Ғайбаттың не екенін білеміз бе?
Ғайбаттың не екенін білеміз бе?
2 жыл бұрын 2632
Алау Әділбаев

Ғайбат адамдардың сауаптарын жоюда лап етіп, бір-ақ жалмайтын өрттің сумаңдаған тілінен де жылдам».  

(Хадис)

Ғайбаттың сөздік мағынасы - біреудің сыртынан жағымсыз, жарамсақ сөз айту. Демек, бір адамның бойындағы кемшіліктердің басқа біреуге оның сыртынан айтылуына «ғайбат» делінеді.

Пайғамбарымыз ғайбаттың не екенін ұқтыру үшін айналасындағылардан: «Ғайбаттың не екенін білесіңдер ме?» деп сұрайды. Олар «Алла мен Оның елшісі жақсы біледі» деп сөзді өз аузына салады. Сонда Пайғамбарымыз: «Араларыңыздағы біреуіңіздің ұнамайтын сөздермен өз бауыры жайлы сыртынан айтуы» дегенде: «Егер ол айтқандарымыз оның бойында бар болса, бұл да ғайбат бола ма?» –  дейді бір кісі топ ішінен. Сол кезде жамандықты жан дүниесімен жақтырмайтын аса сезімтал Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Егер айтқандарың оның бойында расында бар болса, онда оны ғайбаттаған боласың, егер ол сипаттар онда жоқ болса, онда оған жала жапқан боласың»[1] деп қалай болғанда да тілді ғайбаттан сақтау керектігін ұқтырған болатын. Демек, ғайбат – ғайбатталған адам сол жерде болып, өзі жайлы айтылғандарды құлағымен естісе ренжитіндей сыртынан айтылған сөздер. Егер ол айтқандары дұрыс болған күннің өзінде, ол – ғайбат болып саналады. Ал егер айтылған нәрселер оның бойында болмаса – әрі ғайбат, әрі жала болып, күнә үстіне күнә жамалмақ.

Ислам діні жеке адам құқығына ерекше мән бергендіктен оның ар-намысын қорғауға басты назар аударған. Ар-намыс – жеке тұлға кісілігінің негізгі тірегі. Ал, ғайбаттау – жеке адам құқына қол сұққанмен бірдей. Сондықтан да бүкіл болмыс ішінен адам баласын халифа етіп таңдаған Алла тағала мұсылмандардың тілін достық пен бауырмашылықты, адами жақсы қатынастарды бұзатын пәлекет ғайбаттан сақтау үшін «Хужурат» сүресінің 12-аятында: «Бір-бірлеріңді ғайбаттамаңдар. Сендердің араларыңнан біреу өлген бауырының етін жегенді ұната ма? Иә, бұдан тіксіндіңдер. Олай болса, Алланан қорқыңдар...» деу арқылы  оның қаншалықты жиіркенішті күнә екенін бір-ақ ауыз сөзбен тұжырымдайды. Иә, адамның өз бауырының етін жеуге қалайша дәті барады? Әрі бұл жерде «өліп қалған бауырың» деу арқылы адамды одан бетер тіксіндіре түседі. Ақыл-есі дұрыс, туыстық мейірімі сембеген бір адамның адами, қоғамдық, әрі мәдени тұрғыдан зиянды, сонымен қатар, жиіркенішті мұндай істі жасауы мүмкін емес. Аятта «одан тіксіндіңіз» деу арқылы адам табиғатының бұл істен жиіркенетінін білдіріп тұр. «Олай болса, Алланан қорқыңдар» деу арқылы Алланың тыйым салған жамандығынан бойды аулақ ұстап, жасаған күнәларымыз үшін тәубе етуге шақырады.

Тағы бір аятта Алла тағала:

«Көзің жетпей тұрып, көңіл аударма. Өйткені, құлақ, көз, көңіл бұлардың бәрі көргеніне, естігеніне жауапты»[2] деу арқылы біреу жайлы нақты мәліметке ие болмайынша, ол жайлы жаман ойламауға шақырады. 

Басқа біреу жайлы жаман ойлаудың өзі  ғайбаттың жасырын түрі. Бұл суи занн (яғни, араб тілінен аударғандағы мағынасы – жаман ойлау) деп аталады. Тілмен жамандау харам етілгендей, жүрекпен де жаман ойлауға тыйым салынған. Құранда Алла тағала: «Ей, иман келтіргендер, күмәннің көбінен сақтаныңдар. Өйткені, күмәннің кейбірі – күнә» деп бізге жалпы жаман ойламауға бұйырады. Өйткені, жаман ой тек жүректе қалып қоймай, ақиқатқа жеткісі келіп тіміскіленеді. Алла тағала «тіміскілеп сыр іздемеңдер» (Хужурат, 12) деу арқылы басқа мұсылмандардың қателері мен күнәларын іздеуге құлшыныс танытпауға шақырады. Адамға келген жаман ой жүректегі сүйіспеншілікті өшіріп, дұшпандыққа айналдырады. Міне, сондықтан осы аятта ғайбаттау, суи занн, яғни жаман ойлауға және тырнақ астынан кір іздеуге   үзілді-кесілді тыйым салынған.

