Дінді қалай насихаттау керек?
Дінді қалай насихаттау керек?
10 жыл бұрын 5727

Кез келген ғылымның да, кәсіптің де өзіне тән әдіс-тәсілдері болатыны белгілі. Осы орайда дінді насихаттаудың да өзіне тән әдістері болатынын сөз еткен орынды. Әсіресе, дін насихатын жүргізушілер үшін ескере жүретін жайттарды сөз етпекпіз.

 

1. Дінге қатысты мәселелерді өте жақсы білу.

Дін насихатшысы басқаларға уағыздамай тұрып, әуелі өзі дінді әрі дінге қатысты мәселелерді жақсы білуі керек. Кері жағдайда бәрібір өз кемшілігін байқатып, тыңдаушыларын өзінен де, діннен де қашыртып алуы мүмкін. Ең әуелі Алланың сөз қасиетті Құранды жақсы білуі тиіс. Құранның сөзімен қоса, мәні мен мағынасын да жақсы ұғуға тырысуы, бұл тұрғыда мағынасы мен тәпсірлері туралы еңбектерді қарауы керек. Бұдан бөлек, сүйікті Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.у.) өмірі, хадис- шәріптері, әрі жалпылама Ислам тарихынан хабардар болуы керек. Ғылымхалмен таныс болу әрі өзі түсіндіретін ақиқаттарды кітаптардан оқып қанығуы да қажет.

Дінді білу тұрғысынан қолымызда екі негізгі бұлақ бар: Құран және сүннет. Ислам туралы айтыларда осы екеуіне сүйеніп, тақырыпты еркін қамти отырып айтылуы керек. Айтылатын дүниелерді айтушының әуелі өзі іштей жақсы түсініп, қорытып алған мақұл. Сонда тыңдаушының түсінуіне жеңілдейді. Мұсылман ғалымдардың мысал еткеніндей, құс секілді жемтігін құсып бермей, қой секілді денесінде қорытып барып сүт қып бір-ақ бере білу керек. Әрине, дін насихаты оқумен, ізденумен тікелей қатысты. Сондықтан дін насихатшылары уақыттарының бір бөлігін міндетті түрде оқуға бөлуі керек. Іші бос ыдыстан сыртқа не төгілсін, адам да солай.

 

2. Өз ғасырындағы ғылымдардан хабарсыз болмау.

Қазіргі заманда әлемге, қоршаған ортадағы құбылыстарды бағалауға деген көзқарас қатты өзгерген. Қазіргі уақытта адамдар кез келген айтылған жайтты ақыл-ой, қисынның құптауына көп көңіл бөлінеді. Сөз тізгіні пән ғылымдарында. Сондықтан дін насихатшылары танымдық деңгейде болса да қазіргі заманғы ғылым мен техниканы қадағалап отыруы керек. Әйтпесе, олардың насихаты жалпыға тән бола алмайды, жекелеген адамдардан аспайды. Өз заманын танымаған адам қараңғы дәлізге қамалған сияқты. Бұндай адамның басқаларға дін, иман тұрғысынан түсіндіруге тырысуы ешқандай да әсер бермейді. Тіпті уақыт пен оқиғалардың барысы бүгін болмаса ертең оны мүлде әсерсіз етеді. Сол үшін мұсылман өзі өмір сүріп отырған ғасырдың ғылымы мен мәдениет деңгейіне сай, солармен қатар жүретіндей мәселелерді айтуы керек.

 

3. Тыңдаушының көңілін аулап, жүрегіне жол таба білу.  

Тыңдаушының көңілін аулай білуі маңызды. Бұл адамдық жағынан жақындау дегенді білдіреді. Сыйлық берісу, соның бір түйткілді мәселесін шешуге көмектесу секілді, негізінде діннің өзегінде бар мәселелерді өмірде жүзеге асыруы керек. Тыңдаушының жүрегін жаулау үшін барлық заңды жолдарды сынап көру артық етпейді. Насихат тыңдайтын кісі үшін әуелі арадағы жеке адамдық достықты қабылдау маңызды. Бұл соған жеткізетін ойларды қабылдауда маңызды фактор әрі бұны елемей қоюға болмайды.

 

4. Мәселелерді түсіндірерде тыңдаушының деңгейімен санасу.

