Көре алмаушылық неден туындайды?
Көре алмаушылық неден туындайды?
10 жыл бұрын 33996
Алдаберген Үсен

Іштарлық, қызғаншақтық деп те аталатын көре алмаушылық – адамның өзгелердегі қол жеткізген жақсылықты қабылдай алмау сезімі. Басқаша айтқанда, көре алмаушылық бір адамның өзінде болуын қалаған әртүрлі қабілет пен басқа да нәрселердің басқа біреуде болғанын іштей қызғану деген сөз.

Қызғаныш – ашумен білінетін, сосын кекке айналатын ызалану сезімінің нәтижесі, ол жақсылықтың барлығын жалмайды. Қызғаныш жүректе иманмен бірге болуды қаламайды. Қызғанышты білдіру және басқалардың төмен болғанын қалау өте нашар қасиет, іште сақтау болса жүректің кемелденуін тежейді.

Көре алмаушылық бір жағынан Аллаһтың жазғанына қарсы келу дегенді білдіреді. Өйткені, кімге не беретінін, қанша мөлшерде беретінін Аллаһтың өзі біледі. Бұл тағдырға риза болмай, қызғаныш сезімімен өмір сүру кеселдің белгісі және бұл ауру ең көп өзінің иесіне залал келтіреді. Анығында қызғаныш қызғанған адамның өзіне зиян келтіреді. Біреуді қызғанып, көре алмаған адам үнемі осындай іштарлық сезімде жүріп, қызғанған адамы жетістікке жеткен сайын қызғанышы арта түсіп, ашудан жарыла жаздайды, Аллаһтың сол адамға бұйырғанына көз алартып, қызғанған адамын қарғайды. Қызғанған адамын ғайбаттап, кейде оған жала жауып, үнемі сол адаммен іштей жауласа бастайды. Мұндай жағдайда ғайбаттың алдын алу үшін ең әуелі қызғаныштың алдын алу керек. Барлық аурулар секілді қызғаныш ауруының да ертерек анықталғаны жақсы. Ол үшін осындай сезімдегі адамдар оны ертерек сезуге тырысуы керек, кішіпейілділік және басқаларға тән ерекшеліктерге іштарлық жасамауға күш салып, өз қылықтарын түзетумен айналысқаны жөн. Осылайша, қызғанышты басып, көре алмаушы адамның өз-өзіне келтіретін кесірінің, ғайбат сөз айтуының алдын алуға болады. Сондай-ақ, ішкі сезімді сыртқа шығармай тұрып құрықтап, оны рухани өмірге бағыттаса, бұл сезім Аллаһтың рұқсатымен аз мөлшерде болса да тежеледі.

Қызғаныш пен одан туындайтын ғайбаттың кең кездесетін саласы саясатқа, мазхабқа және топтарға бөлінушілікте жатыр. Мұндай топтарға бөлінушілік өз тарапындағы шайтан мінезді адамды әулиедей көрсететін жағдайға жеткізеді. Соған керісінше өзінен басқа идеяны ұстанатын басқа партия, мазхабтардағы қадірлі, сыйлы адамдарды шайтандай көреді. Бұл қате көзқарас адамның көзін көр ететіні соншалық, барлығы өз құндылықтарын орынды деп санап, шындықтың тек өз жақтарында екенін, одан тыс басқаның барлығының қате пікірде екенін қабылдатады. Осындай соқыр пікірлерді ұстанатын адамдар қарсы тараптың жасаған жақсы істерінің өзін қате етіп көріп, мүмкіндік туа қалса оларды ғайбаттауға дайын тұрады. Шайтан қарсы тараптың жақсы істерінің өзін жамандық етіп көрсетіп тұрғандай болады. Жақсы адамдарды жаман етіп көрсетеді. Осыдан келіп ғайбат сөз айтылады, қарсы тарапты кемсіту және өз үгіт-насихаттарын жүргізу мақсатында жалған сөздер, жалалар таратады. Мұндай жолдағы адамдардың бұл дүниеде де, ақыретте де берекесі қашып, жолы болмайды.

Иә, бір мүмін бауырының бойындағы бір жақсылыққа қызыға қарауы мүмкін, алайда, оны көре алмай, жамандауға бармауы керек. Бәлкім, «Әттең, Аллаһ мені де сондай етсе ғой...» деп дұға тілеуі керек. Мұны сол бауырының бетіне немесе соған жететіндей етіп ол жоқ жерде айту да маңызды.

Сахабаларының бірі бір жолдасын жақсы көретінін айтқан кезде Мұхаммед пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә ссәлләм) «Бар да, жақсы көретініңді өзіне айт» деген. Жолдастарымыз туралы тек жақсы сөздер айтатын болсақ, олар да бізге теріс әрекет жасамайды.

Тілімізді ғайбаттан сақтау үшін егер бар болса қызғаныш ауруын анықтап, оны емдеу жолдарын қарастыру керек. Бұл емдеу ісінде қаншалықты табысты болсақ, ғайбат мәселесінде де соншалықты оң нәтижеге қол жеткіземіз. Раббым баршамызды рухани кеселдерден сақтасын!

 

0 пікір