Үнемшілдік hәм имандылық
Үнемшілдік hәм имандылық
9 жыл бұрын 7456
Абай Мауқара

Мұсылмандық қағидаларында қанағатшылдық жөнінде үнемі айтылады. Яғни, әрқашан барға қанағат ет, дейді. Көп болса, ысырапшылдыққа салынбауды, аз болса тарылып сараңдыққа ұрынбауды насихаттайды. Осы екі ортадағы адастырмайтын жол үнемшілдік.

Үнемшіл болу үшін қанағатшыл болу керек. Қанағатшыл болу үшін нәпсіні тыю қажет. Нәпсіні тыюдың жолы сабыр. Сабыр болса, иманды адамның ең бір тамаша мінезі.

Сондықтан да Пайғамбарымыз (с.а.у.)  бір хадисінде: “Сабыр иманның жартысы” деген.

Отбасында үнемшілдік болса, онда берекеттілік те болады. Үнемшілдіктің кілті негізінде әйелдің қолында болғаны абзал. Азды көп ететін, көпті берекелі ететін әйел. Отбасында үнемделмейтін нәрсе жоқ. Әр адам тұтынатын қажеттіліктің бәрі үнемделсе ғана жалпы үнемшілдік орнайды. Мысалы, тамақ қана үнемделіп, ыстық су немесе электр үнемделмесе пайда жоқ. Яки, күнделікті тұрмыстағы күллі қажеттіліктер түгел үнемделіп, киім-кешек киюде ысырапшылдыққа салынса, бұл да үнемшілдікке жатпайды.

Сондықтан, отбасының әр мүшесінде қанағатшылдық болғанда ғана үнемшілдік болмақ. Мәселен, үй иесі әйел азық-түліктен үнемшілдік жасаса, берекеттің басы сол болады. Ол үшін азық-түліктің халалын таңдаса, әр тамақты бисмиллаhпен жасап, сол дұғамен ауқаттанатын адамдардың алдына шын ықылас, жылы жүзбен қойса ізгі мақсаттың орындалғаны сол.

Бір хадисте “Бір адамға арналған ас екі адамға, екі адамға арналған ас төрт адамға  да жетеді” деп, осындай жақсы пиғылды ескерткен терең мағына бар. Атам қазақтың “пиғылыңа тойдым” дейтін аталы сөзі де осыдан айтылса керек.

Сүлеймен пайғамбар жайлы бір аңызда, бір құмырысқадан белінің соншама жіңішкелігінің себебін сұрайды. Құмырсқа: «Бұл менің қанағатшыл үнемшілдігімнің белгісі» деген екен. Оны немен көрсетесің дегенде: «Бидайдың бір дәнін бір жыл азық етем», депті. Сүлеймен пайғамбар әлгі құмырысқаны бір түйір бидай дәнін салған шишаға қамап қояды. Бір жылдан кейін келсе, құмырысқа дәннің жартысын ғана жепті. Бұның қалай десе: «Мені ұмытып кетсеңіз, тағы бір жылға жететін үнемшілдік жасағаным ғой» деп жауап берген екен.

Үнемшілдік жайлы, бұл мысалдан артық асырып кім айта алады?

0 пікір