Тыңдаушының деңгейімен санаса отырып мәселелерді түсіндіру иләхи аһлаққа жатады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) хадистерінде Алланың мінезінен мінез жұқтыруға шақырған. Құранның да адам ақылының деңгейімен санасқанын көруге болады. Қазіргі тыңдаушылар діни термин мен ұғымдарды көп түсіне бермеуі мүмкін. Сондықтан олар түсінетіндей тілде сөйлеу маңызды. Қолынан ұстап, қыдыртуға ертіп шыққан кішкене баланың жүрісіне қарай жүріп, соның сөйлегеніндей сөйлеп, сол секілді күліп, сол сияқты әрекет жасау секілді басқаларға дінді насихаттаймын дегендер де сөздерін тым күрделендірмей, тыңдаушылардың түсінік деңгейін назарға алуы шарт.

 

5. Таластан бойын аулақ ұстау.  

Екеуара сөйлескенде мәселенің таласқа айналып кетпеуіне аса мән беру керек. Өйткені талас кезінде көбіне менмендік алға шығып кетеді. Осы себепті айтылған әрі айтылатын жайттар қаншалықты орынды, құптарлық болса да тыңдаушы оны қабылдамайды. Мәселеге психологиялық жағынан қарасақ та, таза ақиқатты мойындауда талас-тартыстың құптарлық еместігі білінеді. Өйткені таласта қарсыласты қалай тұқыртуды көздеп, соған іштей дайындалсаңыз, қарсылас та соншалықты дайындықпен келетінін ескеру керек. Айтқан дәлелдерге ол да өз дәлелдерін қарсы қойып, қысыр әңгіменің аяғы ешқандай оң нәтиже бермейді. Сондықтан дін насихатшысы таласқа бармағаны жөн.  

 

6. Тыңдаушының сеніміне ие болу.

Дін насихатында тыңдаушыға сенімділік ұялата білудің мәні айтарлықтай. Нәтижеде тыңдаушының сізді жанына жақын көргені сондай, басқалармен салыстырғанда сіз ол үшін артық болуыңыз керек. Өйткені сіз онымен тек Алла разылығы үшін қарым-қатынас құрып отырсыз. Тыңдаушы үшін сіз түсіндірген ауыр жауапкершіліктер басқалардың ырду-дырду, ойын-сауыққа тартуынан артық түскені жөн. Тіпті тыңдаушы үшін дінді ұстанудағы тап болуы мүмкін қиындықтар бұрынғы жеңіл-желпі жүрістерінен артық болып табылуы керек. Бұл тыңдаушының сізді жақсы тануына, сізге барынша сенім артуына тікелей қатысты.

 

7. Қисынды әрі реалист болу.

Дін насихатшысы  реалист болып, қисынсыз дүниелерді сөз етпеуі тиіс. Нені айтса да қисынға салып түсіндіріп, сол негізде тыңдаушылардың көзін жеткізгені мақұл. Өйткені неғұрлым қисынды етіп түсіндірсе, қоғам да оны соғұрлым жатырқамай, жеңіл қабылдайды. Бұған Алла елшісінен (с.а.с.) мына бір өткір мысалды келтіруге болады:

Жүләйбиб (р.а.) әйелдерге осалдығы бар жігіт еді. Бір күні ол ардақты пайғамбарымызға келіп, зина жасауға рұқсат сұрады. Сахабалар бұл әдепсіз қылыққа өретүрегелісті. Алайда Расулалла оны жанына шақырды. Жүләйбиб жанына барып отырғанда, жайлап оны сөзге тарта бастады:

-          Айтшы кәне, басқа біреудің анаңмен зина жасағанын қалар ма едің?

-          Құрбан болып кетейін, жоқ.

-          Рас, ешкім де анасымен біреудің зина жасағанын ұнатпайды.

-          Ал қызыңмен біреудің зина жасағанын қалайсың ба?

-          Жолында өліп кетейін, жоқ, уа, расулалла.

-          Рас, ешкім де қызымен біреудің зина жасағанын қаламайды.

-          Басқа біреудің қарындасыңмен зина жасағанын қалайсың ба?

-          Жолында өлейін, жоқ.

-          Рас, ешкім де қарындасымен біреудің зина жасағанын қаламайды.

-          Әпкеңмен біреудің зина жасағанын қалар ма едің?

-          Жолында өлейін, жоқ.

Иә, Алла елшісі ақыл-ой, қисын тұрғысынан Жүләйбибті көндіріп, оның жүрегін қанағаттандырған болатын. Артынан қолын әлгі жігіттің кеудесіне қойып былай деп дұға етті:

«Алла тағалам, бұл жігіттің күнәларын кешіре гөр, жүрегін тазала, әрі ұятын сақтай гөр!» (Ахмед ибн Ханбәл, Мүснәд, 4/420, 421).

Осы дұғадан кейін Жүләйбиб (р.а.) ең ұятты сахабаға айналған екен. 

