«Арабтың Лоуренсінен» мұсылмандар не көрді?
«Арабтың Лоуренсінен» мұсылмандар не көрді?
9 жыл бұрын 5915
Салтан САЙРАНҰЛЫ

Жақында Лондон қаласында Арабиялық Лоуренс деген есіммен танылған ағылшын агентінің өз қолымен сызған картасы 100 мың фунт стерлингке (шамамен 30 миллион теңге) бағаланып, бәссаудаға қойылды. Әбден сарғайып кеткен картада Арабия түбегінің солтүстік аймақтары бедерленген. Нақтырақ айтсақ, Лоуренстің Нефуд шөлі арқылы Ақаба айлағына дейін жүріп өткен жолы сызылған. Сарапшылардың айтуынша, бұл Лоуренстің картограф досы Дуглас Каррутерске жүріп өткен жолын көрсету үшін сызып берген картасы екен. Картада, сондай-ақ, шөлдің өте қиын климаттық жағдайларында қалай өлмей тірі өтудің де жолдары жазылған көрінеді. Карта 1962 жылы Британияның Азия ісі жөніндегі Королдік қоғамдастығына сыйлық ретінде табысталған. 

Жалпы бұл картаның иесі болған Лоуренс кім болған? Оның Ислам әлеміне қандай қатысы бар? Неге «Арабиялық Лоуренс» атанған? Сауд Арабиясы не себепті ағылшын агентін осы күнге дейін «халық қаһарманы» деп біледі? Міне, осы сұрақтарға мақаламызда жауап іздеп көрмекшіміз. Себебі, осы Лоуренс егіп кеткен ылаң мен бүліктің тұқымы әлі күнге дейін Таяу Шығысқа береке мен тыныштық берер емес.

 

Некесіз туған Лоуренс...

Томас Эдуард Лоуренс 1888 жылы Солтүстік Уэльстің Тремадок қаласында дүниеге келеді. Шешесінен некесіз туады. Әкесі ­– ирландиялық барон Томас Чэпмен төрт баласының бағушысы болып қызметте жүрген Лоуренстің шешесіне көңілі ауып, зинақорлыққа барады. Нәтижесінде осы Томас  Лоуренс дүние есігін ашады. Лоуренс қарадан туса да, әкесінің даңқымен ақсүйектердің балалары баратын оқу орнында оқиды.

 

Археологиялық экспедиция ­– «қой терісі» ғана...

Мектептен кейін Лоуренс Оксфорд университетіне түсіп, ол жерде «Крест жорығының Еуропаның әскери сәулетіне әсері» атты ғылыми зерттеу жұмысымен Таяу Шығысқа, яғни Сирияға барады. Ол жерде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан Хогарт есімді профессордың экспедициясына қатысады. Бұл жұмыстардың барлығында Лоуренс зеректігімен Хогарттың көзіне түседі. Хогарт та оны жақын тартып, оған Сирия мен Палестина аймақтарына қатысты жұмыстар тапсырады. Бірақ, археологиялық тапсырмалар емес, Османлы мемлекетінің әскери гарнизондары орналасқан жерлердің топографиясын түсіру жұмыстарын береді. Бұның бәрін бастапқыда Лоуренс түсінбейді. Кейін Бірінші Дүниежүзілік соғыс басталарда Хогарт өзінің британдық барлау қызметінде жұмыс істейтінін айтады. Ал археологиялық экспедиция тек жамылып жүрген «қойдың терісі» ғана болған. Кезіндегі қазақ даласын зерттейміз деп келген Ресейдің экспедициялары тәрізді. Бұл жайында ағылшындардың танымал жазушысы Р. Олдингтон былай дейді: «Қорғаныс министрлігінің талабы бойынша, археологиялық экспедиция жұмыстарын жамылып Синай түбегінің топографиялық түсірілімін алу туралы шешім қабылданды. Бұл жұмыстың ішінде Лоуренс те болды». Лоуренсті ұнатып қалған Хогарт оған да барлау қызметін ұсынады. Лоуренс келіседі.

