ҚАЗАҚ КЕЛІН ТАҢДАҒАНДА ҚАНДАЙ ҚАСИЕТТЕРІНЕ МӘН БЕРГЕН?
ҚАЗАҚ КЕЛІН ТАҢДАҒАНДА ҚАНДАЙ ҚАСИЕТТЕРІНЕ МӘН БЕРГЕН?
4 жыл бұрын 10074 taglym.kz/

Жар таңдау - өмірдегі ең жауапты амалдардың бірі екені баршамызға мәлім. Сонау Адам ата мен Хауа ана жаратылғанан бері реттілігін сақтап келе жатқан бұл табиғи үйлесімділік қашанда маңызын жойған емес, жоймайды да. Бүгін біз: "Қазақ келінді қалай таңдаған?", "Жар таңдауда нені ескерген?", "Қандай қасиеттеріне мән берген?" - деген сұрақтарға жауап іздеп көрелік. 

«...КҮЙЕУІ ЖУАС КЕЛЕДІ»

Халқымызда ғасырлар елегінен өткізген мынадай мақал бар: «Кедей мен кедей құда болса, екі ортада дорба жүреді. Бай мен бай құда болса, екі ортада жорға жүреді. Кедей мен бай құда болса, екі орта зорға жүреді». Екі жақтың дастарханы, өмірге көзқарасы, тектілігі деңгейлесі болғаны да жастардың жарасып кетуіне жол ашады. Екі түрлі әулеттен шығып, екі түрлі тәрбие көрген адамдардың бір-біріне сіңісуіде қиынға соғады. Менталитет, түсінік деген нәрсе аса маңыздылықпен ескерілуі тиіс. Осының бәрін елеп-ескерген қазақ: «Тең теңімен, тезек қабымен» немесе «Жасауы мол келіннің күйеуі жуас келеді» деген тобықтай түйін айтқан. «Ұрықтықтарыңызға орынды таңдаңыздар және теңдестеріңізбен тұрмыс құрыңыздар» (Ибн Мәжжаһ) деген хадис те осыны нұсқайды. Жүсіп Баласағұн бабамыз бір өлеңінде: «Жақсы болсын тегі, заты, ұрығы, Пәк, ұятты болсын жанның тұнығы. Дұрыс үйдің қызын ал, қол тимеген, Сенен өзге еркек жүзін көрмеген» деген екен.

ТЕГІНЕ ҚАРА

Негізі, ер жігітке келін таңдап беруді бұрын үлкендер өз міндеттеріне алып, бұл жауапты іске бел шешіп өздері кіріскен. Баласы ер жетіп, не қызы бой жете бастағаннан-ақ айналасына көз тастап, көргенді жердің балаларын сұрастырып, бақылай жүрген. Тегіне, затына мән берген. Себебі, «тегінде бар тек жатпайды», тегі асыл адамнан  жаман ұрпақ тумайды деп есептеген.

Бұған мысал ретінде Құнанбайдың Шәкәрімнің әкесі Құдайбердіге қыз айттыру оқиғасын айтуға болады. Құдайберді ер жеткен соң Құнанбай ақсақал оны үйлендірмек болып Қаракесек руының «Кедей» деген табынан шыққан Аллабергенге «құда болам» деп кісі жібереді. Құнанбайдың Аллабергенге адам жіберу себебі, Аллаберген ұл-қыздарын ерте оқытқан орта дәулетті, өте адал, көргенді адам болған екен. Сол адалдығының арқасында ел-жұрты оны қатты сыйлап, құрмет көрсеткен деседі. Сондай адамның тәрбиесінде өскен қыздың өзі де арабша, түрікше оқыған, сауатты, көзі ашық, кесте тігіп, ою оятын, киім пішіп, пышақ соғатын істі адам болған деп жазады Ахат Шәкәрімұлы әкесі туралы естелігінде.

Демек, қазақтың келін таңдаудағы тағы бір әдеті оның шыққан, тәрбие алған ортасына, тамырына, тегіне қарау болған.

