Екпе бала денсаулығына пайдасы бар ма?
Екпе бала денсаулығына пайдасы бар ма?
2 жыл бұрын 4120
Асан ЫСТЫ

Соңғы жылдары балаларда кездесетін түрлі жұқпалардың алдын алу үшін егілетін вакциналарға ата-аналар қарсылығы бой көрсеткенінен хабардармыз. Бұл, әсіресе, денсаулық сақтау қызметкерлерінің алаңдаушылығын тудыруда.  Өйткені, екпесіз ұлттың ертеңі бұлыңғыр екенін дамыған елдердің медицинасы да мойындаған. 

  Өкініштісі, балаларына екпе жасауға қарсылық танытқандардың дені дін жолындағы ата-аналар көрінеді. Ғаламтордағы түрлі арандатушы ақпараттарға да сеніп, ұл-қыздарына вакцина салдырудан бас тартқан замандастарымыз да жетерлік. Тақырыпты кеңінен ашу үшін біршама мәліметтерді теріп, мамандар пікіріне құлақ асқанды жөн көрдік.

Аурудан сан ғасыр бұрын сақтанғанбыз

Балаларға екпе (вакцинация) жасау – адамзаттың үздік жетістіктерінің бірі. Екпе арқылы жер шарында миллиондаған бала өлімнен, мүгедектіктен аман қалды. Бір кездері талай тағдырды үзген шешек (оспа) ауруының жойылуы бұл сөзіміздің дәлелі. 1977-жылғы қазаннан бастап дүниежүзінде шешекпен ауырған бірде-бір науқас тіркелмеген. Осыған байланысты КСРО заманында 1979 жылы шешек ауруына қарсы балаларды егу тоқтатылып, екпе күнтізбесінен ысырылды. Күні бүгінге дейін қауіпті жұқпалы аурулардың қатарында болған полиомелит те жойылудың аз-ақ алдында, бұл да екпе жасаудың нәтижесі. Алайда, әлі де екпе жасау арқылы жоюға немесе әлсіретуге болатын жұқпалардан жер бетінде жыл сайын 4 миллионға жуық бала өлім құшады екен. Бірақ инфекция жұқтырған балалардың қаншасы мүгедек болғандығын, оларды емдеуге, сауықтыруға кеткен қаражаттың мөлшерін нақты есептеп шығару мүмкін емес.

 Медицинаның тарихына үңілсек, инфекцияның иммундық алдын алу шарасын 1796 жылы ағылшын дәрігері Эдвард Дженнер алғаш екпе жасаудан бастапты. Ол Лондонда шешекке қарсы екпе бекеттерін ашып, ауруға қарсы белсенді иммунизацияны жүргізуді жолға қойып, мұның инфекциялы аурулардың алдын алудағы ең нәтижелі әдіс екендігін дәлелдеді. Осы тұста айта кетерлігі, қазақ топырағында шешекке қарсы екпе әдісін Жәнібек хан мен Жиренше шешеннің замандасы, 1388-1487 жылдары өмір сүрген Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы енгізген. Яғни, ол бұл әдісті еуропалықтардан бірнеше ғасыр бұрын пайдаланған және өзінің «Шипагерлiк баян» атты еңбегінде жариялаған.

Баланың тағдырына балта шаппасақ еді...

Тарихы екі ғасырға тартатын екпе жасау халықтың 95 пайызын қамтығанда ғана нәтижесін көрсетеді. Тіпті, бұл жолмен бірқатар онкологиялық аурулардың да алдын алуға болады. Мәселен, әйелдерде кездесетін адам папилломасы вирусының салдарынан туындайтын жатыр мойнының обырын жасөспірім қыздарға екпе жасау арқылы жоюға болатындығын бүгінде клиникалық иммунология дәлелдеді. Және бұл жетістікті жүзеге асыру елімізде қолға алынуда. Өкініштісі сол, Ақтөбе облысының денсаулық сақтау департаментінің өткен жылғы қорытындысына сүйенсек, аймақта 765 бала толық көлемде екпе алмаған. Егілмей жатқан балалардың басым көпшілігі Темір, Мұғалжар аудандарында тұрады екен. Атырау қаласы бойынша түрлі аурудан қорғайтын вакцинадан 935 ата-ана мүлдем бас тартқан. Мұның себебі де белгілі, аталған аудандарда кейбір діни ағымдардың ата-аналарға ықпалы әлі де күшті. Екпеден бас тартушылық Қазақстанның басқа да облыстарында баршылық. Мамандар түсіндіру жұмыстарын жиілету қажеттігін айтады. Өйткені, бүгінде түрлі ақпарат көздерінде вакцинацияны түкке жарамсыз ететін пікірлер де жұртты шатастыруда. 

