Әйелге қол жұмсауға бола ма?
Әйелге қол жұмсауға бола ма?
8 жыл бұрын 15964
Шәмшат ӘДІЛБАЕВА, исламтанушы

Ерінің əйеліне қол сілтеп қалуы – ықылым заманнан келе жатқан, қанымызға сіңген сорақы қасиеттердің бірі. Ұрыс-керістің соңы балалардың құтын қашырып, əйелін соққыға жығумен бітеді. Шаңырақта шыққан топалаң шудан кейін, үсті-басы көк ала қойдай боп, əлсіздігіне налып сыңсып жылаған əйел үйде қалса, көзі қанталаған еркек есін жинай үйінен ытқып шығады. Қанша таяқ жесе де, кейбір əйелдер «балаларымды əкесіз қалдырмайын» деп өз-өзіне басу айтса, кейбіреулері «мұндай қорлыққа қашанғы төзуге болады» деп, заттарын жинап төркініне тайып тұрады.

Бəрінен бұрын еркектің өз ісіне өкінудің орнына əйелін сабауды Ислам дінінің қағидаларынан іздеп өзін ақтайтындардың болуы өкінішті. Дінді дұрыс түсінбеген шала мұсылмандардың «дінімізде əйелді ұруға рұқсат берген» деуі, өздерінің дөрекіліктеріне тапқан сылтаулары ғана. Рас, «Ниса» сүресінің отыз төртінші аятында əйелді ұруға болатындығы айтылған. Бірақ денеге зақым келтіре соққылау немесе соңы ажырасуға алып баратындай таяқтау емес. Отбасын сақтау жолында айтылған осы аятқа кеңінен тоқталайық. Аятта Ұлы Жаратушы былай дейді: «Əйелдеріңнің мойынсұнбауынан (күнə істеуінен) сезіктенсеңдер, алдымен, оларға ақыл айтыңдар. Кейін (ақыл айтқаннан нəтиже шықпаса,) олардан бөлек жатыңдар. Сонан кейін (онда да қоймаса,) ақырындап ұрыңдар. Егер бағынса, оларға жамандық жасаудың жолын іздемеңдер. Əлбетте, Алла – ең үстем, ең ұлы». Аяттағы «мойынсұнбау» сөзі – арабша «нушуз» деген сөзбен берілген. Бұл сөз күйеуінің ар-намысын аяққа таптаған, мүлде сөз тыңдамайтын, қашанда күйеуіне қарсы келіп, үнемі ұрыс-керіс шығаруға дайын тұратын көк долы əйел деген мағынаға келеді. Демек, əйел осындай сипатта болғанда ғана оны тəрбиелеу мақсатымен қол көтеруге рұқсат етілген. Бірақ мұндай жағдайдың өзінде бірден ұру емес, тəрбиені ақыл-кеңес пен насихаттан бастау керектігі айтылған.

Ислам діні келмей тұрып араб қоғамында əйелге қол көтеру кең тараған əдет еді. Тіпті əйелді бір жері жазым болғанға дейін ұрып-соғу үйреншікті дағды болатын. Себебі олар əйелді адам қатарына қоспайтын. Мұны хазірет Омар (р.а.) былай баяндайды: «Алла тағаланың əйелдер үшін айтқан үкімдері келгенге дейін (яғни жаһилия кезеңінде), біз оларды адам қатарына қоспайтынбыз». Бұл кездері арабтарда ғана емес, барлық елдерде əйелдер таяқтан көз ашпайтын. Алла тағала Ислам діні арқылы осы жаман əдетті тыйып, əйелдеріңді дереу төпелей жөнелмеңдер, алдымен оларға насихат айтыңдар, тыңдамаса, төсекте бөлек жату арқылы жазалаңдар, сонда да қоймаса аздап, жанын ауыртпайтындай етіп ұруға болады деген.

Рас, алдымен ақылға салып түсіндіру керек. Егер күйеуі шын көңілімен жанашыр ретінде əйеліне ескерту жасап, оның жаман қылықтарының қаншалықты зиянды екенін түсіндіре білсе, Алла тағалаға иман ететін, мұсылмандықты ұстанатын əйел тəубасына келіп, күйеуінің сөздерінен-ақ тыйылуы əбден мүмкін. Себебі кез-келген мұсылман жасаған қателіктері үшін о дүниеде Алла тағаланың алдында жауап беретінін біледі. Пендешілікпен кейде мұны бір сəтке естен шығарып алуы мүмкін. Егер оған құлақ аспаса, екінші сатыдағы тəрбие əдісі ретінде отағасына əйелін төсекте жалғыз қалдыру жазасы айтылған. Мұнда да Ислам ғұламаларының

