Америка, Еуропа секілді елдердің білімі неге озық тұрады?
Америка, Еуропа секілді елдердің білімі неге озық тұрады?
5 жыл бұрын 3329
Мұхитдин ИСАҰЛЫ

Хакім Абай адамды кемел адам болуға, тұлғалыққа шақырады. Ол сол тұлғалыққа жетелейтін нәрсе ақыл екенін айтады. Адам өмірдің ақ пен қарасын ажыратып, ненің жалған, ненің шындық, ненің жаман ненің жақсы екендігін білгісі келсе сол ақылға жүгінуді, ақылды алғырлыққа үйретуді, алға тартады. Сол себепті дана Абай «ақыл – мизан» деп отыр. «Мизан» дегені кәдімгі таразы. «Ақыл – мизан, өлшеу қыл» дейді. Иә, расында мына ұшы-қиыры жоқ ғаламның бір бөлшегі болып тұрған Сатурн планетасының қасында біздің жер, түйенің жанындағы түймедей кішкене ғана. Сол түймедей жер шарының бетінде жеті миллардтан астам адам баласы илеудегі құмырсқадай қыбырлап ғұмыр кешуде. Құс жолы галактикасынан жер шарына қарайтын болсаңыз тіпті де адамзаттың халі елеусіз көрінбек. Әйтсе де, ақиқатында олай емес. Сол самсаған сансыз жұлдыздар мен құжынаған планеталардың қасында сол болымсыз адам баласы өзінің ақылымен асқақ болмақ. Бала күнімізде ауылдың кішкене балалары өзінен неше мәрте үлкен түйенің бұйдасынан ұстап жетектеп жүре беретін. Нақ сол секілді, ғаламзаттың ішінде адамзат қанша кішкене болса да ол алыптардан адамның айырмашылығы ақылында, ақылын өлшеу қылуында. Міне, сондықтан ақылын өлшеу ете білген адам ғана тұлғалық биікке жетпек, деу осыдан. 

Әлемде Америка, Еуропа секілді алпауыт елдердің неге өзге елдерден білімі озық тұрады? Өйткені, олар өз елдерінің дамуы үшін, тек өз ақылдарын ғана емес, жер бетіндегі дана адамдардың даналығын, жаңалық ашқан жастардың жаңалықтарын да қалдырмай пайдаланады. Олар кісіні алмайды, ісін алады. Міне, мықты елдер жер бетінің қай жерінен жаңалық, даналық шықса жоғалтқан дүниесін тапқандай қуанып, дереу қабылдайды. Кедей Африкадан табылыпты, қалыс моңғол айтыпты ғой, ендеше қажет емес, деп шіренбейді. Ал мешеу қалған елдерде адамдары топтарға бөлініп, тобырлықпен өз-өзінің кішкене жалауларының желбіреуін ойлап, басқа біреуінен бір жаңалық, жақсылық шыға қалса соны жабылып жоқ қылуға тырысады. Немесе, пәлен адам бір ғажап ой, пікір айтыпты десе, сол айтылған ойды емес, ең алдымен айтқан адамды қадағалайды. Егер ол елге танымал біреу болса не өзін жақтайтын біреу болса ғана қабылдайды, ал олай болмаса айтылған пікір ғажап болып тұрса да, кері итеріп тастаудан тайынбайды. Ал егер, сол адам сол жаңалығын бөгде елге барып танытып, әлемге мойындатар болса, онда өз елі сол кезде ғана «е, елдің қамын ойлаған ер!» ғой деп, жүрегі елжірей қалады. Ал, елге әйтеуір бір жағдаймен танымал болып, өздерінің «дана» санаған адамдарының бірінің сөзі болса, ол айтқаны түкке тұрмайтын бірдеңе болса да, «сол кісі айтты» деп, қабылдай кетеді. 

Екіншіден, жетілген елдердің тағы бір ерекшелігі екі мықты бір мәселеде дауласа қалса, ешқашан бір-бірлерінің өткен-кеткен кемшілігін қазып, жеке басына тиіспейді. Өйткені, екеуінің таласудағы мақсаты сол мәселедегі ақиқатты табу ғана. Сондықтан, екі адам бір мәселеде қанша дауласса да, мәселенің анық-қанығы шешілген соң, қай жеңгенін құттықтап, тіл табыса құшақтасып, қол алыса біледі. 

