Феминизм: «Өзім - би, өзім - қожа»
Феминизм: «Өзім - би, өзім - қожа»
2 жыл бұрын 2720
Әйгерім Бақытқызы

«Өзім - би, өзім - қожа». Бұл - бүгінгі таңда әлемде кеңінен етек жайған феминизмнің негізгі талабы. Яки, әйел затының теңдігі. Бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінде феминистік көзқарасты ұстанатын кішігірім топтар бар. Феминистік көзқарастағы аруларымыз қоғамның әр саласын дендеп алған. Олардың бағыты айқын: «Біз өзіміз-ақ күн көре аламыз. Әйел заты ас бөлмеде пештің қасында отырып, бала бақпау керек. Әйел мен еркектің құқығы тең» дейді олар. Алайда әйел мен ер адамның құқығы тең бе? Теңдікті талап етіп, нәзік жандылардың басын ауыртқан феминизм фанатизмнің немесе ер адамды менсінбеудің айқын көрінісі емес пе?

Жалпы, феминизм дегеніміз - әйелдер мен еркектер арасындағы тең құқылық. Мұның тарихы сонау 18 ғасырда жатыр. Әлемді жайлаған феминизм Америка мен Франциядан бастау алған. Феминизимді қолдаушы әйелдердің бастапқы пиғылы саясатта еркектермен тең құқыққа ие болып, еркін еңбек етуге қол жеткізу еді. 19 ғасырда Солтүстік Америка мен Францияда феминист әйелдердің ұйымдары пайда бола бастаған.

ХХ ғасырда феминизмнің алғашқы толқындары шыққан. Дәл осы уақытта нәзікжандылар заңды құқықтарының тең болуын талап еткен деседі. Ал ХХ ғасырдың екінші жартысында «әйелдер мен еркектердің құқығы шын мәнінде бірдей болу керек» деген талап қойыла бастаған феминист-әйелдердің тарапынан. Негізі әлемдегі қайсыбір тың бастамалар немесе жаңа толқындар жаһандану деп аталатын дәуірге тап келетіні белгілі. ХХ ғасырдың жетпісінші жылдары «фемнинизм» қозғалысының өріс жайғаны соншалық, әлемнің әрбір мемлекетінде осы бағытты қолдаушылардың саны күрт көбейе түскен. Ал сексенінші жылдары ғалам ғалымдары бұл бағытты түбегейлі зерттеуге кіріскен. Тіпті, әйел мен еркектің қоғамдағы теңдігі үшін күресудің теориялық, тәжірибелік мәні де терең ашылған. Соңғы кездері феминизмде адам жынысы емес, «еркекке тән», «әйелге тән» мінез-құлық деген түсінік қалыптаса бастаған. Феминизмді қолдаушыларға сүйенсек, патриархаттық мінездегі еңбек, үлкенге кішіні бағындыру сияқты талаптар әйелдерге де қатысты болуы тиіс. Бұл талаптар феминистік көзқарастағы әйелдер үшін экономикалық немесе құқықтық мәселе емес, мәдени-тарихи құндылық. Сондай-ақ феминизмді жақтаушылардың ойынша, әйелдер мен ер адамдардың арасындағы қоғамдық қарым-қатынасты рационалдық тұрғыда басқару әйелдердің рухани әлемінің мүлгуіне әкем соғатын фактор екен. Феминизмнің басты мақсаты - ауызекі тілмен айтқанда, әйелдердің рухани әлемін «мүлгіген тыныштықтан» шығару болып отыр. Әлем зерттеушілері феминизмнің радикалды түрін де ерекше атайды. Яки, әйелдердің жеке мүмкіндіктері мен қабілеттерін реформалық тәсілмен шешу. Радикалды феминизм деген түсінік сонау 60-жылдары пайда болған. Бұл бағыттың астарында әйелді қорлау һәм сөз алу, саяси құқығын қорғау, бостандығынан аластату соңғы мыңжылдықтың қасіреті деген тезис жатыр. Феминист әйелдер үшін отбасы-ошақ қасының, бала тәрбиесінің ешбір маңызы жоқ. Олар мына қоғамда еркін билік жүргізіп, ерлерше өмір сүргісі келеді.

