Еліміздегі наурыз мерекесінің дінге қайшы жағы жоқ
Еліміздегі наурыз мерекесінің дінге қайшы жағы жоқ
2 жыл бұрын 2413
Қанат Жұмағұлов

Наурыз – ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастау мейрамы. Қазіргі күнтізбе бойынша 22 наурыз күн мен түннің теңесу кезіне тап келеді. Парсы тілінен түркі тілдес халықтарға өткен наурыз «но» – жаңа, «роуз» – күн деген сөзден шығады. Мағынасы – «жаңа күн». Наурыз мерекесін ирандықтар мұсылман болмай тұрып та тойлайтын болған. Оны байырғы түркілер де атап өткен. Ал, кейінірек парсылар мен түркілер Ислам дінін қабылдаған соң біраз мұсылман ғалымдар наурыз мерекесін атап өтуге болатынын алға тартқан. Тарихшылар арасында наурыз мерекесін Мұса (ғ.с.) пайғамбар және Сүлеймен (ғ.с.) пайғамбармен байланыстырғандар да бар. Енді бір топ Ислам ғалымдары наурыз мерекесінің мәжусилерден (отқа табынушылар) бастау алғанына және ондағы отты айналу, оттың үстінен секіру сынды әрекеттер үшін оны тойлау харам деп үкім кескен. Бірақ, бұл кездері наурыз мерекесін көпшілік мұсылмандар тойламаған еді. Ал қазір әлемнің көп мұсылман елдері наурыз мерекесін атап өтетіні белгілі.

Наурыз мерекесіне хазірет Әли (р.а.) және Муғауия (р.а) сынды сахабалардың қарсы болмағандығы тарих кітаптарынан мәлім. Тарихшы әл-Хатыб әл-Бағдадидің атуынша имам Әбу Ханифаның атасы Нұғман ибн Марзубан сахаба Әли ибн Әби Талибке (р.а.) наурыз күні «фәлузаж» деп аталатын бір тәтті тағам ұсынған. Хазірет Әли (р.а.): «Бұл не?» – деп сұрағанда, Нұғман ибн Мәрзубан: «Наурыз күніне орай пісірілген тәтті тағам», – деп жауап берген. Сонда сахаба Әли (р.а.): «Бізге күніге осындай наурыз тағамын әкеліп тұрыңдар», – деген екен. Сахаба Әлиге (р.а.) наурыз тағамын бірнеше адам ұсынған. Бұл оқиғаларды Имам әл-Миззи, әл-Ғуззи, әл-Қасим, әл-Файрузабади, әз-Зәбиди және т.б. ғалымдар өз кітаптарында жазып қалдырған. Әбу Ханифаның атасының мұсылман бола тұра наурыз мерекесіне орай хазірет Әлиге арнайы тәтті тағам ұсынғаны көп нәрсені аңғартады.

Әл-Яқуби өзінің тарих кітабында: «Сахаба Муғауия (халифа болып тұрған тұста) Басраның әкімі Абдуррахман ибн Әби Бәкраға хат жолдап, өзіне наурыз сыйлықтарын әкелуге бұйрық берген», – деген дерек келтіреді.

Әбу Бәкір ибн Әби Шәйбанның «әл-Муссаннаф» кітабындағы мынадай мәлімет айтылады. Сахаба Әбу Барза әл-Әсләми (р.а.) өз жанұясына: «Наурыз мерекесіне орай мәжусилер (отқа табынушылар) жеміс-жидек әкеп берген болса, алып жеңдер, ал ет әкелсе жемеңдер», – деген. Бұл – сахих хадис. 

Егер наурыз мерекесі өз алдына харам болса, онда оған орай жасалған сыйлық та харам болуы керек еді. Ал, отқа табынушылардың сойған малдарын жеуге шариғатта рұқсат жоқ.

Бір қызығы, наурыз мерекесін атап өтуге Кеңестер Одағы кезінде тыйым салынған екен. 1926-жылы «Наурыз мерекесі тойланбасын» деп Кеңес Одағы арнайы қаулы шығарған. Себебі, ол кездері наурыз Ислам дінінің қалдығы деп қаралды. Қазақтың ақыны, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов Түркияның «ТРТ аваз» телеарнасында сөйлеген сөзінде наурыз мерекесін қайта тойлау тарихын былай түсіндіреді: «1988-жылы Қазақстан Компартиясының орталық комитетінің 1-хатшысы Геннадий Васильевич Колбинге наурыз мерекесін тойлауға рұқсат беру жөнінде хат жолдадым. Ұсынысқа политбюро мүшелерінің арасынан тек 2 кісі ғана қолдаймыз деп дауыс беріп, басқалары қарсылық білдірді. Ол екі кісінің бірі – сол кезеңдегі министрлер кеңесінің төрағасы Н.Назарбаев, ал екіншісі – Қазақстан Компартиясының орталық комитетінің идеология бойынша хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков. Осы мәселемен Колбиннің алдына кіргенімде, ол «Екі адамнан басқалар қолдап тұрған жоқ, рұқсат бере алмаймыз», – деді. Сонда оған: «Геннадий Васильевич, кешегі Желтоқсан оқиғасынан кейін қазақ халқы мен орыс халқы арасына сына қағылды. Халық екіге жарылды. Сіз наурыз мейрамын тойлауға рұқсат етсеңіз, қазақ халқы сізге басқаша қарайтын болады, сізді әрдайым қолдайды, екі ұлт бірігеді», – деп көндірмекке тырыстым. Колбин күрт өзгеріп сала берді де: «Бұл жақсы нәрсе екен. Олай болса мен Горбачевті көндірейін», – деп келісім бергендей ыңғай танытты. Міне, осылайша наурыз мерекесін тойлауға салынған тыйым 1988-жылы тоқтатылып, 62 жыл тойланбаған әз наурыз қайта жаңғырған болатын».

Наурыз мерекесін атап өту еліміз егемендік алғаннан кейін де өз жалғасын тапты. Өздеріңіз байқағандай, Кеңес Одағы наурыз мерекесін мұсылманшылық мейрам деп танып, оны тойлауға тоқтау салған екен. Тіпті, бүгінге дейін халқымыз наурызды мұсылмандардың жаңа жылы деп келді. Әрине, негізі олай емес, наурыз парсы, түркі халықтарының тойлайтын төл мерекесі болып табылады. Ол Ислам діні келмей тұрып та тойланған.

Елімізде наурыз қалай тойланады? Киіз үй тігіледі, бауырсақ пісіріп, айран пісіп, наурыз көже әзірленеді, көкпар беріледі, арқан тартылады, асық ойнатылады тағысын тағы – өзіміздің төл дәстүріміз насихатталады. Аллаға шүкір, бізде кейбір елдердегідей наурыз мерекесін отпен байланыстырмайды. Отты айналып, одан секіріп жүрген ешкім жоқ. Наурызды олай тойлау дінге қайшы екенін келешек ұрпақ біліп жүрсін! Бізде, керісінше, наурыз дастархандарында Құран оқылып, қария ақсақалдар бата беріп, қақаған қыстан елімізді аман шығарғанына Аллаға шүкір айтып, ел амандығын тілейді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – еліміздегі наурыз мерекесі шариғатқа қайшы емес. Наурыз Ислам дінінен бастау алған мереке де емес. Мұсылман жұртшылығы бұл айтулы мерекені атап өткенде отты айналу, оттың үстінен аттау т.б. мәжусилерге тән әрекеттерден аулақ болуға тиіс.

Наурыз құтты болсын, ақ мол болсын, ағайын!

0 пікір