Ал осындай рухани құндылық біздің қазақтың маңдайына біткен бе? Иә, елінде осындай құндылығы болып тұрған шақта біздің қазақ өте мықты ел болған еді. Сонау ғұн мен сақтан бастап, бергі жағы түркі жұрты болып одан кейін қазақ атанып тұрғанда да осы құндылық бар еді. Оның негізі, ақиқат сөзге, әділ уәжге тоқтай білу әдебі болатын. Ол әдеп, тіпті аңыз-ертегілерде де айтылып, бала жастан халықтың санасына құйылып отырған. Мысалы, тазша баланың ханның алдында «дат, тақсыр» деп кіріп баруы, ханның да оның сөзін тыңдай білуі осыны көрсетеді. Осындай ата-бабалардан қалған әдептің асыл құндылықтарын хакім Абай халқына аманат ете білген: 

«Ақыл сенбей сенбеңіз, 
Бір іске кез келсеңіз.
Ақсақал айтты, бай айтты,
Кім болса, мейлі, сол айтты –
Ақылменен жеңсеңіз» деп, бір істе сен кімнің кім екендігіне қарама қайта, кім не дегеніне қара дейді. Абай хакімнің «Ақсақал» дегені бір ру елдің көсемі не бір ауылдың пірі де болуы мүмкін. Алайда, атақты адамның сөзінің бәрі де дөп тие бермейді. Адам болған соң қателесетін кезі болады. Кім болса да, не дегеніне әрі сол айтқаны қисынға сәйкес келе ме, соған қара дейді. 
«Аят, хадис емес қой,
Күпір болдың демес қой,
Қанша қарсы келсеңіз» дегенде хакім Абай ақылды таразы етіп, алдыңызда тұрған кім болса да, егер қисынға сәйкес келмесе қарсылық білдіріп, өз ойыңды айта біл дейді. 

Осылайша, өз ойын айта білу адамды біртіндеп тұлғалыққа, кемелдікке жетелемек. Тіпті, ол оның ұстазы болса да шәкірт өз ойын іркілмей айту білуі керектігін Абай хакім қатты ескертеді. Өйткені, бұндай жақсы үрдіс ұстазға да, шәкіртке де пайдалы. Ұстаз да адам болған соң қателеседі. Сол себепті, шәкірт ойын айтып, ұстаз оны тыңдаса, ол шәкірті арқылы өзінің жаңылысын табады. Өзінің жаңылысын тауып отырған өзінің шәкірті болған соң бұл ұстазға да ауыр келмейді. Мұның нәтижесін қазақ «ұстаздан шәкірт озар» дейді. Шәкірті өзінен озған ұстаз ғана нағыз ұстаздық мақсатқа жетеді. Екіншіден, егер шәкіртінің пікірі жаңылыс болса, ол да өз пікірінің жаңылыс екендігін ұғынып, ақиқатты табады. Егер ол «ұстазым ғой, ауыр тиіп кетпесін» деп, көлгірлік жасаса, ақиқаттан алыстайды. Мұны Абай хакім «Жақынның сөзі тәтті деп, жақыным айтты дей көрме» деп жанашырлық ескерту жасайды. 

Бірақ осындай ақыл-бірлікке ие болу үшін адамға нендей нәрсені білу керек дегенге, Абай «Қара сөзінде» жауап беріп, жалаң ақыл еш нәрсеге қол жеткізе алмайтындығын баса айтып: 
«Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті:
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» дейді. 

Бірақ осы үшеуі үш бөлек тарап кетсе онда адамның адамшылығы қалмайтынын айтып, қайрат, ақыл және жүректің ерекше қасиетін атап, ғылымға жүгінетіні бар. Сонда ғылым: «Сен үшеуіңнің басыңды қоспақ – менің ісім, депті. Бірақ сонда билеуші, әмірші жүрек болса жарайды. Ақыл, сенің қырың көп, жүрек сенің ол көп қырыңа жүрмейді. Жақсылық айтқаныңа жаны-діні құмар болады. Көнбек түгіл қуанады. Жаманшылық айтқаныңа ермейді. Ермек түгіл жиреніп, үйден қуып шығарады. Қайрат, сенің қаруың көп, күшің мол, сенің де еркіңе жібермейді. Орынды іске күшіңді аятпайды. Орынсыз жерге қолыңды босатпайды. Осы үшеуің басыңды қос, бәрін де жүрекке билет, деп ұқтырған» екен. 

