Ережеп айы және қасиетті Рағайып түні
Ережеп айы және қасиетті Рағайып түні
10 жыл бұрын 12428
Мұхан Исахан

Кешегі үстімізден құс ұшырып, астымыздан ит жүгіртіп қойған кеңестік алмағайып заманда дін мұсылман баласы талай ізгі құндылықтарынан айырылып қала жаздады. Сондай жоғалтып барып, қайта қауышқан жауһар құндылықтарымыздың бірі дінімізде бекітілген қасиетті күндер мен шұғылалы түндер еді. Нағында, Құран мен Сүннетте белгіленген илаһи сәулелі шақтар – адамзат баласы үшін бақыт қақпасының, яки, кемелділіктің кілті іспетті. Ендеше, қасиетті айлардың хикметі һәм алдағы күндері қауышатын Рағайып кешінің илаһи сырына аз-кем тоқталып өтсек.

Шұғылалы шақтың хикметі

Задында, адам баласының өмірі әрдайым бір келкі бола бермейді. Кейде еңіс-ылдиға құлдырап, кейде биік шыңға өрлейді. Адамның тағдырында қуаныш пен қайғы қатараласа жүреді. Балшекер бақытты күндердің де, сүркей тіршіліктің де кермек дәмін татады. Әрбір күннің, ай мен айдың, жыл мен жылдың бір біріне ұқсамайтын өз ерекшелігі бар. Адам баласы өзін бақытты ететін қуаныштты жәйттерге тап болатыны секілді, қайғы-мұңға батыратын қаралы кезеңді де басынан кешіріп жатады. Өйткені, адам баласының өмірі толқымалы, кейде қияға самғап, кейде құзға құлдилайды. Шыр етіп дүние есігін ашқаннна жан тәсілім еткенге дейінгі аралықта, жұмыр басты пенде өне бойы бір сызықтың бойымен өмір сүре алмайды. Кімде-кім өз өміріне мұқият назар аударар болса, кейде төбеге көтерілгенін, кейде төмендегенін, кейде төрге шыққанын, кейде табалдырықта қалғанын ұғына алады. Демек, адам өмірінің ұдайы бір келкі, бір деңгейде болмайтындығы - тіршілік аксиомасы десек асыра айтқанды емес.  

Ал, биікке өрлегенімізде даңдайсып кетпес үшін, құлдилаған шақта кісілік келбетімізді жоғалтып алмас үшін не істеуге тиістіміз?

Дін - адам баласы жақсылыққа шүкіршілік етуге, тауқыметке тап болса, тағатын үзбей, сабырлы болуға шақырады. Себебі, шүкіршілік пен сабырлық діннің қос қанаты іспетті. Шүкіршілік – Жаббар Хақтың бізге тарту еткен нығметтерінің артуына, сабырлылық – қандай бір қиыншылықты оңай еңсеруімізге септігін тигізеді. Қаншалықты шүкіршілік жасап, сабырлы бола алсақ, есесіне соншалықты сауап алатынымыз талассыз жәйт. Осы тұрғыдан алғанда, қасиетті айлар мен шұғылалы түндер көрген жақсылығымыз үшін шүкіршілік жасауға, бастан кешірген тауқыметіміз үшін сабырлы бола білуімізге берілген зор мүмкіндік.

Айталық, қара қарғаның миы қайнайтын саратанның сартап ыстығында ұзақ сапарға шықтыңыз делік. Жол бойында аптап ыстықтан тұла бойыңыз қара терге малшынып, сусыздықтан тамағыңыз кеуіп, әл-дәрменіңіз қалмайды. Бір жұтым су мен күн көзінен тасаланар көлеңке іздеп шарқ ұрасыз. Өстіп дәрменсіз күй кешіп, сандалып келе жатқаныңызда, алдыңыздан жібек жел ескен, құстары сайраған, суы мол, көкорай шалғын, иран бағына тап боласыз. Мәз-мейрам болып, мөлдір тұмасынан қанып ішіп, жасыл құрақ, көк майсаға жата кетіп демаласыз. Жұпар ауаны жұтып, бір сергіп болған соң, бойыңыздағы бұла күшіңізді жиып алып, сапарыңызды одан арықарай жалғастырасыз...

Мінеки осы тақылеттес шұғылалы шақтар да, шаршап-шалдыққанымызда тыныстап, дем алып, өткенімізге көз жіберіп, өз-өзімізге есеп беретін бір керуен бекеті тәрізді. Ал, қасиетті бекетте не ойлауға тиістіміз?

