«Бесінші тілек тілеңіз»
«Бесінші тілек тілеңіз»
2 жыл бұрын 1606
Нұрлан Сайлауұлы
Намаз – бұрынғы пайғамбарлардың шариғаттарында да болған. Мысалы, Ибраһим пайғамбар (а.с.) өзінен кейінгі ұрпақтарының намазхан болғанын қалап, дұға қылады: «Раббым! Мені әрі ұрпағымды намазды толық орындаушылардың қатарынан қыла гөр! Раббым! Тілегімізді қабыл ете гөр».

Лұқман (а.с.) баласына айтқан өсиетінде: «Әй, ұлым! Намазды толық орында, жақсылықты бұйырып, жаманшылықтан тыйыл. Басыңа түскен ауыртпашылыққа сабырлы бол. Расында бұлар маңызды істер» деген болатын.

Мұса пайғамбарға да (а.с.) Алла Тағала «Рас, мен Алламын. Менен басқа тәңір жоқ. Маған ғана құлшылық қыл. Мені еске алу үшін намаз оқы» – деп намаз оқуын әмір еткен.

Иса (а.с.): «Мен Аллаһтың құлымын. Ол маған кітап берді, мені пайғамбар қылды. Қайда болсам да мені құтты һәм мүбәрак жандардың қатарынан қылды. Тіршілігім бойынша (өмір бойы) маған намаз оқуды, зекет беруді бұйырды».

Израйл ұрпақтарының намаз оқу үшін уәде бергенін Құран кәрім былай баяндайды:

«Бір кездерде Исраил ұрпақтарынан: «Аллаһтан басқаға құлшылық қылмаңдар, әке-шешеге жақсылық істеңдер, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге қамқорлық жасаңдар, адамдарға жылы сөз сөйлеңдер, намазды толық орындаңдар және зекет беріңдер» – деп  ант алған едік».

Шұғайып пайғамбар да (а.с.) көп намаз оқитын, намаз оқығаны үшін айналасындағылар оны келемеждейтін. Ысхақ, Жақып, Зәкария (а.с.) да намаз оқитын. Біз бірақ олардың күніне қанша рет және қалай оқығанын білмейміз. Қазіргі таңда христиандардың, яһудилердің т.б. діндерінде намазға ұқсас құлшылықтар кездеседі. Бұл Құран аяттарындағы шындықты дәлелдей түседі.

Түсінгенге шынайы оқылған намаздың адамға берері мол. Ол ырыс-несібені арттырады, денсаулықты шыңдайды, барша жаманшылық атаулыдан алыстатады, жүректі нұрландырады, жан тыныштығына бөлейді, он екі мүшенің белсенділігін арттырады, жігер сыйлап, рухқа нәр береді. Шайтаннан алыстатып, мейірімі шексіз Аллаға жақындатады.

Егер намаздан асқан құнды да мәнді құлшылық болғанда, періштелер сол ғибадатты атқарар еді. Ондай ғибадат болмағандықтан періштелер басын сәждеден алмай, кейбіреулері Хақ тағалаға тағзым етіп, еңкейген күйінде ақыретке дейін рүкүғта тұр. Енді біреулері Алла Тағаланың пәктігін ғаламға паш етіп, тікеден-тік қиямда тұрып үздіксіз құлшылық жасауда. Біз бұдан Алла Тағаланың өзіне ең жағымды құлшылықты пәктігі мен тазалығы тамсандыратын періштелеріне және Өзінің жер бетіндегі халифасына бағынатын адамзатқа парыз қылғанын ұғамыз. Жұмыр басты пендені жамандыққа итермелейтін нәпсісі болса да, намаз оқу арқылы дәрежелері асқақ, пәк періштелерден де асып кете алатынын білеміз. Ал, сондай мәртебеге лайық адам нәпсіге ергенде, құлқынның құлы болып, айуанға айналып кетуі де ғажап емес. Пенденің ақылы толысқан мұсылман болуы, шаттықпен ғұмыр кешуі және иманды күйінде көз жұмуының басты кепілі намаз болса керек.

Араб тілінде адамды «инсан» деп атайды. Біздің тілге аударсақ, «ұмытшақ» деген мағынаға саяды екен. Алла Тағаланың үйіп-төгіп бере салған мол нығметтерінің егесі кім екенін тарс ұмытып, адамның сол ырыс-несібенің есебін ойламауы, я бір сәтке болса да ертеңгі күнге көз жібермеуі осымен астарласып жатса керек. Біздің күйімізді бізден де жақсы білетін Алла Тағала екі аяқты пақырдың ұмытшақтығын да назардан тыс қалдырмай, диірменнің тасындай зуылдаған бір тәуліктің 24 сағатын бірнеше бөліктерге бөліп, сол бөліктердің белгілі бір мезеттерінде, жасаған амалдарына есеп беріп, таразылап, бұйырған барлық ырыс-берекелерді ұмытпай, әрдайым Өзін еске түсіріп тұруымызды қалаған. Бес күндік пәниде бала-шаға бағу, күнкөріс секілді дүние тіршіліктері Алланы ұмыттыруы мүмкін. Ал Алла Тағаланы ұмытқан адам дүниеде де, ақыретте де оңбайды. Сондықтан мұсылмандар күндіздің белгілі уақыттарында дүниенің алдамшы істерінен бойды тежеп, Жаратушыны еске алып намаз оқиды. Ғибадат арқылы өздерін жамандықтан тыяды, шынайы рызық берушіні таниды. Құран кәрімде де Алла Тағала: «Расында, намаз мүминдерге белгiлі уақыттарда (оқу үшін) парыз қылынды», – деп уақытылы намаздың маңыздылығын білдірген. Бірақ Пайғамбарымыз (с.а.с.) бен сахабалар жеті қараңғы түнде Алладан бір сәтке болсын ғапыл қалудан қорқып, күндізгі бес уақыт намазды жеткілікті санамай, түнгі Таһажжуд намазын да оқыған.

Құл намаз арқылы Алланы еске алып отырады. Нығмет атаулының иесі Алла екенін намазда мойындап, бас иеді. Бабамыз Бұқар жыраудан қалған әйгілі «Тілек» деген толғауында:

«Бесінші тілек тілеңіз,

Бес уақытта бес намаз,

Біреуі қаза болмасқа» – деуі де тегін емес. Бабамыз халқына қарбаласы бітпейтін өмірдегі негізгі тілектерінің бірі етіп бес уақыт намаздың қаза болмауын тілеуі осы ойымызды әрлей түсетіндей. Хадистердің бірінде: «Намаз – діннің тірегі»–делінген.Тірексіз үй болмайды. Исламды ғаламат «үйге» баласақ, сол «үйдің»тіреуі һәм тірегі – намаз болар еді. Ендеше, намазхан бауырларымыз діннің тірегін тұрғызуда. Сондықтан да дініміздің іргетасы берік, керегесі кең, шаңырағы шайқалмауы үшін намазға ерекше көңіл бөлуіміз керек.

1 пікір