Ал сонда жүректің қандай қасиеті бар еді? Жүректе «әділет, нысап, ұят, рақым, мейірбаншылық» бар. Егер, ғылым арқылы қайрат пен ақыл жүрекке бағынбаса онда қайрат ыстық қайырымды емес, суық қатал қайрат, ал ақыл нұрлы жарық емес, айлакер, амалшыл болып шықпақ. Тіпті, қайрат пен ақыл бірлесіп, жылы жүректі жалғыз тастап кететін болса, онда мұндай бірлік адамның дүниесін толтырса да, көңілін толтыра алмайды. Еуропалықтардың бұл күнде өркенді технологияда озғанымен көңілде, жүректе озат бола алмай жүргені осыдан. Қанша ем іздесе де, нұрлы жүрек арқылы көңілдің емін таппағандықтан рухани дертке шалдығып өздеріне қол жұмсайтын қасіретке ұшырауда. Дүниеге қатты мән беріп, ыстық қайрат суыққа, ал ақыл айлакерлікке ауысып, жылы жүректі тоңдырып сырттай дүниелік пайда бергенмен ішкі жан дүниесіне зиян шектіруде. 

Міне, бақыт байлықта болса, байлар неге бақытсыз дегеннің нақты жауабы да осы. Ендеше тұлға дегеніміз, кәміл адам дегеніміз, дүние табу, мал табу, мансапты мақсат санау емес, қайта тұлға дегеніміз адамның көңіліне шуақ шашушы, жанына жайлы тыныштық беруші деген сөз. Олай болса, дүние де осы ізгі қызмет жолына жұмсалуға тиіс. Егер дүние, дүние жолына жұмсалса бұл бақыт болмақ емес. Мұны абыз ақын: 
«Мал жияды мақтанып білдірмекке,
Көзге шұқып, малменен күйдірмекке» деп, қадап айтады. Ол: «Еңбекті сат, ар сатып неге керек?» дейді.

Әлемнің атақты миллардері Стив Джобс соңғы хатында: «Түптің түбінде, байлық – өмірдің бір бөлігі ғана екенін түсіндім... Тағдыр бізге нәзік сезім берді, жүрекке махаббат берді, олар ақшаға еш қатысы болмауы тиіс... Жүрегімде мәңгі сақтап, өзіммен бірге алып кете алатын бір ғана нәрсе болса, ол – жақындарымның махаббатынан туған тәтті естеліктер ғана. Тек, осындай рухани байлық қана адамға күш-жігер беріп, өмірлік қуат сыйлайтын болады» дейді. 
Ендеше Абай кемел адам болудың жолы ғылым екенін баса айтады. Бірақ, тек қана жылы жүрек арқылы жүрген ғылым жолы. Жылы жүрек бар жерде ақыл нұрлы келеді. Ал ақыл нұрлы келген жерде қайрат ыстық келеді. Шабытына шабыт қосады. 

Ол: «Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз» дейді. Қанағат, рақым арқылы ғылымға қызығу. Сіз жастық шағыңызда ғылым үйреніп, озық елдердің озық оқуын оқып, еліңіз үшін қызмет етсеңіз, халқыңыздың мықты ұлт болып қалыптасуына үлес қоссаңыз, тіліңізді, діліңізді берік ұстансаңыз, әлемдік сахна алдында ғылымда жаңа жаңалықтар ашып, елдігіңізді паш етсеңіз байлық шіркін, онсыз да сіздің есігіңізде жалшы болып өзі келмей ме? Ендеше хакім Абай қырандай қалқып, армандарға шарықтау үшін бірі дүниелік, бірі рухани болатын екі қанаттың мықты болуы керектігін айтып, аманат сөз қалдырады. Иә, адамға екі байлық керек, бірі - дүниелік, бірі - рухани. Осы екеуін ат үстіндегі қоржындай тепе-теңдігін сақтай білуі тиіс. Абай осы жолда ақылды мизан етіп, қандай нәрседе болсын оны өлшеуші құрал етуді ұсынады. Сонда ғана адам өмірді тани алмақ.

1 пікір