап бермесі анық.
    Ең бастысы беретін қандайда садақаларыңды шама келсе жасырын бергендерің оңды. Әйтпесе, "Біреудің мініп шыққан жорғасы көрінбейді, молданың ұстап шыққан дорбасы көрінеді", – демекші, екі ортада таяқты жейтін молда болып қалады.
    Ал егер шақырған молда не имам садақадан бас тартса әкесін танытып тұрып ренжіңдер де «Басың алтыннан болса да, садақадан бас тартпа" демекші, ала ғой, шын ықыласпен беріп тұрмыз», – деп қойып салып, ақ пейілдеріңді ақтарыңдар.
    Және мешітке түсіп жатқан ақшаның қайда кетіп жатқанымен мүлдем шаруаларың болмасын.
    Мақаладан соң пайда болған сұрақтар:
    1) Мақалаңызды дұрыс ұқтым ба?
    2) Сіздіңше садақа дегеніміз не?
    3) Ел арасында Құран оқығаны үшін имамның ақы, тиын алуын мақұлдайтын хадис келтіресіз бе?
    4) Мына хадис жөнінде не айтасыз: «Кто из вас получит вознаграждение и преумножит свое состояние за чтение Корана в этой жизни, а в Судный День Благородный Коран будет свидетельствовать против него». Хадис передан Абу Нугаймом ибн Аббасом, услышавшим его от самого Пророка Аллаха (мир ему и благословение Всевышнего).
    5) Егер молдалар шақыру бойынша құран оқып ақы алса, мұндай қызмет түрі мешіттің ішкі Ережелерімен реттелген бе?
    6) Ақылы қызмет болғандықтан тариф бекітілген бе?
    7) «Кез келген адам садақа берген кезде оқыған құран, жасаған дұғасы қабыл болсын деген ниетте болатыны рас» деп жазасыз. Садақа бере алмайтын жандардың ниеті не болмақ?
    8) Молданың садақа алуы жайында қоғамда сөз болса, оны болдырмау үшін себебін тыюда қандай да бір іс-шаралар жасалуда ма?
    9) Молдаға садақаны жасырын беру оңды дейсіз, сонда кімнен жасыру керек? Күнде бес рет намаз соңында сәлем беретін иықтағы періштелерден ше?
    10) Имамға ақы беруді мүлдем жоюды енгізуге болады ма?
    11) Сіз қызмет жасайтын мешітке түскен қаржының жүру жолы туралы айтып бересіз бе? Жарымжан мүгедектерге, ауру балаларға, көпбалалы отбасыға, жалғыз басты аналарға, жетімдерге, қарияларға т.б. жасалған қаржылай қамқорлық туралы?
    12) Мешітке түскен қаржының жұмсалуы жөнінде жамағат алдында есеп бересіздер ме?
    13) «Әй, пендешілік-ай, имандыдан өзгесін құрығына түсірмей қоймайды-ау мына жалған дүние!» деп кімдерді айттыңыз?
    2 жыл бұрын