Ата-ананың бала алдындағы міндеттері
Ата-ананың бала алдындағы міндеттері
7 жыл бұрын 41103
Аман АЙТБОСЫНҰЛЫ

«Әкесінің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы –оны жақсы тәрбиелеу»
                                                        (Хадис. Имам Мүслім жеткізген)

Ұл, қыз - Алла тағаланың бізге берген аманаты, Раббымыз олардың тәніне де, жанына да жақсы тәрбие беруімізді өсиет еткен. Дегенмен, баласының болғандығына да кейитін отбасылар бар. Келешекте келеңсіз жағдайларға кезікпес үшін, ата-ана балаларына жақсы тәрбие беруі қажет. Олай болмаған жағдайда, бала тәрбиесінде қорлық көріп, тығырыққа тіреліп, өкінішке бой алдыратын жағдайлар өмірде көптеп ұшырасып жатады. Өкініш пен опық жеудің алдын алу жолында Алла тағала Құранда: «Әй, мүминдер! Өздеріңді әрі үй- іштеріңді отыны адамдар мен тастардан болған оттан қорғаңдар» («Тахрим» сүресі, 6- аят),- деген.

Ата-ананың бала алдындағы ең басты міндеті - балаларының материалдық шығындарын өтеу. Бұл туралы мынандай хадис бар: «Бір адамның қайыр жолында жұмсаған ақшасының ең жақсысы жанұясына жұмсаған ақшасы.(Имам Мүсілім риуаят еткен). Бала Алланың бізге берген аманаты болғандықтан, олардың өмірін қауіпке итермелемеу керек. Бұл үшін Алланың алдында жауап беретініміз ақиқат. Баланы тәрбиелейтін ата-ана болғандықтан, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) былай дейді: «Ешқандай әке баласына жақсы тәрбиеден (басқа) артық еш нәрсе бере алмайды» (Имам Мүслім жеткізген) дейді. Сондықтан әке-шеше әуелі баланың жүрегіне, санасына, Аллаға деген сенімін орнықтыруы және Құранның ахлағымен тәрбиелеуге көңіл бөлгені жөн. Мысалы, Хазіреті Лұқманның (а.с.) баласына айтқан сөзі сияқты: « Сол уақытта Лұқман өз баласына үгіт бере отырып: « Әй, ұлым (балақайым!), Аллаға серік қоспа! Күдіксіз, серік қосу үлкен зұлымдық,- деді.

Әй, ұлым! Тарының салмағындай болса да, бір жартастың ішінде болса да, көктерден не жерде болсада, Алла  оны қиямет күні келтіреді. Расында Алла өте мұлайым, толық білуші.

Әй, ұлым! Намазды толық орында. Дұрыстыққа бұйырып, бұрыстыққа тый. Басыңа түскен ауыршылыққа сабыр ет. Рас, бұлар маңызды істерден. Адамдарға паңсып қырындап та, жерде кердеңдеп жүрме. Расында Алла бүкіл дандайсыған мақтаншақты жақсы көрмейді. Жүруіңде орташа бол да, дауысыңды бәсеңдет. Сөз жоқ, дауыстардың ең жаманы- есектің дауысы (Лұқман сүресі. 13,17-19 аяттар).

Баланың жүрегіне иман сенімін орнықтырғаннан кейін, оларға намаз үйретіп, оны оқуларын қадағалау қажет.

Жастайынан жақсы-жаман және күнә-сауап нәрселерді түсіндіріп, әрбір іс- әрекетін сол бойынша орындауға дағдыландыру керек. Және мұндай көркем мінез-құлық үйреткенде, өздері де дұрыс үлгіде болуы тиіс. Ата-ана балаларының арасын алаламай, не берсе де әділ бөліп, көңілін қалдырмай үлестіруді басты міндет деп білуі тиіс. Сондай-ақ, баласына жақсы ат қою, сүндетке отырғызу, адамгершілік қасиеттері мен діни имандылық сезімдерін ояту және балаға деген сүйіспеншілік пен мейірімділік болу керек.

Әке – шеше баласына жақсы тәрбие берумен қатар, жоғары білім алуына мүмкіндік жасап, уақытында иманды, инабатты жармен үйлендіруі қажет. Осы міндеттерді орындау барысында өз құлшылығын ұмытып, балаларын сылтауратып дүниеге беріліп, уақытын босқа өткізіп алмауы тиіс. Себебі, ақыретте есебі қиынға соғып, бұлардың ешқайсысыда араша бола алмайды.

