БІРЛІК ПЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ САҚТАУ
БІРЛІК ПЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ САҚТАУ
2 ай бұрын 857

Ислам діні мүміндерді тек жеке тұлға ретінде кемелдендіріп дамытумен қалып қоймай қоғамның тыныштығын және амандығын да қамтамасыз ететін ұлы ұстанымдар қоғамға сыйлаған.  Қоғам мүшелерінің арасындағы қарым-қатынастың дін бауырластығы шаңырағының астында махаббатпен жүзеге асуын әмір етеді.  Сонымен қатар қоғамның әрбір мүшесін көпшіл, халықшыл болуға шақырып, қоғамның бір денедей болып қалыптасуына үлес қосады.  Мұны өз басынан кешірген қоғамдар бірлік пен ынтымақтың рухымен ұлықтанып, барша адамзатқа өнеге болар «ізігілік толы ғұмыр кешу» идеясын ұсына алады.

Қоғамдағы ең үлкен қауіп – пікір қайшылықтары, жік-жікке бөлінушілік, бір-біріне бас имеуден туатын анархия болып табылады. Әрбір мұсылманның бүліктен құтылып, пікір қайшылықтарына түспеуі үшін қарабайыр қалауы мен нәпсінің кедергісін бұзатын кәміл пікірге, бауырмалдық сезімге бой алдыруы қажет. Бұл Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүннеті және хуләфә-и рашидиннің (Төрт халифа: Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әли) жолын ұстану арқылы жүзеге асады.

Алла Тағала былай дейді:

«Барлығың бірдей Алланың жібіне жабысыңдар! Бөлінбеңдер! Сондай-ақ, Алланың сендерге нәсіп еткен нығметін еске алыңдар! Сендер бір-бірлеріңе дұшпан жандар едіңдер. Алла Тағала жүректеріңді біріктіріп, соның саясында бір-бірлеріңе бауыр болдыңдар»[1].

«Уа, иман еткендер!) Аллаға және Оның пайғамбарына бас иіп, бағыныңдар! Сондай-ақ, бір-бірлеріңмен жанжалдаспаңдар! Әйтпесе, үйрейленіп, күш-қуаттарың азаяды. Сонымен қатар, сабыр етіңдер! Алла сабырлы жандармен бірге»[2].

Ұлы Раббымыз мүміндерді бір жүрек тәрізді бірлік пен ынтымақ туының астында бірігуін әмір етеді. Бұл мәселені бұрынғы пайғамбарларға да уахи етуі [3] - адам баласының әрдайым бөлінуге құштар тұратындығын, әрі бөлінудің қоғамның өміршендігі үшін үлкен қауіп төндіретіндігін көрсетеді.

Нәпсі мен шайтан адамзат баласының ашқарақтық, күншілдік, пайдакүнемдік сияқты жағымсыз сезімдерін күшейтіп, адамдардың арасын бұзуға тырысады. Бұлар – екі дұшпанымыздың (нәпсі, шайтан) қолындағы бөлінушілікке бастайтын күшті һәм залалы мол құралы. Сондықтан мұсылмандар ешқашан бауырмалдық сезімдерін жоймай, бөлінушілікке жол бермеулері қажет. Өйткені бейбіт және тыныш өмір сүру мүмкіндігі бола тұра қайшылыққа түсіп, түсініспеушілікке жол беру - мүміннің ішкі жан дүниесіне кереғар нәрсе.

 «Мүміннің мүмінге деген жағдайы – бір-бірінен ажырамай нығыздалып ұстап тұратын ғимараттар секілді», - деп Алла елшісі өзінің мүбәрәк екі қолының саусақтарын бір-бірінің арасына қосып ұстап көрсеткен[4].

Сондай-ақ басқа бір хадис-шәрифінде былай дейді:

«Сендерге бірлік пен ынтымақта болуды, бөлінуден сақтануды насихат етемін. Өйткені шайтан жалғыз кісімен бірге. Ол екі кісіден аулақ болады. Жәннәттың дәл ортасында болуды қалаған жан мұсылмандардан айырылмасын»[5].

«Мүміндер бір-бірлеріне деген сүйіспеншілікте, бір-бірлеріне деген жанашырлықта және бір-бірлерін қорғауда бір дене іспетті. Дененің кез келген ағзасы ауырғанда, өзге ағзалардың ұйқысы қашады, қызуы көтеріледі. (Мүміндер де солай)»[6].

