Жындар әлемі
Жындар әлемі
2 жыл бұрын 5520
Смайыл Сейтбеков
Жын сөзі - араб тіліндегі «жапты», «жасырды», «қалқалады» деген мағынаға келетін «жәннә» сөзінен шыққан. Жындар сезім мүшемізбен сезілмейтін, көзге көрінбейтін тіршілік иелері.

«Жын» сөзі негізінен «инсан» (адам) сөзіне антоним ретінде қолданылып, сезім мүшелерімізбен байқауға келмейтін рухани әлем иелеріне берілген есім. Сондықтан да бұл ұғым періште, шайтан мен жындардың жалпы атауы ретінде қолданылады. Бірақ, әрбір періште көзге көрінбейтін жалпы (жинни) жын атауының мағыналық ұғымына кіргенімен әрбір жын періште емес. Аталмыш үш әлемнің (періште, жын, шайтан) әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар. Мысалы, әрдайым Алла Тағаланың әмірімен қайырлы, оң істердің басында періштелер тұратын болса, шайтан – пендені тек алдап‑арбаумен, жамандыққа итермелеумен айналысады. Ал, жындарда осы екі рухани әлемнің де қасиеттері бар. Олардың мұсылмандары да, кәпірлері де болады. Асылында, біздің ұғымымыздағы дию, пері деген атаулар парсы тіліндегі «жын» сөзінің баламасы. Сондықтан жын, дию, пері деген сөздер көбіне бір мағынада қолданыла беретіндігін айта кеткен орынды.

Жындар біздің сезім мүшелерімізге беймәлім болғандықтан, олардың болмысын – қисындық яки ғылыми тұрғыдан тәптіштеп түсіндіруге келмейді. Десек те, негізгі салмақты дәлелдер мен нақты мәліметтерді Құран аяттары мен сахих хадистерден аламыз. Ал, аят пен хадис олардың нақты бар екендігін растайды. Қала берді Құран Кәрімде өз алдына «Жын» сүресінің бар екендігі баршамызға мәлім.

Бірінші бөлімде айтып өткеніміздей адам Алла Тағалаға құлшылық ету үшін жаратылғаны сияқты, періштелер де Аллаға қызмет ету әрі Жаратушыны мадақтап, дәріптеу үшін жаратылған. Ал енді жындардың жаратылыстағы мақсаты қандай болмақ? Бұған жауапты «Зәрият» сүресінің 56-аятынан табамыз: «Мен жындар мен адамдарды тек қана маған құлшылық ету үшін ғана жараттым». Олай болса жындар да адамдар секілді жәннәт пен жәһәннамға баратындығы анық. Бұған дәлел ретінде мына аятты келтіруге болады: «Сендерден бұрынғы өткен тозақтағы жын және адамдар тобының ішіне кіріңдер, - дейді» (7. Ағраф-38).

«Рас тозақ үшін де көптеген жын мен адамдар жараттық. Олардың жүректері бар, алайда олар онымен түсінбейді. Көздері бар онымен көрмейді. Олардың құлақтары бар, онымен естімейді. Олар хайуан сияқты тіпті одан өткен адасушы. Міне, солар нағыз құр қалғандар» (7. Ағраф-179).

Адам мен жындардың жаратылу мақсатына сай Алла Тағала оларға құлшылық заңдылықтарын жеткізетін пайғамбар жібереді. Адамзатқа 124 мың пайғамбар келгендігі бәрімізге аян. Ал «жындарға пайғамбар келген бе» дейтін болсақ, оларға да пайғамбар жіберілгеніне көз жеткіземіз. Мұның айғағы төмендегі аят:

«Әй, жын мен адамдар тобы! Сендерге іштеріңнен аяттарымызды баян етіп, бұл күнге кездесулеріңді ескертетін елшілер келмеді ме? - делінеді. Олар: Раббымыз! Өзімізге куәміз, дейді. Оларды дүние тіршілігі алдаған. Олар өздерінің анық қарсы болғандықтарына айғақ болады» (6. Әнғам-130).

