Елжас Ертайұлы: "Баланы бағып-қағу басқа, тәрбиелеу басқа" (сұхбат)
Елжас Ертайұлы: "Баланы бағып-қағу басқа, тәрбиелеу басқа" (сұхбат)
5 жыл бұрын 5595

Ағаштың түрі мен оның тіршілігі жалғасу үшін тұқымы қаншалықты маңызды болса, адамзаттың тіршілігі мен ұрпақ жалғастығында баланың рөлі маңызды. Кез келген халықтың болашағы, оның өміршеңдігі ұлттық болмысы мен ұлттық рухы кемелденген, жақсы тәрбиеленген ұрпақтардың қолында. Бала тәрбиесіне, сөз жоқ, ең бірінші ата-ана жауапты. «Біздің сұхбатттың» бүгінгі қонағы «Бақытты отбасы» отбасылық кеңес орталығының жетекшісі, коуч-тренер Елжас Ертайұлы.

─ Елжас мырза, сіздің «Бала тәрбиесі» бойынша өте жиі семинар өткізіп тұратыныңыздан хабардармыз. Сіз бармаған облыс жоқ шығар. Кейде тіпті аудандарға, ауылдарға дейін барып жатасыз. Жалпы ата-аналар бала тәрбиесіне қаншалықты көңіл бөледі?

─ Бізде бала тәрбиесінде баланы бағып-қағу, өсіру және тәрбиелеу деген ұғымдар бар. Көбінесе біз осыларды ажырата алмай жатамыз. Бағып-қағып, өсіру түсінікті шығар, ал тәрбиелеу мүлдем басқа әлем. Күрделі процесс, үлкен жауапкершілік, өнер деп айтсақ болады. Бізде ата-аналар бала тәрбиесінің теориялық жағын жақсы біледі, алайда практикалық жағына келгенде ақсап жатады. Көп жағдайда біз бағып-қағудың айналасынан шыға алмай жатамыз. Адамдар «бес баланы тәрбиелеп отырмын» дегенді абайлап айтуы керек, себебі расымен тәрбиелеп отыр ма, әлде бағып-қағып отыр ма, ол жағы белгісіз. Семинарлардан: «Баламның қарны тоқ, көйлегі көк, басқа не істеймін енді?» — деген көзқарастағы ата-аналар өте жиі кездеседі. Араларында баласына «Iphone 8» алып беріп, қатарынан қалдырмадым, ата-ана ретінде борышымды орындадым деп ойлайтындар да бар. Мұндай ата-аналар баланың материалдық жағынан қамтамасыз етумен ғана шектеледі. Осыны ашық әрі жасырын түрде де байқауға болады. Негізінен бұл бала тәрбиесінің кішкене ғана бөлшегі. Ең алдымен баланың сезімдерімен жұмыс істеу, баланың жан дүниесіне үніліп отыру, ішкі жан дүниесіндегі өзгерістерді байқап отыру басты міндетіміз. Әрбір айтқан сөзіміздің «балаға әсері қандай, қандай сезімге бөленді, жаралап алған жоқпын ба» деген сияқты басты сұрақтармен бас қатырған абзал. Баланың сезімі мен жұмыс істеу дегеніміз баланың сезімдерін басқара алуына үйрету, жол көрсету. Бізде көбінесе «Бала ғой, не түсінеді дейсің?» — деп жатады. Біраз уақыт өткеннен кейін ата-ана баласын тани алмайтын халге жетеді. Баланы материалдық тұрғыда қамтамасыз ету баланың қажеттілігі емес, ол ─ ата-ананың қажеттілігі. Мұны эгоистік қажеттілігі деп айтуға болады. «Ел не дейді?» — деген сөз үшін, былайша айтқанда ата-ана өзінің абыройы үшін істейді. Жалпы сейсенбі сайын инстаграм әлеуметтік желісінде тікелей эфирге шығамын. Сол жерде ата-ана тарапынан қойылатын сұрақтар мазмұнынан-ақ бала тәрбиесіне қаншалықты көңіл бөлетінімізді аңғаруға болады. «Балаларым бірімен-бірі төбелеседі, қалай бауырмал етіп тәрбиелеуге болады?» — деген сияқты қарапайым сауалдар беріп, тұрмыстық мәселелерден аса алмайды.