 Дәрігерлердің айтуынша, вакцина биопрепарат болған соң, егуден кейін асқыну (баланың дене қызуының жоғарылауы, жергілікті ісінулер, аллергиялық реакциялар, сирек энцефалиттер) болуы мүмкін. Бірқатар ата-аналар осы аталған асқынуларды желеу қылып, екпеден бас тартуда. Ұрпағымыздың дені сау болып, ұзақ өмір сүруі үшін мемлекет тегін ұсынып отырған екпелерден неге бас тартамыз? Жұқпаға қарсы егілмеген бала сол жұқпалардың қайнар көзі болып саналады, яғни инфекцияны таратушы. Ал егілген бала, тіпті ауырып қалған жағдайда да ауруы өте жеңіл түрде өтеді.

Елімізде балалардың құқығын, денсаулығын қорғау Ата Заңмен белгіленген. Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 89-бабының 1.1-тармағында «Әрбір бала денсаулық сақтау жүйесінің заманауи және тиімді қызметін, ауруларды емдеу құралдарын пайдалануға және денсаулығын қалпына келтіруге құқылы» және 156-бабының 1-тармағында «Қазақстанда тұратын физикалық тұлғалар кепілді ақысыз медициналық көмек шеңберіндегі инфекциялық және паразитарлық ауруларға қарсы алдын алу екпелерін алуға міндетті» деген жолдар бар. Яғни, балаларына екпе жасаудан бас тартқан ата-аналар олардың құқығын бұзып, ұрпақ денсаулығына нұқсан келтіргені және жауапқа тартылуы мүмкін. Дана халқымыз «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қағидасын іске асыратын жұқпалы ауруларға қарсы екпенің қажеттілігі тайға таңба басқандай белгілі ғой.

Тегін вакцина тән азабынан сақтайды

 2009 жылғы 30 желтоқсанда үкімет «Қарсы профилактикалық егу жүргізілетін аурулардың тізбесін, оларды жүргізу ережесін және халықтың жоспарлы егілуге жатқызылатын топтарын бекіту туралы» №2295 қаулы қабылдаған-ды. Сол құжатқа сәйкес инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы профилактикалық егулер республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен қамтамасыз етіледі. Екпелердің едәуір бөлігіне мемлекет тарапынан қаражат бөлінеді. Жергілікті бюджет «А» вирусты гепатиті, тұмау, күйдіргі, туляремияға қарсы егулерді қаржыландырады.

 Біз секілді, өзге мемлекеттердің барлығы да вакцинаға жыл сайын миллиондаған қаражат жұмсап, түрлі ауруларға қарсы балаларға егу жұмыстарын жүргізіп келеді. Аурулардың алдын алу мақсатында егілетін екпенің алғашқысы нәресте дүниеге келген бойда перзентханада егілсе, одан кейінгілері кезең-кезеңімен 56 жасқа дейін егіліп отырады. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы экология комитетінің мамандары түрлі мемлекеттердегі инфекциялық аурулардың туындауын сараптай келе, оларды екпесіз-ақ, уақытылы дәрігерлерге қаралып тұру, таза ауызсу мен сапалы, дұрыс тамақтану арқылы жеңуге болатынын айтқаны да есімізде. Алайда, бүгінде таза ауызсуға жер бетіндегі халықтың 89 пайызы ғана қол жеткізіп, 783 млн адам ластанған су көздерін пайдалануға мәжбүр. Күн сайын төмендеп бара жатқан экологиялық ахуал мен адамдардың дұрыс тамақтану режимін жиі бұзатынын да есепке алсақ, вакцинасыз күніміз қараң екенін көреміз. 