Пайғамбарымыз көптеген хадистерінде қоғамдық өмірімізге зиянын тигізіп, адамдар арасындағы жақсы қатынастарға балта шабатын әрі ақыреттік өмірімізде ауыр азапқа душар ететін – ғайбаттан аулақ болу керектігін үнемі үмбетінің есіне салып отырған. Адамдарды пенделіктен арылтып, кемелдікке бастау үшін жіберілген ислам діні қоғамдық өмірдегі бірліктің берекесін қашырар жаман мінездерден ұзақ болуды насихаттайды. ислам дінінің бұған қаншалықты мән бергенін жете түсіну үшін, Пайғамбарымыздың бұл мәселеде айтқан ескертулері мен тыйымдарына назар аударған жөн.

Хазірет Әнас былай дейді: «Пайғамбарымыз бір күні ауыз бекітуімізді әмір етіп: «Рұқсат етілмейінше ешкім оразасын ашпасын» деді. Кеш қараңғылығы түскен  кезде Пайғамбарымыз алдына келгендерге ауыздарын ашуға рұқсат берді. Осы кезде бір кісі келіп: «Уа, Алланың елшісі! Екі жас қыз ораза ұстап, қатты шаршады. Сіздің алдыңызға келуге ұялады, білем. Қарсы болмасаңыз, оразаларын ашсын» деген кезде Пайғамбарымыз рұқсат бермей қояды. Әлгі кісі тағы екі мәрте пайғамбардың алдына келеді. Ақырында Пайғамбарымыз: «Олар ораза ұстаған жоқ. Күні бойы адамның етін жегендердің ауыз-дары қалай берік болады? Оларға айт, ораза тұтқан болса, асқазанындағысын сыртқа  ақтарсын, көрейік» дейді. Әлгі кісі Пайғамбарымыздың айтқандарын жеткізді. Олар Пайғамбарымыздың айтқанын орындайды. Пайғамбарымыздың айтқаны айдай келіп, әлгілер қан лоқсиды. Жаңағы кісі Пайғамбарымызға келіп жағдайды баяндаған кезде «Шыбын жанымды құдіретті уысында ұстаған Аллаға ант етейін, егер құспай бұл қан асқазандарында қалғанда оларды жааннамның оты жұтар еді» деді. Екінші бір риуаятта әлгі кісі екінші рет келіп: «О, Алланың елшісі, шыдамдары таусылып, аштықтан бұратылып тұр» дейді. Пайғамбарымыз оларды әкелгізіп біреуісіне: «Кәне, лоқсы» деді. Ол қан аралас ірің лоқсиды. Тіпті, ыдыс толып кетті. Екіншісі де дәл солай. Осыдан кейін Пайғамбарымыз «Бұлар халал жолмен ораза ұстады. Бірақ, адамдардың етін жеу арқылы харам жеді» деген-ді[3].

Міне, жоғарыда «Хужурат» сүресінің 12-аятында айтылғандай, ғайбаттың адам етін жеумен бірдей жиіркенішті екенін Пайғамбарымыз үмбетіне осылайша үйреткен болатын.

Айша анамыздың айтуынша, бір күні өзі біреу жайында сөз еткен екен. Пайғамбарымыз оған «түкір» дейді. Хазірет Айша түкірген кезде аузынан бір түйір ет түскен. 

Әбу урайраның (р.а.) жеткізген бір хадисінде Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Кімде-кім дүниеде мұсылман бауырының етін жесе (ғайбаттап, өсектеп) қиямет күнінде ол адамның еті оған ұсынылып «Оның өлі етін же. Өйткені, сен тірі кезіңде оның етін жегенсің» делінеді. Пайғамбарымыз осыны айтқаннан кейін «Сендердің араларыңнан біреу өлген бауырының етін жегенді ұнатады ма?» деп «Хужурат» сүресінің 12-аятын оқыған екен[4].

Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Алла бір мұсылманға екінші мұсылманның қанын, малын және ар-намысын харам қылды»[5]– дейді. Яғни, бұл жерде заттық зияннан өзге, сөз арқылы біреудің ар-намысына тиіп, көңіліне қаяу түсіретін әрекеттің де харам етілгендігі айтылған.  