 

8. Барлық істі ықыласпен, шынайылықпен жасау.

Ниет әрдайым Алла разылығы үшін болуы керек. Бір хадисте бұл жағдай былай түсіндірілуде: Әбу Мұса әл-Әшғари (р.а.) әңгімелеуде: Пайғамбарлар төресі Расулаллаға (с.а.с.) «Үш кісі: бірі батырлығын көрсетпек болып, енді бірі отаны, отбасының намысы үшін, үшіншісі өзін ер екен дегізу үшін соғысса, осылардың қайсысы таза Алла жолында?» деп сұрақ қойылады. Пайғамбарымыз сонда «Қайсысы Алланың есімін ұлықтау жолында соғысқан болса, сол ғана» деп түсіндіреді (Бұхари, Илим, 45).

Бұрынғылар ықыласқа ерекше мән берген. Араларында кейбірі шешен тілмен уағыз айтқан уақыттарында маңдайын дереу сәждеген тигізіп, «Уа, Раббым, мені ықыластан ажырата көрме» деп жалбарынатын. Омар ибн Абдулазиз секілді кісілер жазған хаты өте әдеби болған кезде, көңілімен тәкаппарлық ұяламасын деген оймен дереу әлгі хатты жыртып, басқа хат жазатын. Иә, ықылас пен шынайылық айтылған мәселелердің өміршеңдігі мен негізгі өзегін құрайды.

 

9. Білмейтін мәселеде «білмейді екенмін» дей алу.

Бұл  мәселеде де Пайғамбарымыз (с.а.с.) бізге үлгі көрсетуде. Бір жолы яхудилер келіп «рух» туралы сұрайды. Теріс пиғылмен келген дұшпандарға Пайғамбарымыз әлі уахи келмегендіктен, ештеңе деп жауап қатпады. Тағы бір жолы Жәбірейіл періште келіп, қияметтің қашан болатындығын сұрағанда, «Бұл мәселеде сұрақты естушы сұрақ қоюшыдан артық ештеңе білмейді» деген. Барлық сұраққа жауап беру мәжбүрлігі жоқтығын түсіндіру үшін бұдан артық қандай мысал керек.

Имам Әбу Юсуфқа жүз сұрақ қойылғанда, алпысына «білмеймін» деп жауап қатыпты. Тыңдаушылар «Әй, имам, біз саған айлық төлеп отырмыз, жүз сұрақтың алпысына білмеймін деп жауап қаттың, бұл қалай?» депті. Сонда имам «Сіздер менің білгендерімді бағалап, айлық төлеп жатырсыңдар. Ал білмегендерім үшін де айлық төлемек болсаңдар, қаражаттарың жетпес еді» дейді. Имам Әбу Юсуф сол күні пәтуа беретін ең жоғарғы деңгейде болатын.

Осы секілді мысалдардан ірі ғалымдардың өзінің барлық сұраққа жауап қатпағанын көреміз. Тіпті еш қиналмай «білмеймін» дей алған. Сондықтан діни насихатшысы «білмеймін» деп айта алуы керек. Бірақ сұрақты жауапсыз да қалдырмауға көңіл бөлген жөн. Сұрақтың жауабын тауып, кейіннен болса да тыңдаушыны қанағаттандыру керек.

 

10. Насихатталатын жайттарды әуелі өзі істеуі

«Өзі істей алғанын айту, айтқанын өзі де істеу» дін насихатшысының негізгі өмірлік қағидаларының бірі болуы керек. Өйткені дін насихатшысы шынайы мүмин болу жолындағы жан. Бұдан бөлек дін насихатшысы өмірде іске аспаған сөздердің, насихаттардың, қандайда бір оң әсер бермейтінін білуі керек. Иә, жасанды сөз бен іс-әрекеттерге Алла ешқандай берекет те, әсер де дарытпайды. Ислам әдебін ұстанбаған, сүннеттерге атүсті қарайтын, парыздарды жалқауланып, әрі есінеп отырып орындайтын, Исламды насихаттауы, яғни тек тілмен ғана айтуы пайдадан гөрі зиян келтіруі мүмкін. Исламдағы қарапайым өмір сүру дәстүрін ысырапшылдар түсіндірсе, онда тыңдаушылар «осы айтылғандарды әуелі өзің орында, содан кейін біз саған ереміз» деп қабылдамасы белгілі.

Иә, тыңдауышының көңілін баурау, басқаларға әсер етудің әрі жүректердің төрінен орын алудың бір ғана шарты Алла елшісінің жасағанындай, айтылған барлық нәрсені әуелі айтушының өзінің істеуі.

0 пікір