Жапон қызы Майя қалай мұсылман болды?
Жапон қызы Майя қалай мұсылман болды?
8 жыл бұрын 10274
Аударған Шынар Әбілдә
Алты жыл христиан мектебінде оқыдым

Пенденің бәрінің басынан өтетін дүние болса да өлім туралы ойдан қорыққанымнан түн баласына кірпік қақпай, ұйықтай алмай шығатын күндерім көп болатын. Ата-анамнан жылап тұрып: «Өлген соң маған не болады?», «Ақыр өлетін болған соң неге тудым екен?» – деп сұрайтынмын. Адамның қиялы мен санасынан тыс бір тылсым күштің барын сезетінмін. Бірақ ол кезде бұл тылсымның Алланың құдіреті екенін түсінбеген едім. 

Алты жылымды миссионерлік протестанттық христиан мектебінде өткіздім. Ондағы жылдарым санамда өшпестей із қалдырды. Керемет әсер алдым. Құдай туралы алғашқы білімді христиандық берді. Оның бар екеніне сендірді. Мұнда Құдайдың махаббаты мен мейіріміне көз жеткіздім. Пайғамбарлар мен ақырет туралы білдім. Дегенмен, толық сене алмаған жайттар бар еді.

Бір күні Інжілден сабақ беретін ұстазымнан: «Неге Иса пайғамбар: «Eli, Eli, lamasabachthani?» (Матфея 27:46) деген? Өзі Құдай болса, бұлай деуінің себебі не?» – деп сұрадым. Яғни, айқышқа таңылған сәтте, ол: «Жаратқан ием, Жаратқан ием, мені неге жалғыз қалдырдың?» – дейді. Ұстазым: «Көне Өсиеттің сәуегейлігін орындау үшін солай деді», – деп жауап берді. Ұстазымның  жауабына көңілім толмады. 

Исламды толық түсінсем де, мұсылман болуға қорықтым

Алғаш Исламмен жазғы демалыс кезінде Францияға француз тілін үйренуге барғанда таныстым. Менің мектебім орналасқан Марсельде мұсылман иммигранттарының ірі қауымдастығы бар еді. Курсым біткен соң араб мәдениетіне деген қызығушылығым жетелеп Жерорта теңізі арқылы Туниске ұштым. Жерорта теңізінің басқа жағалауынан жартылай жалаңаш бикинидегі әйелдерді көріп келген мен үшін мұндағы жағажайдан бастан аяқ оранған әйел затын көру күтпеген жағдай болды. Қатты таңғалдым. Кейін бәдәуилердің үйлену тойына шақырту алып, ондағы қалыңдықтың тек көзі көрінетін тесігі бар біртұтас аппақ киімнен өз тойын тамашалап отырғанын көріп, одан бетер таңдандым. Ол той барысында жүзін қонақтарға сол күйі көрсетпеді.  

Еліме жеткен соң өзім алған мәдени шоктан айығу үшін Ислам туралы, араб мәдениеті жайында оқи бастадым. Аллаға шүкір, менің университетімде мұсылмандықты қабылдаған профессор Окуда атты жапон оқытушы бар екен. Мен оның Ислам теологиясына арналған лекцияларына қатыса бастадым. Зерттеу барысында Ислам – жабайы әрі артта қалған дін емес, өте парасатты әрі саналы дін екендігіне көз жеткіздім. Ислам христиандық туралы барлық қанағаттанбаған сұрақтарыма толық әрі нақты жауап берді. Жүрегіммен Исламның ақиқат дін екендігін сезіндім. Бірақ сезінгенімді мойындауға асықпадым, зерттеуімді жалғастыра бердім. Буддизм мен синтоизмді қарастырдым. Зерттеуге тереңдеген сайын Ислам маған жақындай берді,  бірақ мұсылмандыққа қадам жасауға қорықтым. Маған мұсылман әлемі лас, хаосқа толы сияқтанды, ол әлеммен байланысу саналы шешім еместей көрінетін. Мұсылмандардан қорықсам да, Исламды түсіну жанымды рахатқа бөлей түсті. Сөйтіп жүргенде бірде-бір мұсылманмен араласпағаным есіме түсті.     

Нағыз мұсылмандармен қарым-қатынасқа мұқтаждығымды сезіндім. Солай Токио мешітіндегі «Yuai» араб мектебінде оқитын мысырлық әйелдерге арналған апта сайынғы оқуға қатыса бастадым. Сауд Арабиясы елшілігінде өтетін шараларға да атсалысып жүрдім. Мұсылмандарға сансыз сұрақтардан тұратын ұзын-сонар хаттар жаза бастадым. Аллаға шүкір, уақыт өте келе үрейім басылды. Енді Исламды қабылдауды кейінге қалдырудың еш себебі жоқ екенін түсіндім.