Басқа бір хадисінде Пайғамбарымыз: «Пайыздың (риба) ең жаманы нақақ мұсылманның ар-намысына тиіп ренжіту»[6]– дейді. Бұл жерде біреудің ар-намысына тиіп ренжіту де ғайбатқа жатады. Ғайбаттың соншалықты ауыр күнә болуының астарында, адамға мал-мүліктен гөрі ар-намыстың қымбат болуы жатыр. ислам діні адам баласына басты мән беріп, оны бүкіл жаратылыс атаулыдан ардақты қылған. Пайғамбарымыздың ғайбатты пайызбен теңеуінде терең мән бар. Өйткені, дінімізде пайыздық өсім – ең көп датталған, одан бойды аулақ ұстау керектігіне басты назар аударылған ауыр күнәлардың бірі. Құранда «пайыз жеген адамдардың қиямет күнінде қабірлерінен шайтан соққан адамдардың есеңгіреп орындарынан тұрғанындай көтерілетіндері... Пайызды адал санағандарды Алла тағала жақсы көрмейтіндігі» айтылады (Бақара, 275-276). Олай болса, жоғарыдағы хадис ғайбаттың бұл жиіркенішті күнәдан да ауыр болатынын баяндап тұр.

Исламда ғайбаттың, сөз тасып, жала жауып өсек айтудың датталу себебі, қоғамдық өмірдегі бірлік пен берекетті, адамдар арасындағы жылылықты жоятындығында жатыр. Тән жарасынан гөрі жан жарасының жазылуы қиын. Пайғамбарымыз:

الغيبة  أشد من الزنا  قالوا : يا رسول الله وكيف الغيبة أشد من الزنا ؟ قال :  إن الرجل ليزني فيتوب فيتوب الله عليه ، وإن صاحب الغيبة لا يغفر له حتى يغفرها له صاحبه

«Ғайбат зинадан да ауыр күнә» деген кезінде қасындағылар «Қалайша, уа, Расулалла?» деп сұрайды. Пайғамбарымыз: «Кісі зина жасайды, сосын тәуба етеді, Алла оны кешіреді. Ғайбат жасаушы жамандаған адамы кешірмейінше кешірілмейді»[7]– дейді. Сондықтан адамның жүрегін жаралап, рухына дақ салатын ғайбат кісінің жеке құқығына қол сұғуға жататындықтан, оны тек қана ғайбатталған адам ғана кешіре алады. Құл ақысын Алла тағала емес, тек құлдың өзі кешіреді. Пайғамбарымыз сондықтан кісінің бүкіл жақсы амалдарын тып-типыл ететін ғайбат сөзден әркез сақ болуды ескертеді.

 «Құлақтан кірген суық сөз, көңілге барып мұз болар» демекші, біреудің сыртынан айтылған сөздер жүрегімізге жара салып жаман сезімнің, өшпенділіктің тууына жол ашады. Қайсыбір мұсылманның Алла тағаланың құзырына өз бауырына деген жағымсыз не ренішті оймен аттануы, әрине, жақсылықтың нышаны емес. Сондықтан да адамзатқа ұстаз етіп жіберілген Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Ешкім сахабаларым жайлы жанға жағымсыз сөз айтпасын. Өйткені, мен алдарыңа ішімде ешқандай жаман сезімсіз шыққым келеді»[8]– деген. Әрине, Пайғамбарымыздың осындай даналық тұжырымдары - біздер үшін де үлгі.

Тырнақ астынан кір іздеп, басқа біреудің кемшіліктерін тізбектеп отыру да адамды ғайбатқа жетелейді. Сондықтан Алла: «Бір-бірлеріңнің кінәларыңды тіміскілеп іздемеңдер»– десе, Пайғамбарымыз (с.а.у.) : «Ей, тілімен иман келтіріп, жүректерімен сенбегендер! Мұсылмандардың сыртынан сөз айтып, кемшіліктері мен кінәларын тізбелемеңдер. Кімде-кім мұсылмандардың құпия халдерін іздесе, Алла тағала да оның кінәларын ашады, тіпті, үйінде тығылып отырған күннің өзінде оны жұртқа масқара қылады»[9]– деп ескертеді. «Жаңыл-майтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ», пенде болған соң адамның күнә жасауы мүмкін. Біздің міндетіміз – діндес бауырларымыздың күнәсін барынша жасырып, жария етпей, қайта оның сол кемшіліктер мен күнәлардан арылуы үшін қол ұшын созып, тілекші болу.

Біреудің сыртынан сөз етуге мына жағдайларда ғана рұқсат етіледі:

Ислам ғалымдары, айтып жеткізудің басқаша жолдары болмағанда, яки адамды түзету мақсатында айтылуға рұқсат берілген ғайбаттың мына алты жағдайда болатынына ортақ пікірлерін білдірген:

1. Жәбірленуші ақысын алу үшін өзіне зұлымдық жасаған адамға арызданып «ол маған мынаны-мынаны істеді» деп мемлекет басшысына, сотқа немесе сол залым адамнан ақысын алып беруге шамасы келетін адамға сыртынан сөз айта алады.

