Миск қолдану - Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүннеті
Миск қолдану - Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүннеті
10 жыл бұрын 13195
Нұрқанат НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ

Аллаһ тағала тарапынан адам баласына берілген нығметтері шексіз. Соның бірі - хош иіс. Көзге көрінбейтін, әдемі иісі мұрныңды жаратын хош иісті Жаратушының ең керемет жаратылысы дерсің. Адам өмірінде әдемі иістің алар орны ерекше. Хош иіс – ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүннеті.

Миск («муксус, аттар (араб)» - әтір) – әдемі, хош иіс деген мағынаны береді. Мисктің қазіргі кезде құрғақ, сұйық түрлері бар. Себуге ыңғайлы етіп шығарылған сепкіш (спрей) түрінде де кездеседі. Құрғақ мискті роза, жасмин, нарцис және т.б. гүлдерден жасайды. Миск жасауда Құран мен хадистерде кездесетін янтар майы, сандал, ладан, мирр, фиалка, жасмин, муксус, иууд, хна секілді өсімдіктердің шикізаттары қолданылады. Құрғақ әтірді Таяу шығыс елдерінде  денеге жағуға, әрі үйдің ішін хош иістендіруге қолданады.

  

Жағымсыз иісті қандай жан болмасын ұнатпасы белгілі. Ал, әдемі иістен кез-келген жанның бас тартпайтыны анық. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.у.) да хош иісті заттарды ұнататын. Әнәс ибн Мәлік (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.а.у.) осы ізгі қасиеті жайында былай дейді: « Аллаһ Елшісі (с.а.у.) ешуақытта өзіне ұсынылған хош иісті әтірден бас тартпайтын еді» (Бұхари, «һибә» 9). Сонымен қатар Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Бір адамға райхан (хош иіс) сыйлаған кезде оны кері қайтармасын. Өйткені ол – жәннаттан келген» (Тирмизи), - деу арқылы ұсынылған хош иістен бас тартпауды айтса, тағы бірде: «Біреу әдемі иіс ұсынса бас тартпасын. Ол жеңіл, әрі жағымды болады», - деген.

Расулуллаһтың (с.а.у.) мүбәрак денесінен үнемі керемет иіс аңқып тұратын. Тіпті терлегенде одан да күшейіп, айналаны әдемі хош иіске бөлейтін. Әнәс (р.а): "Мен Пайғамбардың (с.ғ.с) алақанынан жұмсақ жібек, не шәйі (матаны) ұстап көрген емеспін және Оның (с.а.у.) иісінен жағымды иіс иіскеген емеспін", - деген. Біреумен қол беріп амандасқанда Пайғамбарымыздың (с.а.у.) алақанының иісі бірнеше күнге дейін әлгі адамның қолында сақталып қалатын. Қандай да бір баланың басынан сипаса  Аллаһ Елшісінің (с.а.у.) алақанының иісі әлгі балада біразға дейін сақталып, өзге қатарластарынан ерекшеленіп тұратын.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) әтір мен хош иісті өте жақсы көрген. Кейде Аллаһ Елшісінің (с.а.у.) басқа заттардан гөрі, әтірге көп қаражат жұмсағаны айтылады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір сөзінде былай дейді:

«Сендердің дүниелеріңнен маған үш нәрсе сүйкімді етілді: хош иісті сулар, жақсы әйел, әсіресе намаз көзімнің қарасындай болды». Пайғамбарымыз (с.а.у.) сонымен қатар хош иісті жанды ең жақын досына теңейді. Осы жайында: «Жақсы дос хош иісті шөпке ұқсайды. Хош иісінен саған бермесе де, оның  біразы саған жұғады» (Бұхари, 3), - деген. Тағы бір хадисінде  жақсы адамдармен араласу барлық жағдайда игілік пен пайда әкелетінін түсіндіре келе, оны хош иісті мискке теңей отырып, былай дейді: «Жақсы дос миск сатушыға ұқсайды, одан сыйлық ретінде әтірін сатып алу арқылы пайда табады: Тым болмағанда, онымен бірге отырған кезіңде мисктің жұпар иісі жаныңа жағымды сезім сыйлайды»,– деп өсиет айтады. Ал,  тағы бір хадисінде былай дейді:

«Жақсы адам мен жаман адамның айырмашылығы миск сатушы мен темір соғушыға (көрікші) ұқсайды. Миск сатушы саған жақсы иіс сыйлайды, не өзің сатып аласың немесе оның хош иісінен иіскеп қайтасың. Темірші болса сенің киіміңді күйдіреді, не  жағымсыз иіс шығарады».

