Дін мен дәстүр сабақтастығы - діни біртұтастықты сақтаудың негізі
Дін мен дәстүр сабақтастығы - діни біртұтастықты сақтаудың негізі
5 жыл бұрын 4952 Фото: turaninfo.kz
Шалабаев Қ., Бағашаров Қ., Әл-Фараби ат. ҚазҰУ

Халқымыздың салт-дәстүрлерін әр қырынан зерттегендер басында Ы. Алтынсарин мен Ш. Уәлиханов, Ә. Бөкейхановтар тұрғанын көреміз. Ы. Алтынсарин «Этнографиялық очерктер және ауыз әдебиет үлгілері» кітабын жазды. Олардан басқа да Ә. Марғұлан, Х. Арғынбаев, Х. Досмұхамбетов, Б. Уахатов, А.С. Смағұлова, Н. Сәрсенбаев және т.б. бұл тақырыпқа кең тоқталған. Ұлттық дәстүрді зерттеушілер қатарында белгілі авторлар мен айтулы мына еңбектерді де атап кетуге болады: С. Кенжеахметұлы «Ұлттық әдет- ғұрыптың беймәлім 220 түрі», Ж. Молдабеков «Қазақтану, «Мұралық мерей», Құрбанғали Халид «Тауарих хамса», М. Қозыбаев «Ұлттық психология», Қ. Нұрланова «Символика мира и традиционном исскустве казахов» және т.б. Қоғамтану ғылымдарында бұл тақырып бойынша танымал ғалымдар: М. Аженов, Қ. Биекенов, Ә. Табылдиев, Қ. Жарықбаев, С. Қалиев, Ғ. Есімов, Т. Бурбаев, Д. Кішібеков және т.б.

Ғалымдар арасында «әдет» терминінің шығуы туралы біртекті пікірлер жоқтығын айтады. А. Смағұлованың айтуынша, «әдет» – «әдет-ғұрып» деген араб сөзінен шыққан, мағынасы дағды-әдет. Әрине, қандай бір іс болмасын, әуелі дағдыға, әдетке айналып, кейін бара-бара көпшілік қолданатын заңға айналып, оны бұзу ерсі қылық, қылмыс саналған. Әр халықтың өзіне жарасатын әдет- ғұрып, салт-санасы мен дәстүрлері бар. Ол өздеріне қымбат. Осы зиялы адамзаттың бір бұтағы түрлі қауымының да өткен өмірі сан алуан, талай замананы алып жатыр. Соған орай өздеріне тән әдет-ғұрып, салт-сана, қағида- ережелері де баршылық. Мұның бәрін болса да ислам жоқ етіп, тамырына балта шаппаған. Қайта олардың прогрессивті жақтарын өз ішіне қамтып, әдемілеп, қиюластырған. Соның нәтижесінде ислам заң нормалары сомданып, айшықтана түсіп, кез келген формацияға кереғар болмай, қабыса алады. Ол әдеби шығармаларда дәстүрлі құқықтық нормалар жиынтығын білдіру үшін қолданылады. Үлкен Советтік энциклопедияда: «Әдет – ислам діні тараған елдер арасындағы халықтық дәстүрлі құқық» делінген.

Н. Сәрсенбаев «Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары жөнінде» атты зерттеу еңбегінде дәстүр деген түсінікті екі мағынада пайдаланатынына тоқталған. Біріншіден, дәстүр деп халыққа кең тарап, терең сіңген әдет-ғұрыптарды және басқа тұрмыстағы тұрақты тәртіп түрлерін айтады; екіншіден, дәстүр деп ғылымдағы, саясаттағы, әдебиет пен өнердегі аса көрнекті қайраткерлердің атымен байланысты, халыққа көп тараған бағытты айтады (мысалы, Абай дәстүрлері т.б.). Д. Айдаров «Дәуір және дәстүр» деген еңбегінде әдет-ғұрып, салт-дәстүр қоғамдық дамудың барысында пайда болады. Сөйтіп, ол ұрпақтақ ұрпаққа тарап, мәңгі бақи өмір сүреді. Әдет-ғұрып тұрмыстық қарым-қатынасқа байланысты қалыптасады. Мысалы, тілек білдіру, жас сәбидің дүниеге келу құрметіне шілдехана өткізу, бесік той, қонақ күту, наурыз тойы т.б. түрлі жоралғылар, салтанатты өтететініне тоқталған. Дәстүрдің аса әсерлі күшін көрсететін белгілердің ішінде ерекше ретінде оның бұқаралығын, көпшілікке ортақтығын айтамыз.