─ Бала тәрбиесінде әкенің рөлі қандай? «Әкенің қатаң талабын, тәрбиесін көрген бала ертең қоғамда да, отбасында да шешуші тұлға бола алады» деген сияқты пікірлерді көп естиміз.

─ Баланың материалдық қажеттілігін өтеумен шектелетіндер ─ әкелер қауымы. Қоғамда қалыптасып қалған жансақ ұғым ─ «Бала тәрбиесі ─ әйелдің міндеті», — деп барлық жауапкершілікті әйелдерге жүктеп қойып, алаңсыз жүретін әкелер көп. Былайша айтқанда, олар тәрбие үдерісіне араласпайды. Тіпті кей отбасыларда баласының қандай аурумен ауыратынан да хабарсыз әкелер бар. Ондай әкелер баласы бір жағдайға ұшырағанда, ең алдымен анасын кінәлап шығады. Себебі барлық жауапкершілік анасының мойнында. Әйелі күйеуінен қорыққаннан кейін баланың проблемаларын әкесіне тіс жармай, жасырын ұстауға мәжбүр болады. Себебі жапа шегетін өзі. Балабақшаға, мектепке апарып, алып келуді «әкелік міндет» деп санайтын әкелер бар. Немесе баланы бағып-қағу үшін күндіз-түні жұмыс істеп жатырмын деп өзін жұбататын әкелер де өте көп кездеседі. Жалпы семинарларда аналар тарапынан әкелер қауымына жиі шағым айтылады. Осы тақырыпта мақала жазуымызды сұрайды. Қазіргі уақытта әкелер үйге телефонмен кіріп, телефонмен шығады. Кешкі ас үстінде де телефон шұқылап отырады. Астан кейін де бөлмесіне барып, ютубтан түрлі видеоларды көреді, жаңалық оқиды. Бала бір бұрышта қалады. Баланың екі рет бетінен сүюді мейірім беру деп есептейді. Өзіңіз білесіз, біздің қоғамда жалғызбасты әйелдер көп. Оны статистикадан байқауға болады. Балабақшадан бастап, мектеп бітіргенге дейін ұстаздары әйелдер қауымы. Бүгінгі күні қыздың да, ұлдың да ер адамның тәрбиесін алатын орта жетіспейді деп айтсақ болады. Ер адамның тәрбиесін алмаған кезде, бала тәрбиесі толыққанды болып есептелмейді.

─ Семинарларыңызға көбіне кімдер қатысады? Жалпы бала тәрбиесі бойынша сіздің кеңесіңізге жүгінген ер адамдар болды ма?

─ Әкелер бала тәрбиесіне атсалыспайды деп жатқаныма негізгі себеп сол. Семинарға қатысатын әкелердің пайызы өте төмен. Ең жақсы көрсеткіш дегеніміз отыз пайыз ғана. Кейбір семинарларды тіпті әкесіз өткіземіз. Өткен аптада Шымкентке барып қайттым, семинарға бір ғана әке қатысты. Ол әкеміздің өзі кешігіп келді. Көп жағдайда ер адамдар әйелдерін ғана жібереді. Себебі біздің қоғамда бала тәрбиесіне аналар ғана жауапты. Сонымен қатар, немересінің тәрбиесі үшін семинарларға келетін ата-әжелерге риза боламын. «Алты сағатқа қалай шыдаймыз» деп, жастардың өзі семинарларға келмей жатқанда, алты сағат бойы тапжылмай тыңдап отыратын ата-әжелеріміз бар.


Ата-ана махаббатынан артық ештеңе жоқ, бірақ…

─ Бала тәрбиесінде негізгі проблема деп нені атар едіңіз?

