Алаш зиялыларының діни көзқарастары
Алаш зиялыларының діни көзқарастары
6 жыл бұрын 8713
Айгүл ІСІМАҚОВА, әдебиетші-ғалым

Алаш зиялылары қандай істің басынан көрінді? Қазақ елінің біртуар перзенттері, ұлт азаттық қозғалысының басшылары, «Алаш» партиясының, «Алашорда» ұлттық кеңесінің, «Алашорда» үкіметінің негізін қалаушылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдық пен көркемдік шығармашылықты ата-бабадан аманат етіп берілген мұсылмандықпен ұштастыра білген тұлғалар.

Алаш зиялылары Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, М.Жұмабай, Ж.Аймауытұлы, С.Сәдуақасұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Х.Досмұхамедұлы, т.б. өз замандастары сияқты алғаш сауатын ауылдың молдаларынан алған. Олар осы негізгі білімін мемлекеттік дәрежеде іске асырды, сондықтан Алаш қайраткерлері елге қызмет етуді ұлттың мүддесімен ұштастыра білді.

Алаш ардақтыларының жеке өмірлеріндегі белгілі оқиғаларға да мұсылмандық ұстаным тікелей арқау болды деуге толық негіз бар. Алаш зиялыларының ғұмыры, ғылыми, саяси істері мен көркем туындылары осыны дәлелдеп тұр. Бүгінгі тәуелсіз кездегі ғылым, алаш ғалымдарының еңбектеріндегі қазақ елінің мүддесін, ұлттың тілі, діні, ділін қорғайтын текті ойларды өзіне қажет етуде.

Ж.Аймауытұлы 1931 жылы, С.Сәдуақас 1933 жылы ең біріншілер болып ату жазасасына кесілген еді. Айдауда жүрген «Оян, қазақ!» авторы М.Дулатұлы 50-ге бір ай қалғанда Ақтеңіздегі Сосновецк мекенінде науқастан қайтыс болған. Бірақ бұлар осыншама қысқа өмірінде бізге үлгі боларлық шаһидтік істердің басынан табылды. Аталған зиялылардың өмірі 1937-1938 жылмен тәмамдалады. Заманның өздерінің істеріне қауіпті екенін білген алаш зиялылары өз ұлтына қызмет етіп, қазақ мемлекеттігінің өз алдына дербес болып қалыптасуын аңсап өтті. Қазақтың тілін, дінін, ділін қорғауды олар басты ғылыми мақсат етіп алға қойды.

Алаш тұлғалары басқа біреулер сияқты кеңестік заманға ыңғайланбады. Әлихан Бөкейханнан басқасы Алаш партиясының шешімімен кеңес үкіметіне қызмет етуден бас тартпады, бірақ осы істі ұлттық мүддені, оның ғылымы мен білімін қорғауға пайдаланды. Тар жол тайғақ заманда олар қазақтың ата-бабадан қалған дінін, ана тілін, ұлт тарихын жазып, ғылымын қалыптастырып береді. Сондықтан Алаш ғалымдарын Отаны үшін құрбандыққа саналы түрде барған шаһидтер деп санау қажет.

Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытұлы басқа ұлт өкілдерімен некелескендері белгілі. Бұл да заман талабы еді. Ұлтшыл деп кінә тағылған қоғам қайраткерлері бұл іске баруға мәжбүр болған. А.Байтұрсынұлы өзі мешітте мұсылмандыққа арнайы оқытып алған Құдай алдында некелескен Бадрисафа Байтұрсын келіні кеңес кезінде де өмір бойы намазын оқып, мұсылманша киініп жүргені белгілі (І.Байтұрсынов. Алтын бесік. Қостанай, 1995). А.Байтұрсынұлының жары Бадрисафаның шын аты – Алек- сандра. ҚазКСР Жоғарғы Сотының 25.06.1990 жылғы 12.118 нөмірлі «Ақтау туралы анықтамасына» сүйенсек, Б.Бадрисафа 1878 жылы Орал өңірінде туған. Бадрисафа аталуына онымен некелескенде Ахмет Байтұрсынұлының жарына мұсылманша есім таңдап алуы себеп болған.