Ұлттық салт пен дәстүрдің тууы ұлттың өзінің қалыптасуына байланысты. Әрине, әр халықтың өзіне тән дәстүрі, әдет ғұрпы болады. Олар сол халықтың басқа халықтан ерекше белгісі болып санала береді. Қазіргі ғылыми дәлелдеулер қазақ ұлтының қалыптасуын IV-V ғасырдан басталады деп көрсетеді. Олай болса, сол дәуірден бері қарай қазақтың көптеген әдет-ғұрып, салт-дәстүрі дамыды, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып бізге жетті. Шариғат бойынша жергілікті қолданыстағы дәстүр дінге қайшы болмаса, ондай дәстүрді жалғастыруға, ұстануға рұқсат етеді. Жоғарыда аталған жас ерекшеліктеріне байланысты қолданылған атаулар діни сенім мен қағидаларға қайшы болмағандықтан, бабаларымыз өз тұрмыс тіршіліктерінде дәстүр ретінде тастамады.

Ержан қажы Малғажыұлы бас мүфти болған уақытта «Дін мен дәстүр» тақырыбының өзектілігі артып, «Дін мен дәстүр» атты екі том еңбек жарық көрді. Екінші томда «Балалық шақ» деп аталған бірінші тарауда: азан шақырып ат қою, ат қою мәдениеті: мұсылманша есімдер мен тыйымдар, ақиқа, қалжа, тахник жасау және баланың аузына түкіру, қырқынан шығару (баланың шашын алу), емізу мәселесі, шілдехана бесік той, тұсаукесер; «Бала тәрбиесі» деп аталған екінші тарауда: жас ерекшелігі, сүндет той, бәсіре, бата сұрау, ұлттық ойындар, имандылық тәрбие, медресе, әліпті таяқ деп білу, құран үйрену, сауат ашу, шежіре тарқату, жеті ата, қазақ жүздері мен рулары, түрік шежіресі, еңбекке баулу; «Жігіттік шақ» деп аталған үшінші тарау: жігіттік шақ, сегіз қырлылықтың бірі діни білім, жігіт сыны, нәпсіге ие болу; «Отбасы салттары» деп аталған төртінші тарауда: айттыру, сырға салу (хитба), құдалық, той, қалыңмал, мәһір мен қалыңмалдың айырмашылығы, жеті ата сақтау дәстүрі, қыз жасауы, беташар, уақыт пен денсаулық қадірі, талақ, әмеңгерлік; «Дінге қатысты салттар» атты бесінші тарауда: намаз, ораза, зекет, қажылық; «Адамның дүниеден өтуіне қатысты салттар» деп аталған алтыншы тарауда: жыртыс, құранды хатым ету, қабір зияраты, өліге құрмет, ас, садақа беру жоралғылары талданған.

Е. Малғажыұлы қазақ халқына тән дін мен дәстүр туралы былай дейді: «Иә, біздің салт-дәстүріміз тәрбие мен тағылымға, ізгілік пен адамгершілік құндылықтарға тұнып тұр. Халқымыздың күнделікті тұрмысында әдетке айналып кеткен әдет-ғұрыптардың астарына үңілсек, шариғаттың бір талабы тұрғанын байқаймыз. Сәби дүние есігін ашқанда, құлағына азан шақырып ат қою, ақиқа құрбандығын шалып, келінге қалжа жегізу, баланы қырқынан шығару, шілдехана бесік той жасау, тұсау кесу, сүндет той, атқа мінгізу, тоқымқағар, тілашар т.б. жоралғылар исламда бар рәсімдер немесе асыл дініміз құптаған игі амалдар».  