мəлімдеуінше, отағасы əйелін жалғыз қалдыру үшін үйін тастап кете алмайды. Тіпті басқа бөлмеге де барып жатуына болмайтындығын айтқандар да бар. Себебі ерлі-зайыптылардың арасындағы келіспеушілік оты отбасының өзге мүшелерін де шарпымауы керек. Яғни балалары мен отбасының басқа мүшелеріне араларындағы келіспеушілікті сездірмегені жөн. Əйелді төсекте жалғыз қалдырып жазалау дегеніміз – күйеуінің төсекте теріс қарап жатуы. Осылай бірнеше күн байқап көруі тиіс. Себебі əйел заты əрдайым сүйікті болуды қалайды. Ал күйеуі жүзін бұрмай, төсекте теріс қарап жатса, əйел еріксіз ойға беріліп, өзінің қателіктерін түсінуі мүмкін.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) да жұбайларымен арасында осындай бір келеңсіз оқиға болған кезде (Тахрим оқиғасы) қырық күн бойы олармен тілдеспей қойған. Оларды тəрбиелеу үшін жұдырығын ала жүгірмеген. Пəк аналарымыз да ол кісінің ешқашан қол көтермегенін айтады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) отбасында болған мəселелерді күшіне жүгінбей-ақ, əрдайым ақылмен, парасатпен шеше білген еді.

Аятта тəрбиелеу əдісінің ең соңында барып қол көтеру айтылған. Онда да қолдың қышуы қанғанша соққылау емес, жеңіл түрде ұруды меңзеген. Бұл ананың шектен шығып бара жатқан баласын құйрықтан ұрғаны секілді болса керек. Себебі осы аятты хадис арқылы түсіндірген Алла елшісі (с.а.у.) былай деген: «Əйелдеріңмен жақсы қарым-қатынаста болыңдар. Себебі олар сендерге берілген аманат. Ашық түрде жаманшылық жасамайынша, оларға жақсылық жасаудан басқаға құқықтарың жоқ. Егер олар жамандық жасаса, төсекте жалғыз қалдырыңдар жəне жай ғана ұрыңдар. Осыдан кейін сендерді тыңдаса, тағы да ұру үшін сылтау іздемеңдер. Біліп қойыңдар, сендердің əйелдердің алдында ақыларың секілді, олардың да сендердің алдарыңда ақысы бар. Төсектеріңді басқаға таптатпау, қаламаған кісілеріңді үйлеріңе кіргізбеуге құқықтары бар. Əйелдеріңнің алдындағы міндеттеріңнің бірі – киім-кешек пен азық-түліктерін қамтамасыз етулерің».

Осы хадиске сүйене отырып, сахаба Абдуллаһ ибн Аббас (р.а.) тек қана тіс тазалайтын мисуак жəне соған ұқсас нəрселермен ғана ұруға болатынын, ал таяқ жəне темір секілді қатты нəрселермен ұруға болмайтынын айтқан.

Тағы бір ескерер мəселе, хадисте «ашық түрде жаманшылық жасамайынша» деу арқылы Пайғамбарымыз (с.а.у.) əйелдің жамандық жасағанына анық көз жеткізгеннен кейін барып жазалау керектігін, яғни істің ақ-қарасын анықтамай, алып қашпа сөздерге сүйеніп əйелді жазғыруға болмайтынын мəлімдеген.

«Аюға намаз үйреткен таяқ» деп сəл жаза басса, көк ала қойдай етіп сабауды Алла тағаланың да, сүйікті Пайғамбарымыздың да (с.а.у.) қолдамайтыны, тіпті, бұған қатаң түрде тыйым салғаны айдан анық. Алла елшісі (с.а.у.) мұны бірнеше хадистерінде былай деп баяндаған: «Əйелдеріңді күндіз малша сабап, түнде еш ұялмастан қасына қалайша жатасыңдар?», «Сендердің ең жақсыларың əйелімен жақсы қарым-қатынаста болғандарың», «Əйелдермен тек жақсы адамдар ғана жақсы қарым-қатынас жасайды», «Ең жақсыларың – əйеліне, қыздарына жақсы қарағандар».

Ислам діні сол кезеңде қоғамда кеңінен жайылған əйелге қол жұмсау əдетін жақтамаған, керісінше, оның орнына басқа тəрбие əдістерін ұсына отырып, біртіндеп қоғамнан ысырып тастауды көздеген. Ұруға рұқсат берген аятта да мұсылман ғұламалары аятта айтылған сөздер мен хадистерге сүйене отырып жасаған тəпсірлерінде ұрудың себебі мен ұру əдісін жоғарыдағыдай түсіндірген. Ал шамадан тыс ұрып жіберсе, əйелінің ақысы мойнына жүктелетінін, бұның ақыретте ең үлкен күнəлардың бірі болып есептелетінін айтқан.

