Құранда айтылған 5 түрлі жүрек
Құранда айтылған 5 түрлі жүрек
5 ай бұрын 2489 asylsoz.kz/

1. Өлі жүректер

«Алла олардың жүректерін мөрлеп тастаған, құлақтарын да. Көздерінде де перде бар және оларға (о дүниеде де) бітпейтін ауыр азап дайын».

«Олар – (ақиқатқа келгенде) керең, мылқау һәм көр соқыр. Сондықтан да олардың бұл жағдайдан құтылып, (ақиқатқа) кері қайтуы мүмкін емес» («Бақара» сүресі, 7, 18-аяттар).

«Алланы ұмытқан, Алла да оларға өз-өздерін ұмыттырған бейбақтар секілді болмаңдар. Хақ жолдан тайған күнәһарлар, міне солар» («Хашр» сүресі, 19-аят).

2. Ауру жүректер

«Жүректерінде (түптеріне жетпей қоймайтын рухани) дерт бар. Алла олардың дертіне дерт қосуда. Үнемі өтірік айтатындықтары үшін оларға жан төзгісіз азап бар».

«Олар иман келтіргендермен жолықса, (көзбояушылық жасап): «Біз де иман еттік», – дейді. Алайда шайтандарымен (күпірліктегі көсемдерімен) оңаша қалғанда: «Әсілі, біз сендермен біргеміз. Біз бар болғаны (иман еткенсіп) оларды мазақ етіп жүрміз», – дейді» («Бақара» сүресі, 10, 14-аяттар).

3. Тастай қатқан жүректер

«Шайтандардың (адамдар арасындағы) бауырларына келсек, шайтандар оларды әбден азғырып, азғындатқан үстіне азғындата түседі. Һәм содан кейін оларға азғындықтан көз ашқызбайды» («Ағраф» сүресі, 202-аят).

«Алла тағала көкірек сарайын Исламға айқара ашқан, сөйтіп, Раббысынан келген нұрға бөленіп, тура жолға түскен жан (жүрегі тастай болып қатып қалған кісімен тең бе?). Ендеше, Алланы еске алуға келгенде, жүректері тастай болып қатып қалған бейбақтар қараң қалсын! Олар анық адасуда» («Зүмәр» сүресі, 22-аят).

4. Раббысын ұмытпаған жүректер

«Міне, солар иман еткен әрі Алланы еске алу арқылы жүректері жай табатын ізгі жандар. Ендеше, біліп қойыңдар! Жүректер Алланы еске алу арқылы ғана жай тауып, толық қанағаттанады!» («Рағыд» сүресі, 28-аят).

«Ендеше, сендер Мені әрдайым жад етіңдер (яғни, әрдайым құлшылық етіп, еске алыңдар), сонда Мен де сендерді ескеремін. Маған шүкіршілік етіңдер және әсте күпіршілік қылмаңдар (яғни, алғысы жоқ, жақсылықтың қадірін білмейтін кісінің ісін істемеңдер)» («Бақара» сүресі, 152-аят).

5. Тірі жүректер

Ардақты пайғамбарларымыздың, тақуа жандардың – өздерін қасиетті Құранмен әсемдеген ізгі жандардың жүректері. Нағыз бақытты жандар, міне, осылар!

«…Тек иман етіп, (өздеріне һәм өзгелерге пайда келтіретін) игілікті істер істеген жандар ғана (Бізге жақын болады). Міне, сондай ізгі жандар істеген игілікті істері үшін еселеп сауап алады һәм жұмақтың зәулім сарайларында еш нәрседен қауіп-қатер күтпей алаңсыз тұра береді» («Сәбә» сүресі, 37-аят).

«Ол – мал-мүлік те, бала-шаға да титтей де пайда бермейтін күн».

«Ол күні Аллаға пәк һәм (рухани) кеселдерден ада жүрекпен келген жан ғана (азаптан құтылып, мақсатына жетеді)» («Шұғара» сүресі, 88-89-аяттар).

0 пікір