 

Әмір Файсал және Лоуренс

Осылайша ағылшындар оны араб тілін мектеп кезінен меңгеріп бастағандықтан арабтардың ортасына жібереді. Бұл жерде Лоуренс арабтардың дәстүрін, ғұрпын, әдетін терең зерттеп, әбден меңгеріп, тіпті, Ислам дінінің де шарттарымен етене танысады. Былайша айтқанда арабтармен тонның ішкі бауындай араласып кетеді. Мекке ханзадасы Хүсейн бин Әлидің ұлы Әмір Файсалмен де етене жақын достық қарым-қатынасын құрады. Оның сыйға тартқан арабтың дәстүрлі киімін үстінен, мылтығын жанынан тастамай, түйемен араб жазираларын шарлайды. Соңында арабтардың төрінде емін-еркін жүре алатындай сенімге ие болады. Тіпті оның мына сөзі арабтарды, жалпы Ислам әлемін қалайша терең зерттегендігін айғақтайды: «Шөлдің қарапайым бәдәуилері қонақжайлық дәстүрін қатты қадірлейді. Егер оларға қарусыз, ақ пейілмен баратын болсаңыз, діннен шыққандарға да қастандық қылмайды. Себебі, бейбітшілікті ту етіп, саяқ жүрген мүсәпірді өлтіру олардың нанымдарында жәннатқа жетелейтін жол емес».

Бұл жүрісімен Лоуренс жай жүрмей, мемлекетінің де жұмысын атқарып жүреді. Ол мұнай көздерін іздеп, саяси және этнологиялық мәліметтер жинай бастайды. Месопотамия, Палестина, Сирия, Мысыр елдерін түгел аралап шығады.

 

Негізгі міндетке кірісу...

Бірінші дүниежүзілік соғыс басталғанда Лоуренс ағылшын әскерінде капитан шенін алып, Мысыр астанасы Каирге Араб ісі жөніндегі бюроға қызметке келеді. Ол жерде ағылшын әскерінің ақпарат алу қызметіне кіреді. Лоуренстің арабтармен болған өте жақсы қарым-қатынасы оның ағылшын және араб күштері арасындағы өзара байланыс қызметіне келуіне себеп болады. Осылайша Лоуренс 1916 жылдың қазан айында арабтардың ұлттық ішкі іс-шараларынан есеп беріп тұру үшін шөлге жіберіледі. Ол жердегі негізгі міндеті Османлы мемлекетінің қоластындағы араб өлкелерін билеуші Османлы мемлекетіне қарсы көтеру еді. Осылайша жылдар бойы Османлы мемлекетінің қоластында бейбітшілік пен тыныштық ішінде өмір сүріп жатқан араб өлкелерін тәуелсіз ұлт, дербес ұлыс  болып өмір сүру қажет екенін үгіттейді. Араб көшбасшыларымен кездесіп, Османлы мемлекетінен құтылудың уақыты келгенін айтады. Міне, ол дәл осылай арам пиғылын жүзеге асыра бастайды. Мұндағы түп мақсат ­­– күллі мұсылман үмбетін бір арада айрандай ұйытып отырған Османлы мемлекетінен парша-паршасын шығарып бөліп алып, билеу еді.

Ақыры дегеніне жетеді. Ол Мекке ханзадасы Хүсейін бин Әлидің ұлы Әмір Файсалдың қолбасшылығындағы азат ету әскеріне қосылып, Османлы әскеріне қарсы партизандық күрес бастайды. Сол жерде Әмір Файсалдың әскери кеңесшісі болады.

Лоуренс Файсалға Хижаз аймағындағы түріктердің Мәдинаға қатынайтын теміржолын кесуді кеңес береді. Себебі, теміржол қатынасы үзілетін болса, Османлы мемлекетінің Мәдинаны оқ-дәрі, қару-жарақпен қамтамасыз етіп тұрған байланыс тоқтайды. Бұл Османлының Араб мемлекеттеріне деген пәрменін әлсіретеді.

