Басы бос мұсылман әйелдерге арналған 10 кеңес
Басы бос мұсылман әйелдерге арналған 10 кеңес
5 жыл бұрын 5331 islam.plus
Аударған Меруерт БАҚДӘУЛЕТҚЫЗЫа

Әйел болу - бұл Алланың игілігі. Біздің иелігіміздегі барлық нәрсе, бұл - Алладан берілген сый, ал адам әрқашан сыйлықты алғыспен қабылдау керек, ол өзіндегі бар нәрсесіне разы болып, өзінде жоқ нығметке, дүниеге көңілін түсірмеуі қажет.

Шынында өмір жолында баршамызды бақытқа апаратын айқындалған белгілі бір жол жоқ. Әркімнің тағдыр белесі түрліше, әрқайсысымыздың әртүрлі мұқтаждықтарымыз бар әрі әрқайсымыз түрлі жағдайларда өмір сүрудеміз. Дегенмен жалғыз басты мұсылман болған күннің өзінде өмірдің жақсылығын сезініп, рақат алу жөнінде әлемнің сан қилы тараптарында тұратын достар мен туыстардың, әріптестердің пікірлері мен кеңестерін жинастырып, назарларыңызға ұсынуды жөн көрдім.

 1. Сіздің міндетіңіз - ӨМІР СҮРУ

Сіздің өмір жолыңыз сізге ұнай ма, әлде көңіліңізден шықпай ма, бәрібір біз мына дүниеге келген соң өмір сүруге тиістіміз. Өзіңіздің билігіңізде, қолыңызда тұрмаған дүниені қайғырып ойлап, бос армандарға уақытыңызды кетіруден қандай пайда көрдіңіз? Ұлы Жаратушының жоспарына сеніңіздер және Алла ең жақсы жоспарлаушы екенін ұмытпайық!

  2. Қанағаттану және қабылдау

Әрқашан өзіңізде бар нәрсеге көңіл аударыңыз әрі оны барынша пайдалануға тырысыңыз. Сіз қазіргі өміріңіздің барлық аспектілерімен рақаттаныңыз және өнімді мақсаттарға жету үшін уақытыңызды барынша тиімді пайдаланыңыз.

Тыңдаңыз, барлық игіліктеріңізді  есептеңіз және өзіңіздің жеке тұлғаңыздан табылатын барлық оң аспектілерді дамытыңыз.

Мысалы, достарыңызбен жемісті қарым-қатынас жасаңыз, өз-өзіңізге сенімді болыңыз немесе жаңа нәрсені бастап көріңіз. Ешқашан басқалардың қолында бар нәрселерге қарамаңыз, себебі сіз оларға шын мәнінде не жетпейтінін, ішкі сырын білмейсіз. Осы орайда Теодор Рузвельт: «Салыстыру қуанышты жояды» деп көрікті ой білдірген. Сондықтан ешқашан өзіңізді басқалармен салыстырмаңыз, тек өз-өзіңізбен жұмыс жасап, өзіңізді рухани дамытыңыз.

  3. Назар аудару

Сізді бақытты ететін игіліктерге назарды шоғырландырыңыз әрі өзіңіз жайында білуге, өзіңізді тереңірек тануға ​​тырысыңыз. Өзіңіздің ісіңізге, жұмысыңызға, оқуға, әуес ісіңізге назар аударыңыз, жаңа дағдыларды меңгеріңіз немесе бойыңызда бар игі қасиеттерді кемелдендіріңіз. Барлығына бақыттың шуағын таратуға тырысыңыз. Сізді бақыт пен жеке қанағат сезіміне бөлейтін уақыт пен күш-қуатыңызды шынайы пейіліңізбен барлық адамдарға таратыңыз.

  4. Ерлер мен неке түпкілікті әрі жалғыз мақсат емес

Неке - денсаулық, бақыт, кәсіп сияқты Алланың мейірімі. Бұл барлық адамдарға тұтас арналмаған. Сондай-ақ неке сіздің жалғыз мақсатыңыз емес, оны Алланың құзырына қалдырыңыз.

Некеге тұрмағандықтан, сізді сынайтын, мысқылдайтын адамдардың барлығын елеусіз қалдырыңыз (өмірде әрқайсысында осындай ниеттегі туыстар мен таныстар бар екендігі шындық, олар "жақсы ниетпен" сөйлеген сияқты бола тұра, сіздің жаныңызды әдейі ауыртып, өзіңізді қолайсыз, ыңғайсыз жағдайға қалдыратыны ақиқат). Оларға көңіліңізді түсірмеңіз, өйткені тағдыр жайлы сын айту-өте күрделі дүние, сондай-ақ сіздің тағдырыңыз олардың қолында емес.

Аталмыш мәселе жайында өзіңіздің ештеңе істей алмайтыныңызды ұмытпаңыз, себебі, ол Алланың құзырындағы іс, ал жұбайыңыздың есімі (егер ол сізге арналған болса) сіз тумастан бұрын жазылған ... сондықтан тағдырды  асықтыра алмайсыз...

   5. Өзіңізді және айналаңызды жақсы көріңіз

Аллаға сенім артыңыз, мейірімді Жаратушыны көп еске алыңыз, өзіңізді жақсы көріңіз және өзіңізге сеніңіз, Жаратушы Аллаға сенім арта отырып, өзіңіз барлығын жасай алатындығыңызға үміт артыңыз. Өкінішке қарай, егер сіз қазір басыңыз бос болған кезде өзіңізді де, өміріңізді де жақсы көруге үйренбейтін болсаңыз, сіз некеде болған кезде де бақытты бола алмайсыз. Баяу тыныс алуды үйреніңіз, ұсақ болсын пайдалы нәрселерге уақыт тауып, асықпауға үйреніңіз.

