Дәрет алудың бізге беймәлім хикметтері
Дәрет алудың бізге беймәлім хикметтері
6 жыл бұрын 15241
Құдайберді БАҒАШАР

Дәрет тек аяқ-қолды жуып, басқа мәсіх тартумен шектелмейді. Дәреттің өзіндік терең мәні бар. Баршаға мәлім, дәрет алудың тәртібі мынадай: әуелі ниет, сосын қос қолды білекке дейін жақсылап жуу, ауыз шайып, кеңсірікке су жүгірту, бетті жуу, қолды шынтақпен қоса жуу. Содан соң басты, мойынды, құлақты ылғал қолмен сүртіп, аяқты тобыққа дейін жақсылап жуу. Енді осы бір тазалық түрінің астарында қандай терең мағына жатыр? Осыған тоқталайық.

Дәрет – Аллаға құлшылықтың, мінәжаттың басы әрі намазға дайындық жасаудың атауы. Дәрет яки ғұсыл алу намаздың міндетті алғышарты саналады. Түзге шыққан соң тазалану (жуыну, сүртіну), артынша қолды жақсылап жуу, осыдан кейін дәрет алу тәндік тазалық түрі емес. Тәндік ластық болумен қатар рухани ластық та бар. Дәрет алғанда тәнімізді тазартумен қатар, рухани дүниемізді сергітіп, күнәдан арылуға ұмтыламыз. Түрлі қателіктерімізді мойындап, қайталамауға бекінеміз. жасаған ісімізге өкініп, тәубе ету арқылы күнәлардан арыламыз.

Жаманды-жақсылы барлық іс-әрекетті адам баласы көзімен, қолымен, аяғымен, тілімен және т.б. ағзаларымен жасайды. Кез-келген істе адам баласының аталған ағзалары Алла тағала белгілеген шектен шығып кететіні және бар. Міне, дәрет алып, жуынғанда, іштей дұға оқып, дәрет ағзаларымызбен жасаған күнәларымыз үшін тәубе етіп, рухани тазарамыз.

Дәрет алардан бұрын адам ниет етеді. Осылайша, Хақ тағаланың құзырына шығуға дайындалады. Содан соң бісміллә айтып, Алланың жарылқауын үміт етіп, дәрет алады.

Ауызға және кеңсірікке су жібергенде: «Уа, Алла тағалам, сенің атыңды ауызға алуға, кітабыңды оқуға көмектесе гөр! Жаһаннамның иіс-қоңынан аулақ қылып, жаннаттың хош иісін нәсіп ете көр!», – деп дұға етеді.

Бетін жуғанда: «Жаратқан Ием, достарыңның жүзі жарқын болған сол күні (қияметте) менің де жүзімді жарқын қыл! Қарабет қыла көрме!», – дейді.

Оң қолын жуған шақта: «жаппар Ием, амал дәп- терін оң жақтан алғандардың санатынан қыла көр!», – деп, сол қолын жуғанда: «Уа, Алла тағалам, дәптері сол жақтан берілгендер қатарына қоса көрме!», – деп дұға етеді.

Басқа мәсіх тартқанда: «Уа, жасаған Ием, мейіріміңе бөлей гөр, береке, жақсылығыңды аяма! Сенен өзге ешкімнен пана таппайтын жерде Арыш тағының саясында жай таптыра гөр!», – дейді.

Құлағына мәсіх тартқанда: «Уа, Алла тағалам, мені сөздің дұрысына құлақ асып, саған мойынсұнғандардан қыла көр! жақсылармен бірге жәннатқа шақырған дауысты естуді нәсіп қыл!», – деп айтады.

Мойынға мәсіх тартқанда: «Жаппар Ием, қылша мойным талша! Мені тозақтан құтқар, мойныма бодаулық шынжырын салма!», – деп тілек білдіреді.

Аяғын жуғанда: «Жасаған Ием, тура жолыңнан адастыра көрме!», – дейді. Содан соң кәлимаға тіл келтіріп: «Уа, Алла тағалам, күнәларым үшін опық жеп өкініш білдіремін! Кеше гөр, тәубемді қабыл ал! Мені өкініш білдіруші және тазарушылар санатынан қыла гөр, жақсы құлдарыңның қатарына қос! Шүкіршілік етуші, сабыр сақтаушы және сені есте ұстаушылар санатына қоса гөр!», – деп тілек тілейді.

Дәрет алған адам көлгірсімей шынайылықпен, кемшіліктері мен қателіктерін Хақ тағаланың құзырында мойындап, кешірім сұрайды, дұғам қабыл болсын деп жалбарынады. осылайша тәнімен бірге рухы да тазарып, намаз оқуға дайындалады.

Кез-келген кісі осындай адал ниетпен аяқ-қолы мен бет-аузын, тіпті бүкіл бойын кірден тазартуға күш салады. Сондай-ақ, құлшылыққа дайындалу арқылы дәретті рухани тазарудың, жаңарудың нышаны деп біледі. Су адам тәнін кірден тазартса, тәубе де дәл солай рухани кірден арылтатынына кәміл сенеді. «Жұрт көзіне түсетін киім-кешегімді, үсті-басымды таза ұстауға тырысамын-ақ. Ендеше, Хақ тағаланың назары түсетін жүрегімді, жан дүниемді таза ұстауға неге талпынбасқа?», – дейді. Сөйтіп бойын ғана емес ойын да, жүрегін де түзеуге тырысып бағады.

