Дұғаның рухани әсері
Дұғаның рухани әсері
10 жыл бұрын 8553

Өз қалауына жете алмай санамызда қалып қойған шексіз арман, қиялымыз бір күн болмаса бір күні еш күтпеген кезде әр түрлі іштей мазасыздыққа, түрліше сансырауға ұшыратады. Біз осындай сәттерде дұға арқылы жан адамға айтпаған сырлы ең құпия сезімдерімізді тілге тиек етіп, көкірек сарайымызды бір сілкіп аламыз, үмітімізді қайта үрлеп, үрейімізді жеңеміз. Дұға бізді іштей рахат сезімге бөлейді, бойдағы қысымды сейілтеді. Дұғасыз адам жарықсыз қоймаға ұқсайды. Дұға арқылы өзімізді Аллаһ тағалаға бір табан жақын сезінеміз. Дұғасыз жан жалғыздықтың қараңғы қапасында тұншыққан бейшара іспетті. Дұға арқылы өзімшілдік пен менмендікті тізгіндейміз. Дұғада алыс-жақын ұғымы, ешқандай кедергі мен тосқауыл болмайды. Дұға арқылы әлсіздігіміз бен дәрменсіздігімізді Аллаһ тағаланың шексіз құдіретіне ұштастыру бақытына ие боламыз. Дұға арқылы рухымызды күшейтеміз. Дұға арқылы жан сарайымыз жарық нұрға бөленеді. Дұғада өз күшімізге емес, Аллаһ тағаланың күшіне арқа сүйейміз.

Намазда «Маған тура жол көрсет, мені соқтықпалы, соқпақты, бұралаң, қисық жолдардан сақта, маған күш-қуат бере гөр!» деу арқылы бір жағы адамдық қасиетімізді қорғаштап ардақтасақ, екінші жағынан қауқарсыздығымыз бен әлжуаздығымызды Ұлы Жаратушыға мұң ғып шағып, оның шексіз құдірет күшінен медет тілейміз. Рухымызға теңдессіз күш дарытамыз. Қарапайым ғана мысал, аккумуляторды алып қарасақ, уақыт өте келе босайды. Оны қайта толтыру үшін өзіне керекті тоқ тартатын бір нәрсеге қосу керек. Сол секілді сыртқы күштердің соққысынан әлсіреген болмысымызды қайта жөнге келтіруде, иләхи құдайылық бастаудан нәр алып, рухымызға толайым күш сыйлаудағы ең төте жол ол – намаз. Аллаһтың ұлылығы мен теңдессіз құдіретін қажетінше ұғына білген адам тілмен айтып жеткізгісіз сезім құшағына бөленіп таң-тамаша болып қайран қалады. Таңғалумен қатар оның бойын бір жағы үрей мен қорқыныш, толқу мен тебіреніс билейді. Сәждеге бас қойған сәт адамдағы осы бір таңданыс пен үрей кейпін елестетеді. Заттық әлемде бір ғана ащы бұрыш тағамға қалай дәм беріп, біз сол тағамды жегенде ләззат алсақ, рухани әлемде де осы бір үрей мен қорқыныш адам рухына соншалықты ғажап сезім сыйлайды. Ләззатты күй сыйлап қана қоймай, оны кірлерден арылтып аспандатып биіктетеді.

Айталық, бір ана баласын қорқыта отырып көкірегіне басады. Алайда бала үшін ол қорқыныш тым ләззатты. Өйткені онда анасының мейірімі бар. Анасы баланы қорқыта отырып мейірім толы көкірегіне тартады. Ал барша аналардың мейірімін Аллаһ тағаланың мейірімімен салыстырсақ, онда аналардағы мейрім Аллаһ тағаланың мейрімінің бір ұшығы ғана болары сөзсіз. Ендеше, Аллаһ тағаладан қорқуда да оған деген үлкен құрмет бар. Егер Аллаһ тағаладан қорқудың өзінде осындай тылсымды ләззат болса, онда Аллаһ тағаланы сүюде қаншалықты мол шексіз рахатты сезім болатындығын пайымдай білген жөн.