«Инфекция адам таңдамайды. Егер егу жұмыстары жаппай жүргізілмесе, ұлттық генофонға кері әсерін тигізеді. Сондықтан бірен-саран қарсылық көрсеткендерге де мұқият түсіндіру жұмыстарын қолға алып, міндетті түрде егу жұмыстарын жүргізу керек» дейді медицина мамандары. Осы жолдарды қуаттайтын бір дерек, жыл сайын вакцинаның арқасында 3 миллиондай сәби ажал тырнағынан қалып, 750 мыңдай бала мүгедектіктен арылады екен. Бұл – сарапшылардың вакцинасыз кезеңмен, уақтылы вакцина егілетін бүгінгі кезеңді салыстыра келе түйіндеген статистикасы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректерінде жыл сайын түрлі сырқаттан көз жұматын адамдардың үштен бір бөлігінің өлімі жұқпалы аурулардан келетіні айтылады. Әлем бойынша 3 миллион сәби қазіргі таңда вакцинасы табылмаған түрлі жұқпалы аурулардан көз жұмады екен. Міне, әлем халқы вакцинасы жоқ жұқпалы аурулардан зардап шегіп жатқанда, алдын алу вакцинасы белгілі қауіпті дерттерден сақтандыратын екпелерге ата-аналардың қарсы шығуы ақылға сыйымсыз. Қазіргі таңда 27 түрлі ауруды вакцинамен ауыздықтауға болатыны анықталған. Яғни, жұқпалы ауруларға қарсы күрестегі бірден-бір құрал халықты егумен толық қамту екенін жұртшылықтың жаппай түсінуі маңызды. 

 Мамандар дәл қазір елімізде нақты қанша ата-ананың балаларын егуден бас тартқанын айтып бере алмайды. Әйтеуір, жыл өткен сайын олардың саны артып бара жатқаны анық. Бір белгілісі, бүгінгі дамыған елдерде қауіпті ауруларға қарсы вакцина егілетін аурулар қатары көбейіп келеді. Тіпті, дамыған Еуропа елдерінде, әсіресе Америка мен Израильде бізде салынбайтын вакциналар да бар екен. Ал Қазақстаннан шетелге шығатын кезде соларды егу талап етілетін көрінеді. Сондықтан мамандар біздің елімізге де замана көшінен қалмай, қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу жұмыстарын күшейту қажеттігін жиі ескертеді.

 «Жүргізілген бақылаудың қорытындысына сәйкес, Қазақстанның біраз аймақтарында пневмококк жұқпасына қарсы екпенің арқасында одан болатын өлім-жітім 20 пайызға азайды. Ал, сырқаттану деңгейі 50 пайызға төмендеді. Мұндай көрсеткіш Шығыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарында тіркеліп отыр» деген еді бұқаралық ақпарат көздеріне берген сұхбатында Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығының бөлім бастығы Айнагүл Қуатбаева.

 Оның айтуынша, биыл пневмококк жұқпасына қарсы екпе Павлодар, Ақтөбе, Астана қалаларында енгізіледі. 2015 жылға қарай аталған екпемен еліміздің барлық облысы қамтылатын болады. Қазақстанда екпенің арқасында күл ауруы 2008 жылдан бері тіркелмеген. 

*Түйін сөз

Еркінбек ШОХАЕВ, дінтанушы, теолог:

 Ислам шариғаты балаға екпе алуға қарсы деп айту қате пікір деп ойлаймын. Мысалы, қажылар Меккеге қажылыққа барардың алдында түрлі ауруларға қарсы екпелерді қабылдайды. Олар екпе алмаған жағдайда, қажылық сапарын орындауға рұқсат берілмей жатады. Сондай-ақ, Әл-Азхар университеті ғұламалар кеңесі, Сауда Арабия, Марокко т.б. мұсылман елдерінің пәтуа бөлімдері түрлі жұқпалы ауруларға қарсы екпе алудың шариғатқа қайшы келмейтіндігі жөнінде өз пәтуаларын берген. Себебі, екпе алу шариғат үкімі бойынша қандайда бір аурудан емделу үшін дәрі қабылдаумен тең. Сонымен қатар имам Ағзам Әбу Ханифа мәзхабының принципі бойынша, «біз алда келетін апатқа, келмей тұрып дайын болып, оның алдын алуымыз керек». Халқымыз да «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді емес пе. Меніңше, екпе алу бойынша туындап отырған проблема көп жағдайда дәстүрлі емес діни ағым ерушілерімен байланысты болып отыр. 

 Ислам дінінің екпе алуға рұқсат ететіндігіне дәлел ретінде төмендегі дәйектерді келтіруге болады:

 1. Пайғамбар (с.ғ.с): «Кім де кім таңертең «Аджуа» құрмасынан жеті данасын жейтін болса, ол кісі денсаулыққа зиян тиетін ауру-сырқаттардан сақтанған болады» дейді. Демек, бұл хадистегі нұсқауды түрлі аурулардың алдын алатын екпенің бір түрі ретінде қабылдауға болады.