Алла елшісі (с.а.у.) бірлік пен ынтымаққа қандай да бір сызат түспеу үшін қоғамдағы мұнафиқтарды (екі жүзділерді) біліп тұрса да олардың аттарын сахабасы Хузайфадан өзге ешкімге айтпаған. Оларға өмір бойы жақсы мәміле жасап отырған.  Күллі машақаттарына шыдай білген. Тіпті Алла елшісінің уәзірі Әзіреті Омардың өзі мұнафиқтардың кім екендігін білмейтін. Ол біреу қайтыс болса Әзіреті Хузайфаға қарайтын. Егер Хузайфа дүние салған кісінің жаназа намазына қатыспаса, оның (қайтыс болған адам) мұнафиқтардан болғандығын аңғарып өзі де жаназаға қатыспайтын.

Сонымен қатар мұсылмандардың күнде бес уақыт жамағаттармен намаз оқуы арамыздағы қарым-қатынастың беріктігін, мықтылығын көрсетері хақ. Алла Тағала намаз, қажылық, зекет, құрбандық секілді құлшылықтар да мұсылмандарды рухани тұрғыдан ынтымақта болуға дайындайды.

Алла Тағала  Құран Кәрімде: «Намазды толық оқыңдар! Зекетті толығымен өтеңдер! Әрі Аллаға рүкуғ еткенмермен бірге, рүкуг жасаңдар!»[7].

Бір европалық елші Венгрияда жұма намаз оқу үшін аялдаған Осман империясының әскерлерін көреді. Олардың шын пейілімен жұма намазын оқып жатқандығын байқап, қайран қалып: «Түп-түзу саптар түзеген елу мың кісі имамның бір сөзімен қол байлайды. Барлығы бір денеге айналады. Артынша тек бір-ақ сөзбен елу мың кісі бірден Аллаға сәжде жасайды. Мынадай орасан зор көпшілікке бейшара христиан әскері қалай қарсы шыға алсын?!» - деп айтқан екен.

Алла Тағала былай дейді:

«Күмәнсіз Алла, өз жолында (кірпіштері) берік қаланған ғимарат секілді сап түзеп соғысқандарды жақсы көреді»[8].

Пайғамбарымыз (с.а.у.) Ислам жамағатынан ұзақтап, қоғамнан бөлек өмір сүріп өлуді «мұсылманша өмір сүрмей басы бос, уақыт өткізіп өлген қарабайыр надан дәуірдің адамының хәліне ұқсатқан[9].

Мұсылмандар бірлік пен ынтымақтан аулақ болып, бір-бірінен ажырап қалса, Алланың сүйіспеншілігінен махұрым болады. Әрі күш-қуаттарын жоғалтып, күйзеліске ұшырайды. Мұның қазіргі таңда мысалы көп.

Ұзын сөздің қысқасы, «ынтымақ – мейірімділікті тудырады, бөлінушілік – азапты тудырады», деген хадис шәриф сөзімізді түйіндей түсері хақ[10].

Сөз соңында Пайғамбарымыздың айтқан мына бір өсиет сөзін келтірелік:

Ибраз ибн Сария атты сахаба былай деп әңгімелейді:

«Алла елшісі (с.а.у.) бізге қатты әсер еткен насихат айтты. Осы насихаттың арқасында жүрегіміз жібіп, көзіміз жасқа толды. Біз оған:

-Уа, Расулаллаһ! Мына насихат – бақилық болар кісінің өсиетіне ұқсайды. Бізге қандай өсиет айтасың? – дестік. Алла елшісі (с.а.у.):

- Сендерге – Алладан қорқуды, оған тағзым жасауды, бастарыңа тіпті бір хабаши (эфиопиялық) құл басшы болса да дегеніне құлақ асып, бағынуды өсиет етемін. Менен кейін ғұмыр кешкендер көптеген қайшылықтарға (ихтилафтарға) тап болады. (Сол кезде) сендер менің сүннетіме және Халәфә-и Рашидиннің сүннетіне жабысыңдар (соған сай әрекет етіңдер)! Бұл сүннеттерді уыстарыңнан шығармаңдар. Кейіннен пайда болатын бидғаттардан аулақ болыңдар! Өйткені кез келген бидғат – адасушылық», - деді[11].

«Өркениет шыңындағы жауһарлар» атты кітаптан.
Авторы: Осман Нұри Топпаш.



[1] Құран Кәрім: «Әли Имран» сүресі, 103 аят.
[2] Құран Кәрім: «Әнфәл» сүресі, 46 аят.
[3] Құран Кәрім: "Шура" сүресі, 13 аят.
[4] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари». Салат. 88, Мазалим 5.
[5] Имам Тирмизи: «Сүнән» - Фитән. 7. 2165.
[6] Сахих Бұхари: «Әдәп». 27.
[7] Құран Кәрім: «Бақара» сүресі, 43 аят.
[8] Құран Кәрім: «Саф» сүресі, 4 аят.
[9] Сахих Мүслім. Имара. 53.
[10] Имам Ахмад: «Мүснәд». 4. 278, 375.
[11] Имам Әбу Дәуід: «Сүнән» - Сүннет. 5/4607.

0 пікір