─ Әлеуметтік желілерде немесе семинарлардан кейін көп сұралатын сұрақтардың бірі — ата-ананың балаға сөзін өткізе алмауы, әсер ете алмауы. «Балам тыңдамайды, сөзім өтпейді, бетіме бажырайып қарап тұра береді, бір нәрсені істе десем, он рет айтқызбай істемейді» деген секілді шағымдарды жиі естіп жатамыз. Мұның шешімі ата-ананың ұстанымы деп айтсақ болады. Баланы күштеп тәрбиелеу арқылы уақыт өте келе әсер ету мүмкіндігінен айырылып қалады. Қоғамда баланы күштеу арқылы тәрбилемейтін отбасы аз десек болады. Балаға ұрсу, ұру, жазалау, ренжу арқылы тәрбиелеуге тырысамыз. Бұл ата-ананың әлсіздігінен туындайтын мәселе. Уақыт өте келе ата-ананың балаға әсер ете алмауына әкеп соғады. «Еті үйрену» дейді ғой, бала ата-анасын естімейтін жағдайға жетеді. Бұрын біз әкеміздің қабағына қарап түсінетін едік. Қабағын шытса болды, тынышталу керек екенімізді түсінетінбіз. Бала ауыра бастағанда, сіз бірден антибиотик бермейсіз. Алдымен әсері төмен дәрі бересіз. Бала иммунитетінің ауруды жеңуіне мүмкіндік жасайсыз. Ешқашан балаға қол алып жүгіруге болмайды. Кішкене күнінде ұруыңыз мүмкін, бірақ уақыт өте келе ұра алмайтын жағдайға жетесіз. Себебі қазіргі уақытта баланың үйден ғана емес, мектептен де, сыныптастарынан, жоғарғы сыныпта оқитын оқушылардан да қысым көретінін жасыра алмаймыз. Күні кеше Шымкентте бір жеткіншек суицидке барды. Ұрсам болды, балам суицид жасауы мүмкін деп, алдымен өзіңіз қорқатын боласыз. Психологтан психологқа қарай жүгіресіз. Сол себепті бала өмірге келген уақыттан бастап күштеп тәрбиелеуді қолданбауға кеңес береміз.

─ Бала тәрбиесінде ата-ана махаббатының рөлі ерекше. Әлі есімде, бір жұмысты дұрыс істемесек болды, әкеміз бірінші анамызды көп еркелетесің деп ұрсып шыға келетін. Балаға деген махаббаттың шегі бола ма?

─ Бала тәрбиесіндегі ата-ананың махаббаттың рөлі ерекше. Махаббатты жоғарғы шек немесе төменгі шек деп бөлуге болады. Төменгі шек орын алған жағдайда бала өзінің қадірсіз, керексіз сезіну арқылы бақытсыз сезінуіне алып барады. Ал жоғарғы шектен асып кеткен жағдайда, баланың қалыптасуына, дамуына, мінезіне кері әсер ететін тұстары көп болады. Ата-ана баласын қатты жақсы көрген жағдайда, яғни шектен шыққан жағдайда, баланы өз еркіне жібермейді, баланың даму процесінің толық аяқталуына мүмкіндік берілмейді. Бұны үш белгі арқылы анықтай аламыз. Балаға ешқашан «жоқ» дей алмау. Баланың сұраған кез келген нәрсесіне «иә» деп жауап беріп, айтқанын орындау. Екіншісі, тұрақсыздық. «Жоқ» деп айтқан кезде, бала жылап, мінезін көрсете бастайды. Сол кезде ата-ана өзінің «жоқ» шешімін «иәға» ауыстырып, баланың ырқына көнеді. Болмайды дегенін бір-екі минуттан кейін өзі істеп беріп жатады. Үшіншісі, баланы шектен тыс өбектеу. Баланың қалауымен емес, ата-ана өзінің қалауымен, өзінің қажеттілігін қамтамасыз ету үшін қайта-қайта сүю, иіскеу, құшақтау, өбектеу біздің қоғамда жиі кездеседі. Анасы баласымен бір бөлмеде ойнап отырды делік. Бала басқа бөлмеге шығып кетіп, екі-үш минуттан кейін қайтып келсе, анасы баласын бірнеше күн бойы көрмеген сияқты құшақтап, иіскеп, сүйгіштейтін жағдайдар жиі қайталанады. Бұл баланың шектен тыс өбектелуі болып есептеледі. Махаббат шектен тыс болған кезде ата-ана баланың өз еркімен дамуына мүмкіндік бермейді. Баланы толықтай өзінің бақылауында ұстайды, өзіне тәуелді етіп өсіреді.

─ Тәжірибеңізде кездесті ме бұл?