Мәселе осылай бола тұра, бірқатар ғалымдар жындар әлеміне пайғамбар келмеген деген тұжырымды ұстанады. Бұл мәселеге арнайы жауап беруге тура келеді. Біріншіден, жындар арасынан пайғамбар келмеген болса, олар Жаратушыға қалай құлшылық етпек? Екіншіден, Алла Тағала жындарды да тек Өзіне ғана құлшылық ету үшін жаратпап па еді? Үшіншіден, «Исра» сүресінің 15-аятында: «Пайғамбар жіберместен біз ешкімді жазаламаймыз» делінген. Сонда жындарға тура жолды көрсетуші өз араларынан елші келмесе, Пайғамбарымызға дейін келіп кеткен жындар ақыретте жазаға ұшырамайды деген ұғым шығады. Бұлай дейін десек,  «Рас тозақ үшін көптеген жындар мен адамдар жараттық» (7. Ағраф-179) аяты жындардың да тозаққа баратындығынан хабар беріп тұр. Осы аяттарды негіз етіп ала отырып, жындардың да арасынан елші келгендігі жөнінде айта аламыз.

Ал енді жындардың өзіндік болмысы мен кейбір табиғи ерекшеліктеріне тоқталып өтсек:

1) «Мен жындар мен адамдарды өзіме құлшылық ету үшін ғана жараттым» (51.Зарият-56). «Рас тозақ үшін көптеген жындар мен адамдар жараттық» (7.Ағраф-179). Осы екі аяттың мағынасынан (ең бастысы бастауыш сөздердің орналасу реттілігінен) жындардың адам жаратылмастан бұрын жаратылғандығы тұрғысында тұжырым шығаруға болады. Егер мәселе керісінше болғанда, жоғарыдағы екі аятта да «жындар мен адамдар» тіркесінің реттілігі «адамдар мен жындар» болып орналасқан болар еді. Демек, бұдан шығатын қорытынды – жындар адам баласынан бұрын жаратылған. Тіпті, жындар Адам ата жаратылмастан екі мың жыл бұрын жаратылған деген нақтылы пікірлер де жоқ емес.

2) Адам топырақтан, періште нұрдан жаратылса, жындар оттан жаратылған: «Жындарды оттың жалынынан жаратты» (55.Рахман-15). «Расында адамды бейнелеген қара балшықтың сыңғырлап құрғағанынан жараттық. Жындарды да (адамнан бұрын) түтінсіз оттан жаратқан едік» (15.Хижр, 26-27). Ал енді бұл жерден: «Жындар оттан жаратылған болса, тозақ оты оларды қалай жағады?» деген қисынды сауал туындайды. Асылында, Алла Тағала оларды әу баста оттан жаратқанымен, олар от халіндегі мақлұқтар емес. Мысалы, адам баласы топырақтан жаратылғанымен тәні топырақ емес қой. Сол секілді жындардың да тозақтың отына жануының өз ерек-шеліктері бар. Алла Тағала барлық нәрсенің жүйесін әу бастан реттеп, тағдырға жазып қойғандықтан бұл мәселеде ешқандай екіұшты яки түсініксіз жайтқа орын жоқ.

3) Жындар да адамдар секілді ішіп-жейді, үйленеді, көбейеді, ер-әйел болып бөлінеді және өледі. Олардың өмір сүру ұзақтығы өз уақыттары бойынша, 60-70 жылдай болады. Бірақ, олардың жылдық өлшемдерін біздің уақыт өлшемімізге шаққанда шамамен мың жылға жақын, яғни бір жынның өмір сүру мерзімі осынша уақытқа тең деп түсінеміз.

4) Жындар да адамдар секілді мұсылман, кәпір, жақсы, жаман болып бөлінеді. Аятта бұл жайында былай дейді: «Расында жақсыларымыз да, одан төмендеріміз де бар, түрлі жолдарда едік. Шынында жер жүзінде Алланы еш жеңе алмайтындығымызды, қашып құтыла алмайтындығымызды аңғардық.... Біздің арамызда мұсылмандар да, туралықтан адасқандар да бар. Сонда кім мұсылман болса, ал міне солар туралықты іздейді» (72. Жын, 11, 12, 14).