 2. Ислам дінінде жаңа туған нәрестеге пайғамбар сүннеті ретінде «Тахник» шарасы жасалады. Яғни, нәрестенің әкесі немесе үлкен кісі өзі шайнаған құрманың сөлін алып, баланың таңдайына жағып ары-бері жүргізеді. Осылайша сәбидің жаман ауруларға қарсы иммунитеті жасанды түрде (қолдан) күшейтіледі.

 3. Екпе алу Аллаға тәуекел етуге қайшы келмейді. Себебі, Пайғамбар (с.ғ.с) «Сау адамды ауру адамның қасына кіргізбеңдер» деген. Яғни, бұл – жұқпалы аурулардан сақтанудың жолы. 

 4. Пайғамбардың (с.ғ.с) жаман аурулардан сақтану мақсатында «Арыстаннан қалай қашсаң, алапес адамнан солай қаш» деген хадисі келеді.

 5. Халифа Омар (р.а) өз заманында Шам еліне сапармен келе жатқан кезінде сол елдің оба ауруына шалдыққанын естіп, онда кірмей, «Пайғамбар (с.ғ.с) бір жерде оба болса, ол жерден шығуға немесе кіруге рұқсат бермейтін» деп кері оралады. Сол кезде сахабалар:«Әй Омар! Сен Алланың тағдырынан қашқаның ба?» деп  наразылық білдіреді. Сонда Омар (р.а) «Алланың тағдырынан Алланың тағдырына қашамын» деп жауап берген екен.

 Олай болса, біз де түрлі жұқпалы аурулардан қазіргі және болашақ буынды қорғаудың шариғатқа қайшы келмейтін шараларын қабылдауымыз қажет деп санаймын.

 Шынар ТОЙБЕКОВА, Астана қаласы Жедел медициналық жәрдем стансасының педиатр-дәрігері:

 Бүгінде Астана қаласында қызылша мен қызамық ауруларының эпидемиясы жүріп жатыр. Яғни, осы ауруларға қарсы екпелер егілуде. Қазіргі таңда егіліп жатқан вакциналар арнайы тазартылған. Сондықтан болар, олардан әлсіздік байқалады. Төрт-бес жыл бұрынғы екпелер тазартылмаған еді, нәтижесінде балалардың науқастануы кездеспейтін. Десе де, жұқпалармен ауырып, ауруханаға жеткізіліп жатқандардың дені, вакцина алмағандар, Өзбекстан, Қырғызстан Республикаларынан келген азаматтар.

Ұзақ жыл тәжірибесі бар дәрігер ретінде айтарым, екпе егілген бала жұқпаларға шалдықпайды. Ауырған жағдайда да бәрібір науқасы жеңіл түрде өтеді. Ал ауырған балалардың көпшілігі вакцинадан емес, вакцина алар алдындағы дәрігер бақылауының салғырттығынан дер едім. Яғни, әріптестерім, бала екпе алар алдында денсаулығына, әсіресе, жүйке жүйесіне жіті назар салғаны абзал.

1 пікір
  • Салеметсіздерме. Екпе вакцина деп айтасыздар. Ал сол екпені алған сол аурумен қайтара аурып жатады. бұл қалай болғаны?соған түсінбедім. екпені алған мейлі аурудың жеңіл түрімен ауырады дейсіздер, ол екпе алған жерде мүлде ауырмау керекко. Онда не себептен екпе саласыздар?Адамның туғаннан ауруларға қарсы туратын иммунитеті болады. Ал екпе арқылы сол имунитетті әлсіретесіздер де келесі ауруға жол ашасыздар. Оған дәлел ретінде келесі материалды ұсынғым кеп отыр. Вакцина-әлсіз немесе өлі микроорганизмдерден генно-инженерлік немесе химиялық әдіспен дайындалады.
    Әрбір негізсіз салынған прививка(егу) бала өміріндегі қатерлі қателікке айналу мүмкін. Алдыңғы қатарлы мемлекеттер жаңа жаңа туған нәрестеге БЦЖ(туберкулезге қарсы) вакцинаны егудене бас тартқан. Көптеген елдерде БЦЖ вакцинасы рұқсат етілмейді. Себебі, ол қауіпті және пайдасыз екені дәлелденген. Вирусолог Галина Черновскаяның айтуынша БЦЖ вакцинасы туберкулезді жоюға қауқары жоқ, керісінше туберкулез тудыратын эксперимент түрі, деп түсіндіреді. Ал омыған не дейсіздер?
    2 жыл бұрын