Тұмшаланып тапталған ерік-қалау, сыртқа шықпай ішке көміле берген сезім-бәрі жанды жегідей жеген құрт болып рухқа жара салады, жүйке жүйесіне зақым келтіріп, ауытқушылықтарға себеп болады.  Құлшылықтың арқасында сезімдеріміз бірде тым шарықтап биіктесе, бірде мақпалдай жұмсарады. Осылайша рухымызға жиналып қалған сәт сайын жарылып кетуге бейім бұндай күшті әуестік сезімдер өз бағытын өзгертіп, терең сезімге, діни толқу мен тебіреніске айналады. Аллаһ тағала Құран кәрімде «Намаз адамды арсыздықтан, жиіркенішті қылықтардан арылтады» дейді. Күнделікті тұрмыста біле тұра, кейде білместікпен әр түрлі жамандықтарға бой алдырып, жүрегімізді қарайтып алып жатамыз. Осылайша өзімізді іштей кінәлап, күнәлі сезінеміз. Ал бұл күнәлі сезім байқаусызда адамның тұлғасына да, жеке басына да кері әсер етпей қоймайды. Намаз болса, іштейгі бас бермес асау сезімдердің, жаман ойлардың сыртқа шығуын тежейді. Адамды жамандық жасаудан, теріс қылықтан, күнә істеп қоюдан сақтайды.

Денемізге кірген қандай да бір микробтық зат мейлі біз байқайық байқамайық, сол жерді бір күні ісінтіп жараға айналдырады. Күнәлар да сол секілді, жаман қылықтарымыз бір күндері рухты еңсеріп үлкен дертке себеп болады. Біз оны тіптен байқамай да қалуымыз әбден мүмкін. Құлшылық жасап Аллаһқа бет бұру болса, денені жайлап бара жатқан улы заттардан тазартып, рухымызда пайда бола бастаған кішігірім жараларды емдейді. Бүгінгі күні көптеген аурулардың астарында рухани әсердің үлкен рөл ойнап отырғаны анықталуда.

Денедегі көптеген аурулардың созылмалы болуына себеп – қабылдау, ой, адамның өзін сендіруі. Бүгінгі таңда «псикосоматика» деп аталатын ғылым саласы дүниеге келіп, рух пен дене медицинасы төңірегінде бірқатар зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Айталық, Ребекка Беард өз еңбегінде былай дейді:

«Зерттеуші мамандар толқыған кезге қарағанда қайғыланған кезде адамның көбірек энергия жұмсайтындығын анықтады. Қатты қайғырған кезде дене өзіне қажетті энергияны қамтамасыз ету үшін қанға көп мөлшерде шекер беруі тиіс. Қайғылану мерзімі қысқа аяқталған жағдайда дене өзін соған қарай реттей алады. Бірақ қайғы мерзімі тіптен ұзап іштегі мұң көп уақыт сақталса, онда шыққан энергия мөлшерін қайта қалпына келтіру үшін дене өзіндегі бірегей тәсілін қолданып қанға шекер беруін үдете түседі. Мәселенің әдеттен тыс қауіпті жағы, егер қайғы іште сақталып, көңіл мен санада мықтап орнығып қалып қойса онда дене айлап, жылдап қанға қан шекерін өндірумен болады. Бұл жағдай клеткалардың қызметін бұзып, панкреастың (асқазан асты темір) мұңды сезімдерді көтере алмай талмаусырап шаршауына себеп болады. Денедегі шекерді жоятын инсулин жеткілікті деңгейде қанға берілмегендіктен бұл жағдай адамды қант ауруына шалдықтырады. Науқасқа инсулин беру оның ауруын аздап жеңілдеткенмен толықтай жақсарта алмайды.

