Балаға жүзуді үйрету неліктен маңызды?
Балаға жүзуді үйрету неліктен маңызды?
5 жыл бұрын 5145
Құдайберді БАҒАШАР

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өзі жүзуді бала кезінде Мәдина қаласына анасымен барғанда үйренген. Хадистерінде басқа спорт түрлерімен қатар жүзуді үйренуді үмбетіне насихаттаған. Сондықтан одан кейінгі дәуірлерде мұсылмандар балаларын тәрбиешілерге табыстағанда оларға оқу-жазумен қатар жүзуді де үйретуді міндеттеген екен.

Шын мәнінде дене шынықтырудың ең тамаша құралдарының бірі су болып табылады. Өсіп келе жатқан жас буынның денесіне судың және малтыған кездегі қимыл-қозғалыстың пайдасы айтарлықтай. Кішкентай кезінен суда малтып өскен баланың денсаулығы мықты, дене бітімі шымыр, күшті, мінезі өткір, табанды болып келеді. Судың жүрек, қан тамырына, жүйке жүйесіне, буындарға, тыныс алу жолдарына, денедегі зат алмасуға әсері мол. Жүзу арқылы ағзаны жақсы шынықтыруға, суықтан туындайтын түрлі ауруларға және инфекциялық ауруларға (грипке, ангина, ревматизм және т.б.) төзімділік сияқты қасиеттерді арттыруға болады.

Суға жай сүңгіп шыққанның өзі денені әжептеуір сергітіп тастайды. Ал жүзген кезде дененің барлық мүшесіне, жүйкеге салмақ түсіп, айтарлықтай әсер етеді. Физиологтар суда малтуды «тыныс алу гимнастикасы» деп атаған. Су бетіндегі ұсақ иондар тыныс жолдары арқылы денеге еніп, өкпе, жүрек сияқты органдардың атқаратын жұмысын жеңілдетеді. Балалардың арқа, бел, омыртқа жотасы қисайып кеткенде не күдіс жауырын, еңкіш болғанда, суда жүзу теңдесі жоқ емдеу әдісі болып табылады. Себебі, жүзу барысында бұлшық еттердің бәрі де қимылдайды.

Көптеген ата-ананың көңілінде: «Баланы жүзуге неше жастан бастап үйрету керек?» деген сұрақ туындайды. Бұл сауалға, бала жүзуді неғұрлым ертерек бастаса, соғұрлым денсаулығына пайдалы деп жауап беруге болады.

Суға сүңгудің пайдасы

Қазақтың ұлы композиторы Құрманғазы патша үкіметі тұсында түрмеге жабылады. Ол бір күні түрмеден қашып, өзен жағасымен келе жатқанында артынан қуғыншылар келіп қалыпты. Қуғыншыларды көрген Құрманғазы жағада өсіп тұрған қамысты сындырып алып, аузына салыпты да, су астына сүңгіп барып, жата қалыпты. Аузындағы қамыстың бір ұшын судың бетіне шығарып қойып, өзен түбінде дем алмай жата берген. Қуғыншылар Құрманғазының ізін таба алмай кейін қайтады. Сөйтіп кемеңгер композитор тапқырлығы мен суға сүңги білгендігінің арқасында аман-есен жаудан құтылып еліне жеткен екен.

0 пікір