2. Жаңылыс бір әрекетті түзету және күнә жасаған кісіні дұрыс жолға салу мақсатында жәрдем сұрап, ол жайлы сөз айтуға болады. Оның ниеті тек жамандықты түзету жағында болу керек, әйтпесе, басқа мақсатта болса, онда ол харам болмақ.

3. Пәтуа сұраған кезде ғайбатқа рұқсат етіледі. Пәтуа сұраушы кісі «Әкем, бауырым, жолдасым немесе пәленше маған былай әділетсіздік жасады. Бұлай жасауы дұрыс па? Одан ақымды алып, жасаған зұлымдығынан құтылу үшін не істеуге болады?» деп айта алады. Асылы, адамдардың аттарын атамай-ақ «былайша әрекет еткен бір кісі жайлы не айта аласыз?» деуі жөн болса да, мұндай жағдайда атын атау да күнә емес.

4. Залалдың алдын алу, зиянға жол бермеу мақса-тымен мұсылман бауырын ескерту үшін насихат жасаған кезде. Біреу екінші бір адаммен ортақ жұмыс істегісі келіп, оны танитын адамдарынан келешекте бірге жұмыс істейтін адамы жайлы пікір сұраса немесе оған аманат табыс еткісі келсе не онымен көрші болғысы келсе, оны танитын кісі ешқандай жаман ниетсіз оның кемшіліктерін ашық айтып, ол жайлы мәлімет бере алады.

5. Іштей еш дұшпандық ойлап кемсітпестен тек таныту мақсатында «ана ақсақ кісі ше» немесе «ана соқыр кісі бар еді ғой» деп айтуға болады. Басқа сыпайы сипаттарымен таныту мүмкін болса, сол сипаттарын қолданып танытқан абзал.

6. Ашықтан-ашық күнә істеп, бұдан еш ұялмаған, тіпті, жасаған күнәларын мақтан тұтқан пасық адамның сыртынан сөз айтуға болады.  Пайғамбарымыз «пасық пен күнә жасаудан қысылмай жария ететін (мужаир)  адамдардың сыртынан айтылған сөз ғайбат болмайды»[10] десе, тағы бір хадисінде «ұяттан жұрдай болған адамның ғайбаты жоқ»[11] дейді.

Ғайбат – белгілі бір адамның сыртынан сөз айту. Дей тұрғанмен, ізгі ниетпен түзету мақсатында «кейбіреулер былай жасайды» деп жалпылама айту ғайбатқа жатпайды. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.а.у.) «кейбіреулер неге былай-былай жасайды» деп оларды түзету мақсатында ескерту жасап отырған. Біз бұл тұста да Алла елшісінің керемет парасаттылығын көреміз. Егер біреудің атын атап көпшіліктің алдында жамандайтын болсақ адамдағы менмендік сезімінің қажеттілігіне сай ол адамның бізге көңілі қалып, жүрегіне дұшпандық сезім ұялауы әбден мүмкін. Ал аты аталмастан ескерту алған сана-түйсігі бар адам ол нәрседен сабақ алып, екінші рет жасамауға тырысады.

Сондай-ақ, адамның атын атап, түсін түстемей-ақ «бүгін келгендердің біреуі» деп айтқанда бұны естіген адамдар оның кім екенін білетін болса, ондай жағдайда бұл ғайбатқа жатады. Өйткені аты аталмаса да барлығы оның кім екенін білгендіктен, есімін жария еткенмен бірдей болып тұр.

 

Ғайбаттаушы қалай тәубеге келе алады?

Әсілі, кешірім сұрауды әдетке айналдырған дұрыс. Ғайбаттаушы ғайбатталған адамға жағдайды айтып, кешірім сұрауы керек. Мысалы, «сені ғайбаттадым, кешір» деп, мүмкін болса, болған жай айтылады. Егер жағдайды баяндау барысында айтылған сөздер өткенді еске салып кісінің жүрегін қайта жаралайтын болса, онда тек «ақыңды кеш» деп, кешірім сұраған жөн. Ғайбатталған кісі де мүмкін болса барлық нәрсені егжей-тегжейлі сұрамай-ақ, парасаттылық танытып «кешірдім» дегені абзал.

Кейбір ғалымдар ғайбатты үш түрге бөледі:

1. Ғайбат жасап тұрып «мен ғайбат жасап тұрған жоқпын, оның бойындағы мінді айтып тұрмын» деп айтуы, харам екені белгілі нәрсені халал деу, бұл - күпірлік.

