Мемлекеттің зайырлы жүйесі ешкімді діни сенімі үшін кемсітпейді
Мемлекеттің зайырлы жүйесі ешкімді діни сенімі үшін кемсітпейді
6 жыл бұрын 2627

Күні кеше ғана Жамбыл облысында спорт мекемесінде тәрбиеленіп жатқан балалардың намазын бұзып, жайнамазын тепкені үшін бапкері қалың жұртшылықтан кешірім сұрағаны баршаға аян. Әрине, мәселеге жан-жақты қарауға болады. Дей тұрғанмен зайырлы елде діни кемсітушілікке жол берілмейді. Азаматтар дінге сенгені үшін қысымға ұшырамайды.

Елімізде мемлекеттік қызметкерлер тек қызмет уақыттарында ғана діни құлшылыққа барып қатыса алмайды. Ал қызмет уақытынан тыс оның құлшылық жасауына ешкім кедергі келтіре алмайды. Діни сенім - әркімнің жеке ісі. Әрі ол қасиетті болғандықтан, біреудің қасиет тұтқанына өзгенің қол сұғуы орынсыз. Зайырлы жүйеде мемлекет діннен бөлінгендіктен, оқу орындары діннің ықпалында болмайды. Осы себепті оқушылардың сабақ уақытысында жұма намазына кетіп қалуына тыйым салынады. Ал одан тыс ата-анасы қарсы болмаған жағдайда, сабақтан тыс құлшылық орындарына бара алады. Мысалы, бүгінде көп мешіттер діни сауат ашу курстарын жүргізеді. Оқушылар ата анасының рұқсатымен сондай сауат ашу курстарына қатысып, өздерінің діни білімдеріне жетілдіре алады. Мектептерде дінтану сабақтары да біржақты емес, қандай да бір нақты конфессияның мүддесі тұрғысынан емес, бейтарап тұрғыда, ғылыми негізде өтеді.

Дей тұрғанмен елдегі мұсылман сенімін ұстанушылардың басымдығы мен дәстүрлі дініміз ислам екенін ескере отырып, дінтану пәні сабағында исламды таныстыруға көбірек мүмкіндік берілгені де белгілі. Жалпы, бүгінгі күні мемлекет пен дін қатынасын ұғынуда зайырлылықты дұрыс түсіну қажеттігі сезілуде. Зайырлылық ұғымы алғаш батыста пайда болды. Орта ғасырларда католик шіркеуі өте ықпалды болып, діндар емес халыққа және мемлекетке қысым көрсетті. Осы қысым шегінен асқан уақытта бұқара халық шіркеу мен діндарлардың қысымын азайту үшін олармен ұзақ күрес жүргізіп, соңында жеңгені мәлім. Батыста шіркеу мен мемлекет, діндар мен діндар емес әлеуметтік топтар арасында ықпал мен күш тепе-теңдігін қамтамасыз еткен зайырлылық түсінігі осындай жағдайлардан кейін орнаған.

Осы себепті батыста мемлекеттің діннің тегеурінді ықпалынан арылғысы келуінен, қоғамның әлеуметтік бейбіт өмірді, діндар емес адамдар мен әлеуметтік топтардың көбірек еркіндікті қалауынан туындаған. Осыдан келіп зайырлылық белгі дегенде мына жағдайларды атап көрсетуге болады. Зайырлы мемлекет кез келген дінге бейтарап ұстанымда болады. Белгілі бір дінге басымдық берілмейді. Яғни ресми дін болмайды. Мемлекет қандай да бір дінге тәуелді болмайды. Дін де мемлекеттен тәуелсіздік сезінеді. Ел азаматтарының ар-ұждан мен діни сенім еркіндігі қамтамасыз етіледі. Бірақ әр адам өзінің ерікті таңдауымен қалаған дінді ұстануға, тіпті ешбірін ұстанбауға да құқылы болады. Мемлекеттік білім беру мекемелері, мектептер және құқықтық жүйе қандай да бір діннің ықпалында болмайды. Осы ерекшеліктерді саралай келе «зайырлылық» түсінігінің мынадай сипаттамалардан тұратынын айтуға болады: 

▪ бейтараптық (мемлекет пен мектептер),

▪ тәуелсіздік (мемлекеттің діннен және керісінше),

▪ еркіндік (ар-ұждан және діни сенім).

Дей тұрғанмен зайырлылықты атеизммен шатастыру қате. Атеизм өзіміз де бастан кешкендей дін атаулыдан түбегейлі бас тартуды, Құдайды мүлдем мойындамауды білдіреді. Сол себепті де Кеңестік кезде дін апиын деп түсіндіріліп, дін қызметкерлері имамдар мен шіркеу қызметкерлері жаппай қудаланған болатын.

Қазақстан Республикасының Ата заңы мемлекетіміздің зайырлы екендігін айқындайды. Ата заңның 1 бабының I бөлімінде: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» – деп  көрсетілген. Бүгінде республикамыз өзін әлемге көп ұлтты әрі көпконфессиялы мемлекет ретінде танытуда. Қазіргі ахуалға көз салар болсақ, 2017 жылғы 1 қаңтарда ресми тіркелген 18 конфессия атынан өкілдік ететін 3658 діни бірлестік бар. Олардың филиалдарының қызметін қамтамасыз ету үшін бар қажетті жағдай жасалған.  Республикада жалпы саны 3464 ғибадат үйі тіркелген. Олардың 495 протестант храмы мен ғибадатханасы, 294 православие, 109 католик шіркеуі, 7 иудей синагогасы, 2 буддашылар храмы, 7 “Кришна санасы” қоғамы және Бахаи қауымының ғибадатханасы бар. Елдегі дін ұстанушыларының 70 пайызы мұсылман сенімінде болуына байланысты 2550 мешіт «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» атты республикалық діни бірлестіктің меншігіне кіреді.

Зайырлы мемлекетте бір дінге басымдық берілмейді десек те, бүгінде әлемде зайырлылықтың түрліше формалары кездеседі. Ханафи мәзһабы мен Православие тармағының қоғамдағы орнын айқындау арқылы Қазақстан республикасы да өзіне лайықты зайырлы жүйені таңдауға бет бұрып келе жатқанын айтуға болады.  

Алматы қаласы Дін істері басқармасының әлеуметтік тапсырысы бойынша

Бағашаров Құдайберді,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

Дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы, 

PhD докторы     

0 пікір