Кемелденуімізге кедергі бар ма?
Кемелденуімізге кедергі бар ма?
10 жыл бұрын 4003
Құдайберді Бағашар

Үйрену - өміріміздің соңынан дейін жалғасатын жаңалану процесі. Жаңалану процесі кезінде кедергілер мен тосқауылдардың кездесуі табиғи нәрсе. Алайда үйренуге  кері әсер ететін кедергілер - бұрыс парадигмаларды да білгеніміз жөн. Себебі дұшпанын жақсы танымаған адам оны жеңе алмайды. Мекемелер мен жұмыс орындарына көз салсақ, үйренуге негізінен не кедергі келтіретінін жақсы білуге болады:

1. Проблемаға проблема деп қарамау. Бұл - үйрену процесіне жаңа қосылған немесе мекемелерде кездесетін ең үлкен жайсыздықтардың бірі. Себебі науқас өзінің науқас екенін білмейді. Ондай адамға емделу жайлы сөз қозғап бекер. Көпшілік мекемелер мен өндіріс орындарында кездесетін ең әуелгі кесел осы.

2. Проблеманы шештік деп ойлау, шешілмеген жағын ескерусіз қалдыру. Бұл жағдайда проблеманы толыққанды шешу үшін жаңа шаралар қолданылмайды. Ондайда бір орында тұрып қалу қаупі бар. Бір орында тұра берген су не не саситыны, не борситыны белгілі.  

3. Білгенін басқалармен бөліспеу. Егер мәліметтер мен деректер адамдардың жеке басында сақталып қана қалатын болса, ұжымның табысқа жетуінде ондай мәліметтердің көк тиынға пайдасы жоқ. Мәлімет тек білген адамның ғана басында қалып басқаларға айтылмаса, мекеменің басқалармен бәсекелестікке түсу қабілеті төмендейді. Ол мекемеде жұмыс істейтін адамдар арасында, жалпы мекемеде түсініспеушіліктердің, келеңсіз жағдайлардың тууына себеп болады. Біздің жұмыс істеу түріміз белгілі жүйеге емес тікелей адамдарға байланысты болғандықтан, үлкен бір жұмыс орнында көп жыл бойы жұмыс істеген адам қызметінен босағанда, өзімен бірге жинаған барлық тәжірибесі мен мол мәліметтері де зейнетке шығады.

4. Көргенім маған жетеді деп байланыс құра алмау. Жұмыстарды бір-бірімен байланыстыра кең шеңберде көре алмасақ, табысқа жету былай тұрсын аяқ астынан пайда болған кішігірім істер мен таусылып болмайтын бір-бірімен қиыспайтын жағдайлардан құтыла алмай қаласыз. Мұхиттарға саяхат жасаудың орнына тізеден келетін көлшіктерден аяқ ала алмайсыз.

5. Алдын алмау. Ондайда бұрын шешілген проблема қайтадан айналып келіп отырады. 1993 жылы Чрис Аргирис бір мекемеде жұмыс істеп сапаға қатысты 300-ге жуық проблеманы шешкен. Бұқаралық ақпарат құралдары бұны үлкен жетістік деп бағалағанмен, Аргирис бұның қуанарлық жағдай еместігін айтқан. Проблеманың шығуына жол бермеу керектігін ескерткен. Осы тұста Конфуций оқиғасын естеріңізге сала кеткеніміз өте орынды. Конфуцийге: «Ең жақсы дәрігер кім?» деген сұрақ қойылғанда, ол мына үш түрлі дәрігерді атапты: біріншісі, аурудың не екенін біледі, екіншісі, науқастарды аурудан айықтыру жолын біледі, ал үшіншісі болса, ауру пайда болмай тұрып оның алдын-алу шараларын біледі. Конфуций: «Әрине, бұлардың ең жақсысы үшіншісі» деген екен.  

6. «Білем ғой» синдромы. Ол мәліметтің көбеюіне, ұлғаюына кедергі келтіреді. Көзқарастарымен ешкіммен санаспайтындықтан Білем ғой” синдромы жайлаған мекемелерде жұмыс істейтін адамдар тек өздеріне тапсырылған істі ғана атқарумен шектеледі. Жұмысқа деген белсенділіктерін арттыратын шаралар бұрыннан жоқ болғандықтан ешкім өз бетінше ешнәрсе жасамайды. Бұндай кесел ұйымды артқа тартпаса алға сүйремейді.

7. «Кінәлі кім?» Проблемалар мен адамдарды ажырата алмау. Жұмыста яки адамдар арасында түсініспеушілік мәселе туа қалса сұралатын алғашқы сұрақ: “Оны істеген кім?” болары сөзсіз. Негізі проблеманың қандай себептерден пайда болғаны және бұл проблеманың қайтадан болмауы үшін қандай жағдайлар жасау керектігі өте маңызды. Табысқа жетуді көздеуде әрі табысқа ұдайы жетіп отыруда жолдар барын түсіне білу керек. Проблемаларға тіреліп тоқтап қалудың қажеті жоқ.

8. Жүйе мен құрылымды түсінбеу:Атақты сапа маманыЭдуардс Девинг кітаптарында проблемалардың 85%-ы жүйеге байланысты екендігін айтқан. Үйіңіз бен жұмысыңыздың арасында 3 сағаттық жол бар болса әрдайым шаршап жүресіз. Жұмысқа баруға да, үйге қайтуға да көңіліңіз соқпайды. Бұл тұста жүйеге байланысты проблема бар. Бұл проблеманы шеше алмасаңыз, табысқа жету үшін жасаған басқа барлық іс-шараларыңыздан елеулі нәтиже шығара алмайсыз.

9. «Кезінде жетістікке жеттік қой». Бұрын жеткен жетістіктерінің көлеңкесінде қалып кету. Егер бұрынғы жеткен жетістіктеріміз жаңа жетістіктерге жетуде септігін тигізбесе, үйрену процесінде ол да үлкен кедергі болып тұрып алады. Жаңа жетістіктерге жету үшін әрдайым бұлардан аттап өту қажет, әрі шарт.

Қорыта келгенде, үйрену процесінде мекемелер мен адамдарда жиі кездесетін қателіктерімен таныстық. Егер біз бұларды қателіктерімізді түзетуде тиімді пайдалана білсек, үлкен жетістіктерге жетеміз. Бұрысты дұрыстау сіздің жанашырлығыңызды көрсетеді.

0 пікір