2. Ғайбаттаушының айтқандары ғайбатталған адамның құлағына жететін болса, ол кісіден кешірім сұрамайынша тәубесі толық болмайды. Керісінше, оның құқығына қол сұғып, құл ақысын  жеген болады.

3. Ғайбаттаушының сөздері ғайбатталғанның құлағына жету ықтималы жоқ болса, өзі үшін әрі ғайбаттаған адамы үшін кешірім тілеп тәубе ету арқылы кешіріледі. Кейбір ғалымдар міндетті түрде ғайбатталған кісінің өзінен кешірім алынуы керек десе, кейбіреулері Аллаға тәубе етіп кешірім тілеу жеткілікті деген.

Ғайбат сөзді бар ықыласымен ерікті түрде құлақ түріп, ынта қоя тыңдаған адам да ғайбаттаушымен тең. Пайғамбарымыз: «тыңдаған адам да ғайбаттаушылардың бірі»– деген[12]. Сондықтан біреудің сыртынан жаман сөз айтылғанда оған тосқауыл болуы керек. Пайғамбарымыз: «Кімде-кімнің қасында мұсылман бауыры жамандалып, кемсітіліп жатқан кезде күші жете тұрып оған көмектеспесе, қиямет күні Алла тағала да оны төмендетіп масқара қылады»[13]– дейді. Егер ғайбаттаушыға күші жетпесе, ділімен оны айыптап, шамасы келсе ол жерден кеткені жөн. Ғайбаттаушы және ғайбатты қарсылық білдірмей өз еркімен тыңдаушы мұсылман абайсызда осындай жиіркенішті қылыққа бой алдыратын болса:«Аллаумағфир ләнә уә лимәниғтәбнәу» (Аллаым, бізді және ғайбаттаған адамымызды кешіре гөр!) деп дұға етіп, артынан жамандап сөз айтқан бауырынан міндетті түрде кешірім сұрауы керек.  

 

Ғайбаттан арылудың жолдары:

1. Кісі – өз нәпсісін кінәлаушы, ал басқалардың қорғаушысы болуы керек. (Ибн Аббас: «басқалардың кемшілігін айтқың келсе, алдымен өз кемшіліктеріңді есіңе ал»– десе, Хасан: «Ей, адам баласы! Өзіңнің бойыңда кемшілігің бола тұра басқаларды кінәлаумен болсаң, толық мұсылман бола алмайсың. Кәміл мұсылман болу үшін алдымен өзіңді жөндеп, кейін басқалардың кемшіліктерін түзетуге тырысуың керек. Осылай жасаған кезде ғана Алланың шынайы құлдарынан бола аласың»– дейді[14].

2. Адам баласының күнә жасауға бейім жаратыл-ғандығын ескере отырып, бауырына жаманшылық ойламай оған дұға ету. Өйткені мұсылман бауырының жасап қойған күнәсі үшін артынан сөз қылып жамандап, дүйім жұртқа жар салмай, қайта оған жаны ашып, күнәсінен арылуы үшін Алланан кешірім тілейді.

3. Ақыреттегі ғайбаттың ауыр жазасын жиі-жиі еске алу.

Пайғамбарымыз: «Кімде-кім ғайбаттаушы бір мұна-фықтан (екі жүзді) мұсылманды қорғаса, Алла оған денесін жааннам отынан қорғайтын бір періште жібереді. Кімде-кім мұсылманды жамандау мақсатымен бір жала жапса, Алла оны жааннам көпірлерінің бірінің үстінде сөйлегендерінің күнәларынан арылғанға дейін ұстайды», – дейді[15].

Хазірет Әнәс Алла елшісінің мына бір сөзін алға тартады: «Миғраж түнінде тырнақтары жез бір қауымды көрдім. Олар беттері мен кеуделерін тырнақтарымен осқылап жатты. «О, Жебірейіл! Бұлар кімдер?» деп сұрадым. «Бұлар адам етін жегендер мен ар-намыстарын аяққа таптағандар деді»[16].    

4. Ғайбаттың бұл дүниеде адам пиғылын бүлдіріп, қоғамды жегідей жеп, ел ішіне іріткі салып, таластырып-тартыстырып, тіпті, бауырларды дұшпан ететін ауыр індет екенін еске алып, одан шын мәнінде жирене білу.

5. Ғайбаттың не екенін дұрыс ұғыну. Өйткені, ол өсім мен зина сияқты ең ауыр күнәлардың бірі.

6. Ғайбат мәселесі адамның ішкі дүниесінде оны үнемі сақтандыратын күшке айналғанда ғана адам өз бойын бұл кесапаттан аулақ ұстай алады.      

