Жұма - жұмаққа бастар күн
Жұма - жұмаққа бастар күн
10 күн бұрын 405 Abai.kz
Мұхан Исахан

Жұма - қасиетті һәм берекелі күн. Бұл туралы Парасат падишасы (с.а.у) хадис-шарифтерінің бірінде: «Кітап иелері өздерінен бізді төмен санағанмен, қиямет күні біздің мерейіміз үстем болады. Себебі, бізден бұрын оларға Кітап берілді.  Алла Тағала оларға Жұма күнін парыз еткенмен, олар адасып басқа күндерге құрмет көрсетті. Бізге, Тәңір Тағала осы күні тура жолды көрсетті. Осы себептен де (адасқандықтан), олар артта қалып қойды. Яһудилердің ғибадат күні ертең (сенбі), ал насаралардың құлшылық күні бірсүкүні (жексенбі)» - дейді.

Хақ Елшісі келесі бір өнегесінде: «Адам ата осы күні жаратылды. Осы күні ұжмақтан жерге жіберілді. Осы күні тәубасы қабыл етілді. Осы күні жантәсілім етті. Қиямет-қайым осы күні болады. Адам мен Жыннан басқа ешқандай жаратылған тіршілік иесі жоқ. Таң ағарғаннан кеш батқанша, бұл күні қиямет-қайым болмасын-шы деп құлақтар түрілмесін. Осы күні сондай бір уақыт бар бір мұсылман ол уақытта намаз қылып Жаббар Хаққа дұға еткен болса, Ұлы Жаратушы сөзсіз оның тілегін қабыл болады» деп, құтты күннің қасиетін паш етеді.

Тағы бір тәмсілінде: «Жұма күні сондай бір уақыт бар, ол уақытта мұсылман адам тұрып намаз қылып, Тәңірден бір нәрсені тілеген болса, Құдай Тағала міндетті түрде оның дұғасын қабыл етеді» деп Жұма күннің сырлы құпиясын ағынан жарыла жеткізген. 

Жұма - қасиетті һәм берекелі күн. Бұл туралы Парасат падишасы (с.а.у) хадис-шарифтерінің бірінде: «Кітап иелері өздерінен бізді төмен санағанмен, қиямет күні біздің мерейіміз үстем болады. Себебі, бізден бұрын оларға Кітап берілді.  Алла Тағала оларға Жұма күнін парыз еткенмен, олар адасып басқа күндерге құрмет көрсетті. Бізге, Тәңір Тағала осы күні тура жолды көрсетті. Осы себептен де (адасқандықтан), олар артта қалып қойды. Яһудилердің ғибадат күні ертең (сенбі), ал насаралардың құлшылық күні бірсүкүні (жексенбі)» - дейді.

Хақ Елшісі келесі бір өнегесінде: «Адам ата осы күні жаратылды. Осы күні ұжмақтан жерге жіберілді. Осы күні тәубасы қабыл етілді. Осы күні жантәсілім етті. Қиямет-қайым осы күні болады. Адам мен Жыннан басқа ешқандай жаратылған тіршілік иесі жоқ. Таң ағарғаннан кеш батқанша, бұл күні қиямет-қайым болмасын-шы деп құлақтар түрілмесін. Осы күні сондай бір уақыт бар бір мұсылман ол уақытта намаз қылып Жаббар Хаққа дұға еткен болса, Ұлы Жаратушы сөзсіз оның тілегін қабыл болады» деп, құтты күннің қасиетін паш етеді.

Тағы бір тәмсілінде: «Жұма күні сондай бір уақыт бар, ол уақытта мұсылман адам тұрып намаз қылып, Тәңірден бір нәрсені тілеген болса, Құдай Тағала міндетті түрде оның дұғасын қабыл етеді» деп Жұма күннің сырлы құпиясын ағынан жарыла жеткізген.