Осы тұста айта кетер бір жайт, көңілді алабұртып, алай-түлей алапат сезімге құрықтап жанды жегідей жеген қайғы-қасірет, мұңды дұға мен құлшылық арқылы басып, сана мен ойдан біржолата аластатып, жан сарайын тазалауға болатындығы. Ал бұл болса адамды жоғарыда айтылған аурулардан қорғайды. Негізі бұл оңай іс емес. Өйткені қант ауруына шалдыққан адамдар томаға-тұйықтыққа салынып, көбіне өз іштеріндегі қайғылы, мұңды сезімдерін ашылып басқаларға ақтара бермейді. Олар тіпті бұл жайында өзгелермен әңгімелесуден де тайсақтайды. Ал керісінше үнемі үздіксіз ойлану әрі дұға болса бірбеткей менмендікті жеңу мен бұндай келеңсіздіктен құтқарады. Осы салада жасалған зерттеулерге сүйенсек, әсері күшті қайғылы, мұңды жағдайлар мен уайымдар адамдағы толқу, ішкі әлеммен арпалысу сезімдерін қоздыра түседі, бұндай кезде көп мөлшерде қан қабылдаған асқазан клеткалары протеиндерді қорыту үшін анағұрлым көп клорхидрик бөледі. Ал көп тамған қышқыл асқазанның ішкі қабырғасын түршіктіріп тітіркендіреді, асқазан жарасына себеп болады». 

Мәдениетті қоғамда төрт құбыласы жайлы болып байлыққа балқып-шалқып отырса да құлшылық жасамау және дұға оқымау нәтижесінде бақыттан құр алақан күйде рухани аштықты бастан кешіп жатқан адамдар баршылық. Олар іштей мазасыз, ар-ұятпен бетпе-бет келуге дәрменсіз жандар. Олардың ебіл-дебілдері шыға сауық-сайран құруы, көрер көзге тым тұрпайы қарқылдап күлуі - іштерін өртеп бара жатқан жалын отты бүркемелеп жасыру болғанмен, өздерін ауық-ауық жегідей жеген азаптан бәрібір құтыла алмайды. Көңілге түйер бір жайт, дене секілді рухқа да көп нәрсе қажет. Осы мәселені қате түсініп дұрыс бағамдай алмау бүгінгі күні қаншама адамды сергелдеңге түсіріп, дағдарыс пен күйзеліске ұшыратуда. Адамның жан сарайы иман нұрымен тазарып жарқырамайынша, рух жарасының емі болып табылатын иләхи әмірлер атқарылмайынша, ғибадат пен дұға арқылы ішкі жан дүниеміз сәулеленбейінше қайғы-мұңнан арылу да, екі дүниенің бақытына қол жеткізу де мүмкін емес.

Бүгінгі таңда көптеген ауруларға себеп болатын әр түрлі микробтар табылды. Кейде бірнеше жыл бойы әлгі микробтармен қоян-қолтық араласып жүрсек те ауруға шалдықпай неге бір күні аяқ астынан мұрттай ұшамыз? Өйткені денеміздің әлгі миробтарды жоятын, оларға төтеп беретін қорғану жүйесі, иммунитет күші бірте-бірте әлсірейді. Рух пен дене медицинасы –психосоматика бұны да рухани тұрғыдан қарастыру керектігін айтуда. Неге десеңіз, әр түрлі рухани реніштер, қайғы, мұң, үрей, имансыздық пен үмітсіздік дене қорғанысын қамтамасыз ететін клеткаларға кері әсер етіп, олардың қарсыластығын бәсеңдетеді, бұл жағдай денедегі микробтардың үстемдігін арттырады. Денедегі микробтардың артуы болса, біздің жеңілгендігімізді көрсетеді. Онсыз да жеңіліске ең бірінші себеп – ол үмітсіздік екені белгілі.  

С. Сених,
қазақшалаған: Қ. Бағашар

1 пікір