Ер адамның әйеліне күш қолдануының себебі не?
Ер адамның әйеліне күш қолдануының себебі не?
6 жыл бұрын 3133
Данияр СҮЛЕЙМЕНОВ

Әйелге күш көрсету еркектің өзіне деген сенімінің аздығын байқатады. Мұндай тип адамдарда тізгіннен немесе беделден айырылып қаламын ба деген қорқыныш бар, сол себепті күш қолдануға көбірек жүгінеді. Ерінің әйеліне күш көрсетуі кейде басқалардың айтақтауы себепті де жүзеге асады. Мысалы, бір адамның екінші бір адамға: «Әйеліңнен қорқасың ба не? Тізгінді беріп қойғансың ба?» – деген сынды келемеж сөздері нәтижеде ер адамның әйеліне күш көрсетуіне апаруы мүмкін.

Негізінде, отбасында, жалпы өмірде беделге ие болу күшпен өлшенбейді. Күш қолдану арқылы адамды белгілі бір уақыт бағындыруға болады, бірақ күш сарқылған кезде әлгі адам сізден теріс айналып кете барады. Күш қолдану арқылы кісі шынайы құрметке бөленбейді. Сізді біреу қорыққанынан сыйлауы мүмкін, бірақ ол адамның жүрегін жаулап ала алмайсыз.

Нағыз беделді, абыройға ие адам – өзі көрінбесе де көлеңкесімен-ақ басқаға әсер ете алатын адам.

Отбасылық өмірде әйел адамдардың көбі осы проблемамен бетпе-бет келіп жатады. Отбасы – беделге, атақ-абыройға жету үшін құрылған майдан алаңы емес қой! Отбасы – өзара түсіністік пен ерлі-зайыптылардың бір-біріне махаббат танытуы, өзара қамқорлық ету арқылы өз болашағын баянды етумен қатар, қоғам келешегін құру.

Осындай проблеманың қалай алдын алуға болады? Алдымыздағы адамның ашулануының түп негізін аңғара білсек, отбасылық жанжалдың алдын алуға болады. Ол үшін:

Бірінші: адамды түсінуге тырысу қажет.

Екінші: жасаған қателігі себепті адамның басқаны емес өзін кінәлі сезінуіне жағдай жасау керек. Яғни сіз күйеуіңіздің қателігін саналы түрде қабыл етіп, түзетуіне мұрсат бересіз. Бұл жердегі маңыздысы – бірден бетіне басып кінәлап жібермеңіз. Себебі ер адамның қатты қаламайтын нәрсесі – әйелінің алдында кемшілігінің бетіне басылғаны.

Үшінші: еріңіздің ісі шариғатқа қайшы болмаса, әрдайым қолдап отыруға тырысыңыз. Себебі «Сенікі дұрыс, ісіңіз бен сөзіңіз орынды» деп айту кей кездері «Сені сүйемін!» деген сөзден артығырақ.

Есте сақтаңыз:

Күш қолданудың түрлері физикалық, психологиялық, моральдық тұрғыдан болады. Ер кісі өзіне деген сенім мен құрметті жоғалтып алмау мақсатында және сынға ұшырап алғашқы соққының алдын алу үшін физикалық күшке жиі жүгінеді. Тізгінді қолдан шығарып аламын ба деген қорқыныш – ер адамды қатты мазалайтын нәрсенің бірі. Егер өскен ортасы күш қолдануды ерсі санамайтын орта болса, тіптен қиын. Мұндайлар, яғни түзде періште, үйде хайуан секілді еркектер аз емес қоғамда.

Зерттеулер нәтижесі ерлі-зайыптылардың бір-біріне көңіл бөліп, бірге уақыт өткізуі, ортақ шешім қабылдап бір-біріне мақтау сөз айтуы, діни мәселелерді бөлісіп отыруы бұл проблеманың алдын алатынын көрсетуде. 

0 пікір