Шәхадат айту өзім күткеннен бетер  әсер етті

Мұсылмандықты қабылдағаннан кейінгі ұстаған оразам мұсылман болмай тұрып ұстап көрген оразамнан мүлде бөлек болып шықты. Намазға жығылған соң бұрынғымнан да бетер Құдайдан қорқа алатынымды ұқтым. Исламды түсінуім ескі біліміме сай болғанын ескере отырып мені өзгелердің қабылдауы үшін өзімнің шешімім нақты әрі табанды болуы керектігін түсіндім. Алғаш рет шәхадат айтқанымда америкалық қаржылық фирмада сатушы болып жұмыс істейтінмін. Өзімнің Исламды таңдағаным туралы бастығым мен әріптестеріме оп-оңай айттым. Ешбір қиындық сезінбедім. Ішімдік пен тыйым салынған етті жеуден бас тарттым. Ораза ұстадым, намазға жығылдым. Басында уақтылы намаз оқу біраз қиындық тудырды. Дегенмен, хиджаб киюге тәуекелім бармады. Хиджаб компаниядағы клиенттеріме кері әсер етер деп ойладым. Өзім жұмыс істеп жүрген компанияға зияным тиіп кетер деп қорықтым.     

Осылай бір жыл өте шықты. Ерте ме, кеш пе бұл компаниядағы жұмысымнан бас тартуға тура келетінін ішім сезіп жүрді. Өйткені, ол компания үнемі өсімі бар қаржылық операциялармен шұғылданатын. Ал, оларды Ислам құптамайтын. Солай жұмысымды тастап, Малайзияға аспирантураға түстім. Онда Ислам қаржысын зерттеуге бекіндім. Жұмыстан шыққан соң хиджаб киіп, намазымды уақтылы оқитын болдым.

Бұрын өмірде болып жататын әділетсіздік пен бақытсыздыққа көп ренжитін едім. Бірақ Алланың ұлы әділетін білген соң, Ақырет күніне сенген соң сабама түстім. Алланың сүйген құлына айналғым келгендіктен басқа салаларда, мысалы, жұмыстағы жетістікке, елдің пікіріне, ұлтқа бөліну мен басқа да мәселелерде кіріптарлық күйге түскенімді көрдім. 

Аллаға шүкір, есесіне мұсылман емес отбасымда, достарымның арасында, әріптестермен еш қиындық туған емес. Олардың барлығы менің шешіміме құрметпен қарады. Бірақ мұсылмандармен біраз қиындықтар орын алды. Туғаннан мұсылман жандар исламды өз дәстүрімен араластырып жібереді екен. Олардың көпшілігі Исламның негізгі төрт мектебі  (Ханафи, Шафии, Ханбали, Малики) арасындағы болмашы айырмашылықтарды білмейді. Немесе олардың ислам туралы пікірі әрқалай. Осылай кете береді. Басында мұсылмандардың Исламда бар нәрсені өздері мойындамайтыны таң қалдыратын. Бірақ олар сенімді түрде сөйлейтін. Сондықтан қазір жаңа бірдеңе білгенде сөзімнің бәрін дереккөзімен, сілтемесімен қуаттап алуға тырысамын.

Мен Исламды жақсы көремін. Өйткені, Ислам адамға рухани, тәни, тәжірибелік, теориялық, өз меніңді тануға әрі әлеуметті сыйлауға жетелейтін кешенді өмір сүру формуласын береді. Басқа бірде бір дін мұндай толық емес. Барлық дін мейірімді насихаттайды. Исламның ерекшелігі оның жан-жақтылығында деп білем. 

Сондықтан ниетіміз дұрыс болса, ұйқымыздың өзі құлшылық саналуы мүмкін екен. Ол үшін адамға зияны тиетін басқалай шарттылықтарды орындау керек емес. Мәселен, дүниеден безіп, тақуа болудың, некеден бас тартып, өзіңді жазалау немесе бір үйден екінші үйге дейін ғана өмір бар деу асылық.

Өмірдің әр сәтінде Алланың құдіретіне бас ие алатынымыз, кешірім сұрай алатынымыз шексіз мейірімділіктен емес пе? Адам өміріне зор үмітті Алла беретіні ғажап емес пе?!

 

3 пікір