ЖЕҢІСКЕ ЖЕТЕЛЕЙТІН ӘДЕТТЕР
ЖЕҢІСКЕ ЖЕТЕЛЕЙТІН ӘДЕТТЕР
2 ай бұрын 3304

Өзімізді қаншалықты құдіретті сезінсек те, түптің түбінде қартайып, кішірейіп, топыраққа айналатын органикалық ағза ғанамыз. Мәңгілік өмірдің құпиясын ешкім тапқан жоқ, оның керегі де шамалы сияқты. Біз басқа ғаламшарға ұшып, әлемді жаулауымыз мүмкін, бірақ өте нәзік болып жаратылған ағзамызға бәрібір тәуелдіміз. Сондықтан оны күтіп ұстау бізге міндет.

Мұхтар Мағауин «Мен» деген романында өзінің басынан өткен бір жайды жазады. Кітапханалардан шықпай ізденіп жүрген кезінде ол дұрыс тамақтанбайды, кітапхана қонатын кездері де болған. Ақырында асқазаны ауырады. Сонда жазушы өзінің миссиясына қандай қауіп төнгенін түсінеді. Ол – алдына үлкен мақсат қойып ізденіп жүрген жас ғалым. Бірақ егер денсаулығын құртып алатын болса, стресске тап болады. Назары мақсаттан ауытқиды. Бұл оның миссиясына төнген қауіп еді. Содан бастап ол өзін емдей бастайды. Күнде тәңертен аш қарынға бір қасық бал жейді. Тамақтануын түзейді. Физикалық жаттығуларға да көңіл бөле бастайды. Солай, асқазанын емдейді.

Бәріміз де осындай көзқараста болуымыз керек. Өйткені біздің ағзамыз – әзірге бізде бар ең қымбат қазына. Керек десеңіз, ол бізді мақсатқа жеткізетін құрал. Осы ағзамыз барда ғана мақсатымыз бен миссиямыз, рухани ұмтылыстарымыз бар болмақ. Оның сыртында ештеңе де мүмкін емес. Сондықтан биохакингтің негізгі үш постулатына тоқталғым келеді.

Біріншіден – ұйқы гигиенасы. Адам аштықтан бес күнде, не бір аптаның ішінде өліп кетуі мүмкін. Ал ұйқысыз үш-бес күнге ғана шыдайды. Бұл тақырыпта толып жатқан зерттеулер бар.  Тәжірибелер де жеткілікті...

Ғалымдардың әр түрлі паттерндерін зерттей келе, келген қорытындысы төмендегідей: жеті-сегіз сағат ұйқы – абсолютті қажеттілік. Дәл осындай уақыт ағзаның толыққанды, дұрыс қызмет етуіне қажет. Өйткені ұйқы кезінде біз жай ғана тынықпаймыз, жараларымыз жазылып, зақымданған жасушалар қалпына келеді. Ағза ояу кезінде ешқашан өзін емдей алмайды. Сергей Фаге «Мне 32 года, и я потратил 200 тысяч у.е. на «биохакинг» деген мақаласында Пенсильвания университетіндегі зерттеуді мысалға келтіреді. Онда сегіз сағат ұйқының «естен адасып кетпес үшін» міндетті түрде екенді дәлелденген...

Екіншіден – дұрыс тамақтану. Бұл тақырыпта мыңдаған кітап бар. Олардың бәрінің айтатыны бір нәрсеге саяды. Қысқа қайыратын болсақ, қант пен тұзды азырақ пайдалану не түбегейлі бас тарту, суды мейлінше көп, тәулігіне үш литрге дейін ішу. Консервіленген тамақтар мен бояғыш, концентраттар қосылған жасанды өміндерден бас тарту, фастфудты тұтынбау. Табиғи өнімдерді рационға көбірек енгізу. Оның ішінде, әрине, жеміс-жидекке басымдық беру. Алкогольдің зияны туралы да диетологтардың ойы бір жерден шығады.

Ал етті шамадан тыс пайдалану ағзаға артық жұмыс екенін естен шығарып алатын сияқтымыз.

Ет жейтін болсаңыз, жылқының етіне басымдық беріңіз. Онда холестерин өте аз, тез қорытылады, ал қымыз тіпті қандағы холестериннің бәрін шайып шығады.

Сондай-ақ, отыз күн оразадан бөлек, аптасына бір не айына бір рет ашығып тұруды әдетке айналдырсаңыз ұтылмайсыз.

Үшіншіден – физикалық жаттығулар. Өміріміз тым жеңілдеп кетті. Баяғыда ата-бабаларымыз көшіп-қонып, атқа мініп, үздіксіз қозғалыста жүрді. Адамзат о баста біздің бабаларымыз – көшпенділер сияқты табиғатпен етене бірігіп өмір сүруге жаралған. Бірақ урбанизация келді де бәріміз тас қамалдарға бекіндік. Төрт қабырғадан шыға алмаймыз, жұмсақ диваннан тұрғымыз келмейді, айналмалы креслода күніне сегіз сағат тапжылмай отырамыз. Мұның бәрі – организм үшін шок. Әр дене мүшеңіз бұл жағдайларға әр түрлі деңгейде қарсылығын білдіреді.

Сондықтан ауырмаудың бір жолы – физикалық белсенділікті сақтау. Әрине, қазір жаттығу залына баруға уақыт жоқ. Сол себепті HIIT (high intensitу interval training) – трендте. Бұл әдістеме жайында ақпаратты да, жаттығуларды да YouTube-тан таба аласыз. Оның авторларының айтатыны: он минут болса да, барынша күш салып жаттықсаңыз нәтижесі көп күттірмейді.

Ал жалпы көбірек жаяу жүруге, тәңертең жаттығу жасауға не жүгіруді әдетке айналдыруға тырысыңыз...

«Екінші болма» атты кітаптан
авторы: Қуаныш Шонбай.
(Ықшамдап алынды),

 
0 пікір