Файсал Лоуренстің кеңесіне құлақ түреді. Осылайша Англия Абдулазиз бин Саудты мол ақшамен, қару-жарақ, оқ-дәрімен, тағы да басқа қажетті жабдықтармен қамтамасыз етеді. Сөйтіп, бес қаруын сайлаған арабтар түрік әскерінің Хижаз аймағына керек-жарақ жеткізу мақсатында пайдаланып жүрген теміржолына тосқауыл орнатып, шабуыл жасайды. Түрік әскерлері болса, әрі қаланы қорғаймыз деп, әрі шабуылға ұшыраған теміржолды жөндейміз деп абдырап, әлсіреп қалады. Бұл сәтті жақсы пайдаланған Лоуренс Ақаба мен Сирияны басып алады. Бұл өз кезегінде Британияның Палестинаға басып кіруіне үлкен мүмкіндік береді. Ағылшындар бүлікші арабтарды да Йемен, Палестина, Ирақ майдандарында өз әскерлерінің сапына алады.

 

Арабтардың халық қаһарманы!

Осылайша Лоуренс Араб әлемін Османлылардан бөліп жарып, Британияның отаршылдығына әкеп соқтырады. Яғни, Араб өлкелерінің үлкен бөлігі Британияның ықпалы астында қалады.

1916-1918 жылдардағы Ұлы Араб көтерілісінде маңызды рөль атқарған британиялық офицер, әскери стратег, шпион-агент, жазушы Лоуренс Бірінші Дүниежүзілік соғысы бітіп, Османлы мемлекеті құлаған кезде, міндетін тамамдап Британияға қайтады.

Лоуренс арабтарды Таяу Шығыста салтанат құрған бейбітшілік пен әділетті билік жүйесіне қарсы айдап салып, арандатқан тыңшы. Алайда, арабтардың көбі оны Османлы және Еуропаның бірқатар мемлекеттеріне қарсы арабтарды азаттық күреске шақырғаны үшін «халық қаһарманы» ретінде қабылдайды. Британдықтар да Лоуренсті «соғыс қаһарманы» деп біледі.

Лоуренс 1935 жылы 26-шы ақпан күні зейнетке шығып, осы жылдың 19-шы мамырда мотоциклмен жол апатына ұшырап, 46 жасында өледі.

 

Ең үздік...

Британдық Азия ісі Корольдік қоғамдастығы 1935 жылдан бастап барлау, зерттеу, әдебиет салаларында ерен еңбек еткен жандарға Т.Э.Лоуренстің құрметі үшін тағайындалған «Арабстандық Лоуренс естелік медалі» марапатын бере бастады.

Лоуренс жайында 1962 жылы «Арабиялық Лоуренс» фильмі түсіріледі. Фильм «Оскар» (1963 жыл), «Алтын глобус» (1963 жыл), «Британ академиясы» (1963 жыл) сыйлықтарына ие болады. Сондай-ақ, «Барлық кезеңнің британдық 100 үздік фильмі» тізімінің ең басынан орын алады. Міне, Ислам мемлекетінің ішіне ылаң салып, бүлік қылған ағылшын агенті жайындағы фильм осындай марапаттарға ие болады. Бұл марапаттардың саясаты бәрімізге мәлім ғой. Ислам дініне кір жағып, күпірлікке толы роман жазғаны үшін Салман Рушдиге де Букер сыйлығын берді емес пе...

 

Лоуренс салған ылаңның жалғасы...

Міне, бүгінде сол Лоуренстің белсенділік танытып, үлес қосуымен бөлініп-бөлініп кеткен мемлекеттердің басынан әлі күнге дейін бүліктің бұлты арылмауда. Сирия, Палестина, Ирақ, Мысыр... Батыс бұл мемлекеттерді былай бөліп алса, енді сол бөлінген мемлекеттерді тағы да бөлшектеуді қоятын емес. Себебі, мұсылман үмбетін осылай бөліп-бөліп, бас құратпай билеу олар үшін тиімді тәсіл.

1 пікір