Ілияс Байтұрсынұлының «Алтын бесік» (Қостанай, 1998) атты кітабында Бадрисафаны Ахметтің туыстары «ақ келін» деп атағанын еске түсіріп, бұл атауға оның алтын мінезі толық сәйкес келгеніне тоқтала келіп: «бадрун» арабшадан «толған ай», ал «сафа» «кіршіксіз таза» деген ұғым екен [1]. «Бадрисафа жеңгемнің арқасында бойыма күн санап әл бітіп, бірте-бірте адам қатарына қосылып, құлантаза сауығып алдым. Аллаға мың да бір алғысымды айтып жүр- дім-ау... Бадрисафа көрікті еді. Мейірімді еді. Мұсылманша киініп жүретін. Намаз оқитын. Жұмсақ, майда сөйлейтін. Ахаңды «төрем» деуші еді» [2]. Торғайлықтардың айтуынша: «Ахмет 1895 жылы Орынбордағы оқуын бітірген соң, ауылдың болыстық мектептерінде оқытушы болған. Осы тұста асыл жары Александрамен мәңгіге сөз байласса керек. Аманқарағай қорықшысының қызы Александра Ивановна Ахаңмен қол ұстасып Қостанайға келеді. Троицкіге барып, мешітте ақ некелерін қиғызады. Ахаң Александраның атын өзгертіп: «Бұл татар қызы еді», – деп, татарша киіндіріп, Бадрисафа Мұхаммедсадыққызы Байтұрсын келіні деп жаздырады. Ахаңның қалауымен Александра Бадрисафа атанып, мұсылман дінін қабылдайды. Зейнолла имамның қарауында жұбайын екі айға қалдырып, мұсылманшылықтың бүкіл шариғатын, қазақтың әдет-ғұрпын, салтын үйреткізеді. Бадрисафа намазға жығылады. Содан өле-өлгенше осы мұсылмандық қалпында қалыпты» [3].

Ә.Бөкейханның жары Елена Яковлевна Севостьянова өмір бойы Бөкейхан болып өтті. Еврей ұлтының қызы қолынан келгенше Әлекеңнің басына түскен қиыншылықтарды бөлісіп, жан жары бола білді. Оған дәлел қызы Елизаветаны әкесінің ісін қорғауға үйретіп тәрбиелеуі еді. Елизавета Әлиханқызы – Смағұл Сәдуақасұлының жан жолдасы болды. Елизавета Әлиханқызы да ұлы Ескендір Смағұлұлын әкесінің алашшыл ісін жалғастырушы етіп тәрбиелеген. Әкесі мен атасынан жас қалған Ескендір он алтыға толмай 1941 жылы соғысқа жасын өсіріп көрсетіп аттанып, сонда қаза болған. «Совет үкіметіне қарсы болған жаудың ұрпағы» деген атақтан құтылудың бұл сол кездегі жалғыз бір жолы еді. Бұл да шаһидтік іс болар.

Ә.Бөкейханның: «Абай Құнанбаев», «Қара Қыпшақ Қобыланды», «Женшина по киргизской былине Кобыланды», «Батыр Бекет», «Мырза Едіге», «Роман бәйгесі», «Роман деген не?», «Ән өлең және оның құралы», «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі», «Аңқау елге – арамза молда», «Қозы Көрпеш-Баян», «Ер Тарғын» атты зерттеулерінің негізінде ғалымның мұсылмандық көзқарастарының іске асуы айқын аңғарылады.

Әдебиетші ғалым Ә.Бөкейхан «Батыр Бекет» зерттеуінде қазақ әйелдерінің өз отбасын, жарын қорғаудағы істерін Ресейдегі декабристердің әйелдерінің ісімен салыстырып, қазақ қыздары о баста, атам заманнан осындай екендерін айғақтайды. «Батыр Бекет» атты зерттеуінде: «Бекет батырдың қатыны артынан айдалған батырды қуып барып, қашуға көмек қылып, батыр қашып елге қайтыпты. Орыс жұртында айдалған байына ерген қатын көп болады. Біздің әйеліміз жақсы деп, орыс жұрты мақтан қылады. Екі декабрістің ханымдары – кнегиня Волконская Һәм кнегиня Трубецкаяға орыстың ақыны Некрасов шығарған өлең бар: «Русские женщины» деген. Бұлар «каторжная работаға» айдалған ерлерін қуып барған. Бекеттің жырына қарағанда біздің қазақ әйелі де мақтануға жарайтын: «Қабыл болып тілегі, Шернияздың түндігін Найзаменен ашады, Қанын судай шашады. Арадан күндер өткенде, Мұратқа сөйтіп жеткенде, Жасаған ием жар болып, Шернияздың ниеті Өз қанымен тынады» [4].

«Аңқау елге – арамза молда» (27.02.1900.) мақаласында Нұржан баласының қазақ: «қазынаға алым-шығын тартқаннан емес», «қазақ кедей ас беремін деп», «қазақ асты қойған күні байып кетеді» деген сөздеріне Ә.Бөкейханұлы қарсы пікір айтқан. «Һәр халықтың, һәр түрлі өз рәсімі бар, мұсылман қазақ халқы қол қусырып, я құшақтасып амандасады. Россия халқы бөркін алып қол ұстасып амандасады. Бұл екі түрлі рәсімнің тұқымы бір. Осы секілді қазақ халқының асы дүниядағы халқының бәрінде бар» [5]. Астың берілу себебі осы тұста айтылады. Заманның ата- баба дәстүріненен қол үзу себебін Алаш ғалымы былай деп айғақтаған: «Осы күнде қазақ ата деп намысқа шаппайды, пайдасына шабады. Туысқан деп бір қостас болмайды, шаруа деп болады. Бұл себептен бұрынғыға қарағанда ас та қойылып барады. Қарқаралы оязында соңғы он жыл ішінде бір-ақ үлкен ас болды: Ағыбай батырдың. Бұл аста Қуандықпыз деп Қараөткел қазағы төбелес қылды» [6].