Қазақ тіліндегі оң және теріс бата үлгілерін зерттеген Ф.Р. Ахметжанова қазақ ескілігіне қатысты мағлұматтардың негізгі көзі академик М. Әуезов еңбектерінде сақталғандығын айтады. Жазушы М. Әуезов «ескіліктер» жөнінде мынандай деректер келтіреді: «Қазақтың ежелгі ескілігі бұл уақытта ешкімнің де есінде жоқ. Сол себепті алысқа ұзап кеткен заман туралы, қай тарихшы сөйлесе де нобаймен, долбар сөзбен айтады. Дәл мағлұматтың болмайтын себебі: қазақ ескілігінің жазу күйінде сақталып қалған белгісі жоқ. Қазақ елінің ішкі өмірі екі үлкен дәуірге бөлінеді. Бұның біреуі Ісләм діні келген соңғы мезгіл. Екіншісі содан арғы ескі дәуір. Бұл дәуірдің біздің заманымызға жеткен белгілері болса, елдің кейбір әдет-салтында, өлең, жырында, ескілікті ұғымында қалған белгілер болады». М. Әуезов бұл жерде «ішкі өмір» деп рухани өмірді, ал «ескі дін» деп қазақ тұрмысында ислам дініне дейін болған шамандықтың жайын айтқан болса керек.

Демек, тілімізден көрініс тауып, ұлттық сипатқа ие болып келе жатқан қазақтың ежелгі салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарының алуан үлгілері «ескіліктер» терминін иеленетіндігін түсінеміз. Ал қазақ ескіліктерінің салт жолымен, ғұрып жолымен, тұрмыс қалпында болатын істер сарынымен айтылатын сөздеріне А. Байтұрсынұлы сипаттама береді. Бұл аталғандарды сарындама саласына қатысты деп олардың әрқайсысына жеке түсінік беріп өткен. Мәселен, ғалым салт сөздеріне: қазақтың ділмар сөздерін, мақал-мәтелдерді, мысалдарды, ғұрыпқа: той бастар, жар-жар, беташар, жоқтау, бата сынды өлең-жыр үлгілерін жатқызса, қалып деп: жын шақыру, тісті емдегенде құрт шақыру, бесікке бөлеу т.б. атайды. Зерттеуші Ф.Р. Ахметжанованың анықтауынша, бата сөздердің жиналып жариялануы 19 ғасырдың екінші жартысында ғана қолға алынды. Бұл ретте алғашқы аталатын еңбек түркі тектес халықтардың ауыз әдебиеті үлгілерін қамқорлықпен жинап, жариялаған орыс академигі В.В. Радловтың «Түркі халықтарының халық әдебиеті үлгілері» деген он томдық еңбегі. Оның 1870 жылы жарық көрген үшінші томында қазақ ауыз әдебиетінің басқа түрлерімен қоса бата сөздер де қамтылған. Бұл еңбектің «Бата сөз» тарауында 76 жолдан тұратын көне үлгідегі 5 бата сөз берілген. Бата сөз үлгілері шығыстанушы ғалымдар Г.Н. Потанин, Н. Пантусов шығармаларында да кездеседі. Бата сөздер енгізілген тағы бір еңбек қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, бастырушы Ә. Диваевтың еңбектері жарияланған «Қазақ халық творчествосы» (1989). Мұнда 59 жолдан тұратын бата үлгісі берілген. С. Сейфуллин қазақ ауыз әдебиетін сан ғасырдың жемісі деп қарап, бірнеше дәуірге бөліп, саралайды. Соның ішінде «арғы, ескіліктегі жабай рушылдық дәуірден бізге жеткен және билер дәуірін бастан кешіріп бізге жеткен ел әдебиетін» екіге бөліп, бірінші бөлімнің 6 топішілік түрі қатарында аталатын салт өлеңдеріне жарапазанды да көрсетеді де, оның батасы деп 78 жолдан тұратын дәстүрлі бата сөздің екі нұсқасын береді. Осы кезге дейінгі жарияланған бата сөздер мен ел аузында, сондай ақ түрлі мұрағаттарда қолжазба күйінде сақталған бата сөздерді тұңғыш топтастырған үлкен еңбек ғалым С. Негимовтың «Ақ бата» жинағы. Бұл еңбек 1992 жылы жарық көрді. 1998 жылы М. Есламжанұлының «Баталар» жинағы жарыққа шықты. Сонымен бірге, З.Б. Үмбеталина, Б.Р. Оспанова, Д. Мамырбаевалардың осы бағыттағы зерттеулері батаның әдеби тұрғыдан қарастырылуына арналса, Ж. Нұрсұлтанқызы, Г. Абдвахитовалар бата сөздердің түрлеріне, ұлттық мәдени ерекшеліктеріне көңіл бөледі. «Адам бойына жабысқан әр түрлі ауру-сырқауды сиқырлы сөзбен қуып, аластауға болады деп сенген халық бір замандарда бақ пен дәулетті де, бас амандығы мен байлықты да ақ тілеу алғыс айтып, бата беру арқылы дарытуға болады деп түсінген. Тегінде бата беріп, ақ тілеу айтып, алғыс білдіру ежелгі ата-бабалар дәуірінен келе жатқан түркі халықтарының ескілікті дәстүрі екені ақиқат. Бұл мазмұны мен мақсаты жағынан да көшпелі түркі тайпаларының ортақ тірлігінен туған». Зерттеушілер Ж. Қ. Ғафурова мен Ф.Р. Ахметжанова А. Байтұрсыновтың батаны ғұрып сөзіне жатқызғанын, оған мынандай түсіндірме бергенін алға тартады: «Бата - біреуге алғыс бергенде айтылатын сөз. Батаны ақсақал адамдар айтады. Батагөй шалдар басы бар табақты тартуға алып келгенде, асты жеп болғанда да бата қылады. Көбінесе бата тамақ жеп болған соң істеледі. Мысалы:

1)    Құдай оңда!

Оңға баста!

Абырой бер!

Аман сақта!

2)    Құдайым жарылғасын, бай қылсын,

Төрт түлігін сай қылсын!

Кетпес дәулет берсін,

Құдайым оңдасын,

Оңдағанның белгісі

Мың саулығың қоздасын!» деп 1926 жылы жарық көрген «Әдебиет танытқыш» атты ғылыми еңбегінде жазады. Осы ретте «бата беру» рәсімі туралы академик М. Әуезовтың мына пікірін келтірейік: «Мұсылманшылық дінімен байланысы бар өлең сөздің тағы бір түрі бата беру өлеңдері. Бірақ бұл өлеңдердің туысын ғана мұсылманшылық негізінен шықты деу керек. Дін салтындағы тілек, дұға сияқты сөздерге ұқсады. Арабша айтатын дұғалардың орнына елдің өзі шығарған тақпақтаған өлең, жыр болады. Дін сөздері мен негізін ұқсастыратын осы жері. Осыдан басқа өлең қылған сөздері мен мағына жағынан білдіретін тілектерін алсақ, оның барлығы да қазақтың өз заңына үйлесіп, өз тіршілігінің қалпынан шығады. Бата берген өлең, тақпақта батагөй қария не адамшылық, не болмаса абұйыр, атақты тілейді. Кейде байлықты, бас амандықты тілейді. Егер бір сапарға аттанушыға берілетін бата болса, жол оңғарылып, олжалы қайтуын тілейді. Мысалы:

...Атың атың, ату бол,

Ағайынмен тату бол.

Жаз кигенің құлпы бол,

Қыс кигенің түлкі бол.

Бағаналы таудай бол,

Шағалалы көлдей бол.

...Тәңірі берген несібең,

Тепкілесең кетпесін.

...Сенен байлық өтпесін... Бұған қарағанда батаның түрі ғана діннен алынған, бірақ мағынасы мен мақсаты, барлық сөздері мен ел әдебиеті мен ел тіршілігінің өз туындысы болады.

Бисмиллаһиррахманиррахим!

Уа, жаратқан ием, құдірет,

Тілегімізді қабыл ет,

Иманымызды кәміл ет!

Достың көңілін аша гөр!

Дұшпанның көңілін баса гөр!

Әділдікті бұрғаннан сақта,

Қайырымсыз туғаннан сақта,

Өтпес пышақ, шабан атыңнан сақта!

Көкдауыл, шайпау қатыннан сақта!

Кеудесін керген келіннен сақта!

Мезгілсіз келген өлімнен сақта!

Уа, құдайым!

Ұл берсең, білікті қып бер!

