ЖАНАР
ЖАНАР
9 жыл бұрын 3662
Алмат Жалбағаев

– Жатарыңда ана Мауызбайды тысқа шығарып жібер,- қаркөлеңке бөлмеден анасы дауыстады. Сонсоң есінеді. – Әйтпесе, төсектің астын былғап қояды. Мұны да албасты басып жүр кейінгі кезде.

–  Обал ғой, далада суық жаңбыр жауып тұр – Жанар тосылды.

Терезеге көз салған ол «арты қарға айналатын шығар» деп ойлады. Анасының қор еткен үні естілді.

Жанар мысықты асүйден тауып алды. Ою-өрнегі жемірілген бөстектің үстінде бүк түсіп, алаңсыз ұйқы соғып жатыр. Тағы тосылды. Қартайған ала мысықтың ұйқысын қиғысы жоқ. Еппен басып, өзінің жатын бөлмесіне беттеді. Желдің гуіліне құлақ тосты. Даңғарадай кең үйде тек анасы екеуі ғана болғасын ба, елегізіп ұйықтай алмады. Жарым ай ауруханада жатқан әкесін ойлады. Үйде болмаған соң оның да бар-жоғы бәрібір тәрізді... Қараңғыда күпір ойға беріліп, қимылсыз біраз жатты. Бастапқыда от жағылмаған үй салқын болған соң көрпесін иегіне дейін қымтанып алған болатын, пижамамен жатқасын ба, қарадай пысынап, серпіп тастады. Төсек те денесіне батып барады... Кенет, ойына Ерлан оралды. Сессиясы осыдан бір ай бұрын аяқталғанда – сонда оны соңғы рет, құдай-ау, күздің сарғайған таңында, құйын көтерген сап-сары жапырақтардың ортасында көрген болды ғой... Құлағы қалқайға, мойны қылқиған, шашы көзіне түскен, дженсовкасының жағасын көтерген арық қара бозбала бұған тақап келеді, тақап келеді... Қасына келді. Ұйықтап барады екен, жастықтан басын жұлып алды. Қайта кірпік іліндіруді мұң көріп, түкті кілемді ақырын басып, болар-болмас бозамық тартқан терезенің алдына тақап барды. Баруын барғанымен, тіксініп қалды – терезенің ар жағы алағай да бұлағай. Мың-сан перілер жөңкіле көшіп барады, қарадай жүдеп состиып тұрып қалған мұны мазақ еткендей ерінбегендері қанкөбелек айналып кеп терезе әйнегіне соғылады. Сонсоң қазан түбіндегі қара майдай жылтырап, төмен сырғиды кеп, сырғиды. Қар аралас жауын суынан айғыз-айғыз терезеден түк ажыратып болмайды. Сидиған бақша да қараңғылық оқпанына жұтылған.

Оқыстан қарақұсы ауырды. Ауырсынып, еріксіз дыбысы шығып кетті. Тістеніп алғанынан қайран болмады. Жантайды. Құдды бір сай-сүйегі сырқыраған кемпір дерсің. Қайта басын көтерді...

Жанар терезенің алдында таң ағарып атқанша тұрды. Тоңазып қалыпты. Иығына желбегей жамылған халатын қаусырынды. Көршілері ұйқыдан енді тұрса керек, үй мен әжетхананың арасында дірдектей дедектеп жүр. Кейбір пысықтар бірден ағаш күректеріне жармасып, ауланы азанғы жауған ақша қардан аршып жатыр.

– Қарғам-ау, әлі тұрсың ба –  Анасының таңданған даусы естілді.

Жанар сонда ғана екі аяғының талғанын сезді.

– Қарғам-ау, не болған саған өзі, не жөніңді айтпайсың?!

Жанар өзінің оқшау шырқын бұзған анасын жақтырмай қалды.

Төмен тұқыртқан басын иегінен ұстап өзіне қаратқан анасы іш тартып қалды. Жанардың пәс жанарына жас тұныпты.

–  Қарғам-ау...

– Мам... маматай...

Анасының кеудесіне басын қойған Жанар өз-өзін тоқтата алмады.

3 пікір