АНАСЫНА ҚАРА

Қазақ келін таңдағанда сонымен бірге қыз баланың әдеп-ахлағына, мінезіне, тәрбиесіне мән берген. Орынсыз сөйлемейтін, ер адамның алдын кесіп, сөзін бөлмейтін, дауыс шығарып, дарақылана күлмейтін, өз орнын біліп, сыпайы, биязы, салмақты мінезімен көзге түскен қыз – «аспандағы жұлдызға, жағадағы құндызға» бара-бар болған. Мәселен, аты тарихта қалған Кенесары ханның жұбайы Күнімжан Кенесары ханды өле-өлгенше «күйеуім» не «ерім» деп емес, тек «төрем» деп атап кеткен екен. Белгiлi тарихшы Жанұзақ Қасым­баев «Кенесары хан» атты кiтабында Күнімжан жайлы былай дейді: «Кенесарының бәй­бiшесi Күнiмжан азаттық күрес­інің барлық өрiстi оқиға­ларының куәгері болды. Патша үкiметiнiң отаршылдық азабын бiрдей тартып, ханның басына түскен ауыртпашылықты онымен бiрге көтердi. Жапар, Тайшық, Ахмет тәрiздi мирасқорларды тәрбиелеп өсірген ана балаларын халық үшiн күрестiң мүддесiне шыңдады». 

Қыздың әдептілігін анасына қарап өлшеген. Қазақ арасындағы "Шешесіне қарап қызын ал", "Ана көрген тон пішер" сынды мақалдар осының дәлелі.

ТӨЛЕ БИДІҢ КЕЛІНІ

Қазақ сонымен бірге болашақ келінінің ой өрісі мен ақыл-парасатына да қатты мән берген. Бұған Төле бидің өз келіні Данагүлді қалай таңдағаны туралы мәліметті дәлел ретінде ұсынуға болады:

«Бір күні Төле би билік айту үшін түрікмен еліне аттанып бара жатып жолда бір топ қыз-келіншектерді көреді. Ол топтың ішінде Данагүл дейтін кедейдің қызы да бар еді. Данагүл: 

- Әй, қыздар, тоқтаңыздар, аттарыңыздың басын тартыңыздар. Жоғарыдан бір қатар аттылар келе жатыр, алдынан кесе-көлденең өтпейік, арасында ер бастаған батыр бар шығар, сол ерге ақыл айтқан ақсақалы бар шығар, батасын алып, алғысына бөленейік. Атты кісілер алдымыздан кесіп өтсін. Сонан соң жүрсек те ауылымызға жетерміз, – дейді. 

Мұны естіген Төле би қыздарды шақыртады. Қыздар аттан түсіп, жаяу келіп биге сәлем береді. Сол кезде Данагүлді сөзге тартып, оның ақыл-парасаты мен даналығын байқаған би оған құда түсіп, өзіне келін етіп алған екен.

АШПАҒАН БЕТІН ПЕРДЕДЕН...

Қазақ әу бастан-ақ Алласыз таң атырып, Алласыз күн батырмаған мұсылман халық қой. Сондықтан болашақ ұрпағының анасын, тәрбиешісін таңдаған кезде қазақ оның ең басты байлығы саналатын «иманына» да аса қатты мән берген. Жамандықпен аты шықпаған, жаман атқа қалмаған, арын, барын қорғаған қызды «қатарының алдына» санаған. Атақты Сүйінбай ақын мен Қатағанның айтысы есіңізде болар? Міне, сол айтыста Жамбылдай жыр алыбына ұстаз болған Сүйінбай ақын нағыз «әйел» болатын қазақ қызының образын былайша суреттейді:

"Сұлу деген сол елде, 

Ашпаған бетін пердеден. 

Еркектерін ардақтап, 

Өмірі адам көрмеген»

Міне, қазақ үшін ең бағалы, ең қадірлі қыздың бет-бейнесі, сипаты осындай болған. Және дәл осы қасиеттерін алға тарта отырып өз ұрпағының тәрбиешісін, бақташысын таңдаған. 

0 пікір