Ғайбатқа қатысты мына нәрселерді де білгеніміз жөн. Ауыздан шыққан әрбір сөзді жазып алатын періштелер бар. Алла тағаланың құзырына барғанда бұл сөздер кітап болып оның алдына әкелінетіндіктен айтылған сөздерінен ұялуы тиіс. Сондықтан да бір кісі керексіз нәрселер сөйлеп тұрған адамғаҒ «Сен Алла тағалаға жіберілетін кітапты жазудасың. Жазған сөйлемдеріңе абайла»– деген екен.

Ғайбаттан тілді сақтау – иман, ерік-жігерді қажет етеді. Ғайбаттың діни әрі қоғамдық зиянын терең түсінген шынайы мұсылман, тілін ауыр азапқа душар ететін індеттен сақтауы керек. Ол үшін ынта-жігерін салып, «егер де мен ғайбат ететін болсам бір айлық жалақымды садақа етіп үлестіремін», я болмаса «алпыс күн қатарынан ораза ұстаймын» деп өзіне өзі шарт қойып, сөз берсе, тілін жамандықтан сақтауға үйрете алады. Әрине, бұл оңай емес, сондықтан да Юнус ибн Абдулла: «Басраның шөлінде қаншама күн ораза ұстауға шыдаған нәпсім бос нәрселер сөйлемеуге шыдай алмады»– деген екен.

Пайғамбарымыз: «сөз тасушы жаннатқа кіре алмайды»[17]– деп үмбетін жаман қасиеттерден алшақ тұру-ға, жаман қасиеттердің кісіні жааннамға жетелейтінін айтып ескерткен.

Құран мен хадистің ескертулерін ескермей, қазіргі таңда мұсылмандардың діни, ұлттық және қоғамдық тұрғыдан соншама зияндығына қарамастан, ғайбатқа, оның таудай ауыр салдарына мән бермеуі  өкінішті жағдай. 

Ғайбат мәселесінде абай болуды қажет ететін тағы бір кілтипан мынау. Кейбіреулер ғайбаттан сақтанған боп көріну үшін: «Одан да бетер нәрселері бар. Бәрін айта берейін десем, ғайбат болады ма деп қорқамын» деп жұмбақтап сөйлеуі – ашық айтылған ғайбаттан да ауыр күнә. Ол – адамға харам ойларды құртша қаптататын, әртүрлі жорамал жасауға итермелейтін, ашық айтылған мың жаладан да бетер зілдей күнә. Өйткені, тыңдаушыны «зина жасады ма екен, арақ ішті ме екен, ұрлық қылды ма екен, әлде, адам өлтірді ме екен» деген сияқты санасын сан саққа жүгіртетін неше түрлі жаман ойларға жетелейді.

Ғайбат діни және дүниелік кемшілік-айыптарын қамтиды. Ғалымдар сыртынан айтылған сөздің ғайбат болуы үшін ғайбатталған адам аты аталмаса да әңгіме барысында танылып, жамандау ниетімен айтылған болуы керек дейді.

Ойланып қарайтын болсақ, негізінде біреудің артынан сөз тасып жамандаушының өз ортасында қадірі кетеді. Ал, ғайбаттаудан бойын аулақ ұстап, намысын сақтай алған кісі сенімді әрі құрметті тұлғаға айналады.

Күллі адамзатқа үлгі етіп жіберілген Пайғамбарымыз: «Ғайбат – адамдардың сауаптарын жоюда лап етіп, бір-ақ жалмайтын өрттің сумаңдаған тілінен де жылдам» – дейді. Сондықтан тілді бүкіл жақсы амалдарды жоятын ғайбаттан сақтауға аса мұқият болу керек.

Пайғамбарымыз тағы бір сөзінде: «Аллаға және ақырет күніне сенген адам жақсы нәрселер сөйлесін, болмаса үндемесін», – деп ескертеді[18]. Мұсылман кісі сөйлеген сөздері мен істеген істері тұрғысынан әрдайым қоғамда үлгі тұтарлық тұлға болуы керек.

Сөйлеу – адамға берілген өте үлкен сый. Бұл сыйды өз орнымен қолдану жаннатқа кіруге бірден-бір себепкер болады. Пайғамбарымыз:

مَنْ يَضْمَنْ لِي مَا بَيْنَ لَحْيَيْهِ وَمَا بَيْنَ رِجْلَيْهِ أَضْمَنْ لَهُ الْجَنَّةَ

«Маған мына екі нәрседе: екі ерін арасы мен екі шат арасына кепілдік берсеңдер, мен де сендерге жаннатқа баратындарыңа кепілдік етемін»[19]дейді. Бұл екеуі де адам нәпсісінде оңай бас көтеретін аса қиын ағзалардың бірі. Өйткені, ауызбен айта салу адамға ешқандай қиындық тудырмайды. Адам айтқандарына абайламаса, бір ауыз сөзбен күпірлікке кіруі де мүмкін. Ғайбат та ауыздан шыққан бір ауыз сөз. Жасалуы оңай, өтемі тым ауыр күнә.  