Осылайша, мұсылмандардың орынсыз əйеліне қол көтеруіне тыйым салған. Мұндай үкімнен кейін мұсылмандар да əйелге қол көтеруді бірте-бірте доғарып, о дүниеге кісі ақысын арқалап барудан қорыққан. Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) бұл жайында былай дейді: «Біз Пайғамбарымыздың (с.а.у.) кезеңінде ісімізге қатысты уахи (Құран аяттары) келіп қалмасын деп қорыққанымыздан, əйелімізге ұрсудан, олардың ақысын аяққа таптаудан жəне оларға дөрекілік көрсетуден барынша тартынатынбыз».

Ал, статистикаға сүйенсек, əйелге қол көтеру саны мұсылман елдерінен гөрі батыста басымырақ көрінеді. Сондықтан батыс елдерінде əйел құқығын қорғау үшін көптеген ұйымдар құрылған. Америкалық атақты феминист проф. Темма Каплан бұл елде əйелдердің 50 пайызы күйеуінің соққысына жығылады деген дерек ұсынады. Оның мəлімдеуінше, əйеліне ең көп жұдырық сілтейтіндер дəрігерлер, адвокаттар, одан кейінгі орында фирмаларда жұмыс істейтін жоғары лауазымды қызметкерлер екен. Көріп отырғанымыздай, əйелін тепкінің астына алатындар қара танымас біреулер емес, бəрі де жоғары білімді, мəдениетті кісілер. Демек, Құран үкімдерін жəне хадистерді дұрыс түсінбеген мұсылмандардың əрекетіне қарап, Ислам діні əйелге қол көтеруге жол ашқан деу ешқандай қисынға сай келмейді.

Халқымыздың «Əйелді бастан, баланы жастан» деген мақалында, Исламның тəрбие үрдісі негізге алынған. Себебі, Ислам дінінде отағасы отбасы үшін жауапты. Сондықтан, ол отбасының тəрбиесіне де қатты көңіл бөлуі тиіс. Бұл үшін ол үйленген сəтінен бастап, өзінің əрі жұбайының жақсылыққа қарай ұмтылуына жағдай жасап, соның жолдарын қарастырып, Ислами тəрбиемен мінез-құлықтарын көркейтуге барын салулары қажет. Яғни, əйеліне қатаң жаза қолданатындай жағдайлардың əу бастан алдын алып, отбасының шырқы бұзылмай тұрып тəртіп орнатқаны жөн. Бірақ ата-баба даналығын өздерінің пасық пиғылдарына бүркеншік еткен кейбір адамдар бұл мəтелді «ұрып-соғудың» айналасынан алыс түсіне алмаған.

Жалпы, ер адамның əйелге қол жұмсауы – оның əлсіздігінің дəлелі. Қара күшке тек надандар ғана сенеді. Ал өзінен күшті біреу табылса, алдында емпеңдей кетеді. Бір істің ақ-қарасын айыруға байып пен төзім керек болса, сол сабырға жету үшін тəрбие керек. Əркім өзін тəрбиелесе, өзіне күші жетсе, кінəні өзінде деп білсе өмір қалай болар еді? Басқа біреудің кемшілігін айтып шағымданбас бұрын адам өз ісін бағамдау керек емес пе? Еркектер көбінесе «менің əйелім»деп иемденіп, қол көтереді. Сүйген жарының, керегесіндей сүйенер кемеңгерінің бұл қылығы əйелге ауыр келеді. Біреу кеңдігімен, біреуі кешірімділігімен, енді біреуі бала үшін шыдап бағады. Əйтсе де, əр сөздің ауыртпалығы жүректе сақталады, денедегі

таяқ ізі кетсе де жүректегі ізі кетпейді. Жұбайлар арасындағы сыйластық сол алғашқы таяқтан-ақ жоғалары сөзсіз. Əйелдің еріне сеніммен қарауы көзден бұл-бұл ұшады. Біреуі қорыққандықтан көнсе, енді бірі көз жұма қарап төзсе, шыдай алмағаны кетіп тынады. «Шыдау» деген сөздің өзі қандай қорқынышты. «Өмірлік серігіңе, жарыңа шыдау» деген, адамның өмірбойы еңсесі бір көтерілмей өту дегенмен бірдей емес пе? Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір күні сахабаларына «Адамдардың ішіндегі ең жаманы əйелі мен балаларына жайсыз адам», – дейді. Сахабалар: «Бұл қалай болмақ?» – деп сұрағанда: «Ол үйге келгенде əйелі үркіп, балалары қорқып қашады» деген екен. Бір төсекке бас қойып, артынша аяусыз таяққа жығып отырса, əйелдің жан-дүниесі астан-кестең болары ақиқат. Оны көрген бала да жауыздықтан жиіркенбей өспей ме?! Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Балаңызға арнаған ең үлкен жақсылығыңыз – оның анасын сүйгеніңіз», – деген. Ислам дінінде əйел – Алланың аманаты. Əйеліне қол көтергендер Алланың қаһарына ұшырайтынын білуі керек.

 

0 пікір