Жоғарыда хош иісті әтір жағу Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүннеті екенін айттық. Алайда, әдемі иіс жағу Расуллуллаһқа (с.а.у.) ғана емес, барлық пайғамбарларға тән екендігін келесі хадисінен көруге болады: «Әтір жағу - барлық пайғамбарларға тән сүннет»."Төрт нәрсе пайғамбарлардың сүннеттерінен: ұят, әтір иіс қолдану, мисуак (тіс тазалығы) және неке (үйлену)" (Тирмизи). Сондықтан да болса керек Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Үй ішін әсем өсімдіктермен иістендіріңдер», - деп ескертеді. Осындай кереметтей сүннетті орындау – адамды сауапқа кенелтіп, жәннатқа жетелейтіні сөзсіз. 

Ал, енді Пайғамбарымыз (с.а.у.) мисктің иісінен де керемет нәрсе барын айтады. Ол жайында былай дейді: «Пенденің жақсы жолдастан табатын игілігі мисктің жұпарынан әлдеқайда артық. Өйткені ол дініңе және дүние тіршілігіне пайдасы тиетін нәрсені үйретуі, адал кеңес беруі, зиян-зардаптан сақтандыруы, Аллаһқа бойұсынуға, ата-анаға жақсылық жасауға, туыстарымен ара-қатынасты үзбеуге үндеуі, кемшіліктеріңді көрсетіп, түзетуі, сөйтіп сөзімен, ісімен не жүріс-тұрысымен көркем мінез-құлықтарға үгіттеуі мүмкін. Адам баласы жолдасынан және сұхбаттастарынан үлгі-өнеге алуға бейім келеді, олардың табиғаттары мен жандүниелері біріккен жасақ тәрізді, бір-бірін жақсылыққа не жамандыққа бастайды».

Қазіргі кезде құрамына спирт қосылған әтірлер сәнге айналғанымен, мұсылмандар арасында әдемі иісі бар гүлдерден, шөптерден жасалған спиртсіз майдың алар орны ерекше. Бір-біріне сыйлық ретінде беруге де таптырмас дүние. Бағзы заманда мұсылмандар мисктің құрғақ түрін сыйға тартуды әдетке айналдырған көрінеді. Сол үрдіс әлі жалғасын тауып келеді. Әсіресе, айт күндері, жұма күндері намазға әдемі иіс сеуіп баруды, бір-біріне сыйлауды күллі мұсылман баласы күні бүгінге дейін жалғастырып келеді.


«Миск ата» жайлы хикая

Ертеде құлшылыққа аса ыждаһатты, жақсылық жасауға жаны құмар бір тақуа жігіт өмір сүріпті. Күндердің күнінде әлгі мүміннен көрші үйде тұратын жалғызбасты әйел үй жұмыстарына көмектесуін өтінеді. Кімнің болса да сөзін жерге тастамайтын  ақкөңіл жан көршісінің үйіне шақырған бойда кіріп барады. Алайда, әлгі әйелдің көмекке мұқтаж екендігі сезіле қоймайды. Сонда әйел: «Сені менімен бірге болуға шақырған едім», - дейді беті бүлк етпестен.

«Мен Аллаһтан қорқамын. Айтқаныңызға келісе алмаймын», - дейді де артқа қарай енді шегіне бергенінде әйел: «Егер де менің ауламнан бір қадам аттап бассаң, бар дауысыммен айқайлап, мені зорлады деп жала жабамын», - дейді. Тақуа жігіт амалсыздан келіскен болып, дәретханаға барып келуге рұқсат сұрайды. Рұқсатын ала сала дәретханаға барады да, ондағы барды үстіне жағып, әйелдің қасына жетіп келеді. Мұны көрген әйел жиіркеніп: «Кет! Кет ары!», - деп жанына жолатпайды. Иманды жанға керегі де сол еді. Жымиып қана есіктен шығып кетеді. Жігіттің мұндай күнәлі істен қашып, тапқан амалына Аллаһ тағала разы болып, оны ерекше хош иісті адамға айналдырған көрінеді. Содан бері әлгі кісі ел арасында «Миск ата» деп аталып кеткен екен.

2 пікір
  • Ассаламу алейкум, бауырлар!
    Жақсы, сапалы мискті қалай, қай жерден тандаса болады? Біздің базарларымыздағы мисктер барлығы бір түрлі.
    10 жыл бұрын
  • www.maa-althahab.com осы сайтқа кіріп көрініз Абузар бауырым. Араб елдерінде кең тараған әтірлер фирмасы (бренд десе де болады). мүмкін тапсырыс беруге болады....
    10 жыл бұрын