Мәскеуде (1927-1937) он жыл үй қамауында болған Ә.Бөкейханның қолында құнды кітаптар болғаны мәлім. Бұлар қазақ халқының тарихи шежірелері, әдеби, діни кітаптар еді. Бұлардың тағдыры күні бүгін белгісіз. Өзі де алаштармен бірге қуғын көрген Жайық Бектұровтың Әлімхан Ермековтің айтуы бойынша Архангельскіде айдауда жүрген Ахмет Байтұрсынұлы Ә.Бөкейханға құнды қолжазбасын жіберген дейді. Ол туралы былай делінген: «Ахмет Байтұрсынов Архангельскіде айдауда жүреді, ешкім ешқандай жұмысқа алмайды. Өмір сүруі қиын соғады. Жас кезінде училищеде оқығанда әртүрлі қол өнерін үйренген екен, содан қасық, ожау, ойыншық жасап, базар маңында басына күрке тігіп жатып, өлер-өлмес күн көреді. Ахаң осы бір ауыр жағдайын айтып, Мәскеуде тұратын Ә.Бөкейхановқа хат жазады. Аяулы Әлихан Нұрмахаммедұлы қызыл крест қоғамына барады. М.Горькийдің жұбайы М.Ф.Андрееваға арыз айтады. Сөйтіп, Архангельскіге жетпіс доллар жіберіп, Ахаңа көмектеседі. Ақыры оны айдаудан босаттырып алады. Ахаң әуелде атылуға кесілсе де, он жылға айыпталып, мерзімінен бұрын елге қайтады. Қайтып келгенде ол Ә.Бөкейхановқа бір қолжазбасын береді: «Бұл менің айдауда жүргенде жазған күнделіктерім. Сірә, бұрынғы еңбектерімнен құнды болуы керек, осының бір данасын сіз бірдеңе етіп бір жерге сақтаңыз. Бір данасын әйелімнің көрпесінің астарына тіктіріп қойдым» – депті. Ә.Ермеков көрпені «Стеганные одеяла» деп орысша айтты. Мен мұны өзімше «қабымалы көрпе» деп қазақшаладым. Әлімхан Әбеуұлы әңгімесін жалғастырып: «Көрпенің астарына тіккен қолжазба жоғалды ғой, ол көрпе түгілі, Ахаңның қазақ болып кеткен орыс әйелінің де ұшты-күйлі болғаны белгісіз. Ал ана Әлихан ағасына табыс еткен қолжазбасын мұқият іздесеңіздер табасыздар. Ол Ахаңның аманатын белгілі шығыстанушы ғалым, академик Сергей Федерович Ольденбургке (1863-1934) табыс етті. Ольденбург ірі ғалым. Ол түркі тілдес елдердің тарихын, әдебиетін, мифологиясын жетік білген адам. Көп уақыт Ресей және Кеңес Одағы Ғылым академиясын басқарған ірі оқымысты. Ондай кісінің архиві жоғалмайды, мұқият сақталады» [7], – дейді Ж.Бектұров. Сірә, Ахаң өзінің бұл қолжазбасын Ә.Бөкейхановқа Архангельскіден елге қайтпай тұрғанда жеткізсе керек. Біздің қазіргі тарихшыларымыз, әдебиетшілеріміз іздестірсе, Ахаңның бүгінгі ұрпақ білмейтін бір еңбегін тауып та қалар еді деген ойымыз бар. Осыны ғалымдарымызға, жазушыларымызға сүйінші сұрағандай әдейі құлаққағыс етіп отырмыз» [8] – дейді өзі де кезінде қуғын-сүргін көрген Жайық Бектұров.

А.Байтұрсынұлының осы және «Мәдениет тарихы» мен «Әдебиет танытқыштың» «Нұсқаулық» атты ІІ кітабының тағдыры әлі белгісіз.

