Баланың өмірге келу реті мінезіне әсер ете ме?
Баланың өмірге келу реті мінезіне әсер ете ме?
6 жыл бұрын 4098
Сая БАҚИМОВА, психолог

Баланың өмірге келу реті мінезіне әсер ете ме? Психоаналитик Альфред Адлер теориясы бойынша әсер етеді. Тұңғыш бала отбасындағы жалғыз бала болып тұрғанында ата-анасының бүкіл махаббаты өзіне тиесілі. Кейін өте жайлы, қауіпсіз орнын келесі бала туғанда «босатуға» міндетті болады. Бұл оқиға оның отбасындағы орнын да, өмірге көзқарасын да өзгертеді.

Себебі енді ата-ананың назарын өзіне қарату үшін күресу керек болады. Бірақ үйде кішкентай нәресте барда ата-ана бірінші балаға бұрынғыдай қарауға физикалық күші жетпейді. Нәтижесінде тұңғыш бала дербестікке, лидер болуға үйренеді.

Кейде бұл процесс қиын өтуі де мүмкін. Бала мазасыз болады, ұйқысы, тәбеті бұзылады, балабақшаға баратын болса басқа балалармен қарым-қатынасы бұзылады. Кейде анасының назарын аударту үшін түнде дәретін ұстай алмауы да мүмкін.

Осындай өзгеріс байқалса, ата-ана бірінші баланы да іні-қарындасының күтіміне араластыруы керек. Біріншіден, бала осылайша үйдегі болып жатқан түсініксіз процестен мүлдем шеттетіліп қалмайды, екіншіден жауапкершілік, шыдамдылық, байқампаздық сияқты жаңа қасиетке үйреніп, өсуіне көмектеседі.

Баланың дербес болуына мән беріп, өзі кішкентай істі болсын жақсы істесе, мақтап, қолдау көрсету керек. Және қолынан келетін тапсырма беру арқылы, өзіне деген сенімділігін арттыруға болады.

Адлердің айтуы бойынша, тұңғыш балалар өз құқықтары үшін күресіп үйренгеннен өмірде үлкен жетістікке жететін болады. Көбіне қалыптасқан дәстүр мен ережелерді сақтауға бейім. Отбасылық өмірде жоспарлаушы, іс бастаушы, белсенді болады. Қамқор ана-әке болу қолынан келеді.

Зерттеулерге қарасақ, олардың интеллекті дамуы бойынша үйдегі басқа балалардың дамуынан көш ілгері болады. Оның себептерінің бірі – бірінші бала келесі бала дүниеге келем дегенше белгілі бір уақыт аралығында екі үлкен адамның ортасында өседі. Яғни екі ақылды үлкен адам қалыптастырған ортаға жалғыз өзі “шомылады”. Ал келесі бала болса, ол ортаны бірінші баламен бөліседі, т.б.

0 пікір