─ Біздің қоғамда екеуі де кездеседі. Кейбір отбасыларда балаға деген махаббат төмен болса, кейбіреулері шектен шығып жатады. Бұрынғы уақытта теледидар, бітпейтін сериалдар ата-ананың көп уақытын алса, қазіргі уақытта гаджеттерден қолы босамайды. Кейбір отбасында бірінші балаға махаббат жетіспейді де, екінші балаға махаббат шектен тыс беріледі. Бір отбасындағы ата-ананың әрекеті екітүрлі болуы мүмкін. Мысалы, бала 10 жасқа келуі мүмкін, алайда өзінің қасына алып жататын аналар бар. Ата-анамен сөйлесу барысында себебін былай анықтадық: керісінше анасы баласын жібергісі келмейді. Негізі бала бөлек жатқысы келмейді деп сылтауратады. Шынтуайтында, анасы баласын қасына алып жатқысы келеді. Осы секілді жағдайлар баланы шектен тыс жақсы көру болып табылады. Бұл баланың ерке болып өсуіне алып келеді. Сонымен қатар, балаға өз бетімен өмір сүру мүмкіндігі берілмейді. Мысалы, бір жастағы бала жерде жатқан нәрсені алдымен қолмен ұстап, кейін аузына апарады, сөйтіп тәжірибе жасайды ғой. Былайша айтқанда, бала өзі тәжірибе жасап, өзі қателесіп, өзі дұрысты табу мүмкіндігінен айырылып отыр.


Баланың дегенінен шықпау қасіретке апарады

─ Бала тәрбиесіндегі қажеттілікті қалай түсінеміз?

─ Балада да, ересек адамда да өзіне қажет емес затты қажеттілігіне айналдырып жататын кездер өте жиі кездеседі. Күнделікті тамақ ішуіміз біздің қажеттілігіміз. Бірақ темекі тарту қажеттілік емес. Адам баласы темекіні тарту арқылы өзінің қажеттілігіне айналдырып алады. Темекі тартпаса, басы ауырып, ашуланып, темекі табылмаған жағдайда жан-жағын жайпап жіберуге дайын тұрады. Ата-аналар да кейбір заттарды баланың қажеттілігіне айналдырып жібереді. Баланың тамақ ішуі қажеттілік болса, күнделікті шоколад жеуі қажеттілік емес. Өз басымнан өткен жағдайды айтайын. Өткенде білесіз, Алматыда күн суық болды. Көршімнің көлігімен баламды балабақшаға апарып жүрдім. Негізі жаяу баратын едік. Көлікпен балабақшаға бару балам үшін аз уақыт ішінде қажеттілікке айналып үлгерді. Күн жылынған соң балам балабақшаға барғысы келмей, балабақшадан жаяу қайтқысы келмей, мінез көрсете бастады. Шу шығарды. «Жаман әкесің» деген сияқты сөз де естіп қалдық. Сол секілді түнде су сұрауы немесе айран сұрауы уақыт ете келе қажеттілікке айналған әрекеттер. Қарап отырсаңыз, барлығын өзіміз қажеттілігіне айналдырып отырмыз.

─ Мәселені шешудің қандай жолдарын ұсынар едіңіз?

