Халал мен харам
Халал мен харам
9 жыл бұрын 12041
Абай ХАМЗА

Ислам дінінде Ұлы Жаратушы тарапынан ұлықсат етілген барлық нәрсе “халал” деп аталады. Ал тиым салынғандары түгелдей “харам” делінеді.

Мысалы өз еңбегіңмен тапқан ақша халал, алдау жолымен түсірген түсім харам. Мұсылман адам халал істері үшін сауап жинаса, харам әрекеті үшін күнәға батады. Міне адамның тура жолдан адаспауда харам мен халалды айыра білуінің мәнісі зор. Бұл сөздер біздің төл тілімізде “арам”, “адал” болып сіңісіп кеткенін білеміз. Яғни, мұсылманшылық шарт болмысымызға айналған.

Әсіресе, тамақтануда харамнан сақтану қажет. Ұлы имам Әбу Ханифа өзі тұрған кентінде біреудің қойы жоғалғанын ести сала ет жеуден бас тартқан. Ұрлықпен әлде кімнің қазанына түсіп, оқыстан сол еттен ауыз тиіп қалмайын деген сақтық. Харамнан сақтанудың бұдан асқан үлгісі жоқ. Сондықтан әрбір мұсылман азық-түліктен ненің харам, ненің халал екенін жақсы білуі жөн. Мынау ұсынылып отырған тізім соның ең негізгілері:

Арақ-шараптың барлық түрлері харам. Оған спирті аз болса да шампан, вино, сыра да жатады. Бұлар бірден харам болғандықтан көп, аз ішудің күнәсі бірдей. Кейбір адамдар мас болмай аздап ішудің айыбы жоқ  деп өзін жұбатады. Және өзі ішіп отырып ішпейтін адамға әртүрлі амалмен  ішкізу үшін қысым жасау да күнәға жатады. Ал, өз дастарқанына арақ-шарапты толтырып қойып “ішпейтін адамға қысым  жоқ, ішетіндер өз қалауымен болсын” дейтіндер нағыз екіжүзділер. Ол арақ-шараптың харам екенін біле тұра адамдарды күнәға итермелеген болып саналады.

Азыққа арналған мал бисмилламен бауыздалып, сойылса еті халал. Бауыздалмай арам өлген малдың еті харам болып есептеледі. Мәжбүрлікпен базардан ет сатып алған жағдайда оны алғанда да, пісіргенде де, жегенде де “биссмилла” деу шарт.

Шошқа еті қандай жағдайда да ең харам ет болып саналады. Өйткені ол қасиетті Құранда солай харам етілген. Оған шошқаның аса ластығы, енесі мен төлінің өзара шағылыса беретін сезімсіздігі, бірін-бірі жеп қоятын аяусыздығы себеп болған. Сондықтан, мұсылман адамдар өндірісте дайындалған барлық шұжық түрлерінен бас тарту керек. Оларда міндетті түрде шошқа майлары қолданылатыны есте болсын. Ал “халал” деп ерекше белгі қойылған шұжықтар да қазір күмәнді саналып жатыр, өйткені оның құрамына қолданатын заттар күмәнді...

Бауыздалған, аңшылық жолымен атып алынған қаз, үйрек, тауық, ұлар және басқа жеуге жарамды құс еттері халал. Ал бауыздалмаған өндірістік жолмен дайындалған тауықтың сандары /окорочка/ және бітеу еттері харам делінген. Және тісті, тұяқты жыртқыш аң, құс еттері де харам делінеді.

Жеуге жарамды балық түрлері халал болып саналады. Бірақ өндірісте дайындалған “Краб таяқшалары” шошқа майы қосылып даярланатындықтан харам делінеді. Қандай жағдайда да өндірістік тәсілмен бұқтырылып  /консерв/ дайындалған балық еттеріне де мұсылман адам күмәнмен қарағаны жөн. Себебі харамнан сақтану әр адамның өзіне сын.

Сонымен қатар түнде тамақтың бетін ашық қалдыру, әйелдердің ғұсыл құйынбай ас дайындауы да харамға жақын мәкрүһ делінген.

Мұсылман адамдар бейбіт, қалыпты өмір жағдайында харам тамақ жеп қоюдан сақтанып жүруі оның тақуалығын арттыра түсетін әдемі әдет. Ал зәрушілік пен аштық жағдайында харам тамақ жеуі күнә саналмайды. Бұл да Ұлы Жаратушының аса қайырымды, шексіз мейрімді сипаттарының дәлелі болмақ.

Табиғиндер заманында, бір жас жігіт арықпен ағып келген алманы, біреудің ақысын жеуден сақтанып жемей арықтың басындағы бақтың иесіне апарып тапсырғаны үшін, оның иесі өзінің бойжеткен қызын әлгі адал жігітке үйлендірген екен. Сөйтсе, оның ұрпағынан Исламның ең атақты ғалымдары туып шықты, дейтін аңыз қалған.  Берідегі өзіміздің атақты адамдардың да аналары өз нәрестесін дәретсіз емізбейтін еді, дейтін тәмсілді естімеген қазақ аз шығар. Олай болса, халалдың шарты жеке адамнан ұрпақтың тағдырына дейін қамтып жатқан өте маңызды екендігін байқау қиын емес.

2 пікір