Балаға қандай мультфильмдер көрсеткен дұрыс?
Балаға қандай мультфильмдер көрсеткен дұрыс?
7 жыл бұрын 3990
Назым ҚАНҚОЖА

Біздің балалық шағымызда мультфильмдер болатын уақыт мереке сияқты еді. Күніне бір-ақ рет көрсетілетін мультфильмді тағатсыздана күтетінбіз. Ал, қазіргі таңда мультиапликациялық өнімдердің шектен тыс көптігінен балаларда мұндай қуаныш бола бермейді. Жұмысымен алысып жүрген ата-ана үшін таптырмайтын көмекші мультфильмдер екені шындық. Алайда, енді ғана жетіліп келе жатқан баланың психикалық-эмоцианалдық жағдайына мультфильмдердің қандай әсері барын көпшілігі бағдарлай бермейді. Өкінішке қарай балаларымен бірге отырып мультфильм көретін ата-аналар өте аз. Мультфильмді талдап, мағынасын түсіндіріп, жақсы-жаман тұстарын баласымен пікірлесіп, әңгіме құратын ата-ана одан да аз сияқты. 

Өндірушілер ұсынатын мультфильмдердің барлығы сапалы емес. Сондықтан баланыздың күнделікті не көріп жүргенін бақылап отырған жөн. Не себепті екенін білу үшін төмендегі ақпаратқа назар аударыңыз:

1. Жапон елін шулатқан "Пакемоны" мультсериалдарын көрген 688 жапон баласы эпилептикалық құлау симптомдарымен емхана түскен. Психологтардың айтуынша, балалардың мұндай халге шалдығуы кадрлардың өте жылдам ауысуының себебінен болган. Бұл бағдарламаны көрген баланың психикасына кері әсер бергендігі анықталып, психологтардың дабылынан соң мультфильмді көрсетуге тыйым салған.

2. Британдық мультсериалдарының бірі - "Телепузики" бүкіл әлемге жағымсыз атпен танылған. Осы мультфильмді құрастырушы Сара Грэмнің мәлімдемесінен соң шу болған, себебі бағдарлама галлюциногендер әсері кезінде жасалған. Бұл мультфильмді көрген баланың дамуы тежелетінін психологтар анықтаған.

3. Қазіргі мультсериалдардың көрсетілімдерінен соң балалардың мінез-құлқында агрессия және түрлі қорқыныштар пайда болатыны байқалған. Әсіресе, батыс және жапонның мультсериалдарын көрген балаларда фобия (потологиялық қорқыныш) жиі кездеседі.

4. Көптеген мультсериалдардың сюжеттері әлсізге зұлымдық жасау, момынды басыну, күш көрсету, мазақ қылу процестерін қызықты әрі күлкілі қып көрсету арқылы баланың адамгершілік тәрбиесіне зұлымдық жасайды. Мәселен, "Том және Джери" мультсериалдарының мағынасын қарастырайық, қу тышқан мен момын мысықтың арпалысы желісінде балаларды әлсізге күш көрсету, ызаландыру, мазақ қылу -  жақсы іс ретінде суреттеледі. Жақсы мен жаманды айыра алмайтын бала үшін тыйым салынбаған мультфильмдерді дұрыс деп түйсініп, кейіпкерлеріне еліктей бастайды. Қисық мінез танытқан баланың жаман қасиетті қайдан үйренгенін топшалай беріңіз.

5. Супербатырлар туралы мультфильмдердің де балаларға берер өнегесі шамалы. Сюжеттер желісі агрессияға, ату мен өлтіруге, ұрып-соғу мен айқайға құрылған мультфильмдердің балалардан қандай тұлға жасауға мақсат тұтатынын айтпай-ақ түсіну қиын емес. Осы кездегі жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен қатыгездіктің күрт көбеюінің себебінің бір астары осында жатқаны анық. 

6. Әрбір насихаты мықты және атағы жер жарған мультфильмдердің соңында "үлкен индустрия" тұр. Мультсериалдар кейіпкерлеріне ойыншықтар шығару, жарнама арқылы ата-аналардың қалтасынан қаржыны көптеп қағу басты мақсат. Балаларды кейіпкерге тәуелді қып, ата-ананы баласының қалауымен әрбір жаңа сериал шыққан сайын алуға итермелейді. Сондықтан әрбір "супербатыр" балаңызға тәрбие беруді немесе тұлға қып калыптастыруды емес, арзан дуниемен қаржылық мақсат тұтады. Ойыншық индустриясы әлемдегі ең көп қаржы айналымы бар алып бизнес түрі екенін білеміз.

Психологтардың ең қауіптенетін тұсы мультфильмдер балаларға балалықты емес, "үлкен өмірді" насихаттайды. Кейіпкерлерін үлгі қылу арқылы болашақта өмірлік, тәрбиелік қағидаларының өзгеруіне себеп болады. 

Солардың ішінде ерекше атап өтетіні мультфильмдердегі "әйел" образы. Кішкентай қыз-бүлдіршіндер мультфильмдер желісіндегі әйел образын, мінез-құлқын еліктеу арқылы өз бойына сіңіреді. Қазіргі қыздардың қуыршақ бейнесін дұрыс көріп (Барби), сыртқы бейнесін солай қалыптастыруы немесе ондай болмаған (сыртқы параметрлері сәйкес емес) жағдайларда депрессияға ұшырауының себебі осында жатыр. Ал ұлдарымыз мультсериалдар әсерінен "әйел идеалын" калыптастырады. Болашақта осы образдарға сай жар іздесе таң қалмау керек. Тек қана сыртқы бейнесіне, ішкі емес сыртқы сұлулығына назар аударатын жастардың өсіп келе жатқаны соның дәлелі сияқты. Психология ғалымдарының зерттеулері қорытындысы бойынша қазіргі мультсериалдарды үзбей көрген қыз балалардың болашақта ұрпақ жалғастыруға деген қызығушылығы болмайтынына әкеп соғады. 

