Балам ақылды боп өссін десеңіз...
Балам ақылды боп өссін десеңіз...
7 жыл бұрын 9054
Марфуға ШАПИЯН

Баласының ақылды боп өскенін қаламайтын ата-ана жоқ шығар. Сәбиім бала-бақшада тәрбиелі, мектепте өзге балалардан алғыр болса, университетті үздік бітірсе, жұмысқа оңай орналасса деген армандар кей ананың жүрегіне нәрестесін дүниеге әкелген сәттен ұялап жатады. Ал енді біреулер балам 4 жасында фортепианода ойнауды толық меңгеріп, 5 жасында өзінің музыкалық шығармаларын жаза бастаған Моцарт секілді даңқты музыкант болса екен десе, тағы бір ата-аналар балам сөйлеуден бұрын сурет салуды меңгерген, 12 жасында қалыптасқан суретші атана бастаған Пабло Пикассо секілді әлемді таңғалдырса дейді. Ең қызығы, біреулер ондай дарынды балаларды тума талант десе, енді біреулер олар сол дәрежеге ата-анасының, айналасының тәрбиесінің арқасында жеткен деседі. Бұл талас күні бүгінге дейін толастамай келеді. Дегенмен, көптеген ғалымдар, бала тәрбиесінің мамандары баланы гений етіп тәрбиелеуге болатынын дәлелдеп үлгерді. Әрине ол үшін тәрбие өте ерте, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) айтқандай сәби ана құрсағына біткен сәттен басталуы керек. Түркі халқының ойшылы Жүсіп Баласағұнның «Құрсақта біткен қылық, қара жерге бірге кіреді» деген сөзі де тегін болмаса керек. Оны бабамыз сонау орта ғасырда айтса, ғалымдарымыз ақиқат екенін ғылыми түрде бүгін дәлелдеп берді. Жапон дарынды балаларын тәрбиелеуші, «Sony» корпорациясының негізін қалаушы Масару Ибука да өзінің «Үштен кейін кеш» («Kindergarten Is Too Late» by Masaru Ibuka) кітабында баланың негізінен үш жасқа дейін қалыптасып болатынын айтады. Дәл осы үш жасқа дейін баланың мінезі де, болмыса да, алғыр немесе әлжуаз болатындығы да анықталады екен. Сондықтан ата-ана балаға негізгі тәрбиені үш жасына дейін беруі керек. Ал одан кейін балаға тек бағыт-бағдар беруші ғана болып қалады.

Ислам әлемі үшін де «вундеркинд бала» таңсық дүние емес. Өйткені, дінімізде Құранды ең ертесі 3-4 жасында жатқа білген балалар болған. Имам Шафиғи секілді ғалымдардың бала кезіндегі алғырлығы сондай, кітапты бір оқып жаттап алған деседі. Ендеше, баланың ақылды болып қалыптасуы өз қолымызда, өз тәрбиемізге байланысты екен. Оған бір ғана мысал ретінде классикалық музыка шебері Моцарттың бала кезін алуға болады. Моцарт ана құрсағында жатқан сәттен музыкант әкесі ойнаған небір шығармаларды тыңдады. Дүниеге келгеннен кейін де күнұзақ әке жанында болып, әпкесі үйренген нәрселерді бұл да үйрене берді. Нәтижесінде, үш жасында ата-анасын, бес жасында әлемді таңғалдырды.

Америкалық докторлар Майкл Ройзен мен Мехмед Оз «Сіз бала тәрбиелеп отырсыз» атті кітабында баланың жылдам дамуы үшін әр ата-ана қолдануы тиіс мынандай 8 факторды атап көрсетеді:

 

1.  Ойынға қызығушылығын арттыру

Кішкентай бала уақытының көбін ойынмен өткізуі керек. Осы ойын арқылы ғана сәбидің әлемді тануға деген қызығушылығы оянады. Ал жан-жағындағы дүниелерді тануға қызығушылығы оянған сәттен ол ертең білім алғаннан ләззат алатын деңгейге жетеді.

 

2.  Көп кітап оқып беру

Кіп-кішкентай болғанына қарамастан балаға мүмкіндігінше көп оқып беру керек. Бала ештеңе түсінбегендей, тіпті естімей отырғандай көрінуі мүмкін. Бірақ олай емес, баланың миы сырттан келген барлық ақпаратты қабылдап жатады. Баланың сөздік қоры естіген сөздерінен тұрады. Оған қаншалықты көп оқып берген сайын, баланың білетін сөздері ұлғая береді, тілдік мүмкіндіктері жоғарылайды.