Жындардың муминдері адамдардың муминдерімен бірге жәннәтқа, кәпірлері кәпірлермен бірге тозаққа кіреді.

5) Жындар да адамдар секілді есту, ойлау және сөйлеу қабілетіне ие: «Мұхаммед оларға: «Жындардан бір тобының Құран тыңдағаны маған уахи етілді, - деп айт. Сонда жындар: «Шынында бір ғажайып Құран тыңдадық, - деді. Құран бізді тура жолға салады. Енді соған иман келтірдік. Раббымызға ешкімді ортақ қоспаймыз»(72.Жын, 1-2). Сонымен қатар Сүлейменнің (а.с.) Йемендегі Бәлқис ханшаның тағын жындарға әкелдірмек болып, олармен сөйлескендігін де жындардың сөйлей алатындығына қатысты мысал ретінде айтуға болады (қараңыз: 27.Нәмл – 39).

6) Жындардың түрлі бейнелер мен пішіндерде көріне алатын қасиеті бар. Сонымен қоса олар аса ауыр істерді де істеуге қабілетті. Алла Тағала жындарды Сүлеймен пайғамбардың құзырына бергенде, Сүлеймен пайғамбар оларды түрлі ауыр жұмыстарға жеккен болатын. Құран Кәрімде бұл мәселе жөнінде: «Олар Сүлейменнің қалауынша құрылыстар, мүсіндер, көлдей ыдыстар және орнатылған қазандар жасайтын еді» (34.Сәбә-13) деген жолдар бар.

Бірде, Сүлеймен (а.с.) пайғамбар Йемендегі Сәбә патшасының ханшасы Бәлқистың тағын Йерусалимге әкелуге ниеттенеді. Себебі, Бәлқис ханша Сүлеймен пайғамбардың хақ пайғамбар екендігін мойындап, оның еліне келмек болады. Міне, осыған орай Сүлейменге (а.с.) ханшаны таңдандыру қажеттілігі туып, жындарға: «Тақты кім әкеледі?», - деп сұрағанда, жындардың бірі Ифрит: «Оны орныңнан тұрмастан бұрын келтіремін», - деді. Кітап ғылымына ие келесі бірі: «Оны кірпік қаққанша әкелемін», - деді. Сүлеймен сол сәтте жанына әкеліп қойылған ханшаның тағын көріп: «Бұл Раббымның кеңшілігі», - деді» (27.Нәмл – 40). Иә, Йемен мен Құдыстың арасы екі не үш мың шақырымдай қашықтық екенін ескерсек, жындардың қаншалықты дәрежеде күш иесі әрі жылдам екендігін пайымдау аса қиын болмас.

7) Жындардың ғайыппен байланысты ілімі жоқ. Олар тек Аллатың өздеріне берген рұқсат мөлшерінде ғана адамдарға беймәлім кейбір мәселелерді біліп, көре алады. Періштеге иман мәселесінде олардың ғайыпты біле алмайтындығын айтқан болатынбыз. Сол секілді жындар да ғайыпты біле алмайды. Пікірімізді бекіте түсу үшін айта кетейік, егер жындар ғайыпты, көзге көрінбейтін нәрселерді білетін болса, Сүлейменнің (а.с.) аса таяғына сүйеніп тұрып қайтыс болғанын білер еді. Ал олар болса, керісінше, аса таяқты құрт жеп, әбден шіріп, сынып, Сүлеймен пайғамбар құлағанша жындар оның өлгенін бейхабар болып, Құдыс мешіттің құрылысын тоқтатпады. Бұл оқиғаны аят былай баян етеді: «Біз оның (Сүлейменнің (а.с.)) өліміне үкім берген заманда жындарға оның өлімін, оның таяғын жеген бір жердің құрты ғана көрсетті. Сонда ол жығылған сәтте жындарға аян болды. Егер жындар көместі білген болса еді, ауыр машақатта қалмас еді» (34.Сәбә-14).

