Қызғаншақтықтың кесірі
Қызғаншақтықтың кесірі
4 жыл бұрын 7215

Хақ Тағала адамды «әхсәну тақуим», яғни ең көркем бейнеде жаратып, Құдайға құл болуын міндеттеді. Оған құлдық міндеттерін атқара алатындай ерекшеліктер сыйлады. Бірақ дүние тіршілігіндегі «сынақ сырына» байланысты адамға рахмани (тәңірлік) сипаттармен қоса, Аллаға деген құлдық міндетін атқаруға кедергі болатын нәпсілік ерекшеліктерді де берген. Бұл тәңірлік сынақтан табысты өткісі келген пенде нәпсінің теріс қылықтарын мұз болып қатып қалған жылан секілді қатырып, барлық іс-әрекеттерін рахмани сипаттармен безендіруі керек.

Осы сынақ дүниеде адамның арылуы керек ең жағымсыз қылықтардың бірі және жүректегі барлық әсемдіктерді жоятын дерт ол – күншілік, яғни қызғаншақтық дерті. Басқаша айтқанда «көре алмаушылық» дерті.

Қызғаншақтық дегеніміз, құдайдың өзгелерге берген ырзық-несібесіне, нығметтеріне жүрекпен қарсы шығу болып табылады. Ол - нығмет иелеріне қарсы жүректе пайда болған әлдебір қызғаныш, күншілдік дертінің басталғанын, тіпті оның үдей түскенін білдіретін белгі. Қызғаншақтық – тағдырға қарсы шығу.

Қызғаншақтық пен күншілдікті бір ғимаратқа ұқсататын болсақ, оның ең басты жабдығы – бүлік пен іріткі, ал іргесін «менмендік», «мансапқорлық», «пайдакүнемдік», «құмарлық», «мақтаншақтық» және «өркөкіректік» секілді әдепсіз қылықтар құрайды.

Күншілдіктің тамыры адамның ішкі дүниесінің түбінде жасырын жатқандықтан кейбір нәпсіге құл болған адамдар күншілдік батпағына белшесінен батқанына қарамастан, өздерінде «іші тарлық» жоқ деп ойлайды.

Адамда күншілдік дертінің бар екендігін көрсететін алғашқы белгі – кісінің қолындағы нығметтің жойылып, жоқ болуын қалауы. Ол кісінің қолындағы нығметтің (яғни, қызғанған нәрсесінің) жойылғандығын көргенде шын жүректен қуанып, шат-шадыман болады.

Іші тар адам көре алмаған адамына қарсы өшпенділік, опасыздық, қулық, айыптау және жамандау секілді жағымсыз қылықтармен қарсы әрекет етеді. Фәни, өткінші өмірін арман-қиялмен босқа өткізіп айналасына уын шашады...

Шындығына келгенде күншілдік – күнделген кісіге емес, ең алдымен күндеушінің өзіне кесірін тигізетін рухани дерт. Тіпті бұл кесір адамның дініне, иманына кері әсер етіп, өкінішті нәтиже тудырады. Бұған Әзіреті Мұсаның заманындағы Тәуратты Мұса ғалейһиссәләмнан кейін, ең жақсы оқитын әрі бастапқыда ізгі мүмін болған Қарунның жағдайы тамаша мысал бола алады. Ол өмірінің соңында қызғаныштың кесірінен иманынан айырылып, орны толмас бәлекетке ұшырады. Ол қолындағы сансыз мал-мүлік пен бақ-дәулетке мастанып, даңдайсып Әзіреті Мұсаның мәртебесін көре алмай, соның кесірінен Алланың каһарына ұшырады. Ол өзінің сүйеніші, қолдаушысы, ірі арқа сүйері ретінде есептеген сарайларымен және қазына, мал-мүлкімен бірге жердің түбіне батты. Осылайша мәңгі өмірдің пақырына айналды.

Әзіреті Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) күншілдіктің кесірі мен кері нәтижесін мына бір хадис шәрифте баяндаған:

«Сендерге алдынғы үмбеттің дерті жұқты. Бұл – күншілдік пен ашу-ыза. Бұлар қырып алушы (жоюшы) дерт. Біліп қойыңдар, шашты қырып тастайды деп тұрғаным жоқ. Бұлар дінді қырып тастайды (адамның дінін жойып тастайды)...»[1].