Мұсылман ғұламаларынан: «Жұма аптаның, Рамазан жылдың, Хажылық адам өмірінің өлшемі» деген қанатты сөз қалған. Иір бұтақ, аузы уәлі ғұламалардың бұлай деуінің себебі, Жұма намазын оқыған мұсылман апта бойы көңілі сергек болып, өзін бақытты сезінеді. Әрбір аптада Жұма намазын ерекше ыждағатпен оқыған мұсылман бүкіл өмірін рухани шуақты ете алады. Рамазанды да тиісінше бағалай білген адам, жыл бойы өзін қуанышты сезіне алады. Әл-ауқаты жоғары болған бір мұсылман хажылық жасап, қадірін сезінген болса, жапырағы төгілген күзгі ағаштай күнәларынан арылып, пәк күйге түсе алады.

Сондай-ақ, ғұламалардың: «Жұма күнгі дұға қабыл болған уақыт Рамазан айындағы Қадір түні секілді» деген нақыл сөзі де бар. Себебі, жоғарыда айтылған хадис-шарифтерге қарағанда, Қадыр кешінде Алла Тағалаға жасалған дұға-тілектің қабыл болатындығы секілді, Жұма күні де белгілі-бір уақытта Хақ Тағалаға жасалған дұға-тілек қабыл болады.

Нағында, Жұма күні бой дәрет алып, тісті маржандай етіп тазалап, иіс су жағып, мұнтаздай таза киім киіп, жүзіміз бал-бұл жанып, жымиып жүру сүннет саналады. Өйткені, Мұхаммед (с.а.у) Мәдина төңірегінен тозған киім киіп, қолаңса жағымсыз иіспен Жұма намазына келген мұсылманға: «Ең болмаса бұл күні жақсылап жуынып, тазаланып келіңіз» деп ескерту жасаған. Жұма күні тек сыртқы пішінді тап-тұйнақтай таза етіп қана қоймай, ішкі жан-үниені де күнәлардан тазартқаны жөн. Хақ Елшісі (с.а.у) «Жұма намазын оқу үшін дәрет алып, мешітке барып, ынты-шынтымен құтпаны тыңдап, намазын оқыған мүміннің екі Жұма арасындағы күнәларының барлығы кешірелетінін» сүйіншілегені.

Парасат падишасы (с.а.у)-ның Жұма күні туралы айтқан өсиеттері бойынша, мүмін бұл күннің рухани демін жұтып, тәуба жасап, көңілі қанағаттанғанша Хаққа дұға-тілек жасауы шарт. Құран оқып, мағынасын терең түсінуге мән беру тиіс. Хақ Елшісіне (с.а.у)-салауат келтіріп, мадақ айтуы керек. Дұға-тілектің, истиғфар мен тәубенің қабыл болуынан үміттеніп, іштей көңілі қанағат тауып, Жұма намазын шын ниетімен оқып, рухын кір-қоқыстан тазартып, аппақ-айдын жүрекпен мешіттің босағасынан шығуы қажет. Бұндай рухани көңіл-күй өмірдегі әртүрлі шырғалаңмен күресте адамға зор рухани күш беретіні талассыз ақиқат.

Жұма күндері Алла Елшісі (с.а.у) таң ертең «Сәжде» және «Инсан» сүресін оқыған. Себебі, бұл сүрелер Жұма күнгі илаһи оқиғаларды түгел қамти алады. Бұл сүрелерді оқыған кезде Адам пайғамбардың жаратылуы, ақыреттегі өмір, адамдардың о дүниеде қайта тірілуі секілді Жұма күнгі болған және болатын жәйттер еске алынып, адамда бір рухани сілкініс пайда болады. «Сәжде» сүресінде Ұлы Жаратушы Құран-Кәрімнің адам баласы үшін түскендігін баяндап, көктер мен жердің қалай жаратылғандығын, сондай-ақ, «Одан басқа досыңыз және шапағатшыңыз жоқ, түсінбейсіз бе?» дейді. Адам баласының жаратылысына тоқтала келіп «Сізге құлақтар, көздер, жүректер берілді. Олай болса неге аз шүкір етесіз?» деп, адамдарды өз-өзін тануға шақырады. Ұлы Жаратушынының адам баласын жаратып, о дүниеде қайта тірілтетінін теріске шығарушылардың бар екендігін айта келіп, бұндай адамдардың о дүниеде бұл ісіне пұшайман болатындығын: «Күнәһарлар, Раббымыздың құзырында бастары  иіліп, Раббымыз, көрдік, тыңдадық, енді бізді қайта бұл дүниеге жібер, игі іс істейін; турасы нақты енді сендік, деген кезде көрсең» деп сай-сүйекті сырқырата жеткізеді.