─ Әлбетте, баласының болашағын ойлайтын ата-ана бала тәрбиесінде ортақ бір қағидаларды анықтау керек. Бала аптасына екі рет шоколад жеу жеткілікті екенін түсіне алмайды. Көз алдында тұрған телефонға, шоколадқа қол жеткізу үшін тырысады, әсіресе телефон үшін ата-анасымен қақтығысқа түседі. Сол үшін үйге кірген бетте телефоныңды баланың қолы жетпейтін жерге қоюға тырысу керек. Баланың көп жағдайда ата-анамен қақтығысқа түсуінің себебі ата-ананың назарының балаға жетіспеуінде жатыр. Егер ата-ана баланың қызығушылығын тудыратын дүниелерді баламен бірге істесе, мысалы, сурет салу керек болса, бірігіп сурет салса, бояса немесе баламызбен жүйелі түрде уақыт өткізіп, бірге ойын ойнайтын болсақ, қақтығыс болмас еді. Сол секілді баланың гаджеттерден қолы босамауы немесе теледидар алдынан тұрмауы ─ ата-ананың жеткілікті көңіл бөлмеуі жатыр деген пікірлер бар. Бала өзінің сезімтал қажеттіліктеріне жауап ала алмағаннан кейін, сол қажеттіліктерін сезінбеу үшін өзін уақытша алдайтын дүниелерді іздей бастайды. Виртуалды әлемге кіріп кетеді, соның қызығымен отырады. Ата-анасын іздемейді. Ақырындап тәуелді бола бастайды. «Уақытында және жеткілікті дәрежеде көңіл бөлу қағидасы» бар. Бала ата-анасының көңілі, қолдауы қажет болған жағдайда, бала білдіреді. Әрине, іс-әрекеттері арқылы білдіреді. «Түсініксіз әрекеттер» деп айтады. Бала келіп еркелейді, аяққа жармасады, құшақтайды, не болмаса үстіңізге мінеді, шашыңызды жұлады, жануарлардың дауысын да шығаруы мүмкін. Осы жағдайда ата-ана көңіл бөлуі керек. Бұл уақытында деген сөз. Көбіне ата-аналар мынадай қателік жасайды. Бала сізден сұрамай тұрып көңіл бөлу. Баланың ешқандай қажеттілігі жоқ, өзі ғана тып-тыныш ойнап отыр. Сізді қажетсініп тұрған жоқ. Алайда ата-ана ретінде сіз қажетсініп тұрсыз. Барасыз да сүйесіз, құшақтайсыз. Бұл уақытында деген принципті бұзады. Бұл уақытта балардың көбі қарсылығын білдіреді: кері итереді, сүйдірткісі келмейді, жылайды. Жеткілікті деген қағиданы қайдан білеміз? Мысалы, сіз балаңызды құшақтап тұрасыз, біраз уақыттан кейін бала сізді кері итереді. Бала өзіне керекті энергияны алады да, болды, мені жібер дейді. Ал жеткілікті қағидасы қалай бұзылады? Ата-анасы баласын сүйіп алады да, бар енді, ойна дейді. Ал бала қажетті энергияны алып болған жоқ, ал сіз ол кезде балаңыздың бетінен қаққан боласыз. Немесе бала қажетті энергиясын алып болды, ал сіздің жібергіңіз жоқ. Бұл да қажеттілік қағидасын бұзған болып саналады.


─ Елжас мырза, бала тәрбиесіне байланысты біз біле бермейтін маңызды мәліметтермен бөліскеніңізге рахмет. Кезекті блиц-сұрақтарға берсек.

─ Балаңыз өмірге келгенде қандай сезімде болдыңыз?

─ Кез келген әке секілді мен де қуандым. Әкелік сезім бірден оянып кетті деп айта алмаймын. Себебі әкелік сезім ана сезім секілді инстинкпен берілетін сезім емес, уақыт өте келе пайда болады.

─ Балаңыздың есінде қалған оқиғаны білесіз бе?

─ Хайуанаттар бағына барған кезін ылғи айтып отырады.

─ Сіз үшін отбасында бірінші адам кім?

─ Әке бірінші орында тұру керек. Тек сөз күйінде ғана емес, ісімен, өнегесімен, жауапкершілігімен бірінші орында тұруы керек.

─ Балаңызбен қандай ойын ойнайсыз?

─ Баланың қиялына сай жануарлар кейіпіне кіріп, аң ойынын ойнаймыз. Сонымен қатар, отбасының барлық мүшелерімен домино ойнаймыз.

─ Отбасы мүшелерін бір уақытта не біріктіреді?

─ Отбасында қалыптастақан дәстүрі барлығы бірге отырып таңғы ас ішу.

─ Сіз үшін бала бойындағы басты үш құндылық?

─ Ата-анасына, адамзатқа, қоршаған ортаға деген махаббаты, ата-анасына деген сенім, өзіне деген сенім.

─ Неге қатты алаңдайсыз?

─ Әлбетте, балаларымыздың болашағына алаңдаймыз.

─ Бала қанша жасқа дейін қай тілде білім алғаны дұрыс?

─ Ана тілін жетік меңгергеннен кейін барып, өзге тілде білім алса да болады.

─ Сұхбат бергеніңізге рахмет!

"Қазақстан дәуірі" газеті. 

0 пікір