Әзіреті Мәуләна Руми былай жалғастырады:

«Сен ол жаман қылықты өзіңнің ішкі дүниеңде байқамайсың. Егер байқап, оны көре алатын болғаныңда өзгелерге емес, өз нәпсіңе дұшпан болар едің.

Сен егер Алланың нұрымен қарайтын болғаныңда жамандығы үшін басқаларды айыптап, басқалардың кемшілігін қазбалап ғапылдыққа түсер ме едің?

Ей, қайғы-қасіретке батқан сорлы адам! Бірте-бірте, ақырын-ақырын нұрға жақында, от болған назарың нұрға айналсын. Басқалардың кемшілігі мен айыбын қазбалағанша өзіңнің ішкі дүниеңе үңіл. Өзіңді тірілт, көңілің күл-қоқыстан арылсын» - деп тебіренеді Мәуләнә.

Күншілдіктің басталу тарихы адамзат тарихы тәрізді ескіде жатыр. Бүкіл тарих бойынша күндеушілердің нысанасы ең қадірлі, ең салиқалы адамдар болғаны қандай ғибратты, ойланарлық дүние.

Жойылып, құрдымға кеткен отбасылар мен қоғамдардың, мемлекеттердің түбіне осы күншілдік жеткен. Күншілдік пен қызғаншақтық – жеке адамдардан басталып бірте-бірте бүкіл ұлтқа, халыққа жайылатын, олардың түбіне жететін аса қатерлі індет.

Хадис шәрифте былай айтылады:

«Күншілдік жасай көрмеңдер (қызғана көрмеңдер). Өйткені, күншілік – оттың отынды жегені сияқты сауаптар мен жақсылықтарын жеп тауысады»[2].

Басқа бір хадисте былай делінеді:

«Адамдар бір-біріне күншілдік жасағанға дейін үнемі ырыс-береке ішінде өмір сүреді.

«Бір-біріңе кек сақтамаңдар, күншілдік етпеңдер және теріс бұрылып қарым-қатынассыз кетпеңдер. Ей, Алланың құлдары, бір-біріңмен бауыр болыңдар!»[3].

Осы орайда, әлдебіреулердің қызғанышы мен күншілдігіне тап болған адам, жамандыққа жамандықпен қайтармауы керек. Ашуланып, ренжудің орнына күндеген адамның халіне жаны ашуы тиіс. Сондай-ақ, өзінің әділетсіздікке ұшырап, көрген зұлымдығына сабыр сақтап кішіпейілділік, шыдамдылық танытып сауап жинағаны жөн. Мұндай әдістен де пайдаланып қалу қажет.  Мұны Әзіреті Мәуләнә Руми құддиса сирруһ мына мысалмен тамаша түсіндіреді:

«Раушан гүлі тікенмен тату болғандықтан керемет хош иісті болды. Бұл шындықты раушан гүлінің өзінен де естіп көр. Оның не дейтінін тыңда: «Тікенмен бірге болғаныма неге қайғырайын? Ол үшін неге мұңға батайын? Мен жаман қылықты тікенмен бірге тұруға көндіккенім үшін жымыюды үйрендім. Оның себепкерлігінде әлемге әсемдік беріп, хош, жұпар иіс шашудамын...».

Алла Тағала сыйлаған нығметтеріне қанағат етіп, ризалық танытатын, көркем әдеп-тәрбиеге ие пенделерінің руханиятынан бізге де үлес нәсіп етсін. Алла Тағала біздерді, басқалардың қолындағы нығметтерге көз тігетін және дүниенің жылтыраған ойыншықтарына, өткінші құмарлықтарына, алдамшы сауық-сайранына, күншілдік пен құмарлықтың жалған мәртебесіне алданғандардың жолына түсіп кетуден сақтасын. Және де біздерді күншілдердің күншілдігінен қорғасын! Әмин.

«Абылхаят тамшылары» атты кітаптан.
Авторы: Осман Нури Топпаш.
(Ықшамдап алынды).


[1] Имам Тирмизи: Сүнән. Сыйфатуль Қияма. 57 баб.
[2] Әбу Дәуід: Сүнән. Әдәб. 44; Ибн Мәжә, Зүһд. 22.
[3] Сахихи Бұхари. Әдәб. 37.

0 пікір