Сыйласаң, сыйла тірісінде...
Сыйласаң, сыйла тірісінде...
6 жыл бұрын 3655
Ерболат АЙТБАЙҰЛЫ

ХХ ғасырда өмір сүрген ақын Қайыпназар Әйтпенов өзінің бір өлеңінде:

Ата-ананы қадірлеу,

Міндеті әрбір баланың.

Балаға еткен сан бар ма,

Еңбегінде ата-ананың.

Ата-анаңа жақпасаң,

Халқыма деме жағамын,

– деп ата-ананы құрметтеп, оларға лайықты қызмет көрсету жайында сөз қозғайды. Расында да, біз шыр етіп дүниеге келген күннен бастап түн ұйқысын төрт бөліп, аялап өсірген ата-ананың еңбегі ұшан-теңіз. Ата-ананы құрметтеп, оларға лайықты қызмет көрсету турасында қасиетті Құран мен Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның (с.ғ.с.) хадистерінде, сонымен қатар, халқымыздың мақал-мәтелдері мен жыр-дастандарында да көптеп кездеседі. Алла Тағала Құранда: «Раббың өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жаныңда кәрілікке жетсе, Оларға «Түһ» деме (кейіс білдірме). Сондай-ақ, оларға зекіме де және ол екеуіне сыпайы сөз сөйле. Ол екеуіне кішірейіп, мәрхамет құшағын жай да: «Раббым! Олар мені кішкентайымда тәрбиелегеніндей Сен де оларды рахым-мейіріміңе бөлей көр!» де» деген («Исра» сүресі, 23-24 аят). Ал, Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.): «Ата-аналарыңа мейірімді болыңдар, сонда перзенттеріңнен мейір көресіңдер», –десе, тағы бір хадисте «Ата-анасының жүзіне мейіріммен қараған адамға қажылық және ұмраның сауабы жазылады», –дейді. Ал, дана халқымыз: «Ана алдында – құрмет ет, ата алдында – қызмет ет» деп өсиет білдіреді. Осыдан-ақ, ата дініміз исламды ұстанып, шариғаттың жолымен жүрген ата-бабаларымыздың ата-ананы құрметтеп, қадір-қасиетіне жете білгендігін аңғарамыз. Мәселен, Майлықожа Сұлтанқожаұлы:

Туғаныңда қуанған,

Дүние, малын бұланған,

Аман болса балам деп,

Алладан медет сұраған

Қабағыңа қараған,

Жәрдеміңе жараған,

Жолаушы болып кеткенде,

Сағынып келген даладан,

Ыңылдап даусың шыққанда

Көзінен ұйқы тараған,

Мінәсіп атқа міндірген,

Жарасар киім кидірген,

Қарны ашар деп кәбеп боп,

Қасыңа тамақ үйдірген,

Иығына міндірген,

Жерге қимай қоярға

Етегіне сидірген,

Алпыс екі тамырын

Әуелден Құдай идірген,

Мектепке беріп жасыңда

Танытып құбыла білдірген,

Жыласаң көңілі жүдеген,

Қуансаң тасып үдеген,

Көрігіңе көңілі өсіп

Құдайдан өмір тілеген,

Анаңдай құбыла қамқорың

Табылмас мынау дүниеден,

– деген екен. Расында да, қарап отырсаңыз, ата-ананың перзенті алдындағы міндеті орасан зор. Біз оларға қаншалықты жақсылық жасасақ та, ақ сүтін ақтай алмаймыз. Бірде бір кісі анасын арқалап жүріп, Қағбаны тәуап етіп болып, Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Анамды арқалап, көтеріп жүріп қажылық жасаттым. Қасиетті Қағбаны жеті айналдырып тәуап еттірдім, енді айтыңызшы, ана ақысын өтедім бе?», – деп сұрайды. Сонда ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.): «Жоқ, бұл қызметің анаңның саған жүктілік уақытында қиналған бір сәтіне де тең емес», – деп жауап береді. Кейде біз тоғыз ай он күн көтерген, жастайымыздан мәпелеп өсірген ата-анамызға жақсылық жасамақ түгілі, қадір-қасиетіне жете алмай жатамыз. Ашуға ерік беріп, олардың көңіліне келетін сөздер айтамыз. Асылында, бұл – мұсылман баласына жат нәрсе. Осы ретте Кағб ибн Ужраның (р.а.) мына бір әңгімесін тілге тиек етейік: «Бір күні Аллаһ елшісі мінберге бір саты жоғары көтерілгенде «Әмин» деді. Екінші басқанда тағы да «Әмин» деді. Үшіншіде тағы айтты. Мінберден түскеннен кейін: – Уа, Аллаһтың елшісі, бүгін сізден бұған дейін көрмеген қимыл көрдік. Не екенін түсіндірмес пе екенсіз? – дедім. Сонда ол: Жәбірейіл періште келіп: «Рамазанға жете тұра (ораза ұстап) күнәдан тазармаған адам оңбасын», – деді. Мен «Әмин» дедім. Екінші сатыға шыққанда, «Сенің атыңды ести тұра, салауат айтпаған адам оңбасын», – деді. Мен «Әмин» дедім. Үшінші сатыға шыққанда, «Әке-шешесі қартайғанда, соларды бағып ризалығын ала алмаған адам оңбасын», – деді. Мен тағы да «Әмин» дедім, – деп түсіндірді». Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Ата–ананың жылауы, оларға құлақ аспау – үлкен күнәлардан», – дейді. Исламның қайнар бұлағынан сусындап, аят пен хадисті өз жырына арқау еткен Майлықожа Сұлтанқожаұлы:

Тоғыз ай, он күн көтерген,

Еңбегіңде еті өлген.