Қыз берсек, көрікті қып бер!

Келін берсең, келісті қып бер!

Мінер ат берсең, желісті қып бер!

Е, құдайым, оңдасын!

Қызыр келіп қолдасын.

Бас аман, мал түгел боп,

Береке бірлік орнасын!

Дастарқаның бай болсын,

Пейілің соған сай болсын!

Ақ бата берумен қатар қазақ халқында қарғыс айту түрлері де кең тараған. Қарғыс әдетте нақақтан күйгенде т.б. ауыр жағдайларда ашынғаннан айтылған. Ол адамға да, малға да, дүние-мүлікке де айтыла береді. «Жер жастанғыр», «Өлім келгір», «Қарасан келгір», «Өртенгір» деген сияқты қарғыс түрлері көп. Қарғыс ашу, ыза, кек үстінде айтылады. Қазақтың әдет- ғұрыптарына терең мән беріп қарастырып жүрген ғалым Н. Өсерұлының көзқарасынша: «Қарғану деген де бар. Қарғану уәде беру мен ант ішуге ұқсас. Ешкім бет алды қарғана бермеген. Қарғану қазақ тайпаларында ежелден-ақ болып, тәңірі, аруақ атынан, ал ислам енген соң құран ұстап, Алла атынан айтатын болған. Жалғызымның қызығын көрмей кетейін! Құран ұстайын! Нан ұрсын! Керегенің көгін жейін! Дастарқан үстінде отырмын! Кепиет атсын! Құран ұрсын! Құдай куә! Жаным шықсын! Оллаһи! Билләһи! Бейуақытта айтайын! Құдайға аян! Баламның етін жейін! т.с.с. Мұндайда адал адамдар айта алатындығына күмән жоқ. Кегі кеткен не өш ала алмай жүрген адамы, дұшпаны бақытсыздыққа ұшрағанда адамдар оны табағалан. Қазақтың осындай табалау сөздерінде де «Құдай тапқан екен!» деген секілді діни мазмұндағы сөздер кездеседі. Жалпы алғанда алғыс пен қарғыс сөздерінің көбі діни мазмұнға негізделген: Құдай басқа бермесін! Құдайдан қайтсын. Алла разы болсын. Алла жазаңды берсін т.б.

Қазақта ұл баланы сүндетке отырғызу үлкен мәнге ие. Хадисте «Бес нәрсе фитрадан (әуелгі жаратылыстағы әдеттерден). Олар: баланы сүндетке отырғызу, шаттың түгін қыру, мұртты басу, тырнақты алу, қолтықтың түгін кетіру».  Қазақта әдетте ұл бала 5-6 жасқа келгенде сүндетке отырғызылады. Кей өңірлерде баланың сүндетке отыруын «мұсылман болумен» қатыстырады. Ондайда үлкен кісілер былай деп бата береді:

Мұсылман болдың, қарағым,

Кәне, бері қарағын.

Шырағын жағар ұлысың

Ата менен ананың.

Мұратыңа жете бер,

Күннен күнге өсе бер.

Өміріңнің түйінін,

Өз қолыңмен шеше бер! Әумин! Қазақ дәстүрін зерттеуші Х. Арынбаев та бұл дәстүрдің ислам дінімен байланысты туғанын мойындайды: «Қазақ халқы ислам дініне сенетіндіктен, мұсылмандық парыз ретінде ер балаларын міндетті түрде 5-6 жасқа толысымен сүндетке отырғызады. Баланы сүндетке отырғызу төңкеріске дейін негізінен қожалардың кәсібі болатын. Әркім өз еліне қарай баласының сүндет тойын ұйымдастыратын. Байлар болса рулы елді шақырып, ат, құнан шаптырып, балуан күрестіріп, мергендер өнерін сынастырып, оларға айтарлықтай бәйге тігіп үлкен той жасаса, кедейлер шағын ғана қонақ шақырып, құрмалдық берумен шектелетін. Бала пішуші қожаларға да әркім әліне қарай: біреуі ат, біреуі қой сияқты ақтық беретін». Жалпы алғанда, дін мен дәстүр сабақтастығы - діни біртұтастықты сақтаудың негізі екенін айтуға болады.

0 пікір