8) Кәпір жындар өздеріне дос ретінде кейбір адамдарды әдейілеп таңдап алады. Сөйтіп оларды алдап‑арбау арқылы, түрлі айлакерлік әдістермен өз ырқына көндіреді. Көбіне біз мұндай жандарды балгер, бақсы, тәуіп деп те айтып жүрміз. Негізінен жындар ғайыппен байланысты мағлұматтардан бейхабар екені анық, олар тек адамдарға белгісіз кейбір мәліметтерді ғана жеткізе алады. Көбіне олар көктегі періштелердің әңгімесіне тыңшылық жасайды. Осы тыңшылықтан алған мәліметтерін жердегі достарына өтірік қосып жеткізеді. Ал жындардың көктегі періштелердің әңгімесіне тыңшылық жасауы жайында Құранда: «Әрине, көкке қарманғанымызда оны қатал күзетші және атылған жалындарға толтырылған түрде таптық. Әлбетте, тыңдау үшін аспанның кей орындарында отыратын едік. Енді біреу тыңдамақшы болса, оны көздеген жұлдызды көреді»(72.Жын 8-9) деген жолдар бар.

Жындардың көріпкел, балшыларға жеткізген кейбір хабарлары кей жағдайларда дұрыс шығуы да мүмкін. Бірақ, мәселе солай болды екен деп, оларға пал аштырып, келешекті білуге әрекеттену ислам діні бойынша үлкен күнә болып есептеледі. Жалпы палшылық пен көріпкелдікке деген сенім – Хазіреті Мұхаммедтің (с.а.у.) әкелген хабарларына қарсы шығумен тең. Қарсы шығу - кәпір болу деген сөз. Осы мәселеге байланысты мынадай ғибратты хадис бар: «Хазіреті Айша анамыз (р.а.) былай дейді: «Кейбір адамдар Расулуллаһқа келіп, көріпкел палшылардың ғайыпты қалай білетіндігін сұрады. Расулуллаһ оларға:

- Негізінен олардың ғайыпқа қатысты айтқан сөздері бос, мағынасыз сөздер, - деді. Сахабалар:

- Я, Расулулла! Кейде олардың ғайыптан айтқан сөздері дұрыс болып шығады. Бұл қалай? – десті. Расулуллаһ:

- Бұл дұрыс сөз. Жындар періштелердің бір-бірімен әңгімелескенін тыңшылық жасап, естиді де, оны тауықтың шақырғаны сияқты палшы достарының құлақтарына дауыстап жеткізеді. Бірақ, олар сол уахиден ұрлап алған бір дұрыс сөздің ішіне жүздеген өтірік сөз қосады, - деді».

9) Ғалымдардың көпшілігінің айтуы бойынша – Пайғамбарымыздың пайғамбарлығы адамдарға да, жындарға да ортақ. Сол себептен Пайғамбарымызға «Расулус-сақалайн» деген ат берілген. Хазіреті Пайғамбарымыз исламды жындарға да түсіндірген және исламды қабыл еткен жындармен қатар, қарсы шығушы кәпір жындар да болды. Бұл жайында аятта Алла Тағала былай дейді: «Сол уақытта саған жындардан Құран тыңдайтын бір топты келтірген едік. Олар жетіп келген сәтте «Үндемеңдер» десті. Сонда оқылуы біткен кезде өздеріне ескертуші болып қайтты. Олар: «Әй, еліміз! Шын мәнінде біз Мұсадан кейін түсірілген алдыңғы растаушы, сондай-ақ шындыққа және тура жолға салатын бір кітап тыңдадық, - деді. Әй, халқымыз! Алланың шақырушысын қабылдаңдар және Аллақа иман келтіріңдер. Күнәларыңды жарылқап, күйзелтуші азаптан қорғайды»(46.Ахқаф, 29-31).

0 пікір