Мәуліт - дәстүрлі мереке
Мәуліт - дәстүрлі мереке
9 жыл бұрын 5028
Құдайберді Бағашар

Елімізде дәстүрлі мерекеге айналып келе жатқан Мәуліттің бірнеше ғасырлық өзіндік тарихы бар. «Мәуліт» сөзі соңғы елшінің туылуын білдірумен қатар осыған қатысты іс-шаралар, жазылған жырлар, тіпті расулалланың туылған үйіне де айтылады.  

Соңғы пайғамбар Піл оқиғасы орын алған жылы, Рабиул-аууал айының он екінші күні Дүйсенбінің таңында дүниеге келген. Бұл мерзім милади күнтізбе бойынша 571 жылдың Сәуір айының жиырмасына тура келеді. Пайғамбар туылған үй Қағбаның шығысындағы Сафа жотасына жақын Мәуліт көшесі деп аталған жерде орын тепкен.

Расулалланың туылған түні бірқатар тосын оқиғалар көрініс берген. Кисраның сарайындағы бағаналар құлап, мың жылдан бері лаулап жанып келген мәжусилердің оты сөнген. Туылған сәтіне қатысқан әйелдер таңғажайыптарға куә болған. Сафиуддин әл-Аттардың «Сенің туылғаның құрметіне оттар сөнді, қуаныштан бағаналар құлады» деп бастаған немесе танымал сопы ақын Бусиридың «Қасида и бурда» атты әйгілі мадақ жырында тілге тиек еткеніндей, көптеген ақындар пайғамбардың туылған сәтіндегі осындай оқиғаларды жарыса өлеңге қосқан.

Атасы Абдулмұтталиб туылғанына жеті күн өткеннен кейін Меккеде дастархан жайып, балаға сол күнге дейін аса көп кездесе қоймаған мақтаулы деген мәндегі Мұхаммед деген ат қояды. Бұндай есім берудегі мақсатын немересінің Алланың назарында да, халықтың назарында да мақтаулы тұлға болуын қалағандығымен түсіндірген.

Ардақты Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.у.) өмірінде дүйсенбі күнінің ерекше орны бар. Мәселен, неліктен дүйсенбі күндері ауыз бекітетіні сұралғанда, «Мен осы күні туылдым, Құран да маған осы күні түсті» деп жауап қатқан. Ибн Аббастан риуаят етілген бір деректе Расулалланың дүйсенбі күні туылғаны, дүйсенбі күні пайғамбарлық келгені, Меккеден дүйсенбі күні хижрет еткені, Мәдинаға дүйсенбі күні аяқ басқаны, дүйсенбі күні өмірден озғаны туралы мәлімет кездеседі.

Ислам әлемінде мәулітті мереке ретінде атап өту Әділетті халифалар, Омаяттар кезеңінде аса байқалмаған. Дегенмен мұсылманша жыл санауға сахабалар арасында Мәуліт күнін бастау ету туралы да пікірлер қозғалғанына қарағанда, бұл күнге ерекше қаралғанын аңғару қиын емес. Тарихта Мәуліт шарасын Мысырда билік құрған Фатимиттердің (910-1171) ұйымдастырғаны ерекше орын алған. Бұл мереке алғашында сарайдағы мемлекет басшыларына ғана тән болыпты. Фатимиттер хазірет Али мен Фатиманың туылған күндерін де арнайы атап өтетін. Сунниттік мұсылмандарда алғашқы мәулітті хижри 604 жылы Салахаддин Әйюбидің жақыны Эрбил басшысы Малик Музаффаруддин Көкбөрі (қ.ж. 1232) ұйымдастырған деседі.  Мұзаффаруддин жалпыхалықтық мереке ретінде ұзақ дайындық жасатып, алыс-жақын аймақтан фақиһтарды, тасаууыф өкілдерін, уағызшылар, әдебиетшілер мен ақындар, басқа да ғалымдарды Эрбилге шақырып, кең түрде құттықтау өткізетін. Бұндайда қоғамдағы кедей-кепшіктерге де көмек жасатып, көңіл бөлетін. Мәуліт кейіннен өзгерістерге ұшырап Меккеде де ұйымдастырыла бастаған. Мекке мен Мәдинадан кейін мәуліт мерекесі ислам елдерінде бір-бірінен өзгеше кейіпте дамып, бүгінге дейін жалғасқан. Бұған қоса, Андалусиядағы құттықтаулар да тарихта айрықша орын иеленген. Мәулітті атап өтудегі мақсаттарын андалусиялық мұсылмандар былай деп білдірген екен: «Мәуліт түндерін тиімді өткізген жөн. Бұл тұрғыдағы айтқан сөздеріміз бен істеріміз өнегелі-ақ. Ашты тойғызамыз, жалаңашты киіндіреміз, кедей-кепшіктердің үйлеріне көмек береміз».

Пайғамбардың туылуын, өмірін мадақтауға арналған «Мәуліт» деп аталған көптеген жырлар жазылған. Бұл жырлар кейіннен мәуліт мерекелерінде әуендетіп оқыла бастаған.

Ғалымдар мәулітті бидғатқа жатқызса да, ислами шеңберден шықпау шартымен рұқсат берген. Оны жақсы бидғатқа жатқызып, пайғамбарға деген сүйіспеншілікті арттыруды көздеген. Өйткені Расулалланы жақсы көру иманда орны бар мәселе.  Мына хадис соған дәлел: «Аллаға ант етейін, мені өз әкесінен, баласынан және барша адамдардан артық жақсы көрмейінше, ешбірің иман еткен болып саналмайсыңдар» (Бұһари, Иман 8).

0 пікір