Бұл - әйелдердің теңдікке ұмтылуының, яки, феминизмнің ғылыми тұжырымдамасы. Қарапайым тілмен айтсақ, бұл бүгінгі таңда әрбір бұрышта айтылып, жиі ескерілетін «гендерлік теңдік» деген түсінікке саяды.

Рас, әйел мен еркектің құқықтары тең. Бәріміз бұл өмірге ең алдымен адам боп келдік. Содан соң, әйел, ер болып бөліндік. Дегенмен, Табиғат-Ана әрбірімізге белгілі бір міндеттемелерді жүктейтіні түсінікті жайт. Мәселен, ер адам ықылым заманнан отбасының тірегі, асыраушысы, қара күштің иесі. Ал әйел отбасының жылуы мен баланың негізгі тәрбиешісі. Бұл адамзаттың санасына сіңген негізгі түсінік. Десек те, соңғы кездері теңдікке ұмтылып, ерлер сияқты әскерге баратын, басшылық істе «менмендікке» салынып «өзім қожа, өзім би» дейтіндер де көп. 

Феминист-әйелдердің түпкі ұстанымы болған «Әйел мен еркек тең бе?» деген сауалға жиі бас қатыратынымыз жасырын емес. Бұл сан жылдардан бері талқыға түсіп, талай ғалым мен ғұламаны толғандырған мәселе. Алайда ғылым да, дін де, салт пен сана да ер адамның әйелден бір саты жоғары екенін әлдеқашан дәлелдеп берген. Тек осы пікірмен келіспейтіндер болмаса....

«Әйел бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербейді» деген аталы сөз бар. Рас, батыр да, алып та, ақын да анадан туады. Әлемдегі қайсыбір ерлік, әдемі әуен, әуезді сөздің барлығы да анаға, әйелге арналады. Десек те, Ислам дінінде «Әйел еркектің қабырғасынан жаратылған» дегенді алға тартады. Ал атам қазақ «әйел мойын, еркек бас» деген. Қазақ қашанда әйелді қадірлеп, алақанында аялаған... Бірақ төріне оздырып, әйелді еркектен биік көрмеген. Тарихқа зер салсақ, атқа мініп, жауға шауып, сан түрлі зұлматты жылдарда қолына кетпен-күрегін алып, еңбекке араласқан әйелдер де болды. Әйткенмен, ешбір әйел: «Мен сенімен тең едім, құқығымыз бір» деп еріне қарсы ереуілдемеген. Бірақ заман өзгереді, заманға сай адам өзгеретіні тағы бар...

Бір әзілқой досымыз «Кезінде Майлин «Раушан - коммунист» деп жазса, біз қазіргі аруларымызды «Біздің қыздар феминист» дейтін болдық» дегені бар. Әрине, езуіңізге еріксіз күлкі үйіретін әзіл. Әйтсе де, астарында зілдей шындық жатыр. Жасыратын несі бар, қазір басшылық қызметке ұмтылу, өзгелерге билік жүргізуге құмар әйелдердің саны көбейді. Тіпті, мансап қуып, Алла берген сый - бала табуды да кейінге ысырып, абырой-атақтың ізінен жүретін нәзік жандылар да бар.

Ойлап қарасақ, әйел мен еркектің құқығы теңестірілген заман бұл. Көліктің тізгінін әйел де меңгерген, мансап та қуады, билікті де қолына алады, қажет десеңіз, ешбір жұмысты бәлсінбей еркін атқарады. Феминизим дерті жайлаған заман демей немене? Бірақ...

Американың билігінде бірнеше жыл қатарынан отырып, әлемге «темір әйел», яки, «железная леди» деп танылған Маргарет Тетчердің өзі алып бір мемлекетті басқарып отырса да, бір сөзінде: «Мен үйде қарапайым әйелмін. Тіпті күйеуім үй қызметшісі дайындаған асты емес, менің қолымнан шыққан асты жейді. Сондықтан үйде әйел екенімді ешқашан ұмытқан емеспін» депті. Расында, феминистік бағытты қолдайық, қолдамайық, әйтеуір ас бөлмені - кеңсеге, баланы - мансапқа, ер адамды - езге, нәзіктігімізді - қаталдыққа айналдырмағанымыз абзалырақ болар. Өйткені ер емес, біз қанша дегенмен қыз баламыз ғой. Әйгілі термеде айтылғандай, «Нәзіктік болар жолдасың, ұл емес, сен қыз баласың... »

0 пікір