Отбасын құру - тек қана ұрпақ сүю емес
Отбасын құру - тек қана ұрпақ сүю емес
2 жыл бұрын 3045
Құдайберген Сабыржанұлы

Отбасы ұғымы тек ұрпақ жалғастығымен өлшенбейді. Отбасы – қоғамның маңызды бір бөлігі, ұлттың бүгіні мен ертеңі. Сол қасиетті шаңырақтың сүттей тазалығын, шатттығы мен бақытын ақ неке одан әрмен бекіте түседі. «Неке» дегеніміз үйленуге ниет еткендерге қойылатын діни талаптарды орындай отырып, екі жастың қол ұстасып, өз қалауымен бас қосып шаңырақ көтеруі. Өйткені оның белгілі бір мақсаты бар. Аллаһ тағала некенің шарттарын тәрк еткен отауға разылық танытпайды.

Дін – адал некеге құрылған отбасын ұлттың негізіне, іргетасына, тірегіне балайды. Сондықтан Ислам ғалымдары некелесу мәселесін адамның жеке жағдайымен байланыстыра отырып, үйленудің парыз, уәжіп, сүннет, харам, мәкрүһ секілді дәрежелерін анықтаған. Яғни, үйлену әркімнің рухани һәм материалдық жағдайына қарай әр түрлі сипат алуы мүмкін. Осы себепті үйлену – біреуге уәжіп болса, енді біреуге мәкрүһ. Енді осы мәселеге жеке-жеке тоқтала кетейік:

Парыз: Зина жасау қаупі төнген бойдақ кісі егер үйленгеннен кейін отбасын асырай алатындай жағдайы болса, онда оның күнәдан сақтануы үшін үйленуі – парыз. Яғни, харам істерге бой алдыру қаупі төнген адамға ең абзалы – үйлену. Өйткені оның үйленуден тартынуы өзіне де, қоғамға да зиянды.

Сүннет: Зина жасау қаупі жоқ болса да, шаңырақ көтеруді қалаған адамның үйленуі – сүннет.

Харам: Үйленгеннен кейін де теріс жүрісін тоқтатпайтын немесе отбасын бағу үшін ұрлық-қарлық, парақорлық сияқты түрлі теріс әрекеттерге, яғни діни тұрғыдан тыйым салынған істерге баратын адамның үйленуі – харам. Ғалымдар бұл үкімді жұбайына зәбір көрсететіндерге де қатысты деп санайды.

Мәкрүһ: Үйленгеннен кейін жұбайына қиянат жасайтыны анық білінбесе немесе отбасын асырау үшін харамға баруы мүмкін болса, ондай адамның үйленуі – мәкрүһ.

Мүбах: Табысы адал, зина жасау ықтималдығы жоқ (діндар, тақуа), мәхір беретін жағдайы бар, ісі тыңғылықты адамның үйленуі мәмдух не мүбах, яғни құптарлық. Ондай адам қаласа үйленеді, қаламаса үйленбейді.

Міне, Ислам дінінде үйленудің өзін жан-жақты талдап, қандай жағдайда оның парыз, сүннет немесе харам болатынын анықтау арқылы үйленуге атүсті, жеңіл қарауға болмайтыны ескертілген. Егер мұндай аса маңызды мәселе барлық жағынан көңілге қонымды ұстанымдарға негізделмесе, сот орындары жесір әйел мен жетім балалардан көз ашпас еді. Дін некеге қатысты барлық мәселелерді әу бастан таразылап, соңы түрлі келеңсіздіктерге ұшырататын некелесуді харам не мәкрүһ секілді категорияларға бөліп қарастырып, көбіне сезім билейтін мұндай жағдайда ақыл мен ойды бірінші кезекке қойған. Сондықтан да бір басын екеу етуге ниеттенген нағыз мұсылман некеге тән құмарлығы ретінде ғана емес, тұтас бір ұлттың, қоғамның болашағы ретінде қарай білуі керек. Ал, тәндік тояттау мен ләззат алуды осындай ұлы мақсатты жүзеге асыру үшін адам баласына Аллаһтың берген кішігірім сыйы деп түсінген жөн. Былайша айтқанда, ұлттың байрағын желбірете-тін адамгершілігі мол ұрпақ өсіруі үшін берілген ынталандыру «сыйлығы» деп қабылдау керек.

Сонымен, неке Хақ тағаланың рұқсаты аясында қиылғаны абзал. Себебі, неке дегеніміз – көзге көрінбейтін рухани шынжыр. Оның кереметтігі – Аллаһпен байланысында. Неке барысында дұға оқылып, ислами ұстанымдар шеңберде қиылуы және мәхір бекітілуі тиіс. Өз атымен қиылған некені Жасаған ие құтты әрі берекетті етеді. Мұндай неке – баянды болашақ пен жарасымды өмір сүрудің кепілі.

0 пікір