Есірткіге тәуелді жігіттің жан айқайы!
Есірткіге тәуелді жігіттің жан айқайы!
4 жыл бұрын 3368

Өзін Арман деп таныстырған нашақор жігіт есірткінің құрығына қалай іліккенін, одан құтылу үшін талай тауқыметті бастан кешкенін ағынан жарыла баяндағаны бірқатар бұқаралық ақпарат құрладарында жарық көрді. Арманның жасы 28-де, Алматы қаласының тұрғыны. Ол есірткіні ең алғаш рет мектеп қабырғасында, яғни, 16 жасында қолдана бастаған. Арманның бастан өткергендерін өзгелерге сабақ болсын деген ниетпен өз аузынан тыңдап көрелік.

«Мектеп қабырғасында жүргенде, біздің мөлтек ауданының ересек балалары мені есірткі қолдануға тарта бастады. «Тым болмаса, бір рет көрсеңші» деп қызықтырды. Негізі, есірткінің жаман екенін білетінмін, ол туралы ағаларымнан көп естігем. Бірақ қанша қашқақтасам да, ақыры олар мені көндірді. «Біз мұны сатып, көп ақша табамыз», - деді. Менің әкем ол кезде әкім болатын, қазір ойлап отырсам, олар әдейі сондай қалталы адамдардың балаларын есірткіге тартады екен. Бар пәле сол күннен басталды. Жүре келе үйден ақша ұрлауды әдетке айналдырдым, құдайға шүкір, адам өлтірген жоқпын, түрмеге түспедім, бірақ осы кезге дейін жамандық атаулының көпшілігін жасадым. Менің нашақор екендігімді ата-анам 3 жылдан кейін ғана білді. Өйткені мен 8-сыныптан кейін арнайы әскери мектепте оқыған болатынмын. Есірткі қолданатынымды анам алғаш білгенде, ұзақ жылап, тіпті талықсып құлап қалғаны да есімде. Бірақ ол кезде мұны ойлап бас қатырып жатпадым. Ойлануға мұрша да болған жоқ. Алдымда «қалай есіртік тапсам екен?» деген бір ғана мақсат тұрды. Осы қайғыдан әкем 6 жыл бұрын дүниеден өтті. Бәріне өкінем, бірақ шара жоқ. Ал анам болса, әлі күнге дейін мені «мүмкін қойып кетер, түзелер» деп үміттенеді. Апармаған жері жоқ. Соңғы 5 жыл көлемінде Алматыдағы 5 наркологиялық емдеу-сауықтыру орталығының бәрінде болдым. Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі емшілерге де апарды. Адам болар деп 2 мәрте үйлендірді де. Екеуінде де ажырасып тындым. Кішкене қызым бар.

Қазір енді есіткіні тастағым келсе де тастай алмай қорлық көрудемін. Есірткінің құдіреті сонда, ол адамның психикасын, яғни жан дүниесін түгел баурап алады. Үсті-үстіне пайдалана бергің келеді. Есірткіге тәуелділік – ол үлкен дерт. Өйткені, пайдаланып жүрген адамның өзі, басынан көп жағдайлар өтпейінше, есірткінің жаман екенін түсіне бермейді, өзін аурумын деп санамайды. Мысалы, бұрындары мені анам түрлі емдеу орталықтарына апарып тастайтын. Ал менің ойымда бір ғана нәрсе болды: тезірек сол жердегі уақытты өткізіп, үйге қайту, сосын қайтадан есірткі пайдалану. Бірақ қазір есірткіні жек көремін. Татағым келеді. Қайта адам болып, жаңаша өмір бастасам деймін. Алайда мұны жасау оңай емес. Өйткені, есірткіні тастаймын деген адамдардың 100 пайыздан 10 пайызы ғана есірткіні қойып, жаңа өмір бастап кете алады. Сол 10 пайызға кірген адамдардың өзі бар күшімен тастаймын деп талпынғанда ғана есірткіден құтыла алады. Мен де қазір сол 10 пайыздың ішіне кіруге жанталасып жатырмын.

Жалпы СПИД-пен ауыратын науқастардың 80-пайызынан астамы нашақорлар екенін қазір білемін. Алғаш пайдаланып жүрген кезде, бұл туралы ойланған жоқпын. Ойлануға мұрша да болған жоқ. Негізі, есірткі пайдаланатындардың басым бөлігі көбінесе ол туралы бас қатыра бермейді. Бірақ сақтанып, тек өз инесін ғана қолданатындар да бар. Ал мен кейін барып тексерілсем, шүкір әйтеуір, жұқтырмаған екенмін.

Қазір бар арманым – есірткіні тастап, жаңа өмір бастау. Ең бірінші жоспарым, сырттай оқуға түссем деймін. Бүгінгі өмір талабына сай, психология мамандығын игерсем деп армандаймын. Ал енді өзімнің басты міндетім ретінде, осындай емделу орындарында жұмыс істесем, аяқтарын шалыс басқан жастарға көмектессем деймін. Өйткені, анық білетінім, ондай адамдардың жанында жүргенде, олардың есірткіден жан мен тән азабын көріп, қиналғандарын көргенде, мен есірткі деген жаман нәрсеге ешқашан да жоламаймын деп өзіме айтамын. Ал енді жасөспірімдерге, бауырларыма, іні-қарындастарыма айтарым, олар оқу-білімге, спортқа, ғылымға жақын болса екен. Есірткі деген тажалдан аулақ жүрсе екен. Себебі, есірткіні пайдаланатын адам тек өзіне ғана емес, ата-ана, туған-туыс, достарының бәріне қайғы-қасірет әкеледі. Сондықтан  да жастар өмірге байыппен қараса деймін!».

«Апатқа апарар үш індет» атты кітаптан.

 

 

0 пікір