Тілді пайдасыз нәрселерге қолданбай осы дүниеде абырой, ақиретте жеміс беретін Алланы еске алуда, жақсы нәрселер сөйлеуге қолданса, тіл жаратылу мақсатына сай өз міндетін орындайды.  Сөйлеу нығметі адамға зияннан гөрі есепсіз пайда беруге лайық.

Пайдасыз бос сөздер адамның жүрегін қатайтып, Алланан алыстатады. Осыған орай Пайғамбарымыз:

لَا تُكْثِرُوا الْكَلَامَ بِغَيْرِ ذِكْرِ اللَّهِ فَإِنَّ كَثْرَةَ الْكَلَامِ بِغَيْرِ ذِكْرِ اللَّهِ قَسْوَةٌ لِلْقَلْبِ وَإِنَّ أَبْعَدَ النَّاسِ مِنْ اللَّهِ الْقَلْبُ الْقَاسِي

«Алланы зікір етпей бос нәрселерді айтып сөзді ұзартпаңдар. Арасында Алланың аты еске алынбастан айтылған көп әңгімелер жүректі қарайтады. Алланан ең ұзақ болғандар – тасжүректілер»[20]– дейді.

Біреудің ғайбатқа жол берген әрекетінен ғайбатталушыға келер зияны болмайды. Керісінше оған пайда, өзіне зиян келтіреді. Өйткені, ғайбатталған адамның бүкіл күнәсы ғайбаттаушының мойнына ілініп, сауаптары ғайбатталушыда қалады. Ғайбатталған адам сыртынан айтылғандарды естіп тұрып, тілін ғайбаттан сақтап, сабырлық көрсетсе ғана сауап ала алады. Егер өзі де бірден жауап беріп ғайбаттайтын болса, сауаптарынан айырылып қалады. Табииндердің үлкен ғалымдарының бірі Хасан Басри өзін ғайбаттаған кісіге бір табақ құрма жіберткізіп: «сауаптарыңды маған жолдап, күнәларымды мойныңа алғаның үшін рахмет» деп алғыс айтқан екен[21].

Сахабалар бірінің артынан бірі сөз тасып, ешкімге ешкімді қарсы қоймайтын және мұны ең үлкен ғибадат деп есептейтін. Әбу урайра: «Дүниеде діндес бауырын ғайбаттаған адамға қиямет күнінде сол бауырының бейнесінде ет ұсынылып, «дүниеде бұл кісіні қалай ғайбаттаған болсаң, енді осы етті же» делінеді. Еттің ащылығы сонша, түрі мыжырайған күйі айғайлап түрегеледі»– деген екен[22].

Исламның алғашқы саф кезінде мұсылмандар біреуді ренжітетін сөздерді айту былай тұрсын, тіпті, біреудің киімі мен көлігінің кемшілігін айтудың өзін ғайбат санайтын. Күндердің бір күні бойы тапал бір әйел Пайғамбарымызға келіп, кейбір мәселелерді сұрап кеткеннен кейін Айша анамыз «бойы қандай қортық әйел?!» деген кезінде Пайғамбарымыз «Ей, Айша! Ғайбат жасадың» деп ескерткен-ді[23].

Бір күні Айша анамыз (р.а.) «Уа, Алланың елшісі! Сафиядағы мынау-мынау жағдайлар саған жетеді» дегенде (кейбір риуаяттарда оның бойының қысқалығын айтқан делінеді), Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Сондай ауыр сөз айттың, егер ол теңізге араластырылса, теңіз суын да ластап жіберетін еді»[24]– деген.

Жабир ибн Абдулла Пайғамбарымыздың кезінде қандай да бір ғайбат жасалған кезде оның исі сезілетіндігін айтады. Бұл – сол кездегі қоғам тазалығының айғағы. Ал қазіргі таңда біз бойымызды әбден бұл індетке алдырып, етімізді үйреткеніміз соншалық исін сезбек  түгілі, оның күнә екенін де ажыратудан қалып барамыз. Мысалы, жаман иіс шығатын жерден бір кісі өтіп бара жатса, ол иістен тіксінеді. Ал, сол жерде тұрып жатқан адамдар бұл иіске әбден үйреніп қалғандықтан олар бұл иістен жиіркенбейді де.  Ал Пайғамбарымыз (с.а.у.) бен оның айналасындағы сахабалар ислам нұрымен нұрланғаннан кейін жамандық атаулыдан мейлінше бойларын аулақ салған еді. Сондықтан олардың арасында мұндай жағымсыз нәрсе бола қалса бірден сезілетін.