Ал, қарсы тараптағы мүміндер болса, Алла Тағаланың аяттарына сеніп, оларға үгіт-насихат айтылғанда, сөзге келместен сәждеге жығылады. Ұлы Жаратушыға мадақ айтып, шүкіршілік жасайды. Күдік пен үміт ішінде Тәңір Тағалаға жалбарынады. Өздеріне берілген рызық-несібені Хақ жолында жұмсайды. Бұның қарымтасына оларға түгесілмейтін нығметтер беріледі. Өйткені, Жаббар Хақтың жомарттығына шек келтіргендер бір жерде ешқашан бас біріктіре алмайды. Сөз жоқ, иман келтіргендер тиісінше амал еткеніне қарай, ақырет күні жаны жаннатта шалқып, рухы тыныштық табады. Хақ жолынан  ауытқығандар болса, тамұқтың отында жанып, ауыр азап шегеді. Бұл туралы «Сәжде» сүресінде: «Ең залым адамдар, Алланың аяты оқылғанда, теріс айналғандар болып табылады» деп баяндалады. 

«Сәжде» сүресінде Ұлы Жаратушы теріс айналғандарға: «Бұлардан бұрын қаншама нәсілдерді жоқ еттік. Бұлардың олардың жұрттарында жүріп жүргендігі бұларға жол көрсетпей ме? Расында мұнда ғибраттар бар. Сонда да тыңдамай ма? Олар көрмей ме? Рас суды шөл жерге апарамыз да ол арқылы малдары әрі өздері жейтін өнім шығарамыз. Олар сонда да көрмей ме?» деп бұйырады. 

 «Инсан» сүресінің алғашқы аяттарында Ұлы Жаратушының адам баласын бір тамшыдан жаратқандығын айтып, кейін оған көру үшін қос жанар және есту үшін құлақ берілгендігін, сондай-ақ, ақиқатпен қауышу үшін тура жолдың көрсетілгендігін түсіндіреді. Адам баласы бұл дүниеде сынақта болып, кейбіреулер шүкір етіп, ал, кейбіреулері Хақты теріске шығарады. Ұлы Жартушы бұл сүреде ізгі іс істегендерге ақыретте түгесілмес рызықтар беретіндігін былайша сөз етеді: «Әрине жақсылар жанната; «Кәфұр қосылған кеседен ішеді. Ол, Алланың құлдары ішетін қалаған жағына ағызатын бастау. Ол Алланың құлдары «нәзірін» орындайды  әрі апат етек алатын бір күннен қорқады. Тамақты жақсы көре-тұра міскінге, жетімге және тұтқынға жегізеді. Олар: «шын мәнінде сендерді Алланың ризалығы үшін тамақтандырамыз. Сендерден бір төлеу, алғыс тілемейміз».

Мұхаммед (с.а.у) хадис-шарифтерінің бірінде: «Күнәһарлар мен залымдарға емес, Хақтың үкімдеріне мойынсұнған, таң-алаукімде және ымырт түскенде Раббының көркем есімін еске алып, түннің бір уағында Оған сәжде жасап, сондай-ақ, түннің көп бөлігін Хаққа мадақ айтумен өткізуші» деп баяндайды.

«Инсан» сүресінде мүміндердің сипаты және жаннат нығметтері жөнінде: «Расында біз түксиіп, қатты томсарған күннен Раббымыздан қорқамыз. Сондықтан Тәңір оларды сол күннің апатынан сақтап, жарық жүз әрі қуанышқа бөлейді. Оларды сабыр еткендері үшін жұмақ және жібекпен сыйлайды. Олар, ол арада диванға жастанған түрде отырады. Олар онда ыстық  та суық та көрмейді. Оларға пейіштің көлеңкелері иіліп, жемістері мүлде еріктерінде болады. Оларға күмістен ыдыстар шыныдан құмыралар ұсынылады. Күмістен шынылары өлшеумен толтырған болады. Пейіште оларға «зәнжабил» араластырылған ішімдік кесемен ішкізіледі. Ол пейіште «Сәнсәбил» деген бір бастау бар» деп баяндалады.

