Жүкті әйел қандай сауап алады?
Жүкті әйел қандай сауап алады?
5 жыл бұрын 7590
Мұхаммед Ахмад Канған

Өзгелерге қарағанда аналардың дәрежесi биiк болары ақиқат. Аналар балаға байланысты қаншама қиындықтарды бастарынан өткеретiн болғандықтан, Алла тағала: «Адам баласына ата-анасына жақсылық жасауды өсиет еттік (яғни бұйырдық). Өйткені шешесі оны (тоғыз ай) зорға көтеріп, зор қиналыспен босанады. Сондай-ақ оны (яғни нәрестесін) бойында көтеруі мен емізуін тоқтатқанға дейінгі мерзімі – отыз ай...», – деген («Ахқаф» сүресі, 15-аят).

Әйел бойына бiткен баласын тоғыз ай бойы қиналып көтеріп жүреді. Оны қиналып босанады. Демек, жүктілік қиындығын, босану ауыртпалығын және емізу мен омыраудан айыру міндеттерін басынан кешіреді. Сол себепті де Алла тағала Өзінің кітабы – Құран Кәрімде: «Адам баласына әке-шешесіне сый-құрмет (көмек) көрсетуін өсиет еттік (бұйырдық). Анасы оны бойында қиналыс үстіне қиналыспен көтеріп, екі жыл емізеді. Маған және ата-анаңа шүкір ет. Қайтар орның – Мен жақ!» – дейді («Лұқман» сүресі, 14-аят).

Ананың басынан кешіретін қиындықтары әкенікіне қарағанда көбірек. Сондықтан ананың хақы басымырақ әрі жақсылық жасау несібесінің көп бөлігі ана үлесiнде. Әбу Һурайра (р.а.): «Бір кiсi Алла елшісіне (с.а.у.) келіп: «Уа, Алланың елшісі! Менің жақсы қатынасыма, қамқорлығыма адамдардың қайсысы лайықтырақ?» – деп сұрайды. Алла елшісі (с.а.у.) оған: «Анаң!» – деп жауап бередi. Әлгі адам: «Сосын кім?» деп қайта сұрағанда, ол (с.а.у.)«Анаң!» – деп қайталайды. Ол адам тағы да: «Онан кейін кім?» – дегенде, Алланың елшісі (с.а.у.) тағы да: «Анаң!» – дейді. Ол қайтадан: «Сосын кім?» – дегеннен кейін ғана, Алланың елшісі (с.а.у.)«Әкең!» – деді»– деген (Әл-Бұхари, Муслим).

Әлбетте, бұл хадистің мәні әкенің орнын төмендетіп, құқығын кемітіп отырғаны емес. Өйткенi әкенің өз баласында үлкен хақы бары даусыз. Дегенмен Аллаһтың елшісі (с.а.у.) бұл хадисте әйел баласының әлсіз келетінін ескерген. Өйткені бұл кезең адамдардың әйелдерге деген жаман қөзқарастарынан енді ғана арылып, Исламды жаңадан қабылдап жатқан кезi болатын. Сондықтан хадисте Алла елшісі (с.а.у.) ата-анаға жақсылық жасауды, ананың ақысын орындауды ескертіп, ана хақын ерекше атаған.

Шын мәнінде, Алла тағала перзенттерге ата-аналарына жақсылық жасауды парыз еткен. Сонымен қатар оларға жақсылық жасаған перзентіне үлкен сауап жазылатынын айтқан. Ал ата-анаға қарсы келу харамға жатқызылған әрi үлкен күнә саналады. Алла тағала: «Раббың Өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық жасауларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де қастарыңда кәрілікке жетсе, «түһ» деме (кейіс білдірме). Сондай-ақ ол екеуіне зекіме де. Ол екеуіне сыпайы сөз сөйле. Ол екеуіне кішірейіп, мейірім құшағын жай да: «Раббым! Ол екеуі мені кішкентайымда тәрбиелегеніндей, Сен де оларды мейіріміңе бөлей гөр!» – де», – деген («Исра» сүресі, 23-24 аяттар).

Абдуллаһ ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.): «Әлдебір адам Алла елшісіне (с.а.у.): «Алланың сауабынан үміт етіп, һижра етуге және күреске шығуға саған серт беремін», – деп келген. Алла елшісі (с.а.у.)«Әке-шешеңнің бірі тірі ме?» – деген сауалына «Иә, екеуі де тірі» деген жауап алғаннан кейiн, оған: «Сен Алладан сауап күтесің бе?» – деп сұрақ қойып, тағы да «Иә» деген жауап алады да, оған: «Онда әке-шешеңе орал да, оларға жақсылық жаса»– дейдi»– деген.

Басқа бір риуаятта: «Оларды риза ету жолында күрес»– делiнген.

Нуфай ибн әл-Харис (р.а.): «Пайғамбар (с.а.у.)«Ең үлкен күнәға не жатарын бiлгiлерiң келе ме?» – деп үш рет қайталады. Сахабалар: «Иә, айт, уа, Алланың елшісі!» – дедi. Пайғамбар (с.а.у.)«Аллаға ортақ қосу, ата-анаға қарсы шығу»– деп, жамбастап жатқан жерiнен бойын тiктеп отырды да: «Қаперсіз болмаңдар және жалған сөз бен өтірік куәлік етуден сақтаныңдар»– деп, айтқанын қайталай берді»– деген.

0 пікір