Балаңызға әлімжеттік жасалатынын қалай білуге болады?
Балаңызға әлімжеттік жасалатынын қалай білуге болады?
6 жыл бұрын 5858
Сая БАҚИМОВА, психолог

Бүгін жаңалықтар оқып отырып, БҰҰ-ның Ресей мектептері жайлы зерттеу мақаласын көзім шалып қалды. Жазуға сенсек, Ресей мектептерінде оқушылардың 1/3-і түрлі мазақтаудың, физикалық және псиxологиялық әлімжеттіктің құрбаны болады екен. Осыдан бір жыл бұрын сол БҰҰ жанындағы ЮНИСЕФ қорының баяндамасында әлемде әр төртінші оқушы мектептегі әлімжеттіктің құрбаны деген еді.

Қазақстанда да forbes.kz сайтының мәліметіне сенсек, 11-15 жас аралығындағы оқушылардың 33%-ы, яғни 1/3-і мектепте өз қатарластарынан қысым көреді. Кәсіби әдебиетте буллинг деп атайтын (bully ағылшын тілінде қорқыту, мазақтау) құбылысты ғалымдар 1978 жылдан бастап әлемде зерттей бастаған. Ең шарықтау шегі 3-6 сыныптарда болады. Балалардың бір-біріне қарсы шығып, топтасып, қысым көрсетуі мектеп жасына дейін де пайда болады, жоғары сыныптарда да жалғаса алады.

Мұндай жағдайда 4 әлеуметтік топ пайда болады: агрессорлар, агрессия құрбандары, үнсіз бақылаушылар, болысуға тырысатындар. Ақылы жеке мектеп болса, буллинг болмайды деп ойлау қате, қайта сондай арнайы мектептерде бәсекелестік жоғары болады, оқушылар бір-бірімен жарысқа түсіп, не түрлі жолмен авторитетке, басқалардың алдында жоғары бағаға жетуге тырысады. Күшпен, мазақпен, қорқытумен жоғары көтеріле алам деп ойлайтын бір бала мектепке келсе, ол жерде міндетті түрде буллинг орын алады. Ал 1000-ға жуық оқушы оқитын мектепте ондай бала болмауы мүмкін бе?

Бүгін мектеп кезінде музыкалық мектепте неше түрлі әлімжеттік көрген журналистің мақаласын оқыдым. Ата-анасы мейірімді, барлық жарыстарынан қалмайтын қамқор адамдар болғанына қарамастан оларға айта алмапты. Себебі "әлсізсің деп өзімді кіналайды, өзім шешуім керек" деп ойлаған екен. Сырттай "үнемі бәрі жақсы, мектепте қызық болды, мынадай нәрсе болды, достарым көп" деп айтып жүреді екен.

Сіздің балаңыз сізге қаншалықты шынын айтады? Іштей тынып жүріп, ертең ауыр жағдайға тап болса, суицидке барса кім кінәлі болады? Баламызды агрессордан қорғау бір мәселе, ал өзі солай агрессор болмауын қалай бақылауға болады?

Тәрбиеге қатысты мәселеге мектепті кінәлауға болмайды деп ойлаймын. Мектеп білім береді, тәрбиені ата-ана береді. Бірақ дәл осы буллинг мәселесі тікелей білім алу құқығын шектейтін болғандықтан мектептегі жайлы атмосфераға мектеп әкімшілігі, ал баланың басқа балаға сыйластық танытуын ата-ана қадағалайды деп ойлаймын. Кейде маған қоғам саналы түрде жауыз, өзімшіл балаларды тәрбиелеп жатқан сияқты. Бір баланың айналасында шыр айналып, өбектеп жүрген ата-ана "басқа балалардан зәбірлік көрме", "төмен болма", "ол үшін өзің қайта барып тиіс", өзің мықты бол деп үйрететін сияқты.

Кеше ғана лифтте келе жатырмыз, көршімнің мектеп жасындағы баласы басымен, аяғымен, қолымен лифттің ішін ұрып, теуіп барды. Қасындағы ата-анасы да үндемей, күліп тұра берді. Өзге біреудің меншігін сыйлауды үйренбеген бала, ертең сыныптастарына мейірімді бола ала ма деп мен қалдым. Және мен практикадан өткен қалада танымал, жиі мақталатын мектепте 8 сынып оқушылары бір-бірін жүз бен руға бөліп кемсітетін.

Ата-анаға:

- Баламен сөйлесіңіз, күніне бір рет мектепте жағдайы қалай екенін біліп отырыңыз;

- Жағдай деген тек баға емес, псиxологиялық жағдайы да;

- Мектеп жасында балалар өтірікті сіздің реакцияңыздан қорыққанынан ғана айтады;

- Сондықтан ешқашан сынамай, ұрыспай, ойыңызды дәлелмен жеткізуге тырысыңыз;

- Мектепте қысым көретін балалардың ұйқысы мазасыз болады, қорқынышты түстерді жиі көреді, тырнақ тістеу де көбіне осыны білдіреді;

- Мазасыз, көңіл-күйі көбіне түсіңкі, бірақ тез ашуланады, үйде шектен тыс агрессия танытады;

- Көп жағдайда энурез болады;

- Дәл сіздің балаңыз қысым көрмесе де, басқа қысым көретін бала туралы айтып келсе, міндетті түрде реакция білдіріңіз;

- 11 жыл бойы мектеп балаға тұтас бір ағза, ондағы жағдай барлық мүшеге әсер етеді, әрі сіздің қамсыздығыңызға қарап балаңыз агрессия қалыпты нәрсе екен деп ойлауы мүмкін.

0 пікір