Елдің атын ер шығарады
Елдің атын ер шығарады
2 жыл бұрын 1511
Бақытжан Асқаров

«Ұлылардың мұраты да, атақ-даңқы да, мерейтойы да кейінгіге үлгі. Алдымызға қарап ұрпақ өседі», - деп елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай алдыңғы буын ағаларына қарап жас ұрпақ жетілуде. Иә, қазақтың ұясынан кімдер ұшпады десеңші?! Бұл мақаламыз қазақтың даңқын Мысыр елінде асқақтатып жүрген қазақ бауырларымыз жайлы болмақ.

Өмірде бір жетістікке жеткің келсе заман талабына сай, яғни, ортаң қай ағыспен ақса сен де сол ағысқа түсуің керек. Нағыз білімді адам - өзін барлық салада сынап көрген адам. Дәл осы принципті ұстанған біздің бауырларымыз университет немесе мемлекет тарапынан болсын ұйымдастырылған әрбір жарыста өз күштерін сынап көруде. Солардан кейбіреулерін назарларыңызға ұсынбақпыз.

 

Мемлекеттік дәрежеде өткен Марафон

Осы жылдың 17 сәуірінде Каир қаласында мемлекеттік дәрежеде өткен марафонда екі отандасымыз бақ сынады. Марафон үш түрлі қашықтықта ұйымдастырылды: 1 км, 7 км және 21 км. Оған түрлі ұлт өкілдері қатысты. Қазақтың Бағлан және Мұрат атты екі батыры бұл сайыста 21 км қашықтықта өз бақтарын сынап, қатысқан 5200 адамның ішінен алғашқы отыздықтан көрінді. Бар күш-жігерін жинап, осындай жауапты сайысқа қатысқан  батыр емей немене..?

 

XXI ғасыр талабына сай имам

Мысыр Араб Республикасындағы Ресей Федерациясының елшілігі жыл сайын шахматтан ТМД елдері бойынша жарыс өткізеді. 2014 жылы өткізілген жарыста біздің отандасымыз тағы да топ жарды. Нәрібек Бағлан өзінің ой жүйріктілігімен екінші орынға табан тіреді. Және де 2015 жылы Ал-Азһар университеті ұйымдастырған жарыста алғашқы екі орын қазақтардың еншісіне бұйырды: Нәрібек Бағлан I орын, Қырықбаев Айбек II орын. Айта кететін жайт, қазіргі таңда аталмыш білім ордасында 500 000-нан астам студент білім алуда.

 

Көркем жазу (каллиграфия)

Факультет аралық қылқалам шеберлері арасында өткен сайыста жерлесіміз Қырықбаев Айбек III орынды иеленді.

 

Бокс

Бекзат, Бахтияр сынды батырлар басқан топырақты басып, бұл спорт түрінен жүлдесіз оралу өзін қазақпын деп санайтын әр бір ер азамат үшін ұят іс болары анық. Ағымдағы жылдың наурыз айында Ал-Азһар университеті ұйымдастырған сайыста Бағлан мен Мұрат ұландарымыз әрқайсысы өз салмақтары бойынша жүлделі екінші орын алды.

 

Мысырдағы ең жас батыр

Өзінің жас ерекшелігіне қарамай талайларды тізе бүктіріп үлгерген Төлебай Анас каратэнің «Шотакан» деген  түрімен айналысады. Тоғыз жасар Анас каратэмен айналысқанына төрт ай болса да қазіргі таңда «Сары» және «Қызғылт сары» түсті белбеулердің иегері. Ана тілінен бөлек араб, ағылшын, түрік, француз және орыс тілдерін еркін меңгерген қыпшақтың баласы Анастың болашақтағы мақсаты Қазақстанның даңқын әлемдік аренада көтеру.

Қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді демекші, бауырларымыз елден жырақ жүрсе де қазақтың намысын барынша қолдан бермеуге тырысып бағуда.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін даламыздың ұлы перзенті, жазушы Мұхтар Әуезовтің «Жалған намыс - қасиет емес, ар сақтаған – қасиет» деген ұлағатты сөзімен тәмамдаймыз. 

0 пікір