Ресей мемлекеттік Думасының мұсылмандық фракциясын басқарған Санкт-Петербор масондар қоғамының мүшесі Әлихан Бөкейхан «Мұсылман сиезі» (1914) атты он бір мақалаларында Петербургте өткен мұсылман сиезіне (6- 10.XII, 1914) қатысты сол кездегі дін мәселелерін нақты көтерген. «Женщина по казахской былине Кобыланды» атты зерттеуінде Аналық туралы: «По естественному порядку вещей первой встречаем мать героя – Аналык. Одно ее имя – значащее «материнство» – изобличает в ней любящее материнское сердце и, нужно признать, дано ей не без умысла. Действительно, обрисовка ее отношения к детям ярко выдвигает на первый план самоотверженную ее любовь к ним в назидание, как видно, слушательницам, хотя, казалось бы, чувство материнской любви как естественное чувство женщины, не нуждается в воспитании и возбуждении. Жизнь, доставшаяся на долю Аналык, бывает уделом очень немногих ее соплеменниц и вызывает зависть у остальных...» [9]. «... Любовь, самоотвержение и служение – жизнь Аналык, и она не знает другой...Сначала Аналык жила интересами и волей родителей и любила их, а затем ее выдали замуж и она нашла в муже нового кумира для служения...

Аналык по характеру своему настоящая мусульманка, а потому и не ею самой приобретены те права и положение, которыми она заинтересовала нас... Идеал, озаряющий жизненный путь Аналык и ее сестер по вере, ясно очерчен в лице дочери Пророка (с.а.у.) бывшей замужем за четвертым халифом Алием. Дочь Пророка (с.а.у.) возгордясь, как- то поссорилась с мужем. Узнав о семейных неурядицах своей дочери, пророк посылает ее к зятю Зенги Баба, посмотреть на образцовую жену. Фатима застает свою сестру в чисто убранном помещении полуобнаженной и тут же приготовленные кушания – в одном блюде горячее, а в другом холодное, а так же запасенные сухую и зеленую палки. Оказалось, что сестра ее таким образом поджидала своего мужа святого Зенги-Баба... Это была ежедневная обычная встреча ею мужа, чтобы он безотлагательно мог, возвратясь домой, удовлетворить своему желанию отведать любое блюдо, горячее или холодное, своему гневу, отлупить жену в сердцах зеленой или сухой палкой... Раскаявшаяся после этого Фатима, спешит домой и лучшей женой встречает своего красавца-мужа – грозного льва Ислама. Аналык же в этом отношении безупречна. Она совершенно невинна приобретении своего блестящего положения» [10].

Ә.Бөкейханның аудармаларына да мұсылмандық ұстаным арқау болған. Ә.Бөкейханның дінге көзқарасы оның Л.Н.Толстойдың «Сурат кафеханасы (Дін таласы)», «Ескі қырым сөзінен», «Пайғамбарға хат», «Қара қаным», «Азамат Юсуф», «Герейдің ажалы», т.б. аудармаларынан анық аңғарылады. Әдебиетшінің ғибратты, мазмұны қауымға руханилығымен қажетті мәтіндерді таңдап алуы да тегін емес еді.

«Бауырым Дінше!» (Дінше Әбілұлына 23.07. 1923) деп басталатын хатында Ә.Бөкейхан былай деген: «Хатыңды алдым. Қуанып қалдым. «Шолпанға», «Темірқазыққа» неге мақала жазбайсың? Сендей білімі бар жазбаса, кім жазады? Не балаларға сабақ беріп, не жорналға, газетке мақала жазып Алашқа қызмет қылмасақ, не қазақ тілінде кітап жазбасақ, өзге жол бізге бөгеулі ғой! Ғалихан» [11]. Бұл Алаш ғалымының замандастарына және өзіне таңдап алуға мәжбүр болған азаматтық ұстанымы еді. Олай болса, білімін мұсылман Алаш ғалымдарының ғылыми мұрасын олар аңсаған Тәуелсіздік кезде пайдалана білейік.

Сілтемелер:

1. Бектұров Ж. Ақиқаты осы еді.– Алматы: Ғылым, 1995. – 200 б.
2. Бектұров Ж. Ақиқаты осы еді. – Алматы: Ғылым, 1995. 38-б.
3. Сонда, 200-б.
4. Бөкейхан Ә. Таңдамалы. Қазақ энциклопедиясы Бас редакциясы. – Алматы, 1995. 327-328-бб.
5. Сонда, 335-б.
6. Сонда, 335-б.
7. Бектұров Ж. Ақиқаты осы еді. – Алматы: Ғылым, 1995. 12-13-бб.8 Сонда, 12-13-бб.
8. Сонда, 12-13-бб.
9. Бөкейхан Ә. Таңдамалы. Қазақ энциклопедиясы Бас редакциясы. – Алматы, 1995. 320-б.
10. Сонда, 320-321-бб.
11. Бөкейхан Ә. Таңдамалы. Қазақ энциклопедиясы Бас редакциясы. – Алматы, 1995. 320 -б.
0 пікір