 

3.  Сөзге көп тарту

Жауап бере алмайды ғой деп, онымен сөйлеспей қоятын ата-аналар қатты қателеседі. Керісінше, баланы жиі сөзге тартып, оның жауап бере алмайтынын білсең де, сұрақтар қойып отыру керек. Мысалы: «Мысықтың қарны ашқан сияқты, тамақтандырамыз ба?» деп сұраған дұрыс та, «Мысықтың қарны ашыпты, тамақтандырайық» деген дұрыс емес. Бала өзіне ата-анасының көңіл бөліп жатқанын қатты сезеді. Сол арқылы сөйлеуге талпынысы ерте оянады.

 

4.  Өзге дыбыстардың болуына жол бермеу

Баламен әңгімелесу, сөйлесу барысында теледидар қосып қою немесе музыка тыңдау секілді қосымша әрекеттерге бармаған жөн. Ол баланың қабылдауы тиіс ақпараттарына кедергісін келтіреді. Бала бөлмесінде теледидардың болмағаны жақсы. Зерттеу жұмыстары бөлмесінде теледидары бар балалардың сабаққа қабілеті төмен, толықтыққа бейім екенін дәлелдеді.

 

5. Шығармашылықпен айналысу

Кез келген шығармашылық іс баланың ойлау жүйесін дамытады. Сурет салу, сызу, ермексазбен мүсіндер жасау секілді қызықты істерге баланы үйретіп, қанша айналысса да шектемеу керек.

 

6. Көрсету, түсіндіру

Үйде де, далада да баланы қоршаған әлеммен таныстырып отыру қажет. Кей ерекше заттарды көрсетіп, олардың мән-мағынасын түсіндірген дұрыс. Сәбидің назарын әсіресе, өзгеріп жатқан дүниелерге аударған жақсы. Мысалы, жапырақтардың қалай сарғайғанын, құстардың неге сайрағанын, ағаштардың қалай бүршік жарғанын бақылату баланың дамуы үшін өте пайдалы.

 

7. Дұрыс тамақтану мен құнарлы тағам таңдауға көңіл бөлу

Мысалы, балық майы мидың жақсы жұмыс істеуіне өте пайдалы. Мұны зерттеулер де дәлелдеген. 

 

8. Сабырлық таныту әрі үлгі бола білу

Баланы өте жылдам дамытуға асықпау керек. Әсіресе сәби бір жасқа келгенге дейін онымен баяу сөйлесіп, әр сөзді қайта-қайта қайталап, түсіндіріп отыру қажет. Әрине, бала ата-анасының істегенін қайталайды. Сондықтан балам жақсы болсын десеңіз, өзіңіз жақсы болуға тиіссіз.     Қазіргі күннің тағы бір үлкен мәселесі кей аналардың балалары үшке келіп үлгерместен жұмысқа шығып кетуі болып саналады. Ондай жағдайда сәбилеріне тәрбиеші жалдайды немесе балабақшаға жібереді. Міне, осы сәттен ата-ананың балаға жеткілікті көңіл бөлмеуі басталады да, ол өз бетімен өсе бастайды. Әрине, балаға тәрбиені ананың өзі бергені жақсы, дегенмен өмірдегі түрлі жағдайларға байланысты тәрбиешінің көмегіне жүгінуге тура келсе, оны дұрыстап таңдаған жөн. Ақшаны аз талап етеді деп, өмірлік көзқарасы әлі толық қалыптасып болмаған оқушы немесе студент қыздарға баланы сеніп тапсыруға болмайды. Пушкиннің тәрбиешісі Арина Родионовна естеріңізде болар? Пушкин ол айтқан ертегілермен ер жетті, “ақын болуыма себепкер” деп сол ғажап тәрбиешісіне мәңгілік қарыздар болып өтті, қаншама өлеңін арнады. Немесе Лев Толстойдың балаларының ағылшын тілін меңгеріп, ертегілерді түпнұсқадан оқуы үшін сонау Англиядан ағылшын қызы Ханнаны тәрбиеші етіп алуын айтыңыз. Мұның бәрі тегін емес. Тұлғаның жақсы болып қалыптасуында тәрбиешінің рөлі өте үлкен. Ол адам балаға ізгіліктің дәнін себетіндей дана болуы тиіс. Сол сияқты балабақшаны да дұрыстап таңдауға көңіл бөлу қажет.

Алла біздердің салиқалы, ақылды, ғалым перзенттердің ата-анасы болуымызды нәсіп етсін!

0 пікір