Жоғарыдағы аяттар мен хадистер Жұма күні жасалған қайырлы-сауапты істердің мүміндер үшін ерекше сауабы бар екендігін көрсетеді. Жұма күнінің тағы бір рухани ерекшелігі, Жұма намазы болып табылады. Бұл туралы Ұлы Жаратушы: «Ей мүміндер! Жұма күні намаз үшін азан шақырылған шақта, дереу Алланы еске алуға (намазға) ұмтылыңдар; сауданы қойыңдар, егер білген болсаңдар, бұл сендер үшін қайырлы. Намаз өтелген кезде, жер-жүзіне таралыңдар да Алланың мархаматынен несібе іздеңдер. Сондай-ақ, Алланы көбрек зікір (еске алыңдар) етіңдер. Әрине құтыласыңдар» деп бұйырады. Яғни, мұсылмандардың қалың нөпір болып бас қосатын жиыны хажылық пен айт намаздарымен қатар Жұма намазы саналады. Жұма намазының әрбір аптада қайталанып мұсылмандардың жиі бас қосуына ұйытқы болуы, Жұма намазының мұсылмандардың бірлігін нығайтуда маңызды рол атқаратындығының айғағы. Яғни, мұсылман қауым үшін береке-бірліктің басы Жұма намазынын бастау алады.  

Жұма күні мен түні Хақ Елшісіне (с.а.у)-ға салауат айтудың сауабы мол. Өйткені, мүміндер иман саламаттылығына қол жеткізуде Мұхаммед (с.а.у)-ға мәңгілік қарыздар. Ұлы Жаратушы оның (с.а.у)-ның құрметіне мұсылмандарға дүниелік һәм ақыреттік мәңгілік бақытты тарту етеді. Оларға берілетін илаһи тартулар мен жаннаттағы мол рызықтар осы Жұма күні беріледі. Сондықтан, Жұма - барша мұсылмандарға құт-мерекесі. Жұма күні Хақ Тағалаға жалбарынып, дұға-тілек жасаған адамның сұрағаны қабыл болады. Осы күнді ұлықтап өткізген шаңырақтар мол қазынаға кенеледі.

Жұма күні «Кеһф» сүресін оқыған мұсылманның келесі Жұмаға дейінгі аралықтағы күнәларының кешірелетіндігі сүйіншіленген. Жұма күні жарлы-жақыбайларға жасалған қайырымның сауабы да теңдессіз. Сондай-ақ, Жұма күні мұсылмандарға уағыз-насихат күні болып белгіленген. Жұма намазындағы құтпаның көтерген тақырыптарында мұсылмандардың аса маңызды мәселелерінің өлшемі айтылады. Мұсылмандар осы өлшемдер негізінде кемшіліктері мен қателіктерін түзейді.  

Түйін

Ұлы Жаратушы айлардың ішінде Рамазанды, түндердің ішінде Қадір кешін, жер-жүзінде Меккені, адамзат баласының ішінен Мұхаммед (с.а.у)-ды, күндердің ішінде Жұма күнін ардақты етті. Сондықтан, мұсылман қауым әрбір Жұманы өзіне рухани күн деп жариялап, өзінің ішкі жан-дүниесіне терең талдаулар жасауға тиісті. Өйткені, Жұма түнінен (бейсенбіден жұмаға қараған түн) бастап тәубе, зікір, дұға және салауаттар айтып, Жұма намазға рухани әзірлік жасап, Жұма күні уағыз-насихат пен құтпа тыңдап, дұға-тілектің қабыл болатын уақытын іздеу, мұсылманның алаулаған ішкі сезімін биік шыңға көтереді. Яғни, Жұма күннің рухани шуағы мұсылманның ізгі сезімін молайтып, жаман пиғыл мен лас ойлардан арылтып, бейне-бір ұлағатты ұстаз секілді тура жолға салып, жұмыр басты пендені жұмаққа жетелейді.

0 пікір