Кешір досым, қадіріңді кеш ұқтым!
Кешір досым, қадіріңді кеш ұқтым!
2 жыл бұрын 2164
Данияр Сүлейменов

Өмір шіркін, діттеген межесін бетке алып зымырап барады. Адамдар да уақыт атты өмір көлеңкесінің аясында бірі ілгері, бірі кейін ғұмыр кешуде.  Қысқа ғана өмірдегі  діттеген межеміздің сағаттары күн санап жақындап келе жатқанын аңғарсақ та, кейде өзімізге берілген қолдағы нығметтердің  қадіріне жете алмай жатамыз.

Менің өмірімдегі ұсынылған үлкен нығметтердің бірі өзіңсің достым!     

Екеуміздің аралас-құралас болғанымызға да міне, біраз жылдың жүзі болды.

Досым! Жан досым... Сол сәттен бергі адалдыққа толы, кіршіксіз таза, шынай достығың мені еріксіз баурап, өзіне тәнті етті. Ойлап отырсам, екеуміз достасқан күннен бастап, сәбидің күлкісіндей болған сенің маған деген риясыз, шынайы дос пейілің, бүкіл әлем тамсанарлықтай ғажайып кейіпте болған екен-ау!

Кешір мені?! Осының бәрін кеш ұғындым.

Қалайша байқамағанмын!?

Өмірімнің әрбір сәтінде, қуанышы мен қайғысында да, сен мені тастамадың. Жанымнан бір елі ажырамай, үнемі қасымнан табылдың. Маған, әрдайым демеу болып, өмірдің ауыр сынақтарынан сүріне бастаған шағымда, қайтадан ес жиып бас көтеруім үшін көмек қолын создың. Кездескен әрбір сәтімізде, Жаратушының жаратқан жаратылыстарына назарымды аудартып, Алланың мейірімінен үміт қылатын, азабынан үрейлендіретін үгіт-насихат айтумен болдың. Шын жүректен айтылған насихаттарыңнан қара дақтармен көмкерілген, әбден қатайып тас боп қатқан жүрегімнің емешегі елжіреп, жасқа толған жанарымнан ыстық жас тамшылары сырғып жерге таматын. Қасыңда тұрған кезімде жабырқау жаным жай тауып, рахат бір күй кешетінмін. Рухани әлемім ерекше күйге енетін. Ішкі жан дүниемдегі сезім толқындары тебіренген кезде, өзімді анадан жаңа туған сәбидей сезінетінмін. Жер ананың төсінде миллиардтаған адам өмір сүрсе, солардың бірі болу нығметіне ие болып жаратылған мына мен, өзімді ең бақытты адам санайтынмын.

Досым! Өзіңмен дос болғалы бері айналама мейірім көзімен қарап, жақсылыққа қарай бет түзей бастағанымды аңғардым. Сенен алған тәрбиемнің себебі болар бәлкім, кейде қасына жақындағанымнан үркіп ұшқан көгершінмен іштей: «Қорықпа, қасыма кел, мен саған ешқандай зиян тигізбеймін, өйткені екеумізді де жаратқан бір Алла ғой» деп тілдесетінмін. Есігіңді қағып үйіңе барғанымда, әрдайым жылы жүзбен қуана қарсы алатынсың. Әлі де сол кейіпіңнен танған емессің. Үйіңде көбірек бола алмаған кездерімде неге аз отырдың деп риясыз мұңаятыныңа қайранмын.

Досым! Сен, Алланың маған сыйлаған үлкен нығметісің.

Кешір мені?! Осының бәрін кеш ұғындым.

Өмірімнің мәні өзіңмен жолыққан күннен басталғанын. Қапасқа қамалған бейшара торғай едім, сенімен дос болу бақытына ие болу арқылы тар қапастан құтылып, көгінде еркін самғайтын қыран құсқа айналдым. Алған әрбір тынысымыздың Алланың пенделеріне деген мейірімі екенін білдім.

Ардақты досым! Сен маған өмірдің мәнін ұқтырдың.

Өмірімнің әрбір сәтін бағалай білуді, тиімді пайдалануды үйреттің. Тіпті, тәттілігімен көп адамды өзіне баурап алатын таңғы ұйқыма дейін араласып, оны тәрк етуімді өтіндің. Неге деп сұрағанымда: «Бәрі де сенің игілігің үшін достым» деп, қысқа ғана жауап бердің. Сенің себебіңмен өзімді адам қалыбында сезіну шәрбәтына қауыштым. Өткінші дүниенің төрт бұрышын кезіп сандалған санам, фәни өмірдің тар шеңберінен босап, ақырет әлеміне жол тартты. Жәннат атты жайлы мекеннің иісін аңсатып, «Алла» деп қос қолымды көкке жайдырып,  Жаратқаннан жарылқау тілеуіме себеп болған да сенсің достым. Аспандағы жұлдыздардай жан-жақта шашылып жатқан асқақ армандарым бір арнаға тоғысып, өмірімнің жүйесі түзілді.

Кешір мені?! Осының бәрін кеш ұғындым.

Саған жасаған опасыздықтарым үшін. Кездесу сәттеріндегі қиянаттарым үшін. Сенің адалдығыңа, шынайылығыңа дәл сондай адалдықпен, дәл сондай шынайылықпен жауап бере алмаған сәттерім үшін. Басқаның достығына арқа сүйеп, сенің кіршіксіз таза нағыз достығыңды елеусіз қалдырған кездерім үшін.

Ары қарай айтуға...ұяламын достым! Кешір мені! Қадіріңді енді ұқтым! Мәңгілік ажырамас дос болайықшы!