Келешегіміз үшін аса маңызды болған мұндай сындарлы сәтте алдымен өткен ғұмырымызды ой-елегімізден өткізгеніміз жөн. Қай кезде асығым алшысынан түсті, қай тұста ұрымтал түстім деп өткенімізге бір шолу жасағаннан соң, енді қайырлы һәм  сауапты істерді қалай көбірек жасасам болады? Қателік пен кемшіліктен қалайша мінсіз бола аламын деп қабілет-қарымымызды келер күнге саптауымыз қажет. Жаза басып, жасаған күнәларымызға тәубе етіп, құлшылығымыздағы кем-кетіктің орнын толтыруға басымдық беруіміз шарт. Діни танымдағы нұқсандықты жойып, рухани байытатын кітаптар оқуға мән бергеніміз абзал. Қала берді, дін ғұламаларымен рухани сұхбаттастық құрып, жауһар құндылықтарымызды терең ұғынып, ондағы ғанибеттен өнеге алсақ құба-құп. Иә, осылайша Хаққа деген ықыласымызды арттырып, жаңаша түлеуге бет-бұрыс жасай аламыз.   

Хақиқаттың рух хабаршысындай

Ережеп пен Шағбан және Рамазан айларында ұлы көш (хижра) реформасы жүзеге асқандықтан, мұсылмандар үшін бұл мезгіл құтты айлар саналады. Сонымен қатар, діни деректерде бұл айлардың қасиетті саналуы – Ережеп айында Рағайып пен Миғраж түнінің, Шағбан айында Барағат түнінің, Рамазанда Қадір кешінің болуына байланысты.

 Хақ Елшісі (с.а.у)-ң Ережеп, Шағбан, Мұхарам, Шәууал айларында ауыз бекітіп, руханиятқа ерекше көңіл бөлген. Ережеп айының жұлдызы туғанда, Парасат падишасы (с.а.у): «Уа Ұлы Жаратушы! Ережеп пен Шағбан айларын берекелі ете көр! Бізді қасиетті Рамазанға аман есен жеткізгейсің!» деп дұға қылған. Сондай-ақ, Алла Елшісі (с.а.у) Ережеп пен Шағбан ұдайы ауыз бекітіп, нәпіл ғибадаттарды атқарған. Хақ есімдеріне мадақ айтып, шүкіршілігін арттырып, жарлы-жақыбайларға қарасатын болған. Ақиқаттың ақжал толқыны сахабалар да осы мезгілде бір ерекше қарқынмен құлшылық жасайтын. Парызбен қоса нәпіл құлшылықтарын орындап, жоқ-жітікке қол ұшын беріп, жетімдер мен кембағалдарға қол ұшын созып көмектесетін. Яғни, исі мұсылман жұрағаты қасиетті айларда бейне құлшылық пен ізгілік жасаудан жарысқа түсетін.  

 Ережеп алғашқы жұма түнін «Рағайып түні» деп атайды. Рағайыптың сөздік мағынасы (рағифа) жауһар, құнды, иһсан мағыналарына келеді. Осыған орай, «Рағайып түні» дегенде, игілік пен иһсанға толы кеш деген түсінік ойға оралады. Ауыздан ауызға жектен аңыз-әңгімелерге қарағанда бұл кеште Әмина анамыз Мұхаммед (с.а.у)-ға жүкті болған көрінеді. Әсілі, бұлай деп кесіп айтуға ешқандай діни негіз жоқ. Десекте, Әмина анамыз адамзаттың ардақтысына (с.а.у) осы кеште жүкті болғанын сезген болуы әбден мүмкін.

Сонымен бірге, Рағайып кеші алдағы уақытта қасиетті Рамазан айының келетіндігін көктемгі қарлығаштай алғаш болып естіртеді. Жалпы, кезекпен келген Ережеп, Шағбан, Рамазан сынды қасиетті айлардың кәусарынан қанып ішкен момын-мұсылмандар біртіндеп тахуалықтың шыңына шыға алады. Ал, Рағайып кеші рух пен сананы кір қоқыстан арылтатын Рамазан айының жақындағанын бейне рух тілімен хабарлайды. Рағайып түні сүйікті айды сүйіншілеген жақсылық жаршысы секілді. Психологиялық тұрғыдан алғанда діттеген мұратымыз үшін рухани дайындық жасаудың салмағы өте зор. Яғни, жұмыр басты пенде руханиет көгіне көтерілу үшін алдын ала зор жауапкершілікпен қайырлы істерга қадам жасайды.

Түйін: Сөз соңында айтпағымыз, Рағайып түні тахуалық кемесіне мінген жолаушы кемелділік аралына бет түзейді. Хақиқатпен қауышуға ұмтылады. Әрбір рух бекетінен илаһи күш алып, аршындап алға беттейді. Әлбетте, шұғылалы шақтың хикметін айта бергеннен көрі, бастан кешірген аса маңызды-ақ. Сонда, илаһи нұрға шоматынымыз, рухымызды хақ сәулесі өбетіні айпарадай анық.

1 пікір