Имам Ағзам Әбу Ханифаның шәкірт тәрбиесі
Имам Ағзам Әбу Ханифаның шәкірт тәрбиесі
5 жыл бұрын 3152
Мұхан ИСАХАН

Имам Ағзамның бел шәкірттерінің бірі Әбу Юсуф ұзақ жылдар бойы ұстазынан дәріс алады. Ол күндердің күнінде «кемеліме келдім» деп ойлап, ұстазының ұлықсатынсыз өз бетінше шәкірт тәрбиелеп, фиқһ ілімінен дәріс бере бастайды. Шәкіртінің әлі бір қайнауы кем екенін білетін Имам Ағзам бір адамды Әбу Юсуфке жұмсап сынап көреді. Әлгі адамға: «Бір кісі киіміне түскен дақты кетіру үшін тазалаушыға береді. Кейін киімін алып кетуге барғанда, тазалаушы киімді алғанын мойындамай шығады. Біраз күн өткеннен соң тазалаушыға барғанында, ол киімін мұнтаздай таза етіп, иесіне қайтарады. Осы сәтте тапсырыс беруші не істеу керек? Тазалаушының еңбек ақысын төлеу керек пе, жоқ па? Егер, Әбу Юсуф «беру керек» немесе «бермеу керек» десе, екі жауаптың да дұрыс емес екенін ескерт» дейді. 

    Арадағы елші Имам Ағзамның сауалын қаз-қалпында жеткізеді. Сонда Әбу Юсуф: 

– Иә, ақысын төлеуі керек, – дейді. Сонда сауал беруші: 

– Дұрыс емес, – деп наразылық танытады. Аз-кем ойланған Әбу Юсуф: 

– Жоқ, тазалаушы еңбекақысын алмауға тиісті, – деп алдыңғы жауабынан айнып шығады. Екінші жауаптың да дұрыс емес екенін естігенде Әбу Юсуф мәселенің төркіні қайда жатқанын түсініп, дереу Имам Ағзамның дәргаһына келеді. Мән-жайдың қалай өрбитінін сезген Имам Ағзам: 

– Қарапайым сауалдың жауабын бере алмаған адам қалайша Алланың діні турасында фиқһ ілімінен дәріс бере алады? Шәкртіне кейіс білдіреді. Әбу Юсуф: 

– Осы мәселенің жауабын білгім келеді, – дейді. Имам Ағзам: 

– Фиқһ маманы кілкіген майдан қыл айырғандай ақ пен қараны дәл айыра білу керек. Бұл мәселеде егер тазалаушы сөзінен тән алмағаннан кейін киімді тазаласа, еңбекақы ала алмайды. Себебі, ол уәдесінен тайқып, келісімді бұзған еді. Сондықтан, ол уәдесін бұзғаннан кейін тазаласа, киімді өзі үшін тазалаған болып есептеледі. Ал, киімді алғанын мойындамай тұрып дақын кетірсе, онда еңбекақысын ала алады. Себебі, онда ол киімді табыс табу үшін тазалаған болып саналады, – деп мәселенің жауабын айтып, шәкіртіне фиқһ ілімінің хикметке негізделетінін жеткізеді. 

0 пікір