Алла Тағалам! Мендей пендеңе намаз атты адал дос нәсіп еткенің үшін бір Өзіңе сансыз шүкіршіліктер болсын! Мейірімі шексіз Раббым! Намазбен арамызды айыра көрмеші?!

           

Намаздың артықшылығы жайында қысқаша мәлімет

Намаз - Алла тағаланың пенделеріне парыз еткен ғибадаттардың бірі. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігімен сәлемі болсын!): «Намаз - діннің тірегі» дейді.

Намаздың, нәпсі тәрбиесіндегі алатын орны орасан зор. Намаз арқылы адам баласы Алланың бірлігі мен Ұлылығының, Аллаға құл болумен шүкіршіліктің мағыналарына терең бойлай алады.1

Намаз – адам өмірінің жүйелілігінің кепілі. Құран Кәрімде Алла Тағала: «Намаз мүминдерге сөзсіз уақыты белгіленген парыз» дейді. (Ниса сүресі 103-аят). Ибн Масғұттан (р.а) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігімен сәлемі болсын!): «Амалдардың ішіндегі ең абзалы, Аллаға ең сүйіктісі – уақытында оқылған намаз» деген (Бухари, Муслим, Тирмизи, Әл -Хаким). Алла мен Оның елшісінің (Алланың оған игілігімен сәлемі болсын!) басқа да көптеген ғибадаттардың ішінен намазды ерекшелеп, айрықша атауының астарында үлкен хикмет бар. Өйткені намаз мұсылманның күнделікті өмірінде, бес мәрте арнайы уақытта қайталанып тұратын құлшылық. Ал кімде-кім, бес уақыт намазына берік болып, уақытында орындап жүрген болса, уақыт өте келе, ол адамның мінез құлқында, табиғатында уақытқа деген үнемділік, өмірінің әрбір сәтін тиімді пайдаланумен  амалдарын уақытында орындау сынды тамаша қасиеттер бүр жарады.2

Намаз – күнәлардың кешірілуіне себеп. Әбу Һурайрадан жеткен хадисте Алла елшісі (Алланың оған игілігімен сәлемі болсын!) жанындағы ардақты сахабаларынан: «Сендердің біреулеріңнің есігінің алдында сарқырап өзен ағып жатса, әлгі адам сол өзенге күніне бес мәрте жуынар болса, оның бойында кір қалар ма еді?»-деп сұрайды. Ардақты сахабалар: «Жоқ, ешқандай кір қалмас еді» деп жауап береді. Сонда Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын!): «Ендеше, бес уақыт намаз оқыған адамның да Алла Тағала оқыған намаздары арқылы күнәларын (кіші күнәларын) кешіреді» дейді (Бухари, Муслим).

 

Хадистің түсіндірмесі мен пайдалары:

  1.  Намазды барынша ықтияттылық танытып орындаудың артықшылығы
  2.  Намазы толық болған адамның (шарттары, рүкіндері, әдептері) Алла Тағала кіші күнәларын кешіреді. Ал үлкен күнәларға арнайы тәубе қажет.
  3. Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігімен сәлемі болсын!) адамдар арасында сұхбат құрған кезде, айтылған мәселеге оларды қызықтырып, назарларын аудара білу шеберлігі. Айтылған мәселеге мысал келтіру арқылы, оның мағынасын айналасындағыларға түсінікті етіп айшықтап, оларды Аллаға бой ұсыну мен ғибадатқа ынталандыруы3 .

Алла Тағала құлдарына нәпсі қалауларымен шаһуаттарына бой алдырмай қарсы тұратын, мал дүниенің арбауынан құтылатын жолды көрсетіп:4 «Сабырмен және намаз оқумен (Алладан) жәрдем тілеңдер. Расында ынталылардан басқаларға мұның машақаты мол. Олар (ынталылар) Раббыларына шын жолығатындықтарына әрі оның алдына сөзсіз қайтарылатындықтарына кәміл сенеді»5(«Бақара» сүресі, 45-46 - аяттар) дейді.

Намаздың қандай да бір істе тұрақтылықпен табандылық танытудағы тигізер көмегі (күнәға қарсы табандылықта, қайырлы, жақсы істерде, немесе өмірдің кез келген қиыншылығында) өте үлкен. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Расында намаз, жиіркенішті істерден және жамандықтан тыяды» («Анкабут» сүресі, 45-аят) дейді. Хузәйфә ибн Әл Йәмән: «Алла елшісіне (Алланың оған игілігімен сәлемі болсын!) қандай да бір іс қиындық тудырса, намаз оқитын еді» деген.6 

Сайд Хаууа «Мустахлас фи тәзкиятиннәфс» Каир 2011ж. 17 басылым. 33 бет. 
Абдулфаттах Абу Ғудда «Қиматуззаман ғиндалғулама» Бәйрут, Лубнан 2010ж. 14 басылым. 21- 22 бет.
Имам Әннәуәуй «Нузһатулмуттақин шарху Риадуссалихин» Димашқ 2009ж. 187 бап «Бес уақыт намаздың артықшылығы». 1/1043 хадис. 1 басылым.408-409 бет.
Мұхаммед Али Ассабуни «Сафуатуттафасир» Каир 1 том. 55 бет.
Мұхаммед Шыңғыс қажы, Ермек Мұхаммедқали «Құран Кәрім қазақша сөзбе сөз мағынасы»
Ибн Касир «Тафсир Әл- Қуран Әл -Азим» Каир 2003ж. 1 том. 112-113 бет.  

0 пікір