Сыйлы кісінің қабылдауына барғанда бар жақсымызды бойымызға іліп, сыпайы сырбаз көрінуге күш саламыз, олай болса Алла тағаланың құзырына да үсті-басымызды тәптіштеп түзеп барғанымыз абзал. Шәмсидің: «Сарайын салып бітпеген, патшаны қонаққа шақырып әуре болмасын» – дегеніндей, тек сырт пішінге, сыртқы тазалыққа ғана мән беретін адам пат- шаны қонаққа шақыра отырып, үйінің сыртын ақтап бояған, бірақ ішіне қарамаған әумесер іспеттес.

Адамның бойы мен ойында тазалық, намазында шынайылық болмаса, жүректе мағрифат сезімі берік орнықпайды. Тәнді сумен тазартуға болады, ал жүрек тазалығына қол жеткізу үшін саф иман керек. Кәміл мүминнің бойы таза, жүрегі иманмен нұрланған болады. Дәретсіз жер баспайтын жан оң және сол жағындағы желеп жебеуші періштелердің ерекше ықыласына бөленеді деседі36. Хақтың разылығын мұрат еткендер жан мен тәннің тазалығын қатар ұстағаны жөн.

Дін ғалымдары дәреттің бес дәрежесі бар екенін алға тартады. Енді осы бес дәрежеге тоқталып өтейік.

1. Рухтың дәреті. Осы арқылы адам тән құмарлықтан арылып, бойдағы ғапылдықты жеңеді. Осылайша рухани танымы биіктеп, жүрегі мағрифатқа кенеледі. жүрек Алладан басқа барлық нәрсені ұмытса, Ғаффар Алла оны нұрға бөлейді. Нәпсіні арам пиғылдан арылтса, тақуалыққа жетеді. Осы арқылы жан тыныштығын табады.

2. Сырдың дәреті. Мұндағы «сыр» рухтың рухы (өзегі, мәні) мағынасында. Сырдың дәреті – рухтың риядан, көлгірсуден, құмарлықтың жетегінде кетуден, менмендік, мансап пен дүние қуудан арылуы. риядан, нәпсінің құмарлық безбенінен арылғанда жүректе ықылас пайда болады. Бойдағы дүниеқұмарлықты жеңгенде ақиретке ынтызарлық пайда болады. іштегі тойымсыздыққа тұсау салынса, қанағат пен тәуекел сезімі орнығады.

3. Жүрек пен көңілдің дәреті–жүректі жаман мінез-құлық атаулыдан арылту. Көңілден астамшылдық кетсе, кішіпейілділік оянады. Қара ниетті қойсақ, жақсы пейілге қол жеткіземіз. Дұшпандықтың орнын Аллаға сүйіспеншілік басады. Қиянаттың орнын уәдеге беріктік пен сенімділік басады.

4. Тілдің дәреті – өсек, өтірік, ғайбат сөз айтпау, адамдардың қателігін тілге тиек етпеу, бос сөйлеуден қашу. Өсек, өтірік айтуды қойсақ, шындық пен жан қиярлық сезімі туады. Ғайбат сөз, жала жабудан бас тартсақ, сүйіспеншілік, сыйластық сезімі оянады. Бос сөзді қойсақ, мәнді, мағыналы ойлар тілге ора- лады, Алланың аты ауызға алынады. Адамдардың кемшілігін жіпке тізуді доғарсақ, аяушылық пен мейірбандық сезімі орнығады.

5. Тәннің дәреті – кәдімгі біз білетін, бекітілген діни тәртіп бойынша таза сумен жуыну. Егер пайдасын санамалар болсақ, дәрет барысында бетін жуған адамның мақшар таңында жүзі жарқын болады деген үміт бар. Қолды жуғанда, қолы береген әрі жомарт болады. Сондай-ақ амал дәптері оң жақтан берілуі мүмкін. Аяқты жуғанда ақиретте жақсылыққа жетер жолдағы кедергілерді оп-оңай басып өту мүмкіндігі шығады. Міне осындай үмітпен дәрет алу – адамның Алла тағаланың разылығына бөленуге септігін тигізеді.

Дәрет алу барысында тән тазалығымен қоса жан тазалығын да шыңдау үшін мынадай кеңес беріледі: қолды жуғанда жүректі дүниеқоңыздықтан арылту қажет. Ауызға су бергенде тек қана жақсылық сөйлеуге бекінген жөн. Бет жуғанда Хақтан басқаға мойын бұрмауға уәде ету керек. Аяқты жуғанда, тек тура жолда жүруді мұрат қылу керек.

Дәрет – Алланың құзырына барудың алдын-ала жасалатын дайындығы. Аллаһ тағаланың құзырына баруға бекінгендер іштей және сырттай тазаруға ден қоюы керек. іші-сыртының біркелкі болғанын жан дүниесімен қалайтын адам іштей тазаруға да жіті көңіл бөледі. Сыртқы тазалық сумен, іштей тазалық тәубе етумен жүзеге асады.

Сүйікті пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде:

«Ашу-ыза – шайтаннан. Шайтан болса оттан жаралған. Олай болса, бойыңызды ашу-ыза кернегенде оны жеңу үшін дәрет алыңыз», – деп, дәреттің физиологиялық және рухани тұрғыдан пайдаларына тоқталған. 

0 пікір