Адам қоғамды тазалаудан бұрын өзінің жүрегін тазаласын
Адам қоғамды тазалаудан бұрын өзінің жүрегін тазаласын
3 жыл бұрын 1656 islam.kz
Ықылас ОЖАЙҰЛЫ

Адамның он екі мүшесінің патшасы – жүрек. Жүрегіне қатысты пенденің сыры мен қыры ашылады. Халық ішіндегі қанатты сөздер де жүректің патша екендігіне, сол арқылы оның иесіне дәл анықтама береді. Мәселен, «ақ жүрек», «жүрегінің түгі бар», «дархан жүрек» деген сөздер жағымды мағынада қолданылса, «тас жүрек», «қоян жүрек», «қара жүрек» тәрізді ұғымдар керісінше, жағымсыз мағына береді.

Өкінішке қарай, жүректі жай бір мүше ретінде ғана бағалап оның қасиеті мен құдіретін елегіміз де келмеген кезеңдер болды. Бұл  сөз жоқ, құдайсыздық идеясының дүниеге келуімен етене байланысты болатын. Сол кезден бастап біз тура жолдан адасып, ібіліс іліміне белшемізден баттық. Материалистерден бастау алған осы бір идея ең алдымен жүрекке, сосын Жаратушыға жасалған қиянат еді. Өйткені жүрексіз Жаратушыны, Жаратушысыз жүректің сырын тану мүмкін емес. Бұл қасиетті Құранда былай деп көрсетіледі: «Естеріңде болсын, Алла адам мен оның жан дүниесі арасына тосқауыл  қоя алады. Адамның жүрегін оның иесінің ойлағаны бойынша емес, керісінше өзінің қалауы бойынша соқтырады» («Әнфал» сүресі, 24 аят). Құран аятына нақтылай зер салатын болсақ, жүректі соқтыратын да,  тоқтататын да өзге емес тек Алла Тағала ғана екен.

Адам мен Алланың арасына дәнекер болған осы жүрек Жаратушының 99 есімімінің бірі Аль-Хаалиқ (жасаушы), біздің тіліміздегі Халық пен Алла Тағаланың сегіз сипатының бірі Ғылымды сүюі шарт. Хаһім Абайдың «Қалың елім, қазағым қайран жұртым» деп күңіреніп, «ғылымсыз ахирет жоқ» деп байлам айтуы осыны меңзесе керек. Себебі Жаратушыны сүймеген адам жамағатын (халқын) сүйіп жарытпасы белгілі. Мұны арғы қазақ танымы «Құдайдан қорықпағаннан қорық» дейді. Демек, кешегі жаппай жүргізілген құдайсыздық науқаны адам баласының жан дүниесіндегі рухани танымның тамырын  үзіп, ізгілік атаулының тас-талқанын шығарды. Бұл соғыс пен қан төгістен де өткен қатыгездік еді. Соның салдарынан қолдан «құдай» жасадық. Күллі кеңес  халқы осы «құдайдың» іліміне табынып, соның тілінде сөйледі. Нәтижесінде Кеңес одағы күйреп, тәуелсіздік таңы атқаннан кейін тәні қазақ, жаны орыс, не ділін, не дінін, мәдениеті мен тарихын білмейтін бір шоғыр дүбәралар (маргиналдар) дүниеге келді. Өйткені, Құдайдан қорқу мен халқының алдындағы қарызын өтеуден мақұрым қалған осы бір шоғыр  тілін де, дінін де, тарихын да әлдеқашан ұмытып, құлақкесті құлға айналалып үлгерген болатын. Өкінішке қарай еліміздегі күні бүгінге дейін көрініс беріп келе жатқан осындай келеңсіздіктердің түп төркіні идеологиядан гөрі имансыздығымыздан туындағанын әлі күнге дейін мойындамай келеміз.

Адамның он екі мүшесінің патшасы жүректің кемелденуіне қатысты дана Абай өзінің бір өлеңінде:

Жүректің көзі ашылса,
Хақтықтың түсер сәулесі сәулесі,
Көңілден кірді қашырса
Адамның хикмет кеудесі – дейді.

Біз маңдайымызға біткен қос жанарымызбен жаратылысты  толық  көре алмаймыз.  Оған көздің құзыреті де жетпейді. Ол үшін  көкірек көзіміз ашылуы тиіс. Сонда ғана жүрегіміз хиқмет нұрымен жұпарланып, табалдырықтың арғы жағын көруге мүмкіндігіміз болады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) «Адамның денесінде бір жұдырықтай ет бар. Ол сау болса, адамның дені, ақылы сау болады» деуі көп жайдан хабардар етпесе керек.