Бейнет тартқан төтеннен,

Зиярат қылып сыйынсаң

Кем емес қыбыла Мекеңнен,

Қадірін оның білмесең,

Қызметінде жүрмесең,

Арамы залым болғаның

Ұрғаны Құдай жетеңнен,

Жақсылық қылған піріңе

Жамандық қылсаң тіріңде

Жазаңды Тәңірім тартқызар,

Орын жоқ пейіш мекеннен,

–деп ата-анаға тірісінде жақсылық қылу әр бір перзенттің міндеті екенін тілге тиек етеді. Бір кісі Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Ата-анам өте мейірімсіз, оларға қалай мойынсұнамын?» деп сұрайды. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с.): «Анаң сені тоғыз ай құрсағында көтерді, екі жыл емізді. Сені үлкейгенге дейін қойнында жетілдірді, қамқор болды. Әкең де сені өсіру үшін көптеген қиыншылықтарға төзді. Сенің қажеттіліктеріңді қамтамасыз етті. Саған дініңді, иманыңды үйретті. Сені ислам тәрбиесімен өсірді. Енді қалайша олар мейірімсіз болады? Бұдан асқан мейірім бола ма?», – деген екен.

Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үйінде сойылған қойдың етін бөлшектеп отыр еді. Бір әйел жанына кіріп келді. Алла елшісі (с.ғ.с.) оны көре салып, бүкіл тірлігін тоқтатып, орнынан тұрып, үстіндегі шапанын шешіп, жерге төсеп әлгі әйелді жайғастырып отырғызды. Сонда қасындағы сахабалардың бірі бұл әйел кім деп сұрады? Танитындардың бірі: «Бұл Расулуллаға ақ сүтін беріп емізген Халима ана ғой» деп жауап берді. Осыдан ақ жаулықты анамызға аса құрметпен қарап, әрдайым солардың қызметін жасау сауапты істер екенін аңғарамыз. Алла Елшісі (с.ғ.с): «Ата-анасына жақсылық етуші қуанышқа бөленсін! Алла Тағала оның ғұмырын ұзақ етсін», – деп дұға еткен. Ал, ата-анаға жақсылық жасау Аллаһ Тағаланың әмірі. Бұл жайында қасиетті Құранда: «Біз адамзатты ата-аналарына жақсылық жасауға бұйырдық. Анасы қиналып жүріп құрсағында көтереді, қиналып туады. Құрсақ көтеру, емшек емізіп бағу мерзімі – отыз ай. Ол кәмелетке толып, қырық жасқа жеткен шағында: «Тәңірім! Өзің маған және ата-анама берген нығметтеріңе шүкір етуім үшін, Сен риза болатындай ізгі амалдарды жасауым үшін маған медет бер. Менің ұрпағымды да ізгілерден ете гөр. Мен саған шындап тәубе еттім. Мен шынайы мұсылманмын» деген аят бар («Ахқаф» сүресі, 15-аят). Осы бір көркем аятта бұйырғандай, ата-анаға жақсылық жасау арқылы Аллаһ Тағаланың разылығына бөленеміз. Бұл жайында Алла елшісі (с.ғ.с): «Дінге сай қызметтерімен ата-анасын қуантқан адам, Алла Тағаланы қуантқан болады. Ал оларды ашуландырған адам, Алла Тағаланы ашуландырған болады», –дейді. Сол себептен де дана халқымыз «Ата-ана наразы болса – құдай наразы» деп, ата-ананың қадірін жете түсіне білген. Ардақты Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) бір кісі келіп: «Ия, Алланың елшісі, маған ең жақын адам кім?» – деп сұрайды. Ол: «Анаң» дейді. Содан тағы да: «Одан соң кім?» – дейді. Алланың елшісі (с.а.с.) оған тағы да: «Анаң», – деп жауап береді. Әлгі кісі өз сұрағын үшінші қайталағанда, тағы да «Анаң» деп жауап береді. Содан соң жаңағы сұрақты қайталап: «Одан кейін кім?» – дегенде: «Әкең» деп жауап қайтарады. Сонымен қатар, тағы бір хадисте: «Ата – анаға жақсылық жасау, намаз оқудан, ораза ұстаудан, қажылыққа бару¬дан, ұмра жасаудан, тіпті Алла жолында соғысып шейіт болудан да артық», – делінген. Атақты сахабалардың бірі Әбу Хурайра өзінің барлық өмірінде анасына үлкен инабаттылықпен, сүйіспеншілікпен қарайтын. Әрқашан ол үйінен шығарда анасының бөлмесіне кірмей, есігінің жанына тоқтап: - Анашым, саған тыныштық тілеймін. Алла Тағаланың саған құрметі мен оның рақымы жаусын, – дейтін. Оған анасы: - Саған да тыныштық тілеймін, ұлым. Аллаһ Тағаланың құрметін иелен, оның рақымы түссін, – деп жауап қайтаратын. Әбу Хурайра: - Алла Тағала саған кішкентайдан мені өсіргеннің үшін рақымшылық берсін, – деп сөзін жалғастыратын. Сонда анасы: - Саған да Алла Тағала маған деген қайырымдылығың үшін нұрын төксін, – дейтін. Әр сапарының үйіне қайтып келгенде де Әбу Хурайра жүрек тербейтін осы сөздерді жиі қайталайтын болған. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Анаға жасалған жақсылықтың сауабы екі есеге көп болады», – десе, тағы бір хадисте: «Ата-анасына жақсылық жасаған адамның өмір жасы ұзақ және ризығы берекелі болады», –дейді. Ендеше, ата-анамызды тірісінде қадірлеп, оларға мейлінше қамқор бола білейік.

0 пікір