Кейбіреулеріміз тамағымыздан арам ас өтіп кетпесін деп күмәнді тағамдардан барынша сақтануға тырысамыз. Бұл – кісінің рухани өмірі үшін өте маңызды екені белгілі. Алайда, харам екені Құран және хадистерде анық бекітілген үкімдерге мұндай сезімталдық көрсетпеу – таңғаларлық іс. Мысалы, күмәнді тағамдарды аузына алмауда сауысқандай сақ кейбір жандар еш қиналмастан, қысылмастан әншейін шырпы тұтатқандай біреуді ғайбаттап, жалған сөйлеп, көреалмаушылыққа жол береді. Бұның біріншісі күмәнді тағамды жеу болса, екіншісі бауырының етін әрі өлі денесін жеу деген сөз ғой. Бұл шүбәлі, күмәнді нәрселерден сақтанбау деген сөз емес, қайта харам екені ашық белгіленген нәрселерге абай болу деген сөз. Өйткені, ғайбат – зина сияқты ауыр күнәлардың бірі әрі жеке адамның жақсы амалдарын жоятын, әрі қоғамдық өмірді іштен ірітетін індет.

Кейбір мұсылмандардан мұсылманшылыққа жат қасиеттер байқалады. Негізінен мұсылмандардың бүкіл сипаттарын мұсылманшылыққа жатқыза алмайтынымыз сияқты, кейбір кәпірлердің сипаттары да толығымен кәпірлікке, күпіршілікке жатпайды. Сондықтан мұсылмандар кез келген жат сипаттардан бойларын алшақ ұстауы керек. Өкінішке қарай, қоғамда бір-бірін көре алмай аяқтан тартып, өсектеп жүрген адамдар мұсылман еместерге тән әрекеттерге жол беріп жүр. Қоғамның баянды дамуы адамдардың бір дененің мүшелеріндей бір-біріне көмектесіп, бір-бірінің кемшілігін түзеткен кезде ғана жүзеге аса алады. Алла тағала адамның бойындағы сипаттарына қарай амал жасайды. Егер бойымыздағы сипаттардың бәрі мұсылман сипаттары болса, онда Алла бұндай қоғамды басқалардан ғылымда, технологияда, адам құқықтарына қатысты бүкіл салада сөзсіз жоғары етеді. Терең ойланбау, жүйелі жұмыс істемеу, бірлікті бұзатын әрекеттер жасау, болмашы мәселелерді үлкейтіп таласып-тартысу, өсек айтып жамандау мұның бәрі – исламға жат сипаттар. Мұндай сипаттар үстемдік құрған қоғамның алға басып, жетістікке жетуі мүмкін емес.

Алла тағала біздің жүректерімізді бірлестіріп, кәміл мұсылман, хазірет Мұхаммедке лайық үмбет болуды нәсіп етсін!

[1]    Әбу Дауд, Әдәб, 40; Муслим, Бирр, 70
[2]    Исра, 36
[3]    Ахмад Ұбайдан риуаят еткен, Ихя, 3/1, 319-320-б.
[4]    Ғазали, Мукашафатуль-қулуб, 149-б.
[5]    Муслим, Бирр, 32
[6]    Әбу Дауд, Әдәб, 40
[7]    Бәйхақи, Шуабуль-иман, 6740-42
[8]    Тирмизи, Манақыб, 38-39; Әбу Дауд, Әдәб, 33
[9]    Әбуд-дуня және Әбу Дауд риуят еткен, Ихя, 3/1, 319-б
[10]  Муслим, Зуһд, 52
[11]  Бәйхақи, Сунән, Х, 10; ән-Науауий, Нузһатуль-муттақин шарху Риядус-салихин, Бейрут, 1991,  2/271-273
[12]  Табарани Ибн Омардан, Ихя, 3/1, 325
[13]  Табарани Сахлдан, Ихя, 3/1, 326
[14]  Ихя, 3/1, 321
[15]  Әбу Дауд, Әдәб, 40
[16]  Әбу Дауд, Әдәб, 40
[17]  Бухари, Әдәб, 50; Муслим, Иман, 169
[18]  Бухари, Китабуль-әдәб уәр-Риқақ, 265,11; Муслим, Китабул-луқата, 47
[19]  Бухари, Риқақ, 23; Муслим, Китабуль иман, 42
[20]  Термизи, Китабуз-зуһд, 2413
[21]  Тәнбухуль-ғафилин, 158
[22]  Ихя, 3/1, 320
[23]  Ғазали, Илаһи низам, 146 б.
[24]  Термизи, Сифатуль-қияма, 52; Әбу Дауд, Әдәб, 40, Риядус-салихин, 3/152-б.

0 пікір