Осы орайда айрықша тоқтала кететін бір мәселе – ғылым мен білімге қатысты көзқарасымыздың әлі күнге дейін балаңдығы.

Әл-Фараби: «Балаға ең бірінші тәрбие, содан кейін білім берілуі тиіс», -дейді. Біздің пайымдауымызша Әл-Фарабидің  бұл жердегі «тәрбие» сөзі иман мен адамгершілік хақында болса керек. Демек, имансыз жүрекке білім харам. Кемел кісіліктің дәні ғылым мен білім болса, оның өсіп-өнер топырағы иман ғана. Осы екеуі үйлесім тапқанда ғана ол адам шынайы тұлғаға айналады.

Мақаламыздың басында жүректің тазалығы жайында ой өрбіткен едік.  Енді осы бір мәселелерге қатысты сөз сабақтап көрелік. Құран Кәрімнің, «Рағыд» сүресінің 28 аятында: ««Жүректер Аллаты еске алу арқылы жай табады, Естеріңде болсын! Жүректер Алланы еске алумен орнығады» дейді. Бұл аят Абайдың пайымында:

«Дененің барша қуатын,
Өнерге салар бар күшін,
Жүректің ақыл суаты
Махаббат қылса Тәңір үшін» – деп насихатталады.

Егер аталған аят пен өлеңнен тағылым алып, оны күнделікті тіршілігімізде жүзеге асырған болсақ, жайымыз бұдан басқаша болар еді. Жүрек ауруы дүниежүзі бойынша неге бірінші орынға шықты? Неге жүректен мерт  болғандардың саны күн құрғатпай ұлғайып барады?

Мұның сыры мен себебі материалдық жетіспеушілік пен теңгеге келіп тіреліп жатқандығын ешкім де жалғанға шығара қоймас. Соның кесірінен көзімізден ұйқы, кеудемізден тыныштық кетті. Кең пейіліміздің тарылып, жүрегімізге Алланың шапағаты емес, ақша бұйрығының үстемдік құруы күллі тіршілігіміздің ырғағын бұзып жүрегімізге шамадан тыс салмақ түсірді. Теңге табуға аптыққан аз ғана күніміз өзінің шын иесінің кім екендігін ұмытып қып-қызыл қасіретке ұшырады. Сөйтіп жан-тәнімізбен жақсы көріп жүрген ақша деген «қағазымыз да» адамды ақылды һәм иманды ете алмайды екен. Егер, ақша мен атақ адамды ақылды қылатын болса шылқыған бай, атақтары алты атанға жүк болған батыс Еуропа әншілерінің 99 пайызы  неге нашақор, не үшін зинақор? Неге зорекер? Олардың өзіне-өзі қол жұмасап жататынын тағы қосыңыз. Ойланып көрейікші, осы пенделердің дәулеті кем, қалтасы таяз деп кім айта алады?! Олай болса, ибалы жүрек пен иманды қолға бітпеген ақша да адамды адастырып хайуан дәрежесіне дейін құлататынын ұққайсыз.

Алла Тағала адам мен өзінің арасына нағыз дос, ең жақын, ең сезімтал етіп ет жүректі жаратқан. Сондықтан болар біреу қуантса да, ренжітсе де ауыратын өзге емес, осы жүрек.

Демек, адам қоғамды тазалаудан бұрын өзінің жүрегін тазаласын. Бүгін біз адассақ Жаратушыны танып, жүректі тыңдамағандықтан адасып жүрміз. Олай болса, дөңгелек дүниедегі орын алып отырған күллі пәле мен жала жүрегіміздің кірлегендігінен туынындаған келеңсіздіктер екен. Атам қазақтың ұятсыз пенделерге қарата: «оның еті өліп кеткен» деген сөзі, білек немесе балтыр еті емес, тікелей осы жүректі айтқаны!

3 пікір
  • Жүрекке тыныштық Алланы ойлаумен, жақсы көрумен, Аллаға деген тәуекелмен келеді.
    Мазасыздық болса Алланы жеткілікті дәрежеде танымағаннан болады.

    Керемет жазылған Алла разы болсын.
    2 жыл бұрын
  • Жақсы мақала. Жүрегімізге иман берсін
    9 ай бұрын