Балаға өнегелі тәрбие берудің жолын көрсете білген ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.) басынан өткен оқиғадан тәрбиенің негізгі қағидаларын байқауға болады. Бірде Пайғамбарымызға (с.а.у.) мединелік бір кісі Амр ибн Рай деген баланы жетектеп келеді. Үрейден әбіржіген бала Пайғамбарымызға (с.а.у) әрең жақындайды. Оны әкелген кісі: « Мына бала менің құрма бағыма кіріп, ағаштарыма тас лақтырып, құрмаларымды ұрлап жеп жүр.Оған лайықты жазасын беріңіз!»- деп шағымданады. Бала «Қандай жаза береді екен?»- деп деп қатты қорқып кетеді. Ұрлық жасаған балаға жылы жүзбен қараған Пайғамбарымыз (с.а.у) жұмсақ үн қатып: «Ботақаным», - дейді. Пайғамбарымыздың мейірімділік танытқанынан кейін, үрпиіп тұрған баланың кенеттен көңілі жайланып қалады. Пайғамбар(с.а.у) өзіне жақын тартып еді,ол да жан сырын жайып салуға дайын екенін байқатты. Яғни, бала қандай ақыл кеңесті де қабыл алғалы тұр еді. Сондықтан, ең алдымен, балаға мейірімді болу керек. Содан соң Пайғамбарымыз әлгі баладан: «Балам, сен неге ұрлық жасадың?»- деп сұрайды. Бала: «Қарыным ашты»,- дейді. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у): «Бұдан былай қарының ашса, сен тас лақтырып, ағаштың басындағы құрмаларды түсірме, өздігінен жерге төгілгендерін ғана теріп же», деп жылы сөзбен ақыл айтады да, қолын жайып бата береді.

Бір қарағанда, бұл жай оқиға болып көрінуі мүмкін, бірақ, бұл хадисте қазіргі педагогтар мойындаған тәрбиенің төрт тірегі жатыр. Біріншісі- Пайғамбарымыздың (с.а.у) айыпты балаға мейірімділікпен қарауы. Яғни, мейірімділік көрген баланың жүрегі ашылады. Екіншіден, бала ненің қате болатынын пайымдай алмайды. Ал, біз оған зекіп ұрсамыз да, ренжітіп аламыз. Себебін сұрамаймыз. Ал, мұғалімдер: « бала қателік жасаған кезде міндетті түрде оның себебін сұрау керек»,- деп айтады.

Сайып келгенде, бала- дүние тіршілігінің сәні. Алла тағала бұл жөнінде былай дейді: « Мал мен балалар- дүние тіршілігінің сәні. Ал, бақи қалатын жақсылықтар болса, Раббыңның қасында, табыс бойынша да, жақсы әрі үміт тұрғысынан да жақсы».(«Кәһф» сүресі14-аят). Кейбір ғалымдардың айтуынша, балаға деген махаббат- адамзаттың тума табиғи ерекшелігі. Бұл ерекшелік әрбір адамға тән, мейлі ол бай болсын, мейлі кедей болсын. Бұл- Алланың адамзатқа берген үлкен нығмет- сыйы. Ұлы жаратушымыз Алла тағала баршамызды өз мейірімімен жарылқап, есендігімен есіркеп, өскелең- келешек ұрпақтарымызды иманды да салихалы етіп және біздерді де екі дүниеде иманды жандардың қатарында болуымызды нәсіп етсін Әмин!

Баланың ата-ана алдындағы 10 міндеті

Әке – шешесі өз міндеттерін орындамаса да, бала ата-анаға деген міндетін орындауы керек. Ғалымдар пікірі. Бұл баланың мойынына қойылған үлкен жауапкершілік. Алла Тағала Құранда: «Аллаға құлшылық етуді және ата-ананы құрметтеуді » бұйрық етті.

 1. Ата-анаға мейірімді болу. Құран: "Ол екеуіне жұмсақ сөйлеңдер" дейді.

2. Жақсылық жасау. Алла Тағала бұл жайында: «Ата-анаға ешқашан дөрекі болмаңдар» деген.

3. Ата-ана үшін Алладан рақым тілеу. Ата-ана бала үшін қаншалықты мейірімділік танытса, сол мейірімділіктерінің  он есе  қайырлы болуын тілеу.

4. Ата-анаң қанша жерден жаман болса да, оларға көркем мінез танытуың, сенің ата-ана алдындағы міндетің болып табылады.

5.Егер ата-анаң Аллаға құлшылық қылма десе де, сен оларға дауыс көтеріп, қарсы шықпағаның дұрыс.  Ата-анаң бейнамаз адам болса да  оларды құрметтеуің керек.

6. Ата-анаға кешірімді сөз айту.

7. Ата -анаға рахмет сөздер айту.

8. Ата-ананы балағаттауға болмайды. Біреуді әке-шешесінен балағаттау өзіңнің ата-анаңды балағаттау болып есептеледі.

9. Ата-ана болғаны үшін шүкірлік ету.

10. Ата-ананы жұмаққа кіретін кілт ретінде тану. Ата-анаға жақсылық істеудің дәрежесі  Аллаға құлшылық еткенмен тең.

1 пікір