Балаңызға әдемі ат қойыңыз...
Балаңызға әдемі ат қойыңыз...
8 жыл бұрын 4383
Құдайберді БАҒАШАР

Абдуллаһ ибн Аббас бала туылғаннан кейінгі жетінші күні мына нәрселерді жүзеге асырудың сүннет екенін мәлімдеген: ат қою және сүндетке отырғызу; туылғанда нәрестенің денесіне жағылып қалған қан секілді лас нәрселерді сүртіп, тазалау; егер қыз болса, құлағын тесу; ақиқа құрбанын шалу; шашын алу; алынған шаштың салмағындай алтын немесе күміс садақа беру.

Бала дүниеге келгеннен кейін алғашқы күндерде күн тәртібінде ат қою мәселесі тұрады. Хадисте бұл жайлы «Сендер қиямет күні өз есімдеріңмен және әкелеріңнің есімдерімен шақырыласыңдар. Олай болса балаға әдемі есім қойыңдар», − делінген. Жақсы ат қою − әкенің бала алдындағы борыштарының біріне жатқызылған. Пайғамбарымыздың нәрестелерге туыла салысымен ат қойған кездері болған. Бірақ, көбіне бұған нәресте туылғаннан кейінгі жетінші күнді дұрыс көрген. Ең абзал есімдердің санатында Абдуллаһ (Алланың құлы) және Абдуррахман (Рахманның құлы) деген қос есімді жатқызған Пайғамбарымыз (с.а.у.) мұсылмандықты қабылдаған кей кісілердің нашар аттарын мәнді әрі жағымды есімдерге өзгерткен. Сондықтан мұсылман ғұламалары адамға қойылған аттың кейінгі өмірге әсері болатынына сенген. Халқымыз да осы себепті нәрестеге ат қойғанда «Атына заты сай болсын» деген тілектерін білдірген.

Құлағына азан шақыру

Жас нәресте үшін өмірінің алғашқы күндері жасалатын келесі салт – құлағына азан шақыру. Адамның сыртқы дүниені тануына жол ашатын бес сезім мүшесінің бірі құлақ екені белгілі. Құранда былай делінген: «Алла сендерді аналарыңның ішінен еш нәрсені білмейтін күйде шығарды. Мүмкін шүкірлік етерсіңдер деп сендерге құлақ, көз және жүрек берді». Осы аятта анасының ішінен түк білмей шыққан адамның өзіне болашақта пайдалы нәрсенің бәрін үйренуі үшін белгілі бір мүшелердің берілгені айтылады. Соның бірі – құлақ. Алғашқы күндерден бастап сәби құлағына діни сөздердің айтылуының өзі өте маңызды. Сонда бала болашақта иманның негіздерін жатсынбай жанына жақын қабылдайтын болады. Демек, Пайғамбарымыз (с.а.у.) сәби өмірге келген алғашқы күндерден-ақ мұсылмандыққа жақын болуы үшін нәрестенің құлағына азан шақыруды өсиет еткен. Иісі мұсылман халқымыз осы дәстүрді де бойына сіңіріп, жас нәрестенің құлағына азан айтып, ат қойған.

Содан келіп ел ішінде «азан шақырып қойған аты» деген сөз қалыптасқан.

0 пікір