  6. Өзіңізді түсініңіз, таныңыз

Өзіңіздің құндылықтарыңызды әрі сіз кім боласыз және сіздің кім болғыңыз келетінін (мансап, қызмет, дүниетаным, мінез-құлық және т.б.) түсіну-бақытты табудың маңызды қадамы. Өзіңізді тану жолында өзіңіз бұрын жасай алмайтын сияқты көрінген нәрселерді шындығында жасай алатыныңызды білгенде сөзсіз  таңғаласыз. Бұл сізге күш беріп қана қоймайды, көп нәрселерге соншалықты қабілетті екендігіңізді түсіндіріп, қанағат сезімі мен бақытқа бөлейді. Өзіңізді сынап көріңіз,  жаңа дүниені бастап көріңіз, сонда ғана сіз өзіңіздің ұнататын және ұнатпайтын нәрсеңізді анықтай аласыз әрі ол сізге шаттық сыйлайды.

   7. Тұрақтылық

Өзіңізге не ұнайтынын, не істегіңіз келетінін түсінгеннен кейін нәтижелерін көру үшін жасаңыз. Тұрақтылық-табысқа жеткізетін кілт. "Жемісін" жинау үшін сіз сабырлық танытып, күтуді  үйренуіңіз қажет. Пайдалы, қайырлы амалдар жасасаңыз,  бірнеше аптадан немесе айдан кейін сізге солардың оң  ықпал еткенін аңғарасыз.  

Қайырымдылық жолындағы шараларға қатысыңыз, волонтерлық ұйымға қосылыңыз - бұл сізге өзіңізді қоғамға пайдалы әрі қажет  екенін сезінуге көмектеседі және сізге көп энергия беріп, өзіңізді бағалауыңызға  мүмкіндік   береді, өзіңізге деген құрметіңізді артырады.

    8. Өзіңіздің көкжиегіңізді кеңейтіңіз

Ислам - жеке және ұжымдық дін. Мұсылман ретінде сіз ешқашан жалғыз қалмайсыз. Сіздің әлеуметтік шеңберіңізді әртараптандыру өте маңызды. Әртүрлі әлеуметтік сыныптардан, ұлттардан, діндерден және т.б. көптеген ізгі достар өміріңізді байытып, өмірді жақсы түсінуіңізге, тәжірибеңіз бен біліміңізді арттыруға көмектеседі.

   9. Айналаңызды тексеріп, барлығынан жақсылық, рақат іздеңіз

Кейбіреулер хиджабтағы мұсылмандарды әр нәрседен шектелген, қоғамнан қалыс қалған деп есептейді, алайда бұл түсінік пен бағалау шындыққа мүлдем жанаспайды. 

Мұсылман әйелдердің киімдері ешқашан олардың еркіндігіне нұқсан келтірмейді, олар да әлемді өзгелер тәрізді саяхаттап,  пайдалы дүниелерді, әлемді тани алады, барлық игіліктерді үйрене алады. Ал шариғат шәлісі оларға әлемді тануға, білім алуға, кәсіп жасауына ешбір кедергі келтіре алмайды.

Көптеген адамдар ойлағандай, өмірде рақат табу, жақсылықты үйрену, өзіңді танып, дамыту-айыпталған немесе жаман дүние емес. Ал сіз некеде болмағандықтан, бос уақытыңыз бен еркіндігіңіз көбірек болғандықтан, егер жар немесе ана болған кезде өзіңізге қиындық тудыратын нәрселерді осы кезден үйреніп, жасауға тырысасыз.

   10. Өзіңіздің рухани жағыңызбен үйлесімді болыңыз

Ұлы Аллаға бойұсынып, тек Жаратушыға ғана арқа сүйеңіз, осы бағытта рухани мұқтаждықтарыңызды елеусіз қалдырмаңыз. Мұсылман дәрістеріне қатысыңыз, өзіңізді ізгі адамдармен және мүмін достарыңызбен қоршаңыз. Мұсылмандардың достары үнемі ислам туралы әңгімелесуді білдірмейді, алайда тек Алланы еске түсіретін адамдармен әңгімелесіп, көңіл көтеруді үйренеді, намазды дұрыс оқуды, насихат жасауды, Ұлы Жаратушының еске алуды, Құранды  түсінуге, амал етуге шақырады, бұл сіздің жүрегіңізді тазартуға және Алламен рухани қарым-қатынасыңызды туралап, нығайтуға көмектеседі.

Қорытынды...

Өмірде бақытты табудың қысқаша нұсқаулығы, болмаса белгілі бір сиқырлы жолы жоқ, негізінен, бақыт - кез келген эмоция сияқты мәңгілікке созылмайтын уақытша жағдай. Сондықтан біз әлемде қанағат пен тыныштықты сезінуге тырысуымыз керек.

Елизабет Гилберт «Тамақ ішу, ғибадат, сүю» фильмінде осы дүниедегі адамның миссиясын  былайша қорытындылайды: «Сізге өмір берілді; бұл сіздің өміріңізде қаншалықты маңызды болса да, өміріңізде әдемі, пайдалы нәрсені табу сіздің міндетіңіз (адам ретіндегі құқығыңыз). 

0 пікір