Бұрынғы мультфильмдердің "әйел образы"- жұмбақ, ұялшақ, қарапайым, мейірімді әрі дана боп көрсетілсе, қазіргі мультфильм көрсетілімдерінде әйел образын сыртқы пішін маңыздылығымен, тамақ пен киімнен аса алмайтын талғамшыл, жеке басты ойлау, бауыры мен ата-анасына жаны ашымайтын кейіпкерлер- үлгі, қулықты жасау-ақылдылық сипаты ретінде насихатталуда. Сонымен қатар, батыс мультсериалдарын көре отырып, әйелдердің еркектен дәрежесі үстем қағидаларына құралатынын оңай байқауға болады. Күйеуін құрметтемеу, сыйламау, оңай ажырасу сияқты жағдайлар қалыпты болуының салдары қайда жатыр десеңіз, баланыздың көріп жүрген мультсериалдарына мән беріңіз

Балалар үшін ең жақын, ең жақсы да жарық кейіпкер, ол - Анасы. Ана туралы насихаттайтын мультфильмдердің мейірімге, бала мен ананың жылы қарым-катынасының сюжеттері тек жануарлар туралы мультфильмдерде жиі кездеседі. Мәселен, "Король Лев", "Книга Джунглей" сияқты мультфильмдер осыған дәлел. Ал, адамдар бас кейіпкерлері болған бағдарламаларда әйел-ана образының сыртқы пішіні ұсқынсыз, әдеміліктен алыс, ақымактау қылып көрсету үрдіс. Сол арқылы қыз балалардың балалық шақтан отбасылық - мәнді құндылықтардан гөрі, уақытша - арзан құндылықтарды сіңіріп өсуіне жол ашады. Егер, мультфильмдерді өндірушілердің мақсаты - ішкі және сыртқы сұлулығы сай, ақылды, мейірімді ана мен сүйкімді әйел образын жасау болса, өзгерген құндылықтардың көбі өзгеріске ұшырамас еді. Сондықтан, жоғарыда аталғандарды оқып шыққан әр ата-ана баланың қадағалаусыз теледидар алдына қою қаншалықты орны толмас тәрбиедегі қателік, түбінде қиын салдары болатынын түсінген шығар. Сол себепті, баланызды мультфильм алдына отырғызар алдында, өзіңіз бір рет көріп шығыңыз. Мағынасын сараптап, балаға не бере алатынын анықтап алыңыз. Толып жатқан мультфильмдер арасынан мән-мағынасы дұрыс, баланың психикасына кері әсері жоқ, негативті желісі жоқ, адалдық, әділдік принциптері мен жақсылықка баулитын, дұрыс әрі салауатты өмірді, махаббат пен мейірімге толы отбасыны, достық сезімдерін насихаттайтынын таңдаңыз. Мультфильмдер желісі тым ұзақ болса, бөліп көрсеткен жөн. Себебі психологтардың айтуынша күнделікті 4 жасар бала үшін 15 минут, бастауыш мектеп жасындағы балаға 30 минут жеткілікті. Бұл уақыттан көп отырған баланың денсаулығына (семіздік, ішкі құрылыстарының бұзылуы, физикалық әлсіздік т.б) кері зиянын тигізеді. 

Мультфильмдерді қарау барысында баланызбен бірге көруді әдетке айналдырыныз. Баланың қойылған сұрақтарына назар аударып, жауап беріңіз. Баланыздың мультфильмдегі түрлі ситуацияларда "Сен не істер едің?" деп сұрап, жауабын акылдасыныз. Осылай жақсы мен жаманды айыруға, мағынасын түсіндіруге, тұлғаның дұрыс қалыптасуына ат салысасыз. Балалық шақта адами қасиеттердің алғашқы фундаменті қаланады.

Сондықтан бала үшін ең алдымен, ата-анасы үлгі болу тиіс. Сансыз тірлікпен алданып жүріп, бейберекет теледидар алдына қалдыру, балаға беретін көңіл мен мейірімді, тәрбиенің орнын толтыра алмайды.

Оқырмандар арасында, баламның өз қалауы бар, таңдауына тыйым салмаймын деп айтатын ата-аналар да болар. Алайда, өмірге тәй-тәй басқан перзентінің аяғына өткір зат кірмесін деп жолынан қауіпті затты аласыз, бірақ қадағалаусыз көрген өнімдер ертең ішкі дүниесі мен ой-өрісіне өлшемсіз зияны барын және болашағы үшін ең қауіпті осы екенін ұмытпаңыз!

1 пікір
  • Қазір ютубтың бетіне шығып тұратын челобек паук мультфильміне ешкім мән беріп жатқан жоқ.Егер өзіңіз қарап қөрсеңіз балаға теріс тәрбие беріп жатқанын байқайсыз.Мәселен, бірін бірі сүйуі, іш киіммен жүруі т.с.с жетіп жатыр.Мұны шектеуге болмаспа екен...
    7 жыл бұрын